«Менің отбасымның тарихындағы Ұлы Отан соғысы»
І. Кіріспе
ІІ. Негізгі бөлім:
а) Менің атам қалай соғысқа аттанды
ә) Жауынгерлік шыңдалу
б) Майдан шебінде
в) Бауырмалдықтың үлгісі
г) Ерлік ұмытылмайды
ІІІ. Қорытынды.
Кіріспе
1941 жылдың 22 маусымы адамзат тарихында қаралы күн болып саналады. Бұл күні фашистік Германия Советтер Одағына басқыншылықпен соғыс ашты. Неміс армиясы КСРО (Кеңестік социалистік республикалар одағы) шекарасына 5,5 млн. әскер, 4300 танк, 5000 ұшақпен мұздай құрсанып бұзып кіреді. Олар Оңтүстік, Орталық Солтүстік армияларымен жан-жақтан ентелеп Мәскеуге дейінгі жолды, қала, селоларды түгел бомбалайды. Жолында кездескен адамдарды аяусыз атып, асып өлтіре берді. Бұл- фашистердің көсемі Гитлер құрған Барбаросса жоспары болатын.
Оның мақсаты- шекара маңындағы елді мекен, қалаларды іштен көмек келуге жеткізбей басып алып, одан әрі Киев, Мәскеу, Ленинград (қазіргі Санкт-Петербурск) қалаларын алып, Советтер Одағын аз уақытта өзіне бағындыру еді. Советтер Одағында «Отан-ана шақырады!» деген ұранмен мобилизация жарияланады. И.Сталин елдегі жасы 18 бен 50 жас аралығындағы ер азаматтарды түгел майданға алу туралы жарлық шығарады. Осы кезде еліміздегі жүрегі Отан деп соғатын барлық адам, бір атаның баласындай боп ұйымдаспаса, ел де, жер де жау қолында кететінін түсінеді...
Негізгі бөлім:
Менің атам - Сағымбай Жақсылықов Ұлы Отан соғысының ардагері болған. 1943 жылы 17 жасында өз еркімен сұранып, Оңтүстік Қазақстан облысы, бұрынғы Қызылқұм ауданынан майданға аттанады.
Соғысқа он сегіз жасқа толмағандарды алмайтын болғандықтан, әскери бөлімшеге барғанда, өзінің он жетіде екенін жасырып, құжат толтырарда он сегіздемін деп көрсетеді.
«Ел басына күн туса, ер етегімен су кешер». Менің атам да ел басына күн туған сәтте, Отанымды қорғауым керек деген байламға келеді.
Атам ата-анасынан ерте қалған. Сондықтан, балалықпен ерте қоштасады. Өзі бір кіндіктен тарайтын төрт ағайынды кісі. Оның үшеуі қыз да, атам ұлдан жалғыз. Соған қарамастан, есейгенде ол бұғып қалуды ар санайды. Бас көтерер азаматтардың бәрі кезек-кезегімен әскерге кетіп жатқанда, Отан үшін отқа түсуден жасқанбай, маңызды шешім қабылдайды.
Әскерге алынған соң, ол бірер ай запастағы атқыштар бригадасында жаттығып, кіші лейтенант шенінде соғысқа аттанады.
Кіші лейтенант Сағымбай Жақсылықов Төртінші Украина майданында Богдан Хмельницкий орденді, №615 Қызыл тулы Атқыштар взводының командирі болады.
Екі мәрте «Қызыл жұлдыз» орденімен, «Германиямен соғыстағы Ерлігі үшін» медалімен марапатталып, елге абыроймен оралады.
Бұл - атамның сақталып қалған марапаттары, ал көп орден-медельдары жоғалып кеткен екен. Әкем атамның бір сөмке қолжазбасы болған дейді. Өкінішке орай, олар да түгел сақталмаған.
Соғыстан кейін атам менің әжем - Сұлу Мұсақызымен бас қосып, үйлі-боранды болады.
Жеті перзент сүйеді. Оның төртеуі қыз бала, үшеуі-ұл. Менің әкем - кенжесі.
Атам ана тілінен бөлек, орыс, өзбек, қырғыз, татар тілдерін қатар меңгерген. Майданнан келе жатқан жолда ол кісі қираған елді мекендерде панасыз қалған жеті ұлттың ұл-қыздарын ерте келеді. Жерлестері солардың бәрін атамның жұмыспен, үй-жаймен қамтамасыз етіп, аяқтандырғанын аңыз қылып айтады. Олардың бәрі атамды Сағымбай көке деп атапты. Кейін атам қайтыс болып кеткен кезде де, олар біздің үйді Қара шаңырақ деп, мереке-тойларда келіп, әжемді құттықтап, қуанышта да, қайғыда да бірге болыпты. Сөйтіп, атамның қайырымы молдығынан, олар біздің шаңырағымызға тумаса да, туғанымыздай болып кеткен екен.
Елге келген соң атам туған жерін түлетуге атсалысады. Қызылқұм ауданы бойынша Милиция бастығы болып өмірінің соңына дейін қызмет істейді. Еліне сыйлы, құрметті азамат болады. Атам аса көрікті әрі мінезге бай болған екен. Ол кісі туралы естелік-әңгімені мен әкемнен және апа-аталарымнан жиі естимін. Сонда, мен атамның керемет сымбатты, кішіпейіл, досқа адал, дұшпанға қатал адам болғанын пайымдаймын. Соны ойлағанда, атамды көргім келеді. Сөйлескім келеді. Алайда, көрмесем де, ол кісі туралы мен көп білемін деп айта аламын. Үнемі үлкендерден ол кісі туралы сұраймын, фото суреттеріне қараймын. 2015 жылы Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойында Қазақстан Ұлттық арнасы 70 сериялы деректі фильмдер топтамасын көрсетті.
Соның ішінде менің атам-Сағымбай Жақсылықов туралы да фильм бар. «Қазақстан Ұлы Отан соғысы жылдарында» деп аталатын энциклопедияға да атамның есімі мен ерлігі туралы материал енгізілген. Жыл сайын 9 мамырда әулетімізбен жиналып, атамның ертілі туралы баяндалатын фильмді көріп, еске аламыз.
Атамның ерте өмірден озуына, жаурынына тиген оқ себепші болыпты. Жау оғы атамның арқа тұсынан тиіп, соның жырқыншағы алынбай қалып қойған екен. Дәрігерлер аламыз деп ота жасағанда, атамды құтқарып қала алмапты. Атам қазір арамызда жүрсе, 98 жаста болар еді. Ол кісі қайтыс болғанда жасы небәрі 41 жаста екен. Әкем атамның бейнесін әлі күнге түсінде көретінін айтып отырады. «Бала кезімде, папамның жоқтығы қатты білінетін. Біреу мені ренжітсе, қиналсам әкем бірден түсіме кіретін» дегенде жанарына жас толады.
Біз де сол сәтте атамның өмірден ерте кеткеніне бір жағынан–өкінсек, бір жағынан жаудан қорықпаған ерлігі үшін-мақтанамыз! Соғыс бір әулеттің тағдырын қалай өзгерткенін көрмейсіз бе?! Осының бәрін ойлағанда, жер бетінде енді соғыс болмасын деп тілеймін!...
Достарыңызбен бөлісу: |