КӨКТЕП ТІГУ. Бұл күрделі етістіктің негізгі сөзі − көкте-нің
көсемше түрі. Ол парсы тілінің көк «әр жерден бір іліп, сирек түскен
тігіс» деген сөзінен алынған. Көктеу немесе көктеп тігу қазақ
тілінде осы мағынада қолданылады. Бұл сөздің түсті білдіретін көк
пен өсімдікті атайтын көк сөздеріне қатысы жоқ.
КӨР СОҚЫР. «Алпамыс» жырында балаға зар болған Байбөрі:
Көретін көзім көр болды,
Бір перзентке асық боп, –
дейді. Көр – парсы тілінде «соқыр, соқыр адам» деген сөз. Демек, көр
болу – «соқыр болу». Ал көр соқыр тіркесі – бір мағынадағы әр тілдік
екі сөздің қатар қолданылуы болып танылатын плеонастық құбылыс.
«Соқыр» мағынасындағы көр сөзі көрбала, көрбілте сөздерінің
құрамына да қатысқан.
КӨШЕ. Бұхар жыраудың Абылай ханға айтқан өлеңінде:
Өзің болған күніңде
Бір көшеге сыймайды
Азаткер де құлыңыз, –
деп жазылған жолдар бар. Осы үзік «Алдаспан» кітабында «бір көшке
сыймайды» болып жазылған. Дұрысы – соңғысы болар. Дегенмен
көше сөзі ертедегі үлгілерде кездеседі. Мысалы, «Қамбар батыр»
жырында:
Алтын менен жауһарды
Әзімбайдың атасы
Көшесіне шашады, –
деген жолдарды кездестіреміз. Мұндағы көше парсы тіліндегі
«1) қаланың (шаһардың) көшесі, орамы, 2) жол» мағынасындағы сөз.
Демек, жоғарғы жолдарды «Әзімбайдың атасы алтын мен жауһарды
орданың (қаланың) көшесіне шашты» деп те немесе «адамдардың
жүретін жолына шашты» деп те түсінуге болады.
107
Көше тұлғасы көшелі сөз деген тіркес құрамында да бар, бірақ
бұл көше – алдыңғы көше-ден басқа мәндегі сөз. Бұл жердегі көше
де – парсы сөзі, ол мұнда «астарлы сөз» деген ауыспалы мағынаны
білдіреді. Оны -лі жұрнағын жалғап, сын есім етіп және сөз деген
сөзді тіркестіріп, мазмұнын сәл өзгертіп («байсалды, мәнді, ақылды
сөз») қолданатынымыз байқалады. Тіпті бара-бара бұл ауыспалы
мағына адамның өзіне қатысты да айтылатын болған: көшелі адам,
көшелі жігіт.
Достарыңызбен бөлісу: |