Еңбек тәрбиесінің басты қағидасы – мақсаттылық. Баланы жоғары құндылық деп бағалап, оның ерекше қабілетін және дарындылығын көре білу, сол ерекшеліктеріне сәйкес өз еркімен таңдаған еңбектің түрін меңгеруге қоғамдық ортада тиісті жағдай жасап, бағыт-бағдар беру. Шығармашылыққа, іскерлікке бейімдеу.
Дәстүрлі еңбек тәрбиесінің үздіксіздігі, беріктігі, жүйелілігі. Қазақ халқының жеткіншектерді дәстүрлі еңбек түрлеріне тәрбиелеудегі әлеуметтік ортаның тәжірибесін негізге алу, ағартушылық-педагогикалық ой-пікірлерін, идеяларын, ауызекі творчестволық шығармашылығын үздіксіз оқу-тәрбие жүйесінің мазмұнына ендіру.
Дәстүрлі еңбек түрлерінің қоғамдық өмірмен байланысы. Еңбек тәрбиесі табысты болу үшін өркениетке ұмтылған еліміздің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани, тарихи, саяси жағдайларын ескере отырып, қазақ халқының мәдени мұрасындағы тәжірибесін жеткіншек ұрпақтың бойында қалыптастыру мақсатында тәрбие процесінің барлық сатыларында (отбасы, бала-бабақша, мектеп, колледж және т.б.) тәрбие мекемелерінде ұйымдастырылатын іс-әрекеттің үздіксіздігін қамтамасыз ету.
Жеткіншектерді дәстүрлі еңбекке түрлеріне ұжым арқылы тәрбиелеу. Отбасынан бастау алатын әулеттік тәжірибені меңгерте отырып,көпсалалы қазақ орта мектептерінде халықтық педагогикадағы еңбек тәрбиесінің әдістерін, құралдарын пайдалану арқылы дәстүрлі еңбектің үйірмелік, кешенді оқу-өндірістік, ғылыми-әдістемелік орталығын ұйымдастыру.
Жеткіншектердің жас және дара ерекшеліктері мен жыныстық өзгешелігін ескере отырып дәстүрлі еңбекке тәрбиелеу. Ер баланы ер балаға тән дәстүрлі еңбек түрлеріне тәрбиелеу, қыз баланы қыз балаға тән дәстүрлі еңбек түрлеріне тәрбиелеу.
1.2. Қазақ халық педагогикасының дәстүрлі еңбек түрлерін отбасы тәрбиесінде пайдалану
Қазақстан Республикасының Ата Заңында: «Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың табиғи құқығы, әрі парызы» деп атап көрсетілсе, «Қазақстан – 2030» бағдарламасында «Әкелер мен аналардың, аталар мен әжелердің өз балалары мен немерелері алдындағы жауапкершілігін күнделікті есте ұстауға тиіспіз. Біз өз балаларымыз бен немерелерімізді сонау алыс болашақта, олар біздің жасымызға жеткен кезде қандай күйде болатынын көргіміз келеді», [311] делініп, ұрпақ тағдырына ерекше мән беріледі.
Демек, жеткіншектердің еңбек тәрбиесінде отбасының алатын орны ерекше. Оны қоғамдық тәрбиенің қандай саласы болса да алмастыра алмайды. Өйткені отбасының мақсаты баланы өмірге келтіру ғана емес, оған мәдени-әлеуметтік ортадағы дәстүрлі еңбек түрлерінің құндылығын қабылдату, аға ұрпақтың, ата-бабалардың, даналардың ақыл-кеңесін, еңбек тәжірибесін бойына сіңіру, қоршаған ортаға, адамзат қоғамына пайдалы азамат етіп тәрбиелеу. Аға ұрпақтың, еңбек тәжірибесі, үлгі-өнегесі, өз борыштары мен парыздарын мүлтіксіз орындауы – еңбек тәрбиесінің үлкен мектебі.
Отбасы тәрбиесінің тағы бір артықшылығы – үйдегі адамдардың жас шамасы әр түрлі болса да бір-бірімен рухани жақындығы, мақсат ынтымақтастығы. Қазақ халқы бала тәрбиесіне ерекше мән берген. Ата дәстүрінің бай тәжірибесінен бүгінгі жастардың үйренетіні көп.
Қазақ отбасында жеткіншектердің еңбекке деген парасатты көзқарасын қалыптастыру жөніндегі тәжірибесінен де алатын үлгі-өнеге мол. Ол еңбектің қарапайым түрлерінен басталып, қоғамдық маңызды істермен ұштасқан. Ер баланы қозы, лақ қайтару, отын-су әзірлеу, мал өнімдерінен тұрмысқа қажетті құрал-жабдық жасау (қамшы, шідер, жүген өру, тері илеу, қару-жарақ жасау, т.б.), қора салу, киіз үйдің ағашын дайындауға, ұсталық, зергерлік өнерге баулуға көзделсе, қыз балаларды үйдің ішін жинау, ыдыс-аяқты жуу, кесте тігіп, өрмек тоқу, ас пісіріп, баланы, қонақты күте білуге үйреткен. Балаларды еңбекке тәрбиелеу барысында ата-аналар оларды тек өзі үшін ғана емес, жалпы халықтың игілігі үшін еңбек етуге, еңбекке құрметпен қарауға, еңбек процесінің қуаныш-ләззатын сезініп, түсіне білуге үйретті. Балалар үлкендерге көмектесе жүріп және олардың өнегелі істерін, шеберлік дағдыларын қабылдай отырып, үнемі табиғат аясында болды, оның әсемдігінен ләззат алды. Күннің шығуы мен батуын бақылап, құстардың көңілді әнін, шегірткенің шырылын, малшылардың өткен-кеткен әңгімелерін, ән-күйі, ертегілерін естіп өсті. Балаларды еңбекке осылайша ерте араластыру
олардың адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуына, көркемдік-эстетикалық талғамдарының жетілуіне, дене бітімдерінің толысып дамуына, сонымен бірге халықтың мәдени мұрасына аялы көзқарасын арттыруға жәрдемдесті.
Оның танымдық қағидалары ең алдымен, балаларды туған жерінің табиғаты мен байлығын, дәстүрлі шаруашылығына байланысты еңбек түрлерін меңгертуге негізделген. Оларды қазақ халқы жазалау әдісі арқылы емес, балаға
түсіндіру әдісінің ең тиімді, қарапайым ізгілік жолдарымен, қызықтыру арқылы үгіттеу, сендіру, үйрету, жаттату, т.б. әдіс-тәсілдермен жүзеге асырған. Осы мақсатта ертегілерді, мақал-мәтелдерді, жұмбақтар мен жаңылтпаштарды, шешендік сөздер мен баталарды, өлең-жырлар мен аңыз-әңгімелерді, эпостарды, т.б. молынан пайдалана білген. Мысалы, «Жақсы бала – сүйеніш, жаман бала – күйеніш», «Жаңбырмен жер көгереді, батамен ер көгереді», «Жақсы сөз – жарым ырыс» – деген мақалдар соның айғағы. Олар жастарды рухтандыратын, имандылыққа, еңбекке тәрбиелейтін, ізгілік, іскерлік, еңбексүйгіштік қасиеттерге сендіретін құдіретті құралдар.
Демек, жеткіншектердің еңбек тәрбиесі – ата-аналарға, ата-әжелерге ортақ іс, жауапты міндет.
Сондықтан отбасындағы еңбек тәрбиесінде мына мәселелерге назар аударған жөн.
ата-әжелердің немере, шөбере тәрбиесінің игіліктеріне жарататын құнды еңбек тәжірибесін ескере отырып, мүмкіндігінше үш ұрпақ өкілдерінен (ата, әке, бала) құралған отбасыларын қуаттау, көбейту;
жеткіншектердің еңбек тәрбиесіндегі ананың орнын мойындаумен қатар, әкенің жауапкершілігін, тәрбиелік мүмкіндіктерін арттыру. Отағасы шаңырақтың қорғаны, асыраушысы, ақылшысы саналады. Сондықтан қазақ әулетінің ер-азаматты бағалау, пір тұту дәстүрін одан әрі жалғастыру;
отбасының тірегі, зор байлығы – көп бала екендігін жастар санасына
сіңіру; ұрпақтар тәрбиесінде қазақ халық педагогикасындағы дәстүрлі еңбек түрлерін меңгертуді негізге алуын қадағалау, үйрету.
Жаңа өркениетті қоғамдағы отбасының жасөспірімдерді дәстүрлі еңбекке тәрбиелеудегі маңызын, әлеуметтік-экономикалық жағдайын, хал-ахуалын көтеруге ықпалын тигізетін кейбір ұсыныстарды енгіздік:
отбасындағы дәстүрлі еңбек түрлерін әлеуметтік-экономикалық жағынан қорғауды мемлекеттік дәрежеге көтеру;
отбасы еңбек тәрбиесіндегі дәстүрлі еңбек түрлерін ғылыми дәрежеде жан-жақты зерттеу, арнайы ғылыми-тәжірибелік лаборатория ашу, бұл дүниежүзілік тәжірибеде өркениетті елдер қатарына жетудің негізгі шартының бірі;
педагогикалық-психологиялық тұрғыдан дәстүрлі еңбектің отбасы тәрбиесінде дәріптеуге тұратын түрлеріне арналған көпшілік ағарту жұмыстарын жүргізу;
отбасы еңбек тәрбиесіне арналған оқу-әдістемелік құралдар, кеңестер, ұсыныстар, озық тәжірибелер жинақтарын шығару. Мәселен, «Ата-аналар тәлімі», «Шеберлер мектебі», «Ата кәсіп мектебі», т.б.;
Қазақстан Республикасының өркениетті даму жолындағы отбасы еңбек тәрбиесінің мәртебелік орнын айрықша бағалау, оны жаңа деңгейге көтеру мақсатында жылдың бір күнін «Отбасы жұлдызы» деп белгілеу, бұл күннің барлық ұжымдарда аталып өтуін қадағалау;
Отбасындағы еңбек тәрбиесінің ең тиімді, ең құнды тәжірибесін, ерекше нәтижелілігін жинақтау және тарату, оны әрбір отбасы игілігіне айналдыру;
Отбасы күнін өткізуге бүкіл қоғам болып шығармашылықпен қарау, оны түрлендіру, мәселен, ғылыми-тәжірибелік конференциялар, семинарлар, кездесулер; отбасындағы еңбек әулеттерінің салтанатты шерулерін; жас отаулардың дәстүрлі еңбек түрлерінен жарыс-сайыстарын ұйымдастыру; тәлім-тәрбиелік сұхбаттар, тәжірибе алмасу, пікірлесу; көп балалы отбасыларына көмектесу, «Асар» жасау және т.б.
Достарыңызбен бөлісу: |