«Когда падают горы» романының бастапқы деңгейі (планкасы) тәп-тәуір, екпін, тасқындаған ой бар, кейін сұйыла береді де, Сәбитшілеп кетеді…
Не амал бар? Өтті-кетті. Мен болсам, дегенмен «Тарғыл төбетке» Нобельді қияр едім.»
Көп жағдайда әлемге жайылған даңқына қарап, үлкен суреткерлердің шығармашылығынан байқаған кемшілігімізді айтуға біздің батылымыз жетпей жатады. Сөз жоқ, Шыңғыс Айтматов әлем әдебиетінің биігіне көтерілген таңғажайып тұлға. Мен оның барлық шығармасын қалдырмай, астарлы ойын тереңірек түсіну үшін кейбір туындыларын тіпті екі-үш реттен оқып шыққанымды жасыра алмаймын. Біздің кейбір сыншыларымыз тым асыра мақтап жүргендей жазушы шығармашылығы тек өрлеуден ғана тұрмайды. Көптеген ұлы суреткерлердің басында болатындай Айтматов творчествосының да биікке жоғарылап өрлеу дәуірімен қатар, төменге қарай құлдыраған кезеңдері де болған. Талантты қаламгердің шығармашылық тұрғыдан өсуі кезеңінде – «Жәмила», «Қош бол, Гүлсары», «Алғашқы ұстаз», «Ақ кеме», «Ерте кеткен тырналар», «Шынарым менің, шырайлым менің», «Ана Жер Ана», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» повесі мен «Ғасырдан да ұзақ күн» романы дүниеге келді, «Жанпида», «Кассандра таңбасы», «Таулар да құлайды» романдары мен қазақ жазушысы Қалтай Мұхамеджановпен бірігіп жазған «Көктөбедегі кездесу» драмасы – шығармашылық тоқыраудың көрінісі. Ең керемет туындысы –««Ақ кеме», ең нашар дүниесі пьеса дәрежесіне де көтеріле алмаған –«Көктөбедегі кездесу». Мұны орыстың білімді сыншылары да жақсы байқапты.
Суреткер Айтматовтың сұхбаттарын оқи отырып, өмірінің соңында жазған туындыларының талай орыс сыншыларының көңілінен шықпағанын аңғардым. Неліктен жазушы бір кездері жеткен биігінен төмендеп кетті. Ой қуаты әлсіреді ме? Жоқ. Менің ойымша мұның себебі – мүлде басқада. Айтматов өзгергісі, өзгеше жазғызысы келді. Булгаков пен Маркеске еліктеп, жазушылық табиғатында жоқ дүниеге қол созды.
Есіңізге түсіріп көріңізші «Ақ кеме» повесіндегі суреттелетін өмір мен Момын шалдың аңызы әсем гүл мен оны арайландырған күннің алтын шуағындай қалай әдемі үйлесімділік тапқан. Повестегі суреттелетін аңыздағы оқиға шығарманың тұңғиығында жатқан терең ойды өмірдің жағалауына алып шығады. Аңызда тұнық көлдегі бейнедей автордың айтпақ ойы анық көрінген. Бәрі қарапайым, бәрі түсінікті. Кішкентай баланың көзімен өмірдің бүкіл трагедиясы соншалықты шынайы суреттелген.
«Жанпида» романындағы Понтий Пилат туралы Інжілден алынған аңыз шығарманың рухымен үйлесім таппаған. Және ұмытпасам дәл осындай эпизод Леонид Андреевтің «Ииуда Иссакриот» әңгімесінде де бар. Авдий мен Бостонның тағдыры суреттелетін екі оқиғаны бір-бірімен байланыстырып тұрған рухани өзек жоқ.
Герағаңның хаты Айтматов жайындағы осыған дейін күмәнданып келген көп ойымның дұрыстығына көзімді жеткізе түскендей болды. Екеуміздің бір қорытындыға келіп, пікіріміздің сабақтасып жатқанына қатты қуандым. Ойым сан-саққа жүгіріп, хаттың қызығына одан әрі бата түстім.
«..Сіздің музыкаға әуестігіңіз маған беймәлім еді. Мені классикалық музыкаға жетелеген досым Асқар (С) болатын. Ол студент шағынан қарызға белшесінен батып, пластинкалар жинайтын. Біздің көбінесе-көп тыңдайтынымыз – Моцарт пен Верди (Әсіресе «Реквием»), Бетховеннің («Бетенец») симфониялары (Бесінші және тоғызыншы), кейін сонаталары, Аустрия композиторлары Бах, Малер т.с.с болатын. Түнгі сағат екі-үштерде Асқар мені оятып, Глюкті тыңдатып қоятын. Өзі оянған бойда «Полет валькирийді» аңырататын. Чайковский, Рахманинов, Шостокович, Шнитткені ерекше қадірлейтін.
Амандық болса, Мереке (Қ) менің орысша күнделігімді жарыққа шығармақшы. («Тень дней минувших», = 50 б.т.) Онда Асқар екеуміздің музыка төңірегіндегі кейбір лебіздеріміз кездесіп қалады. Маған жіберген Вагнерді аздап ес жиған соң тыңдармын, ләзаттанармын.
Достарыңызбен бөлісу: |