«Қадірменді Мұқа!
Қазақтың даласындай кеңпейіл, шуағы мол жүрекжарды хатыңызды алып, «Сталин берген бәдеркелерді» қызықтап отырғанда «жедел көмек» мені аяқ астынан алып кетіп, аурухананың жан сақтау бөліміне тыржалаңаш шешіндіріп, бір-ақ тықты.
Инфаркт екен. Бесіншісі. (Қазақ болсам, санамай-ақ қояр едім, неміс болған соң, дәлдікті ұнатамын»
Мінезі баладай аңғал, көңілі сәбидей кіршіксіз, қайран Герағам-ай! Әкесі тіріліп келгендей шаттанып, келесі күні де ол хатты бірнеше мәрте оқып шығыпты. Сүйсінгені соншама, көптен таныс, көрген-білгені мол екі замандасына да оны оқытыпты. Олар да ризашылығын жасыра алмай «Керемет» деп ауыздарының суы құрып мақтапты. Хатты әрі қарай қызыға да, құмарта оқи түскен сайын сол баяғы аузын ашса ар жағынан жүрегі көрініп тұратын Герағаң қайта-қайта есіме түсіп, көңілім босай берді.
«Айтпақшы, Шоқан ескерткішінің қасында менімен «терренкур жасап» жүретін шалдар Сіздің баяғыда әлем әдебиеті жайындағы көл-көсір шолу мақалаңызды осы кезге дейін есіне алады, тамсанады, таң қалысады.
Жақсы көретін адамын басына көтеріп, мақтағанда қазақтар, әлбетте, алдына кісі салмайды. Оқуы саяз, ауыл мәмбеті (Ә.Кекілбаев пен Е.Тұрсыновтың анықтамасы) Бельгерді қазақтар кейде ұйқас үшін «Білгір» деп марапаттайды. Жай сөз! Құр мақтан! Асқар (С), Әбіш, Мағауин, Ақселеу, Құл-Мұхаммед сынды азаматтардың қасында менің білерім әншейін ғана дүние.
Достарыңызбен бөлісу: |