ІІ. ЕҢБЕК ХАЛЫҚТЫҚ ТӘРБЕ НЕГІЗІ
2.1 Қазақ халық педагогикасының дәстүрлі еңбек түрлерін мектепке дейінгі мекемелердің тәрбие процесінде пайдалану
Қазақ халқында арнайы бала тәрбиесімен айналысатын қоғамдық орындар (балабақша) болмаса да, өз ұрпағын бесікте жатқан кезеңнен бастап, бесік жыры мен ұлттық ойындар, ертегі, аңыз-әңгіме, тақпақ, санамақ, қаламақ, т.б. арқылы еңбекке, адамгершілікке тәрбиелеп отырған.
Аяғы шығып, еңбегі қатып, тілі «р»-ға келген ойын баласын тәрбиелеудің ел ішіндегі дәстүрі де тәрбиеші ұстаздар назарын аударуға тұрарлық қызықты да, қызғылықты объектісі болған. Мәселен, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», «Ұлың жақсы болсын десең, ұлы жақсымен, қызым жақсы болсын десең, қызы жақсымен ауылдас бол», – деп келетін мақал-мәтелдердің астарында қаншама мән жатыр.
Төрт түлік малды тіршілігіне тірек еткен көшпелі халықтың ұрпақ тәрбиесінде де сол негізді тұғыр еткендігі заңдылық, дәстүрлі бала тәрбиесіндегі еңбекке баулу тәсілдерінің өзінен-ақ талай сыр ұғуға болды.
Мысалы, аяғы шыққан жас бала қозы-лақты ермек етсе, есейе келе құлын мен ботаны маңайлайды. Ал тай үйретіп міну – қазақ баласының әжетке жарағандығының белгісі. Бір қарағанда тұрпайылау көрінгенімен, осы әрекеттердің барлығында да тәрбиенің үлкен мектебі жатыр. Бала еңбектің әліппесін көзін ашқаннан оқып, оның не екендігін жан-дүниесімен сезініп өспек, сондай-ақ бүкіл жан-жануарлар, табиғат әлеміне деген сүйіспеншілік те бала көкейіне осы кезден-ақ мысқалдап дариды. Мейірімділік пен имандылықтың да алғашқы ұрығы бала жүрегіне осылайша біртіндеп сіңіріледі. «Қошақаныңа тиме, ол да өзіңдей сәби ғой, обал болады», «көк шөпті жұлма, көктей соласың» немесе «күшігіңе тамақты өз қолыңмен бер, сауап болады» деп келетін ата-аналар сөзінде халық санасында жылдар бойы қалыптасқан философиялық қағида жатыр.
Дәстүрлі тәрбие дағдысы бойынша баланың қабырғасы қатысымен
шамасына қарай еңбекке араластырады. Ер бала әке қолғанатына айналып, қыз бала үй ішілік тірлікке қол ұшын береді. Қазіргі таңда осы жоғарыда аталған халықтық педагогикаға сәйкес қарапайым еңбек дағдыларын бала санасына жастайынан орнықтыратын алғашқы тәлім-тәрбие баспалдағы – балабақша. Мұндағы негізгі міндет – сана-сезімі ұлттық психология негізінде қалыптасқан, қазақ халқының дәстүрлерін меңгерген, дені сау, ақылды, парасатты, елжанды азамат тәрбиелеу.
Балабақшадағы балалар еңбегінің негізгі төрт түрі бар: өзіне-өзі қызмет көрсету, шаруашылық-тұрмыстық еңбек, табиғаттағы еңбек және
қол еңбегі. Еңбектің жекелеген түрлерінің үлес салмағы түрлі жас кезеңдерінде бірдей емес. Олардың әрқайсысының тәрбие міндеттерін шешуде белгілі өз мүмкіндіктері бар.
Достарыңызбен бөлісу: |