Мәдібаева қанипаш қайсақызы



бет40/85
Дата17.10.2023
өлшемі1,9 Mb.
#116791
1   ...   36   37   38   39   40   41   42   43   ...   85
Байланысты:
Мадибаева-Қ.XIX-ғасыр-әдебиетінің-қөркемдік-дамуы-Оқу-құралы-2007ж.

Қарны жуан билердің
Атандай даусын ақыртып,
Лауазымын көкке шақыртып,
Басын кессем деп едім.

Осы шумақтардағы лауазым сөзі қазіргі күн тұрғысынан түсініксіз. Ескерткіштер тіліне үңілсек лавазим талап қылу, сұрау мағынасында қолданылады. Лауазым сөзін “жалынып, жанына сауға сұру” мағынасында қолданған болуы керек”.


Ғалым Махамбет поэзиясы тілі ортағасырлық қыпшақ-оғыз тілінде жазылған жазба мұрағаттармен тығыз сабақтас, ақын тілін ХІV ғасырдағы көне қыпшақ тілінің жаңа, ұлттық, сипат алған жалғасы деп таныған жөн дейді.
Шығыстанушы ғалым Өтеген Күмісбаев былай дейді: “Махамбетті соншалықты мықты айтқыштыққа, суырып салушылыққа, айтулы ақындыққа жеткізген мектептің әлі есігі ашылған жоқ” [100, 263 б.].
Тілші ғалым Бағдан Момынованың “Ауызша әдеби тіл және Махамбет мұралары” Махамбет поэзиясы тілін қарастыруда бұрын арнайы сөз болмаған қисындарға бастайды.
Б. Момынова Махамбет өлеңдерінің лингво-текстологиясы туралы жазылған Ғ. Әнестің ғылыми кандидаттық диссертациясының қазақ лингвистикасындағы ақын шығармашылығын тілдік тұрғыдан талдаған алғашқы толыққанды еңбек екендігін атап айту арқылы Махамбетті тілдік тұрғыдан зерттеудің көкейтесті мәселелерін қозғайды: “Махамбетке ғана тән, оның стилін айшықтайтындай тілдік қолданыстар жаңа ғана айтылып кеткен ойымызды жалғастыруға мүмкіндік береді. Тілші ғалымдар Махамбет тілінің ерекшелігі дегенде көбіне лексикалық ерекшеліктерді, көркемдеуіш тәсілдерді атауға тырысады. Бірақ, біздің ойымызша, Махамбет өлеңдеріне нұсқап тұрған басты айшықты тілдік элементтер іс-әрекет, қимылды білдіретін қолданыстардан көбірек байқалады дер едік. Айталық, қырдан қиқу төгілу, темір қазық жастану, қу толағай бастану, Жайықты тіземен бұзып өту, т.б. [100, 308 б.]”.
Б. Момынова Махамбет және ауызша әдеби тіл мәселесін қарастыруында қазақ тілтану, әдебиеттану ғылымдарының бүгінгі шын мәніндегі ғылыми алымының деңгейін көрсеткен пікірлер түйген, пайымдаулар жасаған көркемдік-теориялық негіздемелерді ұсынады. Махамбет ақындығының асу бермес арынын ала алмай жүрген себептеріміздің қисындарын орынды барлайды.
Ғалымның “Ал Махамбетті ақындық мектептің негізін қалаушы деген мәртебеге ие еткен – Махамбеттің тіліндегі өзіне ғана тән стильдік қолданыстары. Дәл осы стильдік ерекшелік оны ауызша әдеби тілдің өкілі санауға мүмкіндік беріп тұр. Ол қолданыстар туралы Қ. Жұмалиев,
Е. Жанпейісов, Р. Сыздықова, Қ. Өмірәлиев, Ж. Тілепов, т.б. әдебиетші ғалымдар мен тілшілер еңбектерінде айтылған”, – деген ойына орай бір пікір.
Тек қана тіл өзгешелігі деген пікірдің қисыны бола тұра, ақындық мектептің негізін қалаушы болып танылуындағы өлеңдік құрылым, т.б. ерекшеліктерін ескермеуге болмайды.
Осы арада Б. Момынова өзі жүгініп отырған М. Әуезов пікіріне қайшы пікірде болғандай көрінеді. Бірақ, түйін біржақты емес, жан-жақты. “Сөйтіп, ауызша тараған қазақ әдеби тілі деген терминнің дүниеге келуіне жыраулар поэзиясынан бойын тартып, жазба поэзияның белгілерін орнықтырған
ХІХ ғасырдың І жартысындағы Дулат, Махамбет сынды тұлғалар бастаған ақындар мектебінің өкілдері, олардың ұрпаққа қалдырған бай мұралары қатты ықпал еткен деп түйіндейміз” [100, 309 б.].
Махамбет шығармаларының басылымы, жиналуы текстологиялық мәселелері сияқты махамбеттанудың және бір мәнді арналарының бастауында, барысында тұрған зерттеушілердің еңбегі де махамбеттанудың елеулі бір өзегі.
Ең әуелде Халел Досмұхамедұлы Махамбет шығармаларының кейінгіге жету, басылым жөнінен мәлімет берді.
Қажым Жұмалиев Махамбет өлеңдерінің жиналуы және басылуы жайлы аса мол дерек, мәлімет береді. Махамбет өлеңдерін жинады. Махамбет өлеңінің таралым аумағы, оны жеткізушілер жайлы айтты. Сол негізде қазақ әдебиетіндегі Махамбет дәстүрі мәселесін алғаш арнайы қозғады.
Шернияз, Қуан, кішкене Қобыланды, Қубала, Мұқан, Мұрат, Ыбырай ақындар Махамбет өлеңін жатқа біліп, кейінгіге жеткізуші Қ. Жұмалиев бұл ақындардың Махамбет өлеңін жатқа біліп қана қоймағанын, оған еліктегенін айтады. Кейінгі ақындардың шығармаларына Махамбет үлкен әсер еткен. 1868 жылы өлген Кішкене Қобыланды ақынның “Шектімен айтысы” дейтін бір өлеңі бар. Бұл өлең құрылыс жағынан да, образды пайдалану әдісі жөнінен де Махамбет өлеңдеріне қатты ұқсас. Ал Махамбеттің Мұрат ақынға тигізген әсерін алсақ өзгешелеу, үйткені бұл екеуінің әлеуметтік мәні, дүниеге көзқарасы екі түрлі болды. Феодальдық ру қоғамын өте дәріптеген Мұратқа Махамбеттің төңкерісшіл өлеңдері кейбір түр жағынан ғана ықпалын тигізген. Оның “Шалгезі” мен “Үш Қиян” деген өлеңдері Махамбетке түр жағынан еліктеумен шығарылған өлеңдер. Ығылман Шөрекұлының “Исатай, Махамбет” деген үлкен поэмасы да осы Махамбет өлеңдерінің күшті ықпалымен жазылған. Махамбет поэзиясының әсерін біздің жас ақындарымыздың өлеңдерінен де табуға болады” [16, 361 б.].
1938 жылы Қ. Жұмалиев Махамбеттің туған жері мен өмір сүрген аймағын, көтеріліс болған жерлерді екі айдай аралап, материал жинайды. Махамбет өлеңдерін бастан-аяқ жатқа білетін көп адам барын білді. Біразымен жолығып, 3-4-інің аузынан Махамбеттің бұрын белгісіз біраз өлеңдерін жазып алады.
Олар Қ. Жұмалиевтің өз айтуында “Әй, Махамбет, жолдасым”, “Мінгені Исатайдың Ақтабан-ай”, “Исатай деген ағам бар”, “Арқанын қызыл изені”, “Мен қарақұстан туған құмаймын”, “Белгілі туған ер едім”, “Арғымақ, сені сақтадым”, “Арғымақтың баласы”, “Қарағай шаптым шандоздап”, “Адыра қалған Нарынның”, “Еңселігім екі елі”, “Атадан туған ардақты ер” – не бары төрт жүз жол өлең.
Қ. Жұмалиев Махамбет өлеңдерін жатқа білушілердің ішінен Бекқазы мен Қайролла Төлеевтің айтуындағы шығармалар олардың жас кезінде жаттағаны екенін, олардың айтқанын кейінгі басылып шыққандармен салыстырудың нәтижесі елеулі болғанын айрықша ескеріп, елеулі нәрсе деп бағалайды.
“Бұл айтушылардан Махамбет өлеңдерін жазғанымызда 1925 жылғы баспасы қолымызда болды. Жыршыларға айқызып, өзіміз кітаптан қарап отырдық. Таң қалаларлық нәрсе 17 жасынан, немесе, 19 жасынан бері білетін (басылмастан талай жыл бұрын) айтушылар мен басылып шыққан өлеңдердің арасында айырма мүлде жоқтың қасы. Мұрат, Ығылмандардың айтуларынан түсіп қалған, сондықтан баспасына еңбеген бірен-саран жол, бірлі-жарым шумақтар болмаса, түгелдей баспасындағымен дәл келеді. Бұл жөнінде ең алдымен Мұрат пен Ығылманға үлкен алғыс айтқандайсың” [16, 363 б.].
Махамбеттің жаңадан табылған өлеңдері жөнін айтуында Қ.Жұмалиев олардың ақынның стиль, өлең құрылысы, сөз қолданыс, образ жасау әдіс-тәсіліне тән екенін айтып айғақтайды. Мұнда да Махамбет поэзиясының теориялық негіздемесіне сүйенеді.
“Ақынның жаңадан табылып отырған өлеңдері оның бұрынғы өлеңдерімен жанр жағынан да үндес. Біз жоғарыда, Махамбет поэзиясына тән жанр саяси, үгіттік лирика дедік. Бұл жағынан да бірін екіншісінен айырып болмайды. Әсіресе, сөз қолданыс, сөйлем құрылыс жақтары дәлме-дәл” [16, 364 б.].
Қ. Жұмалиев Махамбеттің жаңадан табылған өлеңдерін бұрынғы өлеңдерінің сөз образдарын жасаудағы өзіндік әдіс-тәсіл, өзіндік ерекшелігімен айғақтайды. Бұл тұста да ғалым Махамбет поэзиясының түрі мен тегін ғана ашып қойған жоқ. Жалпы қазақ өлеңінің жаратылысынан туған теориялық негіздемелер де жасады.
Махамбет өлеңдерінің басылымдары жөнінен, ақын шығармаларының текстологиясы жөнінен әдебиеттанушы ғалым Қайым Мұқаметқанов мәнді сөз көтерді.
1925 жыл мен 1979 жылдар арасында Махамбет өлеңдері жеке жинақ кітап ретінде 8 рет басылып шықты. Қайым Мұқаметқанов сол жинақтардағы өлеңдердің басылу тіртібі, жеке сөз, өлең жолдары әртүрлі, қым-қиғаш қайшылықта берілген тұстар барын қынжыла айтып, ақынның кейбір асыл сөздері бұрмаланып мән-мағынасынан айрылғанын айтты.
Кейбір сөз тіркесі, сөз төркініне берілген түсініктер мүлдем дұрыс емес дейді.
1925 жылғы басылымдағы өлең мәтіндерін “Шайыр” жинағына енген (1910), сонан кейінгі басылымдардағы Махамбет өлеңдерінің мәтіндерімен мұқият салыстыра қарау бір шығарманың өзіндік бірнеше айырмашылықпен басылып келгенін көрсетеді.
Махамбет шығармаларының басылым, текстологиялық жақтан зерттелу жөнінде ғалым Қабиболла Сыдиықовтың, Берқайыр Аманшиннің, кейінгі кезеңде Махамбет поэзиясын, махамбеттануды тереңдеп, жүйелеуде қыруар іс тындырып жүрген Ғарифолла Әнестің еңбектері елеулі.
Жалпы махамбеттану іргелі зерттеулердің барлығында да текстология мәселесі назарда болып отырған.
Кейінгі кезеңдегі Махамбеттің өмірі, қилы, қиын тағдыры жайлы, көтеріліс тарихына, Ішкі Бөкей ордасының тарихына Махамбет пен хан Жәңгір арасындағы кейінгіге беймәлім жағдаяттарға, Махамбеттің ата-тегін байланысты зерттеулерге құрылған, көркемдік-танымдық мәндегі
Х. Сүйіншәлиев, Ә. Кекілбай, Ә. Сарай, М. Тәжімұрат, М. Құлкенов,
Р. Отарбай, Ж. Жетіруов т.б. еңбектерінің де махамбеттанудың қазіргі алымында өз орны бар.
Махамбеттану бүгінде Махамбет ақындығының алуан сапасын жан-жақты зерттеп, зерделеген ғылым. Мұнда Махамбеттің өлең жасау тәсілдері қазақтың байырғы көркемдік әдістерімен сабақтастықта айындалды. Ортағасырлық жазба ескерткіштер үлгілерімен тілдік, құрылымдық жақтан салыстыра қараудың мәселелері қойылды.
Махамбет поэзиясының тілі, оның қазақтың ауызша әдеби тілін қалыптастырудағы, жазба әдебиет тілін жасаудағы ықпалы, орны жайлы сөз өрістеді.
Махамбеттің сөз айшықтау тәсілдеріндегі дәстүрлі ерекшеліктерге қоса өзіндік жаңа үлгілері, қазақ сөзінің мағыналық жақтан баю, толысу мүмкіндіктеріне қосқан үлесі айғақталды.
Махамбеттің ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетін, жалпы қазақ поэзиясын жанрлық жақтан байытуы ашылды.
Дара ақындық стиль жасаудағы шеберлік алымдары айқындалды. Арғы-бергідегі іргелі ірі зерттеулердің, шағын-талпыныс танымдардың барлығы да Махамбет ақындығының арнасын кеңітті. Махамбеттанудың ендігі міндеттерін бағдарлауға негіз салды.
Қазақ әдебиеттану ғылымының аса бір құнарлы, олжалы, табысты негізі болып отырған махамбеттанудың ендігі өрісінің алды да айқын, ашық. Қай бағытта сөз қозғасаң да Махамбеттің ақындық әлемі түгін тартсаң майы шығатын құнарлы алқап. Соның ішінде күні бүгінге шейін махамбеттануда кем қалып отырған, кенжелеп қалған Махамбеттің ақындық дәстүрі мәселесі тұр. Махамбет шығармаларының барлық басылымын түгендеп отырып, құрылым жақтан жүйелеу де жалғасын таба берер шаруа.
Махамбет поэзиясының тілі де сан салада зерттеле түсуге зәру. Лексикалық құрам, қайсыбір көне атаулардың этимологиясы, жекеленген сөздің белгілі бір толғаудағы нақтылы қолданыс мәнін ашу, ақынның сөз құбылту үстінде тілімізге өзі әкелген жаңа мағыналық реңк, немесе Махамбеттің сөз жасамы, Махамбет поэзиясы тілінің грамматикалық табиғаты т.б.
Махамбеттің ақындық өнеге мектебінің, Махамбет ақындығының айналасын ашуда бізге әзірге беймәлім бағыттарға барлау қазіргі махамбеттануға енген үрдіс. Осыны жалғау, ғылыми негіздеу ақын поэзиясының “ішін алдырмай” келе жатқан жұмбағын айқындай түспек, біршама сыр суыртпақтауға мүмкіндік туғызбақ.
Махамбеттің тілінде сол заманның өзінде көнерген, пассив лексикаға айналған сөздердің молдығын Рәбиға Сыздықова атап айтады. Бұл тұстағы ендігі зерттеулер де махамбеттанудың өрісін ұзартар бір шара болмақ.
Махамбет поэзиясының этнолингвистикасын арнайы зерттеу де қозғалған шаруа. Бұл тұста біз Махамбет жасаған тарихи-әлеуметтік ортаның жаратылыс қалпын, тұрмыс-тіршілігін айқындай түсуге, сол арқылы ХІХ ғасырдың белгілі бір кезеңін жақыннан тануға мүмкіндік аламыз.
Махамбеттің өлең құпиясы, оның қазақ өлеңін алабөтен түлетіп, жұтындырып шығарған шығармашылық қуаты, уақыт, заманалар көшінде құнын түсірмейтін ұлы поэзиясы жайлы сөз, ой тасқыны Махамбеттің тыншымайтын, тоқтамайтын ақындық галактикасымен, қазақ халқының құдіреттен дарыған ғажайып сөз өнерімен тұтасып, кірігіп кеткен сарқылмайтын ағым.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   36   37   38   39   40   41   42   43   ...   85




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет