Тағыдай таудан су ішкен
Тарпаңдай тізесін бүгіп от жеген,
Тағы сынды мырза едік,
Тағы да келдік тар жерге
Таңдансаң тағы болар ма
Тәңірінің салған бұл іске…
Ғалым Махамбет тіліндегі қарындас, аға, азамат, жолдас, аламан, байтақ, жігіттер сияқты сөздердің семантикасы қазіргі біз таныған мағыналарынан өзгеше екендігін айтады.
Рабиға Сыздықтың Махамбет шығармашылығының және бір өзіндік қыры деп оның қайсыбір “өлеңге ұқсамаған” өлеңдерінде билердің қара сөздеріне жақындайтынын айтады.
“Мамандардың айтуынша, прозаға жақын құрылған өлең ақынның идеясын дәл, толық жеткізетін, яғни өлеңге қажеттіктерді (ұйқасты, өлшемді, т.б.) іздемей, оны еркін құратын амал болса, бұл тәсілдің классикалық көрінісін ұсынған Махамбет деуге болады. Әрине, бұл – теориялық негіздермен айтылатын үлкен әңгіме” [100, 150 б.]. Осы жерде прозадағы ақ өлең мен поэзиядағы қара сөздің арақатысы қандай екен деген сауал көлденеңдейтіндей. …Жалпы қазақ әдебиеті тарихындағы дәстүр, жанр, стиль мәселесінің теориялық негіздемесін тануда Махамбет поэзиясы берер олжа мол. Махамбет ақындығынан шартарапқа тарап ағылып кете берер сауал көп.
Махамбет поэзиясының тілі, жанры мен стилі туралы тың зерттеу жасаған ғалым Құлмат Өмірәлиев былай дейді: “Махамбет өлеңдері негізінен, ерлік-жауынгерлік стильде туған өлеңдер. Осыған орай Махамбет қолданатын эпитет, теңеу метафоралар да осы стильдік қабатты құрайтын үлгіде жасалған. Бірақ Махамбет таза азаматтық жыр үлгісінде ғана шығарып қойған жоқ, оның өлеңдерінде эпостық-батырлық жыр таңбалары да, дидактикалық-шешендік толғаулар да, лирикалық элегия элементтері де бар”.
“Азаматтық поэзиямызда сөздердің мағыналық аясын кеңейтіп, көркемдік мақсатта қолданылу өрісін ашуда Махамбет өзіндік стильдік ерекшелікке ие” [28, 46 б.]. Қ. Өмірәлиев Махамбеттің тілдік мағыналық аясын кеңейту, тіл құбылту тәсілдерін мейлінше ыждаһатпен зерттеп, зерделеп, Махамбет шығармаларының көркемдік сипаттамасын дәл, нақты, айқын жасаған ғалым. Махамбеттің теңеуі, эпитет жасауы, жалпы таза поэтикалық тәсілдері қайсы дегенді көзіңе көрсетіп сөйлейді.
Ғалымның қазақ поэзиясының түрлі жанрының ерекшелігіне қарай эпитеттің де теңеу, метафораның да жанрлық қабаттары қалыптасқан деген айқындамасы сөз өнерінің бір заңдылығын көрегендікпен көру.
Махамбетте дәстүрлі эпитетті тіркестерді бұзу кездеседі, бірде болат найза, ақ семсер десе, бірде қарқыны күшті көк семсер дейді. Махамбет көп көркемдік тәсілдерді түйдектетіп қолданады.
Халел Досмұхамедұлы “Махамбеттің жыраулығы күшті” деді. Мұхтар Әуезов Махамбет поэзиясының дәстүрлі жыраулар поэзиясымен үндестігін тәптіштеп айтты.
Қажым Жұмалиев Махамбет поэзиясының халық әдебиетімен үндестігін түгесе, қамти сөйледі. Сәбит Мұқанов Махамбет жырларының бұрын жасаған үндес тұстарын айтып, бұл “ауыз әдебиет ақындарында” (С.М.) кездесетін “әдет” екендігін атап көрсетеді. Мұхтар Мағауин “Жауынгер жырау Махамбет сақара бардтарының ең соңғы тұяғы еді. Ол қанды шайқас, тынымсыз күрес үстінде өткен өмірімен көне жыраулар жүрген жолды қайталады, ал оның өр рухты асау жырлары әлденеше ғасырлық тарихы бар жауынгерлік поэзияның ең соңғы аккорды болды”, – деп жазды [72, 245 б.].
Жыраулық поэзияның көркемдік негіздері, жыраудың әлеуметтік тұлғасы жайлы “Әдебиет тарихында” (1927) Мұхтар Әуезов жан-жақты ғылыми негіздеме жасағаны белгілі. Жырдағы, кейінде М.Мағауин қадай айтқан басқы ұйқастың сырына да ғалым осы тұста бойлата түседі. Жыр шумағының өзгешелігін де, ұйқас ерекшелігін де теориялық тұрғыдан танытып кетіп отырады. 1927 жылғы “Әдебиет тарихында” жыраулық өнер жайын жан-жақты қозғағанымен, өлең жасау, жыр тудырудың көркемдік негіздерін кең ашып, тереңге тартпай қысқа қайырған М. Әуезов Махамбетке тоқталған тұста жырдың көркемдік шарттарын, дәстүрлі сипаттарын әр қырынан қамтып, түйіндеп отығанын көреміз. 1933 жылғы Махамбет жайлы зерттеуінде “Бұныкі сөз ғана емес, ұлы дүбір іс, аласапыран тартыс. Жырының бәрі тұтасқан қимыл. Қан майдан үстінде көпті екілендіре сөйлеген шабуыл, атой, ұран жыры. Ылғи сезімге соғып, қиялға шабатын қыздырма жыр”, – дейді [99, б.].
Әуелде, “Ереуіл атқа ер салмайдың” бір ғана шумақ өлең екендігін байқап, мұны жырдың дәстүрлі ерекшелігімен сабақтастыра қараған да М. Әуезов.
Қажым Жұмалиев Махамбет өлеңдері көбіне жыр ағымына келеді деп, оның себебі қазақ ауыз әдебиетіндегі батырлар жыры сияқты: Махамбеттің де суреттейтіні ерлік қимылдар, жорық, шабуыл, тартыс, халықты ерлік қимылға үндеу дейді.
Махамбетте өлең шумағы дәстүрлі төрт тармақ емес, жыр-толғаулардағыдай, жыр ағымындағы шумақтың аз жолдан да, көп жолдан да құрала беретінін, әркелкі келетінін, мәселен, “Ереуіл атқа ер салмай” өлеңінің 19 жолдан тұратын бір-ақ шумақ екенін айтады. 19 жол өлең көп бағыныңқылы сөйлемнен құралған дейді. Жыр ағымында ұйқас көбіне ерікті. Бұл Махамбет өлеңдеріне тән.
Буын жағынан қарастырғанда Махамбет өлеңдерінде үш түрлі өлең құрылысы бар дейді.
1. Он бір буынды (бір ғана өлең: “Мінгені Исатайдың Ақтабан-ай”)
2. Таза жеті буынды
3. 7 мен 8 буын аралас келетін өлең түрлері.
Осы орайда Махамбет поэзиясының жыраулық поэзиямен туысатын тұсын ғалым және бір түйіндеп қояды. “Сонымен қатар, аралас буынды болып келетін өлеңдер тек жеті буын мен сегіз буынды ғана емес, кейбір жолдардың буын саны онанда гөрі басқаша. Мысалы:
Достарыңызбен бөлісу: |