131
ҚҰРСАНУ. Батырлар жырында:
Буырқанды, бұрсанды,
Мұздай темір құрсанды, –
деген клише (кәнігі сөз қалыбы) кездеседі. Мұндағы құрсану етістігі
бұл күнде кемде-кем қолданылады. Бұл – көне түркі тілдеріндегі
«белдік, белбеу» мағынасын беретін құр сөзінен жасалған құрсау
етістігінің өздік етіс түрі. Құрса- құр + сау «белге байлау», құрсан-
«бір нәрсемен белін байлау, белбеулену» дегенді білдіреді. Мұны ескі
жырларда кездесетін «алтын белбеу құрсанып» деген сияқты өлең
жолдары да дәлелдейді. Мұздай темір құрсану – «темірден (болат-
тан) жасалған қаруды беліне байлау, иығына асу, ілу» деген мәнде.
Осы түбірден жасалған құрсай сөзі де бар.
«Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырында:
Құрсай садақ беліне ілер дейді, –
деген жол бар. Мұндағы құрсай сөзінің мәнін «садақты беліне ілді»
деген контекстің өзі ашып тұр. Қазіргі тілімізде бар құрсау сөзінің
түбірі – құр, о бастағы тұлғасы – құрсағ («белдік, оралған, белдеулен-
ген нәрсе») деген есім сөз.
Шалкиіз жырау мен Махамбет ақындарда және «Ер Тарғын» жы-
рында келетін:
Аспанды бұлт құрсайды,
Күн жауарға ұқсайды, –
деген стереотип (клише, қалып сөз) жолдар бар. Бұл жердегі
құрсайды дегеннің де түбірі –
құр, одан
құрса- етістігі жасалған, мәні
«орау» (аспан адам баласының көзіне дөңгелек, төңкерілген дүние,
оны қаптаған бұлт, кемпірқосақ сияқтылар аспанды орап алғандай
болып көрінеді). Қазақ тілінің екі томдық түсіндірме сөздігі бұл
жердегі құрсау етістігін «айналаны қоршау, торлау, қамап алу» деп
түсіндіреді. Бұл – дұрыс, бірақ осы мағынасы – құрсау сөзінің ау-
ыспалы мәндегісі, яғни әуелдегі «белбеулену, белді орау» дегеннен
туған (ауысқан) мағына.
Қазақ тіліндегі құр (бау), басқұр, ышқыр (іш + құр) деген сөздер
де «белдік» және «айнала орау» деген мағынадағы құр сөзімен
төркіндес екені айқын көрініп тұр.
Сөйтіп, құрсану сөзінің түбірі – құр («белді»)+са (етістік туды-
ратын жұрнақ) +н (етіс жұрнағы), мағынасы «белге байлау, белбеу-
лену». Бұл күнде құрсау сөзінің мағынасын «қоршау, торлау, қамап
алу» деп түсінгендіктен, оны қоршау етістігімен алмастырып жіберу
де кездеседі. Мысалы, эпостық жырлар мен Махамбет сияқты
ақындарда бірнеше реттен кездесетін жоғарғы жолдардың:
132
Күнді бұлт қоршайды,
Күн жауарға ұқсайды,
Айды бұлт қоршайды,
Түн жауарға ұқсайды, –
деп жазылған түрлерін де ұшыратамыз.
Достарыңызбен бөлісу: