Толарсақтан аз кешіп? 7
Тоқтамай тартып шығарға 8
Қас түлектен туған қатепті 9
Қара нар керек біздің бұл іске. 10
Махамбет өлеңдерінде кездесетін мұндай жолдар айтайын деген ойына сабақтас. Өлеңнің ұйқасы мен ырғағын ойға бағындырудан туған деуге болады. Әрине, бұл жаңалық емес. Онан бұрынғы тарихқа аты белгісіз, эпостық тамаша жырлар шығарып кеткен халық ақындарының өлең-жырларында мұндай жолдар кездеседі [16, 351 б.].
Жыр үлгісінің өлең құрылысындағы мұндай құбылыстың жырдың даралық сипатының, ара-тұра саны әркелкі тармақтардың кездесуі жыр жасау заңдылықтарының бірі екендігін, (Радлов айтқандай өлеңнің міні емес – Қ.М.) М. Мағауин де атап көрсеткен.
Жыраулық поэзия үлгілерімен туыстықты Қ. Жұмалиев атаған ұйқастың жөнінен және табамыз. Оның өлеңдерінде ұйқастың шұбыртпалы, кезекті, ерікті түрлері кездесетінін, әсіресе шұбыртпалы, ерікті айнымалы ұйқас түрлеріің басым екенін айтады ғалым.
Құлмат Өмірәлиев “ХV-ХІV ғасырлардағы қазақ поэзиясының тілі” (1976) еңбегінде Махамбет поэзиясының өзіне дейінгі дәуірдегі поэзия үлгілерімен байланысын тілдік, стильдік жөнінен нақтылы, кең қамтып қарастырады. Ақынның шығармашылық сырын ғалым қазақ поэзиясы дамуындағы елеулі заңдылықтар аясында ашу үрдісін нақтылы, стильдік талдау, орайлы, өтімді қисындаулар арқылы бекіте, толықтыра түседі.
Қ. Өмірәлиев поэзиядағы дәстүрлі қайталаулар ұғымын таратып айтады. “Қайталау деген ұғымға, біріншіден, поэзиядағы тәсіл, түр қайталануы, екіншіден, ой, пікір қайталауы, үшіншіден, сөйлемдер, жолдар қайталауы”, – деп нақтыла түседі.
Махамбет поэзиясыдағы толғау үлгілерінің “Жалған дүние”, “Аймақ көл”, “Ұл туса”, “Аспандағы бозторғай”, “Арғымақтың баласы” т.б. толғаулардың шешендік-толғау өлеңдер сияқты белгілі-бір нормалармен ғана келіп отыратындығын айта отырып, ғалым Махамбет поэзиясының дәстүрлі жыраулық поэзиямен сабақтастығын, туысып, тоғысатын тұстарын да айқындап, аша түседі.
Бұл пікірлердің, түйін-тұжырымдардың аясына қазақ жыраулар поэзиясының басты-басты көркемдік негіздері, ерекшеліктері тартылған. Зерттеуші пікірін тарата түссек, эпикалық жыр үлгілеріндегі жыр шоғырлары, үдете, дамыта сөйлеу, шешендік түйіндеулердегі дүние шарттары, батырлар бейнесін сомдау, кейіптеудегі сөз айшықтары, ұйқас, өлең үлгісі, қайталаулар (сөз, ой, үлгі – Қ.М.) дыбыс қуалаушылық, дәстүрлі қолданыстар.
Қабиболла Сыдиықов Махамбет поэзиясына Шәлгез, Асан, Сыпыра, Доспамбет, Қазтуған сияқты батыр жыраулар мұрасы – ерлік жырлардың әсері күшті болғанын қадап айтады.
Махамбеттің ақындық қуаты, сөз жоқ, бізге жеткен жыраулық поэзия үлгілерімен түгесіліп, қамтылмайтын өзгеше жырдың өрісін шарпыған зор қуат. Махамбет – жыр құдіреті. Оның алмастай асыл өлең сөзі сөз қадірін түсінген қазақ баласын қай заманда да өз тылсымына тартып, қайран қалдырумен келеді. Оның өлеңі жыраулық поэзиямен қаншалықты туыс болса, дәстүрлі арнаны бұзып-жарып жатқан өзгеше кернеу-қуатымен соншалықты бөтен, бөлек те. Ол туралы сөз өз алдына басқа сөз…
Ғалым Жұмат Тілепов Махамбеттің қазақ әдебиеті тарихындағы өлшеусіз орнын, әдебиет тарихы мәселелерін сөз еткенде Махамбет шығармаларына соқпай кету мүмкін еместігін атап айта келіп, былай дейді: “Дегенмен Махамбет мұрасы осы кезге дейін біраз қырынан зерттеліп, көп сырлары ашылғаныменен, жоғары, орта мектеп оқулықтарына жазылып, оқу проблемаларына енгенмен оның шығармаларындағы тарихилық мәселесі әзірге арнайы сөз болған емес” [35, 177 б.].
Ғалым Махамбет поэзиясындағы тарихилық мәселесіне тікелей
ХІХ ғасырда Ішкі Бөкей ордасында өткен Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы басқарған ұлт-азаттық көтеріліс кезеңдерінің тарихи негіздеріне, нақтылы фактілерге сүйене отырып, жан-жақты кең тоқталады. Өлеңдегі қайсыбір нақты сәттің өмірдегі өткен шындықпен арақатысын аша түсіп, Махамбет поэзиясының көркемдік алымына қоса, сол кезеңнің тарихы ішке бүккен көп құбылысты тірілтеді.
Сонымен бірге ғалым Махамбет поэзиясының өлеңдік қасиеті, ақынның “өмір шындығын көркем сөзге аударудағы тапқыр тәсілдерін” де тарихилық негізде, қазақ поэзиясының белгілібір кезеңдегі саналық жаңа бір сатысы есебінде айқындай түсіп отырды.
Махамбет Өтемісұлының өлеңдегі ерекшеліктері, өзгеше ақындығы жайлы махамбеттану ғылымында көп айтылды. Алайда Махамбет поэзиясы жайлы сөз жалғасын таба беретін, жаңа ұрпақтың эстетикалық талғам таразысына әр уақыт қайта түсіп отыратын өмірлі өлең жайлы үздіксіз таным.
“Ереулі атқа ер салмай” 18 тармақ бір ұйқасқа тартылып, екі тармақ бейтарап қалған өзгеше өлең есебінде М. Әуезовтің, Қ. Жұмалиевтің
З. Қабдоловтың, З. Ахметовтың, т.б. зерттеушілердің назарын аударған бөлек бір түр.
Екпінді, төкпе жыр мақамындағы үгіт, үндеу сөз. Бір қарағанда бұл өлең жаңа түр есебінде танылғанымен, біздіңше, бұл түр – дәстүрлі шешендік сөз үлгісінің көп компонентті бағыныңқы, бір басыңқымен келген күрделі түрі. Дәстүрлі, дүние шартын түгендейтін, өмір сабақтарын, қисындарын ұғындыра отырып мойындатар, шартқа, тоқтамға тірелетін нақыл сөз үлгісі. Шартты бағыныңқылы сабақтаспен жүйеленген афоризмнің ойнақшыған өлеңге айналуының бір сипаты.
Шешендік сөздегі ақындық үлгі, поэтикалық ырғақ жайлы, жыраулық поэзия, толғау, термедегі екпін, ұйқас, ырғақ, бунақ жөнінің теориялық негіздемелері жайлы аздап мағлұматтың аясында-ақ “Ереулі атқа ер салмайдың” бұл сипаты көзге ұрып тұрғанын байқауға болады.
“Беркініп садақ асынбай” өлеңі де сол үлгіде келген өлең. 13 тармақты өлеңнің 10 тармағы бір ұйқасқа тартылған да, 3 тармақ әрқайсысы бейтарап қалыпта келген.
Бұл – Махамбет өлеңінің бір үлгісі. Келесі бір үлгі – “Орай да борай қар жаусы” өлеңінің үлгісі.
Сұрай арнау түріне жатқызылып жүрген бұл өлеңдегі нақыл сөз нақышы да айқын.
Достарыңызбен бөлісу: |