Маған жазған хатыңыз соны жан-жақты айғақтап тұр».
Дарынды адамның таланты мен біліміне таң қалу жағымпаздық болып саналмайды. Өйткені ол жерде пенде, парасатына сүйсінген тұлғаның жеке басына емес, Құдай берген ерекше қасиетіне құрмет көрсетіп отыр. Шындығында Пифагор Самосскийдің дәл байқағанындай «адамның жанынан басқа дәнеңесі де жоқ», мына жалғанда. Адамның менікі деп жүрген санасы мен таланты да ақиқатында –Алланың меншігі. Данышпан Абай айтпақщы:
Адам ғапыл дүниені дер менікі,
Менікі деп жүргеннің бәрі оныкі.
Тән қалып, мал да қалып, жан кеткенде,
Сонда, ойла, болады не сенікі?
Сондықтан да жүрегіне иман ұялаған жан «мен» деген сөзді жиі қолданбауға тырысады. Біз қазір біреу жайлы естелік жазсақ та өзіміздің «менімізді» үстемірек етіп көрсетеміз. Шын талант ондайға бармаса керек еді. Қайта керісінше өзінің өнердегі жеткен биігін кішірейтіп көрсету кесек таланттардың ғана қолынан келеді. Пушкиннің күнделігінен «Менің Жуковскийден асып кеткен жерім шамалы. Мен бар-жоғы оның шәкіртімін» деген сөздерін оқығаным бар. Осыдан бірнеше жыл бұрын Нобель сыйлығының лауреаты, әлемге әйгілі жазушы Габриэль Гарсиа Маркестің «Жить чтобы рассказывать о жизни» деп аталатын көлемі кірпіштің қалыңдығындай өмірбаяндық қиссасымен танысып шыққан едім. Адамзат мойындаған атақты қаламгер бір сөзінде «Егер мен «Педро Парамодай» роман жазсам, одан кейін қолыма қалам алмай-ақ қояр едім» деп сүйікті жазушысы Хуан Рульфоның шығармашылығына тәнті болып, айрықша ілтипат танытыпты.
Өмірдегі қас-қағым сәтін де бос жібермей тау-тау кітап оқып, баспасөзде жарияланған дүниелерді қадағалап, пікірін айтып жүретін Герағаңның да білімі мол замандастарының алдында соншама кішірейіп сөйлеуінің себебі неде? Жо, жоқ бұл ешқандай да «тай құлындай тебісіп өскен» достарының көңілін аулау үшін ғана айтыла салынған мадақ сөздер емес, ірі таланттардың бойында ғана болатын – бекзадалық қасиет. Осы асыл қасиет Мұхаңа жазылған хаттағы әр сөйлемнен сезіліп тұр.
Достарыңызбен бөлісу: |