М.СҰЛТАНҒАЛИЕВА,
Рудный индустриялық
институты.
Рудный қаласы
КӘСІПТІК ҚАЗАҚ ТІЛІ:
ОҚЫТУДАҒЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР
Мақалада жоғары оқу орындарындағы кәсіптік
қазақ тілін оқытудағы өзекті мәселелер: студенттерге
кәсіптік терминдерді меңгерту, мәтіндермен жұмыс
түрлері, кәсіби тілдік ортаны қалыптастырудағы
атқарылып
жатқан
жұмыстар
сөз
болады.
Терминологиялық сөздікпен жұмыс жасауда қол
жеткен табыстар мен кездесетін қиындықтар туралы
мәселе қозғалады, осы мақсаттарға жетуде сабақта
қолданылатын интерактивті әдістер мысалға алынады.
Қазақстан
Республикасының
Президенті
Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен бекітілген «Тілдерді
қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған
мемлекеттік бағдарламасында» ана тіліміздегі
терминология саласын қазіргі талаптарға сай, қазақ
тілін іс жүзінде мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеру
жолындағы келелі міндет болып отырғаны айтылған.
Бүгінгі күні жаңа технологиямен халықаралық
стандартқа сай мамандар дайындаумен қатар
техникалық инженер кадрларды мемлекеттік тілді
кәсіби маман ретінде даярлау - өзекті мәселелердің
бірі. Осы орайда ЖОО-ның оқыту бағдарламасына
практикалық қазақ тілін оқытумен қатар кәсіптік қазақ
тілі пәні енгізілді.
Пәннің негізгі мақсаты – студенттерді кәсіби тілдік
дайындықпен қамтамасыз ету, кәсіби тілде арнайы
16
17
терминдерді қолдана отырып, еркін қарым-қатынас
жасай алуға бағыттау. ЖОО оқытушысы ретінде осы
мәселені шешуде мүмкіндігімізше қызмет атқарып
келеміз. Өз бетімізше оқу-әдістемелік құрал жазып,
мамандыққа қатысты мәтіндер құрастыру, күнделікті
сабақта терминдермен жұмыс жасау үйреншікті іске
айналып келеді. Дегенмен, оның да өзіндік шешілмеген
тұстары жеткілікті, осы еңбегімде сол мәселелерге
тоқталғым келеді.
Қазақстанның білім беру жүйесінде мемлекеттік
тілге, соның ішінде кәсіптік қазақ тіліне берілген сағат
саны да, сонымен қатар студент қауымының тілді
үйренуге деген талпынысы да әр түрлі. Соңғы жылдарда
біздің де студент-шәкірттеріміздің басым көпшілігі
өздерінің кәсіптік мамандықтарына қарай бейімделген
деңгейде тіл үйренгілері келеді. Осы мақсатта берілген
сағаттың басым көпшілігі мамандық әлеміне алғашқы
қадам - термин сөздерді игеруден басталады. Алғашқы
сабақтардың өзінде-ақ терминологиялық сөздіктермен
танысып, мамандықтарына қатысты терминдерді,
әсіресе, етістіктерді жазып аламыз. Осы жұмыста
оқытушыға көбіне студенттердің өздері көмектеседі.
Олай дейтінім, тіл маманы инженер емес, сондықтан
осы кезде шәкірттеріміздің өз мамандығын, өз саласын
қалай білетіні көп көмек. Бүгінгі әңгіме - кен ісі,
металлургия инженерлерін даярлаудағы кәсіптік қазақ
тілінің мәселесі туралы болмақ. Алдыңғы сабақтарда
қолдарына қазақша-орысша, орысша-қазақша кен ісі
және металлургия саласының терминологиялық сөздігін
ұстаған студенттеріміз өздерінің термин сөздерін
іздей бастады. Термин сөздерді жазып қана қоймай
олардың оқылуын, ондағы қазақ тілі дыбыстарының
айтылуын, жазылуын талдап еске сақтауға үйренді.
Біздің мақсат - сөздерді құр жаттатып қана қоймай,
сол сөздерді тәжірибеде қолдануға үйрету. Жаңа
терминдерді өткен грамматикамен байланыстырып
түрлендіру, олармен сөз тіркестерін жасау, сөйлемдер
құрастыру сияқты жұмыс түрлері жаңа сөздерді есте
сақтауға көп септігін тигізеді. Айталық, мынандай
термин сөздерді жазып алдық: кен ісі (горное дело),
жарылғыш зат (взрывчатое вещество), қазаншұңқыр
(карьер), тау жыныстарының бекемдік коэффициенті
(коэффициент крепости горных пород), т.б. Әуелі осы
сөздердің дыбысталуын дұрыс тыңдап, игеріп аламыз.
Содан соң сөздердің жасалу тәсіліне көңіл аудару
шарт: алғашқы сөз екі қарапайым сөздің тіркесуі
арқылы жасалса, келесі сөз «жарылу» етістігіне «ғыш»
жұрнағы жалғануы арқылы сын есім жасалып, содан
соң ғана зат сөзімен тіркесіп жаңа термин жасап
тұрғандығын түсінеміз. Содан соң сөз тіркесін сөйлем
құрастырамыз, әр студенттің сөйлемін тыңдау, оны
түсіну, талдау барысында сөздер қайталанып санамызда
жаттала бастайды, есте сақталады. Осындай жұмыстар
арқылы негізгі термин сөздерін үйренген студенттерге
мамандыққа байланысты кәсіби мәтіндер беріледі.
Кәсіби мәтіндер – мамандыққа қатысты
лексикалық минимумдарды қамтитын, белгілі бір
мамандықты игеру үшін қажет кәсіби білім беретін
күрделі қатысымдық бірлік. Кәсіби мәтінмен жұмыс
жүргізудегі мақсат – студенттердің мәтінді түсініп қана
қоймай, мәтінде пайдаланылған жаңа сөздерді тәжірибе
жүзінде қолданып, оларды өзара байланыстырып
сөйлесімде пайдалану. Кәсіби мәтіндер – мазмұндық,
тақырыптық тартымдылығымен ерекшеленіп, пәрменді
лексика нормасына құрылған, мамандыққа қажетті
ақпаратқа толы, кәсіби терминдері мол, студенттердің
білім деңгейіне сай болуы керек. Бұл мамандықтарға
18
19
арнайы оқу құралы болмағандықтан негізгі қазақ
тіліндегі әдебиеттен мәтін жинау, оны студенттің
түсінуіне икемдеп оқулық мәтініне айналдыру жұмысы
тіл маманының еншісінде. Мамандыққа байланысты
әдебиеттерден алынған мәтіндерді таңдап беру арқылы
қазақ тілін оқуға студенттерді ынталандыру, оның тілге
деген қызығушылығын арттыру - басты міндет. Студент
өз мамандығына байланысты мәтінді қызыға оқиды,
ол арқылы келешек мамандығы бойынша өте қажетті,
пайдалы мәлімет алады. Келешек инженер кадрларды
даярлауда мамандыққа байланысты танымдық
мәтіндердің алатын орны ерекше. Танымдық мәтін
дегеніміз - келешек маманға өз мамандығына қатысты
жаңа ақпарат беретін, маманның келешегі барлығына
студенттің көзін жеткізетін, оқу бітіргеннен кейін
жұмысқа орналаса алатынына сенімділігін арттыратын,
мамандық таңдауда қателеспегеніне, маман ретінде
әлеуметтік жағдайының жақсаратынына сенімділігін
қамтамасыз ететін мәтіндер. Мысалы, тау-кен инженеріне
Қазақстанда қандай кен орындарының бар екендігі,
олардың әлемде алатын орындары, Қазақстанның
көмір қоры бойынша ТМД елдерінде 3-орында, сол
көмір қорының 800 жылға жететіні туралы ақпаратты
білуі – оның мамандығының келешегі бар екендігіне
сенімін арттырады. Сондықтан ол өз мамандығын
толық игеруге мүдделігін арттырады, нақты маман
болып шығуына толық мүмкіндігін пайдалана алады.
Мен өз тәжірибемде болашақ кеншілерге қаламыздың
басты өндірісі – Соколов-Сарыбай кен орнының
тарихымен, оның жетістіктерімен үнемі таныстырып
отырғанды жөн санаймын. Олардың ішінде «Соколов-
Сарыбай кен орны қалай ашылды?», «Кеншілер
қаласы», «Қаныш армандаған оқу орны», т.б. мәтіндері
бар. Мысалы «Қаныш армандаған оқу орны» атты
танымдық мәтін облыстық «Қостанай таңы» газетінен
алынса, оның авторы өз институтымыздың профессоры
бұрынғы РМПИ кафедрасының меңгерушісі, ардагер
ұстаз Т.И.Маулянбаев екендігі мәлім болған сәтте-
ақ өзіне деген қызығушылығын тудырады. Ал мәтін
қазақ тілінде болғандықтан онымен танысу үшін әуелі
аударма жұмысымен айналысуды керек етеді, аудара
бастағанда Қ.Сәтбаевтың армандаған оқу орны – біздің
институт екендігі студенттерді одан әрі қызықтырып,
нәтижелі жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Осындай
мәтіндердегі терминдерді игерудің тағы бір ерекшелігі
олар ғылыми-техникалық ұғымдарды қалыптастырады,
сол сияқты адамның сөйлеу қабілетіне де өз ықпалын
тигізеді. Осылайша бүгінгі инженер ғылыми-
техникалық өзгерістермен деңгейлес болуы үшін өз
мамандығына байланысты термин сөздерді жан-жақты
игеруі тиіс. «Термин – тек шартты атау сөз емес, ол
белгілі бір ұғымды қалыптастыратын тұлға», Жалпы
ұғым болсын, жалқы ұғым болсын сөз немесе сөз
тіркестерімен беріледі. Ғылыми ұғымдардың атауы
болып табылатын ондай сөздер мен сөз тіркестері
терминдер деп аталады. Терминдерді пайдаланудың
негізгі міндеті – студенттерді қазақ тілінде сөйлету
болуы тиіс. Осы тұрғыда әр саладағы терминологиялық
сөздіктердің көмегі өте зор. Мысал үшін, Алматыдағы
республикалық мемлекеттік «Рауан» баспасы 2000
жылы шығарған 31 томдық қазақша-орысша, орысша-
қазақша терминологиялық сөздіктердің 19-томы «Кен
ісі және металлургия» саласына арналған. Сөз жоқ,
бұл сөздік болашақ маман кадрларды дайындауда көп
көмегін тигізері анық. Мұнда басты айта кететін жағдай,
осы мамандыққа сәйкес 5000 мыңға жуық сөз бен сөз
20
21
тіркесі қамтылған, сондықтан бұл сөздіктен болашақ
маман өзіне керекті кез-келген сөзді таба алады деген
сенім мол. Бұл сөздікте қазіргі мамандар арасында
қалыптасқан екі түрлі пікірге көңіл бөлінген. Олардың
бірі – термин атаулының бәрін өз тілімізге аудару болса,
ал екіншісі – халықаралық терминдерді аудармай, сол
қалпында қабылдау. Бұл сөздікті құрастыруда осы екі
пікір арасынан дұрыс жол таңдалған: әр терминге өз
тілімізде терезесі тең балама табылған, олай болмаған
жағдайда халықаралық қолданыстағы сөздер тіліміздегі
ішкі заңдылықтарға сәйкестендеріліп алынған. Тағы бір
айта кететін жағдай, сөздіктің бірінші қазақша-орысша
бөліміндегі сөздер бірінші орысша-қазақша бөлімінде
қайталанбайды. Сол себепті студенттер кейбір сөздерді
бір бөлімінен таба алмаса, келесісінен табуы әбден
мүмкін. Осылайша, студенттердің терминологиялық
сөздікпен жұмыс жасаудағы дағдылары мен біліктері
өз мамандықтарын меңгеруде көп көмегін тигізеді.
Жоғарыда термин белгілі бір ұғымды білдіреді деп
атап кеттік, және де ол адамға түсінікті болуы шарт
деп өз оймызды білдірдік. Өкінішке орай, кейбір
терминдердің мағынасы орыс тілді студенттерге ғана
емес, өмір бойы қазақ ортада өсіп, қазақша оқыған
мамандарға да түсініксіз болып жатады. Мысалы, осы
сөздіктегі «опрокидный скип - аударылмалы төңгіршек»
сөз тіркесіндегі «төңгіршек» сөзі, сол сияқты
«сварочный стан – пісірімді орнақ», «бункир - шанап»,
«пропеллерный насос - ебелекті сорғы», т.с.с. сөз
тіркестерін осылайша аударғанмен, оларды түсініп еске
сақтау мүмкін емес, себебі бұл сөз тіркестерінің екінші
сыңарлары мүлдем түсініксіз болғандықтан қандай
ұғымды елестетеріңіз белгісіз. Сондықтан осындай
сөздері бар мәтін сөздік қорды толықтыру үшін емес,
шатастыру үшін керек пе деп қаласыз. Мұндай сөздерді
кездестіргенде кейбір терминдерді аудармасыз алу
дұрыс па деген пікірді қолдауыңыз сөзсіз. Сол сияқты
«насос (сорғы), ванна (былау), каска (дулыға), штрек
(қуақазы), шлак (қож) сөздері басқа тілден енген сөз
ретінде берілгені дұрыс па еді деп ойлайсыз. Мұндай
мысалдар арқылы әрбір ғылыми термин екі түрлі
қызмет атқарады, оның бірі – термин ғылыми ұғымның
атын білдірсе, екіншісі сол ұғымның мағынасын, мәнін
өз бойына жинақтайды деген пікірімізге қайшы келеміз.
Осылайша, кәсіптік қазақ тілі пәнінде термин сөздермен
жұмыстың өзіндік «қызықтары мен шыжықтары»
жеткілікті. Дегенмен Мәңгілік Еліміздің - мәңгілік тілін
өскелең ұрпаққа меңгертуде өз тәжірибеміз бен білік-
дағдымызды аянбай қолданумыз қажет деп ойлаймыз.
Термин сөздерді еске сақтау, пысықтау кезінде
түрлі грамматикалық жаттығулармен қатар ойын
жаттығулардың да көмегі өте зор. Бұндай ойындарды
негізінен әр тараудың қорытындысы, үйренген
сөздік қорды бекіту ретінде жүргізуге болады. Ойын-
жаттығулар айту дағдысын, лексикалық, грамматикалық
дағдыларды қалыптастырады. Кейбір ойын үлгілерін
қарастырып көрейік:
1. Лексикалық ойындар: «Қанша сөз?» Мақсаты:
Өтілген тақырып лексиканың белсенділігін арттыру.
Ойын барысы: Ойыншылар 2 командаға бөлінеді.
Әр команда берілген тақырыпқа мүмкіндігінше көп сөз
айтулары тиіс. Тақырыпқа байланысты ең көп сөз айта
алған команда жеңімпаз аталады. Ойынды жазбаша да
жүргізуге болады, командалар сөздерін тақтаға жазады,
мұнда олардың сауаттылығы да тексеріледі.
2. «Сөз». Мақсаты: Үйренген лексика белсенділігі.
Ойын барысы: Командалар әр түрлі әріптер жазылған
22
23
карточкалар алады, мұғалім белгілі тақырыпқа сөз
айтады, ал қолдарында сол сөзде кездесетін әріптері
бар оқушылар оны тез құрастырулары қажет.
3. «Сурет бойынша әңгіме». Мақсаты: Әр түрлі
тақырып лексикасының белсенділігін арттыру.
Барысы: Ойыншылар жұп құрайды. Әр жұп
мамандыққа байланысты суреттері бар карточкалар
алады, сол бойынша әңгіме құрастырулары шарт.
4. «Мамандар не істейді?» Мақсаты: Мамандыққа
байланысты сөздік қорды бекіту.
Барысы: Мамандық аттары жазылған карточкалар
алған студенттер олар немен айналысатындығы туралы
етістіктерді пайдаланып айтып береді.
5. «Жұмысқа алу». Мақсаты: қазақ тілінде
пікірталастыруға үйрету.
Барысы: Ойыншылар 2 топқа бөлінеді. Әр топ
бос орынға кімді алулары керектігін шешеді. 4
өтініш қарастырылады. Әр топтың басқарушысы өз
талдауларын түсіндіруі тиіс. Әр топтың жауаптарын
салыстыра келе түпкілікті шешім қабылданады.
6. «Жарнама». Мақсаты: үйренген сөздік қорды өз
пікірін айтуда пайдалана білу.
Барысы: Әр жұп кез келген жарнамалық
хабарландыру немесе тауар алады. Ойыншылар оның
мазмұнын айтып берулері тиіс.
Бұл ойындардың барлығы да өз кезектерінде
үйренген сөздік қорды бекітуге, сөйлем құрастыра
білуге, сол арқылы өз ойларын жеткізе білуге, қазақ
тілінде еркін сөйлеуге талпындырады.
Термин сөздерді бекітуде жаңа технологияларды
орынды пайдалану өз нәтижесін береді. Олардың
ішінде Ассоциация, Кластер, Венн диаграммасын
пайдалану туралы айта кетейін. Мысалы: «Соколов –
Сарыбай кен орны қалай ашылды?» мәтіні бойынша
ассоциация құрайық. Онда біздің ойымызға мынандай
термин сөздер түсер еді: кен, байлық, барлау, темір,
Сургутанов, ұшқыш, бос жыныс, бұрғы, ашық әдіс,
т.б. Келесі кезекте осы сөздерді пайдаланып мәтінді
әңгімелеуге тырысу.
Ал Венн диаграммасын жасауда қандай да болмасын
екі мәтін алынады. Мысалы, «Көмір өндіру» және
«Темір өндірісі», әуелі бұл екі мәтінде ортақ айтылатын
не, сосын әр мәтіннің өзінше беретін мәліметтері сөз
болады. Жаңа технологияның тек тілді оқытуда ғана
емес, оқушы жауабын тексеруде де алатын орны ерекше.
Неміс әдіскер П.Дойенің айтуынша, осы уақытқа дейін
оқушы білімін тексеруге қажетті көңіл аударылған
жоқ. Оның ойынша, оқушының білімін, дағдысы мен
іскерлігін, қандай дәрежеде білім алғандығын өте тез,
әрі объективті бақылау, тексеру – бұл тестілеу.
Тестік тапсырмалардың тиімділігі: студенттердің
белсенді ойлау үдерісін дамытады, аз уақытта
студент білімін тексеруге мүмкіндік береді, студентті
жинақылыққа, ұшқырлыққа тәрбиелейді. Оқушы
білімін бақылауда мынадай тест түрлері пайдаланылады:
қосымша, еске түсіру, альтернативті, таңдау, аралас
(комбинированный), мамандыққа байланысты, т.б.
1. Тест – қосымша. Сөздер, қосымшалар, цифрлардың
орны нүктемен белгіленген тапсырмалар. Бұл тапсырма
түріне бір ғана дұрыс жауап болуы тиіс. Мысалы:
Өндіріс шығыны мен табыстың айырмашылығы ...
(пайда), т.с.с.
2. Тест – еске түсіру – бір ғана тура жауапты талап
ететін сұрақ. Мысалы:
- Қаныш Сәтбаев кім? (ғалым, белгілі кенші)
- Қазақстанда үлкен темір кені қай облыста табылды?
24
25
(Қостанай)
3. Альтернативті тест – қандай да болмасын мағлұмат
беретін сөйлемдерден тұрады, оның дұрыс-бұрыстығын
студент айтуы керек. Бұл тесті құрастыруда көмекші
сөздерден (подсказка) аулақ болу шарт, сөйлемдер қысқа
және нұсқа болуы тиіс, ал тестің жауабын студенттер
«иә, жоқ» немесе (+), ( - ) белгілері арқылы бере алады.
Мысалы:
а) Қазақстан Ресеймен шекаралас – иә
в) Орыс тілі – мемлекеттік тіл - жоқ
с) Бәріміз салық төлейміз – иә
4. Тест – таңдау. Дұрыс та, бұрыс та жауаптары бар
тапсырмалардан тұрады, жауапты студент өзі таңдау
керек, оның түрлері 4-тен көп болмауы тиіс. Мысалы:
Салық дегеніміз не?
а) сұраныс;
в) жоспар;
г) төлем;
д) өнім.
Аралас тест - әр түрлі жаттығуларды қамтыса,
мамандыққа бағытталған тест қандай да болмасын
мамандыққа қатысты маңызды ақпаратты қамтиды.
Тест сұрақтары оқушыға өзіне керекті нұсқаны таңдай
білуге, өздігінен жұмыс жасауға, ойлау, есте сақтау,
аударма сияқты дағдыларын тереңдетуге мүмкіндік
береді. Дегенмен жауапты тек тестілеуге әкеліп
соқтыруға болмайды, тіл үйренуде көзбе-көз сөйлесу,
айту дағдысының маңызды екенін ұмытпауымыз керек.
Тағы бір алға қоятын мақсатымыз – студентті
сөздікпен жұмыс істеуге үйрету. Олай дейтінім,
студенттердің көпшілігі мамандыққа байланысты
мәтіндер қиын болатындықтан оларды аударуды
көптеген түсінбеушілікке кездеседі де аударма
жұмысына деген құлшыныстарын жойып алады.
Аударма жұмысына кіріспестен бұрын өзімнің іс-
тәжірибемнен жинақталған «Қазақ тіліндегі аударма
дағдысы» деген дәрісімді түсіндіріп өтемін. Мұнда
аударма жұмысын қалай бастау керек, әуелі нендей
жағдайларға көңіл бөлу керек, қазақ тілі мен орыс
тіліндегі сөздердің орын тәртібі еске түсіріледі. Кейбір
студенттер әр сөзді аударып алады да, оларды бір
сөйлемге біріктіре алмай әлек болады. Себебі, олар
сөздерді байланыстыратын септік жалғауларына көңіл
бөлмейді. Кей жағдайда сөздіктегі сөздердің басқа
мағынасын ала отырып, мүлдем басқа түсінік береді.
Қазақ тіліндегі сөздердің көп мағыналылығын ұмытып
кетеді. Мысалы: Қазіргі таңда жас мамандарға сұраныс
көп - деген сөйлемді «сегодня утром возростному
специалисту много спроса» деп аударулары мүмкін.
Неге десеңіз: таң-сөзі «утро, день» деп, ал жас-сөзі
«молодой, возраст» деп аударылады. Сол сияқты өз
тәжірибемде тек қазақшадан орысшаға емес, орысшадан
қазақшаға аудару жұмыстарына да көңіл бөліп
отырамын. Сөзімнің дәлелі ретінде «Металлургия»
мамандығы бойынша орысша дайындалған кәсіби
бағдарлық парақтың (буклеттің) аудармасынан бірнеше
сөйлемді назарыңызға ұсынамын:
1) Специальность остро дефицитная, широко
востребованная, универсальная, хорошо оплачиваемая.
– Мамандық - өте қажетті, әмбебап, жоғары жалақылы,
сұранысы көп.
2) Обогащение одна из самых интересных отраслей
промышленности и науки нашего времени – Кен байыту
- біздің заманымыздағы ғылым мен өнеркәсіптегі ең
қызықты салалардың бірі. Бұл жұмыста топ студенттері
аударма жұмысын білу қабілеттеріне сай шағын
топшаларға бөлінеді. Топшада нашар «аудармашылар»
да, «жақсылары» да болуы керек, себебі біреулері
26
27
сөздерді сөздіктен іздеп, дайындық жұмысын жүргізсе,
«мықтылары» сөздерді біріктіріп, орын тәртібінің
ережесіне сай орналастырады. Егер студент қазақша
мәтінді аударып дағдыланса, оған орысша мәтінді
аудару көп қиынға түспейді, дегенмен бұндай мәтіндер
өте жеңіл болуы шарт. Бұндай буклетті аударып өз
жемісін көрген, өз күштеріне сенген студенттер келесіде
аудармаға шын ықыласпен кірісетін болады. Бұл
жұмыс оқытушыдан шыдамдылықты, өз пәнін жақсы
білуді ғана емес, шәкіртіне тез және жылдам көмекке
келуге дайындығын, сонымен қатар сол мамандыққа
байланысты терминдерден хабардар болуды да талап
етеді. Жоғарыдағы айтылған, талданған мәселелерден
осы бағытта ешқандай шешілмеген проблема қалмады
деген жаңсақ пікір тууы мүмкін, олай дейтініміз, ең өзекті
мәселе - жоғарғы оқу орнында техникалық мамандарды
мемлекеттік тілде дайындайтын оқулықтың жоқтығы.
Оқулықтар болған жағдайда, ондағы тақырыптардың
типтік бағдарлама тақырыптарына сәйкес келмеуі.
Сондықтан да оқытушылар өз уақытының басым
көпшілігін күнделікті сабаққа мәтін дайындаумен
өткізеді. Мәтіндерді Интернеттен іздеу, оны қысқарту,
кей жағдайда тіл үйренушіге түсінікті тілде қайта
жазу (себебі, олар қазақ тілді аудиторияға арналған).
Өкінішке орай, көп жағдайда қажетті тақырыптағы
мәтіндердің қазақ тіліндегі нұсқасы табылмайды. Ол
кезде орыс тілді мәтіндерді аударып пайдаланамыз.
Осы кезде пәннің типтік бағдарламаларында, әсіресе
тіл үйретуде тақырып еркіндігін неге бермеске деген
ой келеді. Себебі, біз ол студентті өз кәсіби сөздігін,
терминдерін пайдалана отырып, сөйлесімге, тіл
дамытуға ғана үйретеміз. Ал бұл жұмысты қандай
тақырыптағы мәтін арқылы меңгерту оқытушының
білімі мен тәжірибесіне тапсырылса дейміз. Осы сияқты
мәселелер шешілмей, алдағы мақсат та орындалмақ
емес, оған бірнеше себептер де бар: біріншіден,
жоғарғы оқу орнында кәсіби қазақ тілін оқытуға тек
қана бір семестр - 45 практикалық сағат бөлінген, оны
аптаға талдайтын болсақ, аптасына 2 сағаттан ғана, екі
сағаттық оқудың қандай нәтижесі болары белгілі нәрсе.
Екіншіден, кәсіптік қазақ тілі әр мамандықта әр түрлі
семестрде оқытылады. Егер, пән 3-семестрде болса,
онда студенттер өз мамандығы туралы өте аз біледі
де, жаңа да қиын мәтіндерді, терминдерді меңгеріп
кетуі қиынға соғады. Ал 4,5 семестрде болса, олар
практикалық қазақ тілін 2 семестрде аяқтайды, осы
уақыт ішінде қазақ тілін ұмытып қалады. Дегенмен
жақсы жағы – ол өз мамандықтары туралы көп мағлұмат
біледі. Бұл өз кезегінде аударма, терминді меңгеруде оң
әсерін тигізеді. Біздің алдымызда осындай мәселелер
шешу міндеті тұр, атам қазақ «көш жүре түзеледі»
демей ме, осы мақсаттарды жүзеге асыруда өз біліміміз
бен тәжірибемізді жұмсап келеміз. Сөз соңында, шағын
ғана бір мақалада мемлекеттік тілде маман даярлаудың
барлық мәселелерінің шешілуін қамтып қарастыру
мүмкін емес екендігін айтамын, алдағы уақытта да бұл
жауапты мәселеге қажетті көңіл бөлініп, шешімін табар
деп сенемін.
Әдебиеттер:
1 Қадашева Қ. Қазақ тілін оқыту әдістемесі.
«Мұрагер», Алматы, 2005
2 Тұрсынова Г. Техникалық мамандарды
мемлекеттік тілде дайындаудың өзекті мәселелері.
Қазақ тілі мен әдебиеті орыс мектебінде, № 11, 2002.
3 Рақымқұлова А. Қазақ тілін оқытуда кәсіби
мәтінді қолдану. Қазақ тілі мен әдебиеті, № 1, 2006
28
29
4 Сарсенбаев А.С. Қазақша-орысша, орысша-
қазақша терминологиялық сөздік. «Рауан», Алматы,
2000
Достарыңызбен бөлісу: |