Дайындық фазасы-бір орыннан секіру кезіндегі дененің бар салмағын тұтастай төмен түсіретін отыру, серпілу кезінде неғұрлым күшті екпін алу үшін екі қолды да артқа қарай созу, келесі фазада жақсы тартылуы үшін аяқтың бұлшық еттерін созу. Жүгіріп келе жатып секіру-алға қарай күш сала жүгіру, серпілуге бір аяқпен іркілмей ауысу.
Негізгі фаза-серпілу және көтерілу. Біріншісі-көтерілудің алғашқы тездігін және дұрыс бағдарды қамтамасыз ететін аяқтың иілген бұлшық еттерінің қатты тартылуымен байланысты, екіншісі-денеге биіктеу кезінде және жерге түсуге дайындалуға қажетті қалыптылықты туғызатын көтерілу.
Соңғы фаза-көтерілудің күрт сілкініссіз және соққысыз аяқталуы, жерге түсу. Бұл жағдайда тепе-теңдікті сақтау үшін барлық қимылдардың үйлесімі қажет.
Ұзындыққа бір орында тұрып және жүгіріп келіп секіру кезінде жерге түскенде екі аяқ бірдей, әуелі өкше, сосын аяқ ұшы жерге тиеді. Бір орында тұрып (жіп, шағын текше арқылы) биікке секіру жерге аяқтың ұшымен түсіп, біртіндеп табанның тұтастай басылуын талап етеді, мұның өзі табанның серпінділік рөлін атқаруға мүмкіндік береді. Аяқты жартылай иіп, жерге жайлы түсу соққы күшінің бір буыннан екінші буынға біртіндеп өтуін қамтамасыз етеді және ішкі органдарды, миды шайқалудан, сондай-ақ табанды жанышталудан сақтайды. Балаларды жүйелі түрде жаттықтыру барысында біртіндеп қимылдаудың қажетті үйлесімі қалыптасады. Секіру белгілі дәрежеде ми қыртысының дамуын, саусақ пен бармақ сүйектерінің беріктігін, бұлшық ет пен көз мөлшерінің икемділігін талап етеді. Аталған барлық қасиеттер жаттығу процесінде дамиды, олар қыртыстың қозғағыш орталығын жаттықтырады, олардың қызметін және осыған байланысты қимылды меңгеру қабілетін жақсартады. Секірулердің организмге физиологиялық ықпалы орасан маңызды. Сондықтан балалармен жаттығу жасаған кезде шаманы сақтау, секіруге дейінгі жаттығуларды қолдану және барлық балалардың жағдайына назар аудару қажет. Секіру дағдысының дамытылуы оны толық жүзеге асырудан көп бұрын басталады: бірінші жылы балалар ересектердің көмегімен аяқтарын жерден көтермей ырғақпен жүрелеп отырады, ал содан кейін ырғақпен секіре бастайды. Ересектердің көмегі немесе бірдеңеден ұстау балаларға тепе-теңдікті сақтауға көмектеседі. 2 жасқа қарағанда балалар өз бетімен бір орында жүрелеп отыруды, серпілуді, аяқтарын жерден жеңіл көтеріп, бір орында секіруді игереді. Бір орында тұрып, тереңге секіру (қарғып түсу) және ұзындыққа секіру (еденде жатқан екі жіп немесе екі сызық арқылы) балаларға биікке секіруден гөрі жеңіл болады. Жерге түскен кезде қателесулер жиі байқалады: аяқтың жеткіліксіз иілуі және табанды тегіс басып жерге ауыр түсу. 3.С.Уварованың деректеріне қарағанда, 3 жасқа дейінгі балалардың дұрыс секіруі сирек кездеседі. Олар әлі де бұл үшін қажетті қимыл үйлесімінің, тепе-теңдіктің дамуына, тірек-қимыл аппараттың дайындығына жеткен жоқ (сүйек-бұлшық ет жүйесі мен буын сіңірлері нашар дамыған, табанның басылуы толық қалыптаспаған, сондықтан да оның серіппелік қажеті жеткіліксіз). 2,5 жаста, ал кейде ертерек те балалардың өздері бір орында тұрып секіре бастайтынын, шағын биіктіктен қарғи бастайтынын тәжірибелік бақылау көрсетіп жүр. Жүйелі түрде айналысқан кезде 2,5 жасар балалардың үштен бірі бір орында тұрып, азды-көпті аяғының ұшымен серпіліп секіреді және 20 см биіктіктен қарғиды. 3 жасқа қарағанда мұндай қимылдарды балалардың 90%-ы игереді. Мынаны ескеру керек: биіктіктен қарғыған кезде олар әлі де болса жерге табанымен түседі. Бір орында тұрып ұзындыққа секіруді үш жасқа қараған балалар өз бетімен меңгере алмайды. Бұл қозғалысқа арнайы үйреткен кезде балалар оны мейлінше тез игереді. 2,5 жастағы балалар бір орында тұрып, 10 см-ден 25 см-ге дейін қашықтыққа, 3 жасқа қарағанда - 25-40 см қашықтыққа секіреді. С.Я.JIайзаненің деректеріне қарағанда бұл кезеңде айтарлықтай сапалық өзгерістер де болады: күшті серпіліс, секіру алдындағы жүресінен отыру, екі аяғымен жерге түсу пайда болады. Одан кейінгі жылдарда секіру дағдысы, оның сапалық және сандық көрсеткіштері жетіледі. Бес жасқа қараған бала алға қарай жылжып, жеңіл секіреді, 15-20 см биіктіктен қарғиды, аяғының ұшымен жерге жеңіл түсіп, содан соң табанын басады, бір орында тұрып ұзындыққа секіруді (30-40 см) алғашқы қалпын сақтап, неғұрлым дәл орындайды. Үйрету кезінде жерге жайлы түсуге басты назар аударылады. Балаларды біртіндеп секіру техникасын одан әрі игеруге дайындайтын қарапайым жаттығулар енгізіледі (аяқтарды бастапқы қалпында қатар қою, аяқтарды тізеден бүгу-«серіппе», қолдарды артқа қарай еркін созу және алға қарай сермеу және т. б.). Алтыға аяқ басқан балалар бір орында тұрып және жүгіріп келіп, ұзындыққа және биіктікке (30-40 см) секіру техникасының элементтерін меңгереді, қолдары мен аяқтарының қимылын жақсы үйлестіреді. Алайда, серпілу сәті жеткілікті дәрежеде ширақ әрі пәрменді болмайды. Yйрету кезінде екпінге, дер кезінде және пәрменді серпілуге, жерге жайлы түсуге назар аударылады. Ұзын, қысқа және айналатын секіргіште жасалатын жаттығу енгізіледі. Балалардың секіруін жетілдіру үшін қысқа, ұзын және айналатын секіргішпен жаттығу, аяқты кезек ауыстырып бір аяқты секіру, аяқтарды тура және шалыс басып, сан түрлі жүгіру, еденге қойылған заттардың қатарлары арқылы секіру, бұрылыспен және қолдардың әртүрлі қимылымен секіру, алға, артқа, жан-жаққа және басқаша жылжу арқылы секіру. Лақтыру-ациклді типті қимыл-қозғалыс. Мектепке дейінгі жаста балаға жоғары, алға, төменге лақтыру қолайлы. Ол бұлшық еттердің барлық топтарын, әсіресе, иіннің бұлшық етін дамытуға, сондай-ақ ептілікке, икемділікке, тездікке, тепе-теңдікке, көзбен мөлшерлеуге тәрбиелеуге көмектеседі. Алысқа және нысанаға лақтыру жүзеге асырылады. Біріншісі екіншісіне жол ашуы керек, өйткені алысқа лақтыру кезінде негізгі күш дұрыс тәсілдерді игеруге бағытталады, сонымен бір мезгілде балалар қашықтыққа сәйкес лақтыруына қарай жаттықтырылады. Нысанаға лақтыру кезінде баланың назары лақтырылған заттың нысанаға тиюіне шоғырланады. Бұл жағдайда ерік күші назар аударудың жинақтылығымен, шоғырлануымен, нысаналылығымен және аралықты міндетті түрде көз мөлшерімен бағалау кезінде қимылдың үйлесімімен ұштасады. Мектеп жасына дейінгі балаларға алысқа және нысанаға лақтырудың әртүрлі әдістері қолданылады: «қолды артқа қарай кере иықтан асырып», «қолды астынан алып тік ұстап», «қолды үстінен алып, тік ұстап», «қолды қапталдан алып, тік ұстап» лақтыру (Д. В. Хухлаева). «Қолды артқа қарай кере иықтан асырып» оң қолмен лақтыру техникасы төмендегіше түсіндіріледі: алғашқы қалыпта оң аяқты артқа салып, иық аздап керілуі керек, кеуде лақтыратын қол жаққа аздап бұрылады, оң қол көкіректің алдында шынтақтан жартылай иіледі, сол қол төмен түсіріледі. Қол сермелген кезде кеуде лақтыратын қолға қарай бұрылып, артқа қарай шалқаяды да дененің салмағы артқа басылған аяққа түседі, оң қол артқа қарай созылады. Лақтырған кезде оң аяқ түзуленеді, кеуде тіктеле келіп, алға қарай бұрылады, лақтырудың ақырғы фазасында дененің салмағы алға басылған аяққа түседі. Оң аяқ сол аяқтың қатарына басылады. Сол қолмен лақтыру әдісі осыған ұқсас болады. «Қолды астынан алып, тік ұстап» лақтыру әдісі: алғашқы қалыпта аяқ иықтан кеңдеу керіледі, оң аяқ артқа салынып, оң қол кеуде тұста шынтақтан жартылай иіледі. Сермеген кезде оң қол төмен түсіріліп, барынша артқа сілтенеді, сөйтіп лақтыру қолдың алға-жоғары қарай қозғалуымен іске асады. «Қолды үстінен алып, тік ұстап» лақтыру әдісі: алғашқы қалыпта аяқ иықтан сәл кеңдеу қойылады, оң аяқ артқа қойылады, оң қол (доп немесе кішкентай қап ұстап)-кеудеден төмен түсіп тұрады. Сермеген кезде оң қол жоғарылап, артқа қарай кетеді, содан кейін алға қарай бағдарланады да кішкентай қап қол басымен лақтырылады. «Қолды қапталдан алып, тік ұстап» лақтыру әдісі: алғашқы тұрған қалып аяқ иықтан сәл кеңдеу, оң аяқ артқа қойылған, зат ұстаған оң қол денені бойлап төмен түсірілген. Сермеген кезде кеуде шалқаяды, оң қол барынша артқа сілтенеді, дененің салмағы тізеден бүгілген, оң аяққа түседі. JIақтырған кезде оң аяқ түзуленеді, кеуде солға-ілгері қарай бұрылады, ал оң қол алға созылып, қол басымен зат лақтырылады. Лақтырудың дайындық формасы допты (немесе басқа затты) тастап жіберу, сондай-ақ сырғанату, домалату болып табылады. Көтеріп тастау дағдысы жарты жастан асқанда, бала өз қолынан затты шығарып жіберуді, қол басымен ойыншықты итеріп тастауды үйренген кезде дами бастайды. 9-10 айлығында бала кереует немесе манеждің сүйенішінен ұстап тұрып допты төмен қарай тастап жібере алады. Тастап жіберу екі қолмен бірдей және бір қолмен-оң, сол қолмен де жүзеге асырылады. Лақтырып жіберу бағыты жоғары қарай, жан-жаққа, алға қарай, көлденең және тік нысанаға бағдарлануы мүмкін. Екі жастың соңына қарай балаларда лақтырып жіберу кезінде қолды сермеу элементтері пайда болады. Егер балаларды сол қолымен лақтырып жіберуге арнайы үйретпесе, олардың көпшілігі көбінесе, оң қолмен лақтыруга бейім болады. Жоғарыда атап көрсетілгеніндей, алысқа лақтыру неғұрлым қарапайым форма болып табылады. 2,5 және одан үлкенірек жасында бала лақтырып жіберу кезінде дұрыс қозғалу техникасын біртіндеп игере бастайды. Кішкентай доптарды нысанаға қарай лақтырып жіберуді игеру қиын. Қимылдың мұндай түрінде күшті, лақтырып жіберу бағытын нысанаға дейінгі аралықпен және нысананың өзінің орналасуымен үйлестіру қажет. Мұндай үйлесім үшін баланың орталық жүйке жүйесінің дамуы, «бұлшық ет сезімінің» болуы, көргенін қабылдау дәлдігі, қозғалысты есте сақтауы және елестете білуі талап етіледі. Н.П.Кочетованың деректеріне қарағанда, 3-4 жасар балаларға алысқа және нысанаға қарай лақтырып жіберу кезінде қалай болса солай тұру тән. Алғашқы қалыпта үш жасқа қараған балалардың тек 10%-ы ғана және төрт жасқа қараған балалардың 14%-ы ғана дұрыс тұра алады. Бұл жаста балалар кеудесін лақтыратын қолға қарай бұруды білмейді. Баланың нысанаға қарай лақтырып жіберу кезінде нысананы көздеуі өзіне қажет жаққа қадала қарау болып табылады. Нысана көздеу ұзақтығы 1 секундтан 3-4 секундқа дейін ауытқиды. Баланың лақтыруы әлсіз, оған лақтыру күшімен аралықты мөлшерлеу қиын, сондықтан ол қысқа аралықта ғана (1-1,5 м) нысанаға тигізе алады. 3-4 жастағы балаларға жоғары қарай лақтырып жіберіп, кайта қағып алу да қиын. Жоғары қарай лақтырып жіберу кезінде үш жасқа қараған балалардың тек 20%-ы, төрт жасқа қараған балалардың 37%-ы, бес жасқа қараған балалардың 62%-ы, алты жасқа қараған балалардың 94%-ы, жеті жасқа қараған балалардың 97%-ы бағдар ұстай алады. Сондай-ақ, жастың өсуімен балалардың допты қағып алуды үйренуі де жетіледі. Мәселен, 3 жасар бала допты қолынан шығармағандай дерлік сәл ғана жоғары лақтырып (20-25 см) қағады, төрт жасқа қарағанда балалардың 30%-ы допты қағады, олардың 25%-ы қол басымен қаға алады. 5 жасқа қарағандардың-52%-ы, 6 жасқа қарағандардың-95%-ы қол басы сүйектерімен қағады (H.П.Кочетова). Орта және ересек балалар топтарында лақтырудың әр түрлі жаттығулары (домалату, лақтырып жіберу және қағып алу, алысқа және нысанаға лақтыру, тордан асырып лақтыру) күн сайын жасалуы, ал доп балаларға еркін пайдалануға берілуі керек. Әр түрлі жаттығулар қаншалық көбірек қолданылса балалар көздеу мөлшерінің дамуын, қимылдар мен икемділіктің үйлесімін талап ететін осы бір күрделі қимылдар тәсілдерін соншалық жақсы меңгереді. JIақтырудың әр түрлі тәсілдері балалардың мұны жақсы игеруге құлшынысын да туғызады. Доппен әр түрлі нұсқада жүйелі түрде жаттығулар жасау балалардың өз мүмкіндігіне сай лақтыру техникасын біртіндеп игеруін қалыптастырады. Балабақшамен қоштасар мерзімі таяу қалған кезге дейін балалар домалатудың, сырғанатудың, допты лақтырып жіберу мен қағып алудың, лақтырудың, допты біреуге берудің, оны қақпайлап алып жүрудің, кері соғудың барлық түрлерін, «доп мектебін» игеруі керек. Балалардың мүмкіндіктері молайған сайын оларға шығармашылық сипаттағы тапсырма-доппен ойнаудың жаңа тәсілдерін ойлап табу ұсынылады. Бөлме ішінде және далада волейбол, баскетбол, хоккей ойындарын игеру үшін балаларға дөңгелек тастағыш, доп тастағыш, кегель ойнайтын заттар, құрсау лақтыратын заттар, городки, бадминтон, тор, доптар, кәрзеңкелер берілуі керек.
Тепе-теңдікті сақтау қабілеті. Тепе-теңдік сезімі-кез келген қозғалыстың және кез келген дененің тұру қалпын сақтаудың қажетті тұрақты компоненті. Тепе-теңдік сезімінің дамуы адамның ми қыртысының қызметін, өршіту және тежеу процестерін теңестіруді, адамның тұрған қалпындағы кез келген өзгерістер мен өз денесі бөліктерінің жағдайының ауысуларын бағалауға көмектесетін сезім мүшелері аппаратының, бұлшық ет сезімінің дамуын жетілдірумен байланысты біртіндеп жүзеге асырады. Мектеп жасына дейінгі жылдар бойы тепе-теңдік қызметін дамыту денені белгілі бір қалыпта ұстаудан бастап (отырған, тұрған, еңбектеген, ал кейін жүрген кезде) кез келген қозғалыс кезінде және тұрған қалыпта дененің берік қалпын сақтау мүмкіндігіне дейінгі жолдан өтеді. Тепе-теңдік қызметін жетілдіруде жаттығудың, атап айтқанда, әртүрлі дене тәрбиесі құралдарын пайдаланудың зор маңызы бар. 4 жастан 7 жасқа дейінгі балалардың статикалық және динамикалық тепе-теңдігін зерттеу (T.И.Осокина) жасқа байланысты тепе-теңдік қызметін сипаттайтын барлық көрсеткіштердің жақсаруын анықтауға мүмкіндік берді. Осыған орай неғұрлым жедел даму 5 жаста болатыны атап көрсетілген. Тепе-теңдік, дененің берік қалпын сақтау сияқты жинақы сергектікті, қимылдар үйлесімін, белгілі бір жағдайда бағдар белгілеуді, оларды тез, дұрыс сезінуді, батылдық пен өзін-өзі билеуді талап етеді. Сондықтан, тепе-теңдікке баулу жаттығуы жедел қарқында, өте ширақтықпен - жүгіру, секіру және тағы басқа әрекеттермен орындалатын қозғалыстан бұрын жүргізіледі. Тепе-теңдік сезімі кішірейтілген тірек алаңындағы жаттығу процесінде, мысалы, енсіз тақтайдың, бөрененің, білте тақтайшаның үстінен жүру, аяқтың ұшымен жүру, бір аяқта тұру, жүгіруден кейін тоқтап тұру және т.б. жағдайда, денені құлаудан іркіп қалу, епсіз қимылды тежеу талап етілген кезде шынығады және сыналады.
Тепе-теңдік сақтауға баулу жаттығуы сәби жастан жүргізіледі. Шектеулі кеңістікке параллель тасталған екі жіптің арасымен (20-25 см аралыққа) өту үшін сәби жастағы баладан зер салу, қимылдардың белгілі бір үйлесімі, жігерлі жинақылық бағдарды сақтау талап етіледі. Одан әрі жаттығу күрделене түседі: еденнен 15-20 см көтеріңкі тақтайдың, көлбеу қойылған тақтайдың үстімен жүру, отырғыштың үстімен жүріп, оның үстінде жатқан заттан аттап өту, отырғыштың үстімен қарсы келе жатқан баламен соқтығыспай өтіп кету және т.с. ұсынылады. Бұл жаттығулардың бәрі тепе-теңдікті сақтаудың қажетті түйсігін, өз денесін меңгере білуді, қимыл үйлесімін, ептілікті, жағдайға қарап бағдар белгілеуді, дер кезінде дұрыс сезінуді қалыптастырады. Жақсы нәтижелерге жеткен жағдайда жаттығу бұрынғыдан да күрделене түседі бала әр түрлі заттарды алып жүреді (себет, доп), ол жүріп бара жатқан заттың үсті дірілдетіледі (белгілі бір биіктікке көтерілген, селкілдеп тұрған бөрене), бала жіпті, сатының жақтауын бойлап жүреді, күтпеген жерде аялдап жүрелеп отырып, дене қалпына көңіл аударып және т.с. жүгіреді. Бұл жаттығулар балабақшаның ойындарында және сабақтарында үйретіледі, сондай-ақ күнделікті өмірінде қолданылады. Тепе-теңдік түйсігі спорттық жаттығуларда да (мұзды жолдармен сырғанау, шаңғы тебу, коньки тебу, екі дөңгелекті велосипедпен, роликті конькимен жүру) жетіледі. Сөйтіп, негізгі қимылдардың дұрыс дағдысын қалыптастыруға бағытталған, жоғарыда көрсетілген жаттығулардың бәрі баланы сан салалы өмір жолына дайындайды. Балалардың негізгі қимылын дамытуда жақсы нәтижелерге жетудің басты шарты дамудың жасқа байланысты ерекшеліктері мен мектеп жасына дейінгі балалардың функциялық мүмкіндіктері ескерілген «Мектепке дейінгі балаларды тәрбиелеу мен оқытуға арналған бағдарламаның» талаптарына сәйкес үйрету болып табылады. Сонымен, гимкастикалық жаттығулардың барлық топтары негізгі қимыл-қозғалыстар, денені жалпы дамытатын және сапта орындалатын жаттығулар-бала организміндегі функционалдық процестерді күшейтеді, дене күшінің жан-жақты дамуына ықпал жасайды.