Екі жақ болып келгенде.
Еріскен жерде шарт кетер,
Жауырыннан өтін алса да,
Жамандарға жалынбас…
Бұл – Адам рухының күші. Ердің шынайы мінезі, кісілік қалпы. Жаратылыс қасиеті осы.
Қажым Жұмалиев Махамбетте торығу сәті туғызған бірер шығармасы болғанымен, оның өлеңдеріне тән ерекшеліктер “Жалаулы найза қолға алып, жау тоқтату” деп тамаша түйін жасайды.
Қ. Жұмалиев Махамбет өлеңдеріндегі Исатай образы туралы арнайы, қисынды сөзді кеңітті. Кезінде Исатайдың тұлғасына тоқталғанда Халел Досмұхамедұлы Махамбет өлеңіндегі Исатай жөнін аз-мұз айтқан. Арнайы әдеби, тарихи тұлға есебіндегі танылымын арнайы әдеби зерттеу нысаны еткен Қажым Жұмалиев. Қажым Жұмалиевтің Исатай образын сөйлеуі – қазақ әдебиеттануындағы жаңа бір алым.
Махамбет өлеңінің өріс-өрімі аса ашыла түскен ақындық шеберлік, сөз айшығы қаныға түскен бір тұс, оның өлең сөздегі бір ерекшелігін, жасаған тұс – Исатайға арнаулары. Ақындық қуат өзгеше бір орай да борай соққан борандай буырқанған тұс. Қажым Жұмалиев қазақ әдебиетіндегі батырлар образына тоқталып, олардың өзінше тәрбиелік мәні болды дейді. Тарлан атты Тарғынды, Қара қыпшақ Қобыландыны, Қара қасқа атты Қамбарды, алып туған Алпамысты атайды. Соларды айтып келіп былай дейді: “Ал, Махамбетке шейінгі қазақ әдебиет тарихын алсақ, біз олардан шын мәніндегі адам образдарын көре алмаймыз. Бұхар, Дулат, Мұсабай тағы басқа солар тұстас тарихқа аты мәлім ақын-жыраулардың өлең-жырларында тек сұлпасы ғана болмаса, сол ортаның өзіне тән түрде жинақталған адам образын кездестіру қиын. Мақтап айтқанда тәуір жасалынған портреттен ұзап кете алмайды.
…ХІХ ғасырдың бірінші жарымын қамтитын әдебиет тарихында адам образын, батырдың образын жасауды өзіне шейінгі халық әдебиетінің табыстарын меңгеруші де, олардың кемшілігін қайталамай, шын мәніндегі реалистік образ жасаушы бірінші ақын да Махамбет болды” [16, 331 б.].
Махамбет поэзиясындағы ақындық қуат айқын көрінген тұс, шеберлігі айқындала түскен тұс, Махамбет өлеңінің өзгеше өрс-өрімін ашқан бір түр – осы Исатайға арнаулар екендігі даусыз. Қазақ әдебиеті тарихында ежелден жасаған арнау жанры көркемдіктің жаңа сапасына өткен тұс – Махамбеттің арнаулары туған тұс.
Жалпы, Махамбет поэзиясының дәстүрлі жыраулық поэзиямен арақатысында ажыратып айтар көп мәселе бары белгілі. Ол өлеңдегі дәстүрлі сипатқа, және сол дәстүрлі фондағы ендігі өлеңнің өзгеше жаратылысына да қатысты қисындар. Сол тұрғыда Қажым Жұмалиевтің Махамбеттің “Ұлы арман” толғауына тоқталуында Махамбеттің жыраулық поэзия, дәстүрмен туыстық, өзгешелігін таныту, Исатайға арнауларын ашқандай, айқын.
Қ. Жұмалиев Махамбет өлеңінің астарына стиль мен жанрдың табиғатынан таратып баға берудің үлгісі арылы қазақ әдебиеттану ғылымында қазақ поэзиясын теориялық негіздеудің үрдісін қалыптастырып, дамытуда өлшеусіз еңбек жасады. Махамбет поэзиясын бағалауда саясат сөзін араластырғанымен, ол ғалымның ғылым кеніндегі өзі құйған сом алтын танымына көлеңке түсіруге қауқарсыз желең сөз ғана.
Махамбет поэзиясын зерттеуде Қ. Жұмалиев әдеби процестегі реализм, романтизм мәселелерін жалпы ағым, бағыт, әдіс, стиль, жанр жөндерін айғақтаудың негізгі ұстанымдарын орнықтырып, саралады. Әдеби мұраны танып, бағалаудың ғылыми негізін өрістетіп, байытты. Көркемдікті ашудың кілті саяси баға емес, көркемдікті туғызған шеберліктің жөнінде жатқанын көрсетті.
“Соңғы кездерде Махамбетті кейбір сыншы әдебиетшілер ауыз әдебиетіне қарай итеріп, оны тарихи әдебиет өкілінің қатарына жатқызбаудың әрекетінен туған пікірлер айтып жүр”, – деп Махамбет шығармашылығының тағдырын шешуге батыл кіріскен ғалым Махамбеттің әдебиет тарихындағы орнын жан-жақты ғылыми негіздемемен айқындады [16, 306 б.].
Қ. Жұмалиевтің әдеби мұраны игеруге байланысты М. Горькийдің “Сіздер алтын сандықтың үстінде отыр екенсіздер” дегенін еске алып, әлі де сол сандықтан түсе қойғанымыз жоқ, асылды тоттан, шайырды құмнан айыруға белсене кіріскен жоқпыз, тас та тас, алтын да тас“ әлі араласып жатыр деп қынжылатыны бар. Сол араласқан байлықты игеруде, ұрпақ игілігіне жаратуда ғалым атқарған мол қара шаруаның бірі – оның махамбеттануы.
Махамбеттің ақындық әлемі, көркемдік алымы жайлы тереңнен қозғауға тартып жатқан теориялық тұжырым-түйін Махамбет поэзиясының жанрлық сипатына, өлең құрылымына, тіл кестесіне байланысты жасалды.
Қазақ әдебиеттану ғылымында Махамбет поэзиясы осы жөннен жан-жақты зерттеліп, зерделеніп келе жатқан өзгеше көркемдік әлем. Осы тұста Махамбет поэзиясының дәстүрлі сипаттары да, өзіндік ерекшелігі де, қазақ өлеңінің даму тарихындағы ықпал-әсері, өз орны да ашылып, айғақталды.
“Махамбет өлеңдері өзінің жанр жағынан да айрықша зерттеушілердің көңілін аударуға тиіс”, – деп, махамбеттанудағы мәнді бір мәселені
Қ. Жұмалиев қозғады. Ол Махамбеттің “Соғыс”, “Мінкен ер”, “Баймағамбет сұлтанға айтқаны”, “Исатай сөзі” өлеңдерін лиро-эпикалық түрге жатқызуға болады дейді.
“Бір қарағанда осы “Соғыс” пен өрістес біркелкі өлеңдерді тіпті тарихи жыр (астын сызған біз – Қ.М.) өлеңдер тобына жатқызуға да болатын тәрізді. Бірақ бұл өз алдына және тексеруді керек ететін мәселе. Үйткені, ауыз әдебиетіндегі белгілі бір түр саналатын тарихи өлеңдер (лиро-эпикалық жыр емес, қысқа өлеңдер) бізде әлі зерттелген емес”, – деп, ғалым қазақ әдебиеті тарихын теориялық тұрғыда негіздеудің мәселесін қозғап, нақтылы бір әдеби үлгінің зерттелу жөнін орынды көтерді [16, 42 б.]. Бұл пікір ХХ ғасырдың
40-жылдарының аяғында көтерілді. Қазақ әдебиеттану ғылымында әр дәуірдегі тарихи жыр үлгілері қазірде біршама зерттелді. Ал сол кезде осы тарихи жыр, тарихи өлкенің өзіндік сипаттарын таратып айтуда ғалым Махамбет шығармаларын негіз етті.
“Махамбеттің бұл тектес өлеңдерінің ауыз әдебиетіндегі қысқа тарихи өлеңдермен байланысы барлығы айқын. Бірақ айырмасы қайда? – деген сұрақ әуелі ауыз әдебиетіндегі ескіден келе жатқан қысқа өлеңдердің өзін жеке мәселе етіп талдауды керек етеді. Сондықтан, оны басы ашық қалдырамыз” [16, 42 б.]. Қ. Жұмалиевтің өзі тарихи өлеңге жатқызып атаған Махамбет өлеңдерінің тарих шындығын жеткізудегі айқындық, нақтылықты көрсете отырып, жалпы Махамбетке негізінен тән нәрсе лирика, өзіне шейінгі қазақ әдебиетіндегі болып келген лирикалық өлеңдерден анағұрлым айырмасы да, өзіне тән ерекшелігі де бар деп келетін тұжырымы – қазақ әдебиетінің теориялық тарихын жасауда жаңа беталыстарға бастаған түйінді таным.
Қ. Жұмалиев Махамбеттің көтеріліс күйін мазмұн еткен өлеңдерінің сол мәнге сай түр, формасын, оны жасаудағы ақын шеберлігін жалпы сөз емес, нақтылы теориялық таныммен ашты.
Махамбет өлеңдері тек жалаң құрғақ үгіт емес, оның өлеңдерінде жалынды, саяси өткірлік пен терең ой, нәзік сезім әрдайым ұштасып, біте қайнасып жатады… Бұл мазмұн Махамбет өлеңдерінің құрылысы мен түріне де әсер етті. Түр мазмұнның түрі болуы қажет деген шартқа Махамбет поэзиясы толық жауап бере алады. Оның: ”Ереулі атқа ер салмай“, “Мұңайма”, “Айныман” деген өлеңдері, мазмұнына түрі сай, жалынды үндеу сөздер” [16, 344 б.].
Қ. Жұмалиев Махамбеттің өлең құрылысы шешендікке толы үгітке арналған отты, өткір сөздер болып келеді, не жарлай арнау, не сұрай арнау, немесе риторикалық сұрау деп, “Мұңайма” өлеңін келтіреді.
Ханның ісі қатайды,
Азамат ерден мал тайды,
Қанды көбе киініп,
Бір аллаға сиынып,
Ұрандап жауға тигенде,
Кім жеңері талай-ды,
Жолдастарым, мұңайма!..
Қ. Жұмалиев Махамбет поэзиясындағы үгіт өлеңмен қатар лириканың басқа түрлерін де айқындады. Махамбеттің қайсыбір үлгіде фольклор дәстүрін, жыраулық поэзия сипаттарын өлеңге еркін енгізіп отыратын ерекшелігін атап айтты. Термелеп ой түю, эпифоралық ұйқас, синтаксистік параллелизм, эпитет, метафора, теңеулерінің фольклормен туысатын тұсын нақтылы сөз қолданыс, өлең түрімен көрсетті.
Қ. Жұмалиев Махамбет өлеңдері “Бірен-саран өлеңдері болмаса, көпшілігі-ақ ауызба-ауыз, суырып-салмалық әдісімен шығарылған өлеңдер. …Махамбет те суырып салмалыққа жас шағынан талаптанып, әдеттенгенге ұқсайды” деп оның дәлеліне Махамбет өлеңдерінің көбіне жыр ағымымен келетінін айтады. Суырып салма ақындардың көпшілігі өлеңді жыр ағымымен шығарады дейді.
11 буынмен шығарылған жырлар да болатынын ескертеді.
Қ. Жұмалиев қазақ поэзиясындағы жыр ағымы ерекшеліктерін Махамбет өлең үлгісін негіз ете отырып ашады. Шумақтың бір ойды бітіру үшін не төрт, не сегіз жолдан бітуі – жыр ағымымен шығарылған өлеңдерде шарт емес деп, “Ереуіл атқа ер салмайдыны” мысал етеді.
“Ереуіл атқа ер салмай” өлеңінің ерекшелігін ілгеріде М. Әуезов те айтқаны белгілі. Бұл өлең 19 тармақтан тұратын бір ғана шумақ өлең.
Қажым Жұмалиев Махамбет өлеңінің құрылысын буын саны жағынан үш түрге бөліп қарастырады. 11 буынды, 7-8 аралас, таза 7 буынды өлеңдер.
11 буынды өлең Махамбетте біреу – “Мінгені Исатайдың Ақтабан-ай”.
Қ. Жұмалиев 7-8 буынды аралас өлеңде одан да көп буынды тармақтың болуы эпостық жыр дәстүрінде барын алғаш өлең шарты, заңдылығы түрінде атап айтқан сияқты. Кезінде Махамбет өлеңін ұйқас жөнінен қарастыруда
Қ. Жұмалиев 11 буынды, қара өлең ұйқасымен келген бір өлеңін алмағанда (а-а-б-а), үш түрлі ұйқас кездесетінін айтады. Шұбыртпалы, кезекті, ерікті ұйқастар…
Достарыңызбен бөлісу: |