4-параграф. "Коммуникация" білім беру саласы 131. "Коммуникация" білім беру саласының базалық мазмұны - сөйлеуді дамыту, көркем әдебиет ұйымдастырылған оқу қызметінде іске асырылады. 132. Мақсаты балаларда ересек адамдар мен құрдастарымен қарым-қатынас жасау кезіндегі сөз сөйлеу қажеттілігін қалыптастыруды; балалардың көркем әдебиет және халық ауыз әдебиет шығармаларына эмоциональді ілтипат білдіруін дамыту болып табылады. 133. Міндеттері: 1) балаларда ересек адамдар мен құрдастарымен қарым-қатынас жасаудың тілдік нысандарын дамыту; 2) балаларда сөз сөйлеуде өздерінің тілектері мен эмоционалды толқуларын таныту қажеттілігін тәрбиелеу; 3) ертегілерді, әңгімелерді тыңдай білуін дамыту, 4) ертегілердің, әңгімелердің, тақпақтардың мазмұнын түсінуге және ондағы оқиға желісін қадағалауға үйрету; 5) мәтін бойынша қойылған қарапайым сұрақтарға жауап беру; 6) көркем шығарма кейіпкерінің эмоциональді қалпын қабылдауға үйрету; 7) көркем әдебиетті оқуға қызығушылығын қалыптастыру. 5-параграф. 1 - жартыжылдық 134. Сөйлеуді дамыту: 1) балаларды тәулік бөлімдерін түсіну және ересек адамның көмегімен атау икеміне үйрету; балаларды суреттер бойынша кейіпкерлердің қарапайым қимыл-әрекеттерін тану және атау икеміне үйрету; 2) балаларда сөйлеу кезінде жіктеу есімдіктерінпайдалану дағдысын қалыптастыру; 3) балаларда ересек адамның бақылауымен заттардың кеңістіктегі орналасуын анықтаумен байланысты сөздерді пайдалану икемін дамыту; 4) балаларды сөйлеуде сапалық сын есімдерін пайдалану дағдысына үйрету; 5) суретте бейнеленген кейіпкерлердің бейнеленуі мен қимыл-әрекеттерін түсіну, көрсеткен суреттер бойынша сұрақтарға жауап беру икеміне үйрету; 6) балаларды сөз жасаудың алғашқы дағдыларына үйрету: кішірейткіш- еркелету мәніндегі зат есімдерді құрастыру; 7) балаларды ересек адамның көмегімен негізгі түстердің атауларын түсіну мен пайдалану икеміне үйрету; сөздердің жалпылау мәнін түсінуді қалыптастыру. 135. Күтілетін нәтижелер: 1) екі-үш сөзден тұратын фразаны құрастырады; 2) ересек адамның бақылауында кішірейткіш-еркелету мәніндегі зат есімдерді құрастыра алады; 3) сөйлеу кезінде сапалық сын есімдерді пайдаланады (ересек адамның бақылауында); 4) ересек адамның бақылауында заттардың кеңістіктегі орналасуымен байланысты сөздерді естуде жіктейді. 136. Көркем әдебиет: 1) тыңдау және түсіну:ертегілерді, әңгімелерді, тақпақтарды мұқият тыңдай білуге және түсінуге, мазмұны бойынша қойылған жай сұрақтарға жауап беруге үйрету, "Бұл кім (не)" сұрағын қоюға дағдыландыру. Көрнекілікке сүйене отырып, сипаттау жұмбақтарын шешуге үйрету; 2) шығарманың интонациялық ырғағын қабылдау: интонацияны қабылдауға үйрету, шығарма кейіпкерлерінің мінез-құлқы мен әрекеттерін талдау арқылы мейірімділікті танып білуге үйрету; 3) әңгімелеу және түсіну:көрнекілікке сүйене отырып, сипаттау жұмбақтарды шешуге, қысқа тақпақтарды жатқа оқуға үйрету; лексикалық тақырыптар бойынша сөздік қорын толықтыру және белсендірту; ойыншықтарды қолдана отырып, күрделі емес сюжеттер бойынша сахналау ойынына қатысуға баулу. 137. Күтілетін нәтижелер: 1) таныс шығармаларды эмоциональді түрде қабылдайды және түсінеді; 2) шығарма мазмұнына эмоциональді түрде әрекет етеді; 3) кішігірім тақпақтарды, өлеңдерді жатқа біледі; 4) шығарма мазмұнына қатысты қарапайым сұрақтарға жауап береді (сөйлеу мүмкіндіктеріне қарай).