М.Ғабдуллиннің ғылыми-творчестволық жұмысы 1938 жылы КСРО ғылым академиясының Қазақстандағы филиалында кіші ғылыми қызметкерліктен басталды. 1941- 1946 жылдары Кеңес әскерінің генерал И.Панфилов бастаған даңқты 8-гвардия дивизиясы сапында болып, Ұлы Отан соғысына қатысты. Ғабдуллиннің Ұлы Отан соғысындағы ерлік даңқы бүкіл одаққа әйгілі. Оның бұл ерлігі алғаш рет белгілі жазушы Б. Полевойдың "Правдада" жарияланған "Эпостың тууы" атты очеркінде баяндалды. Көптеген қазақ ақындары Ғабдуллинге арнап, өлең-жырлар шығарды. Соғыс аяқталып, армиядан қайтқаннан кейін Ғабдуллин республиканың ғылыми-педагогикалық мекемелерінде қызмет атқарды. Қазақ КСР ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының директоры (1946-51), Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры (1951-63) болды. 1963-1973 жылдары Қазақ КСР ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты фольклор бөлімінің меңгерушісі болды.
Қызмет бастамасы
М.Ғабдуллин ғылыми-зерттеу саласында көп еңбек етті. "Қазақ халқының ауыз әдебиеті" (1958, 1964) атты күрделі монографиялық еңбегінде Ғабдуллин ауыз әдебиетін зерттеудің ғылыми-методоло-гиялық негіздерін айқындап, қазақ ауыз әдебиетіндегі батырлар жыры, лиро-эпостық дастандар, айтыс өлеңдері,
М.Ғабдуллин ғылыми-зерттеу саласында көп еңбек етті. "Қазақ халқының ауыз әдебиеті" (1958, 1964) атты күрделі монографиялық еңбегінде Ғабдуллин ауыз әдебиетін зерттеудің ғылыми-методоло-гиялық негіздерін айқындап, қазақ ауыз әдебиетіндегі батырлар жыры, лиро-эпостық дастандар, айтыс өлеңдері,
мақал-мәтелдер, жұмбақтар, ертегілер туралы жан-жақты терең ғылыми талдаулар жасады, олардың ғылымдық, тәлім-тәрбиелік мәнін ашып көрсетті. Бұл еңбек жоғары оқу орындарына арналған оқулық ретінде бірнеше рет қайта басылып шықты. Ол 8-сыныпқа арналған "Қазақ әдебиеті" оқулығын (1952-1957) жазды. М.Ғабдуллиннің көркем шығармадағы тырнақ алды туындылары дивизиялық, майдандық газеттерде жарық көрді. Шығармалары жеке жинақ болып, соғыстан кейін жарияланды. "Менің майдандас достарым" (1947), "Алтын жұлдыз" (1948), "Майдан очерктері" (1949), "Сұрапыл жылдар" (1971) атты кітаптарына енген әңгіме, очерктерінде М.Ғабдуллин майдан өмірін суреттеп, жауынгер тұлғасын, кеңес өкіметінің адамдарының Ұлы Отан соғысы кезіндегі қаһармандық бейнесін суреттеді. Педагог-жазушы ретінде ол жас ұрпақтың тәрбиесіне де ерекше көңіл бөлді. "Ата-аналарға тәрбие туралы кеңес" (1966) деген кітабында М.Ғабдуллин бесік жырынан бастап, батырлар жырына дейінгі халық поэзиясының тәрбиелік мәнін ашып, оны іс жүзінде пайдаланудың тәсілдерін көрсетеді. Сонымен бірге балаларды патриотизмге, шыншылдыққа тәрбиелеу, олардың болашаққа сенімін арттыру, жас баланы дұрыс сөйлеуге үйрету жөнінде ата-аналарға педагогтық кеңес береді.