Меншік иесі: Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі



Pdf көрінісі
бет3/12
Дата21.01.2017
өлшемі0,99 Mb.
#2342
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12

                        ЕЛІНЕ ЕЛЕУЛІ ЕЛЕУКЕНОВ
Еліміздің  шығысындағы    Ұлан  өңірі    тамаша,  әсем 
табиғатымен ғана емес, атақты ғалымдар мен жазушылар, 
ел билеген білгір басшылар мен батырлар шыққан киелі өңір 
ретінде де белгілі. Алаш қозғалысы басшыларының бірі Рай-
ымжан  Мәрсеков,  Ұлттық  ғылым  академиясының  негізін 
салушылардың бірі, танымал тілші-ғалым Сәрсен Аманжо-
лов,  әлем  таныған  әдебиеттанушы-ғалым,  академик  Зәки 
Ахметов, тіл білімінің тағы бір көрнекті өкілі, бірнеше жыл  
Алматы шет тілдері институтының ректоры болған белгілі 
ғалым,  Қазақстан  Ғылым  академиясының  корреспондент-
мүшесі Кәкен Аханов, он бес жыл Қазақ мемлекеттік Қыздар 
педагогикалық  институтының  ректоры  болған  педагог-
ғалым, академик Күләш Құнантаева, Ұлы Отан соғысының 
даңқты  батырлары  Төлеген  Тоқтаров,  Ізғұтты  Айтықов, 
Халық қаһарманы Қасым Қайсенов, бүкіл тәуелсіз мемле-
кеттер  достастығы  көгінде  қалқыған  жалғыз  ұшқыш  қыз, 
әуе  командирі  Тоты  Әмірова  есімдерін  құрметпен  атасақ, 
осы  үлкен  жұлдызды  шоғыр  қатарына  көрнекті  мемлекет 
және қоғам қайраткері, әдебиеттанушы-ғалым, сыншы, жа-
зушы,  Қазақстан  Республикасы  Мемлекеттік  сыйлығының 
лауреаты, филология ғылымының докторы, профессор Ше-
риаздан Рүстемұлы Елеукенов есімін қосамыз. 
Шериаздан  ағамыз  бұл  күндері  85  жасқа  толып  отыр. 
Әрине,  әңгіме  сексен  бес  жасқа  келуде  ғана  емес,  мәселе 
соған қалай және немен келуде ғой. Осы тұрғыдан алғанда 
ғалым  өзінің  мерейтойына  өнегелі  өмір  жолымен,  елеулі 
ғылыми-шығармашылық табысымен, қайраткерлік қомақты 
қызметімен келіп отыр.
Сексен  бес  жас  деген  айтарға  ғана  жеңіл.  Шериаздан 
Елеукенов өткен жолға қарасақ –бұл жас дегеніміз бүкіл бір 
дәуір.  Өйткені,  мұндай  абыздық  кемел  жасқа  толған  адам 

31
Әдебиеттану
тірі тарих десе болады. Олай дейтініміз – біздің мерейтой 
иесі  сол  тірі  тарихтың  бірі.  Мысалы,  Шериаздан  ағамыз 
ХХ  ғасырдың    екінші  жартысында  күрделі  тарихи  кезең 
куәсі  болған  әдеби-мәдени  үрдіске  белсене  қатысты.  Ұлы 
Мұхаңнан, Мұхтар Әуезовтен тәлім алды, қазақ әдебиетінің 
классиктері  Сәбит  Мұқановпен,  Ғабит  Мүсіреповпен, 
Ғабиден  Мұстафинмен  және  де  басқа  ұлт  зиялыларымен 
етене  жақын  араласып,  пікірлес,  сырлас  болды.  Сөйтіп, 
қазіргі  қазақ  әдебиеті  мен  ұлттық  әдебиеттану  ғылымын 
дамытып  өркендетуге,  баспа  ісін  ұйымдастыруға  белсене 
қатысты. 
Біз бүгін осы айтулы оқиға үстінде Ш.Р.Елеукеновтің ал-
пыс жылдан асқан қайраткерлік-шығармашылық тіршілігін 
термелеп, ол жазған жиырмаға жуық кітапты тізбелеп жат-
паймыз.  Мұның  бәрі  Елеукеновтің  ерен    ерекшеліктерін, 
қайраткер тұлғаның ұлт мәдениетінде, әсіресе біздің руха-
ни  өмірімізде  алатын  орнының  тылсым  құпияларын  аша 
алмасы анық. Ол алыс, жақын шет елдерге кеңінен белгілі 
ғалым  ретінде  де  тұлғаланып  тұрады.  Бұл  жағын  ғылыми 
жұртшылық жақсы біледі. Біздің айтайық дегеніміз – Ше-
риаздан  ағамыздың  қайраткерлік  келбеті,  адамдық  ажары, 
әдебиет пен ғылымдағы үлесі. Қалың жұртшылық үшін де 
Елеукеновтің сегіз қырлы, бір сырлы ерекшеліктерін ашып, 
мыңдаған оқырман жүрегін тапқан жазушылық, ғалымдық 
сырларына үңілу маңыздырақ.
Елеукенов  тағдыры,  онымен  бірге  болашақ  ғалым 
тұлғасы  өзгеше  және  үлгі  аларлықтай  болып  қалыптасты. 
Бұл құбылысты ұғынып білу үшін түп негізіне үңілу қажет. 
Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысқан әкесі Рүстем орта 
кластық  білімі  ғана  болса  да,  өзінің  қабілет-қарымымен 
Ұлан  ауданы  мен  облыстағы  дайындау  мекемесінің  орта 
буын  басшыларының  бірі  болып,  өз  ісіне  берілген,  халық 
қамын ойлаған адал жан ретінде ел құрметіне бөленді. Әжесі 
Зейнептің бауырында әкесінің «кенже інісі» болып өскен Ше-

32
Әдебиеттану
риаздан басқа туыстары сияқты шаруашылық жолын емес, 
тілшілік мамандықты таңдап, сол кездегі тұңғыш та жалғыз 
университет  –  ҚазМУ-дің  журналистика  факультетінің 
орыс бөліміне оқуға түсті. Өмір жолын айқындауға жазуға 
қабілеттілігі ғана емес, өз пікірін қорғай білу қасиеті, өзін 
тәуелсіз ұстап, еркін сезіну ерекшелігі көмектесті. Бұл туа 
біткен мінезге мектеп тәрбиесі де игі әсер еткен болатын. 
Ол оқыған Шымқора мектебінде шәкірттердің өзіндік жеке 
көзқарастары болуы әрқашан құпталды. Соғыс жылдары сол 
Шымқора орталау мектебі бастауыш комсомол ұйымының 
хатшысы  қоғамдық  міндетімен  қоса  ауыл  шаруашылық 
артелінде ересектермен бірге жұмыс істеді, он бес жасында 
Ұлан аудандық комсомол комитетінің пленумында қоғамда, 
ауыл  шаруашылығында  қалыптасқан  жағдайларды  батыл 
айтып, көзге түсті. Сол қайсарлығы үшін де пленум мүшесі 
болып сайланды. Бұл жасөспірім үшін үлкен сенім болатын. 
Соғыс кезіндегі  қажырлы еңбегі үшін «1941-45 ж.ж. Ұлы 
Отан соғысындағы ерлік еңбегі үшін» медалімен марапат-
талды. 16 жастағы балаң жігіттің бұл алғашқы мемлекеттік 
наградасы еді. Міне, қайраткер-ғалым тұлғасы осылай үлкен 
еңбек майданында қалыптасып, болашағына із салды. 
Рух мықтылығы, дербес ойлау қабілеті ғалымның ұзын-
сонар қилы өмір жолындағы ауыр сынақтарда өзін сақтап 
қалуға көмектесті. Алыстағы  ауылдан келген қарадомалақ 
қазақ баласы университеттің орыс журналистикасы бөлімін 
үздік дипломға бітіріп, 1951-1959 жылдары өзі туған өлкеде, 
Шығыс  Қазақстан  облыстық  «Алтай  большевигі»,  «Ком-
мунизм  туы»  газетінде  (қазіргі  «Дидар»  газетінде)  әдеби 
қызметкер, екі бірдей бөлімнің меңгерушісі болып жемісті 
еңбек  етті.  Осы  газет  редакциясында  көптеген  танымдық 
мақалалар,  очерк,  фельетон,  әңгімелер,  көркем  фильмдер 
мен  кітаптарға  рецензиялар  жазып  машықтанды.  Қазір  де 
құлаш-құлаш ғылыми мақалаларды шабыт үстінде тез ара-
да  жазып  тастау  әдеті  осы  газетте  қалыптасқанын  ғалым 

33
Әдебиеттану
үлкен мақтаныш сезіммен еске алады.
1959  жылы  өзі  оқыған  универсиеттің  журналисти-
ка  факультетіне  конкурстық  негізде  аға  оқытушы  болып 
қызметке қабылданады да жас жігіттің екінші  өмір белесі 
–  әдеби-ғылыми  іздену  кезеңі  басталады.  Білім,  ғылым, 
мәдениет орталығы – бұрынғы астана Алматыда ізденімпаз 
жастың  талантына  кең  жол  ашылады.  Республикалық  ірі 
басылымдарда  түрлі  жанрлардағы  мақалалары,  әңгімелері 
мен  алғашқы  сын  мақалалары  жарияланады.  Ғылыми 
жұмысқа бейімділігін байқатқан талантты жас 1963 жылы 
Мәскеудегі  Кеңес  Одағы  Коммунистік  партиясы  Орталық 
Комитеті  жанындағы  Қоғамдық  ғылымдар  академия-
сы  әдебиет  теориясы  бөлімінің  аспирантурасына  түсіп, 
«әдебиеттанушы-маман»  кәсібі  бойынша  бітіреді  де,  1966 
жылы «Қазақ романы және замана» деген тақырыпта осы 
академияның  ғылыми  кеңесінде  кандидаттық  диссертаци-
ясын  сәтті  қорғап  шығады.  Осы  кезден  бастап  жас  ғалым 
қазақ романын зерттейтін білікті бірден бір маманға айнала-
ды. Диссертациялық зерттеу негізінде жазылған «Казахский 
роман  и  современность»  атты  монографиясы  1968  жылы 
жеке  кітап  болып  жарық  көріп,  республикалық,  одақтық 
деңгейде  әдеби-ғылыми  жұртшылық  тарапынан  жоғары 
бағаланады.
1967  жыл  Шериаздан  Рүстемұлы  өмірінде  тағы  бір 
елеулі  кезең ретінде есте қалды. Өскеменде облыстық га-
зетте  істеп  жүргенде  жоғары  билік  орындарының  назары-
на  ерте  іліккен  талапты  жас  Қазақстан  Компартиясының 
Орталық Комитетіне қызметке шақырылып, алғашында На-
сихат және үгіт бөлімінің нұсқаушысы, сектор меңгерушісі, 
бөлім меңгерушісінің орынбасары қызметтерін абыроймен 
атқарады. Осы жауапты қызметтерде жүріп сол кезде белең 
алған  аударма  газеттердің  кеңінен  қамтылуына  жол  бер-
меуге  ықпал  етеді.  Осылайша  журналист-ғалымның  өмір 
жолындағы үлкен бір белесті кезең – қайраткерлік кезең ба-

34
Әдебиеттану
сталады.
Шериаздан Рүстемұлын бүгінгі аға ұрпақ министр ретінде 
жақсы біледі. Өткен ғасырдың соңғы ширегінде ол кісі ту-
ралы  сөз  бола  қалса,    «ол  мықты  министр  ғой,  бақандай 
15  жыл  баспа  министрі  болған  сабазың  ғой!»  деп  таң 
қалып айтатын. Шынында да солай. 1971 жылы қырықтың 
қырқасына  шыққан  жігіт  ағасына  Қазақ  ССР  Министрлер 
Кеңесі жанындағы Баспасөз жөніндегі комитеттің төрағасы 
лауазымды  қызметі  сеніп  тапсырылды.  Кейін  Қазақ  ССР-
інің  Баспа,  полиграфия  және  кітап  саудасы  жөніндегі  ко-
митет деп аталған министрлік деңгейіндегі ірі мемлекеттік 
құрылымды  15  жыл  бойы  басқару  Шериаздан  ағамыздың 
пешенесіне бұйырды. Бұлай ұзақ жылдар министр болып, 
өз қызметін мінсіз атқару да сирек құбылыс.
Осы мемлекеттік маңызы аса зор жауапты қызметте Шери-
аздан Рүстемұлы нағыз білгір басшы, іскер ұйымдастырушы 
екендігін таныта білді. Ол осы салаға басшылық еткен жыл-
дары республикалық және жергілікті полиграфия мен кітап 
саудасы кәсіпорындарының материалдық-техникалық база-
сы түбірінен қайта жаңғыртылды. Мұның өзі республика-
да баспа өнімдерінің сапалық жағынан өркендеуіне ықпал 
етті.  Дәл  осы  жылдары  Алматыда  арнайы  жобамен  Кітап 
қалашығы: баспагерлердің Мәдениет сарайы мен Баспагер-
лер үйі, кітап фабрикасы, Республикалық кітап базасы, оқу 
ғимараты,  баспаханасы  мен  жатақханасы  бар  полиграфия 
училищесі, баспагерлерге арналған тұрғын үйлер мен шағын 
отбасылық  жатақхана,  екі  корпустан  тұратын  бес  қабатты 
500  орындық  жастар  жатақханасы  салынып  пайдалануға 
берілді, сол жылдардағы 19 облыс орталығында типтік жоба 
бойынша жаңа баспаханалар мен кітап базалары салынды, 
Алматыда алғаш рет Республикалық кітап мұражайы ашыл-
ды.
Ш.Р.Елеукенов  баспа  саласына  жетекшілік  еткен  1971-
1986  жылдары  қосымшаларымен  бірге  санағанда  он  бес 

35
Әдебиеттану
том  құрайтын  Қазақ  совет  энциклопедиясы,  оқырман 
ықыласына  бөленген  «Достық  кітапханасы»,  «Дүние 
жүзі  әдебиетінің  кітапханасы»,  «Бауырлар  дауысы»,  «До-
стар  құшағында»,  «Достық  кітапханасы»,  «Өнегелі  өмір» 
сериялық басылымдары, қазақ фольклорының «Ертегілер», 
«Батырлар  жыры»,  «Ғашықтық  дастандар»  серияла-
ры,    көрнекті  ақындар  мен  жазушылардың  шығармалар 
жинақтары  мен  таңдамалылары  жарық  көрді.  «Жалын», 
«Өнер»  баспалары  ашылып,  балалар  мен  жасөспірімдер, 
өнер мәселелері жөнінде кітаптар мен фотоальбомдар шет 
елдерде  шығарылып  келсе,  енді  бұл  жұмыс  республикада 
қолға алынып, қаржы кітап өндірісі техникасы мен техно-
логиясын қазіргі заман  талаптарына сай қайта жарақтауға 
жұмсалды. Осындай игі шаралар өз нәтижесін беріп, кітап 
безендірілуі  мен  полиграфиялық  орындалуы  жақсарып, 
қазақ кітаптары одақтық, халықаралық жәрмеңкелерде озып 
шықты.
Шериаздан  ағамыз  баспа  саласын  басқарған  жылдары 
кітап өнімінің көлемі екі есе ұлғайды. Ресми орындардың 
кейбір қасаң талаптарына қарамастан өз пікірі бар ұлтжанды 
азамат  халқымыздың  өткен  тарихын  қамтыған  әдебиетті 
шығару ісін батыл қолға алды. Сол жеке бастамашылдығы 
үшін  қатты  сынға  алынып,  жазалауға  ұшырады.  Ілияс 
Есенберлиннің  атақты  «Көшпенділер»  трилогиясын 
жарыққа шығарып, арты үлкен дау-дамайға айналған шақта 
да  Шәкең  нағыз  азаматтық  мінез  танытты.  Осы  кітапты 
шығартқаны үшін өз басына қауіп-қатер төнуіне қарамастан 
байсалдылық  танытты,  «Көшпенділерді»  қорғап  қана 
қоймай  Мәскеудің  «Дружба  народов»  журналында  «Рост 
национального  самосознания  и  исторический  роман» 
атты  зерттеу  мақала  жариялап,  І.Есенберлин  туындысын 
идеялық-саяси жағынан ұстамды шығарма деп жазды. Осы-
дан  кейін  іле-шала  КОКП  органы  одақтық  «Коммунист» 
журналында өзінің ғылыми жетекшісі болған атақты ғалым 

36
Әдебиеттану
Г.Ломидзенің «Қаһар» романы туралы жылы пікір білдірген 
мақаласы жарияланды.
Олжас Сүлейменовтің аты шулы «Азия» кітабы да Шәкең 
министр  болған  кезде  шығып,  осы  батыл  әрекеті  үшін  де 
Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің 1976 жылғы 
17 маусымда қабылдаған «О.Сүлейменовтің «Азия» кітабы 
туралы» қаулысында, кейін Қазақстан коммунистерінің 1986 
жылғы  ХVІ  съезінде  қатаң  сынға  алынды.  Мұның  ақыры 
«басқа  жұмысқа  ауысуына  байланысты»  деген  жаттанды 
желеумен қызметтен босатылды. Бірақ ғалым мойыған жоқ. 
Сол  1986  жылы  ол  М.О.Әуезов  атындағы  Әдебиет  және 
өнер институтының директоры болып тағайындалды. Енді 
қаламгердің нағыз ғалымдық толысу шағы басталып, кемел-
дену кезеңіне ұласты. Директор болған екі жыл аралығында 
институт  жұмысын  жандандырып,  қайта  құру  кезеңіндегі 
саяси маңызды шаруа – тарихтағы «ақтаңдықтарды жою», 
сталиндік  нәубет  жылдары  жазықсыз  жапа  шегіп,  қуғын-
сүргінге  ұшыраған  атақты  ақын,  жазушылардың  әдеби 
мұрасын қайта қарап жариялау жөніндегі Орталық Комитет 
құрған Комиссия төрағасының орынбасары ретінде Шәкәрім, 
Ахмет, Жүсіпбек, Міржақып, Мағжан сияқты аса көрнекті 
ақын-жазушыларды ақтап, шығармаларын халқына қайтару 
ісінде үлкен ұйымдастырушылық жұмыстар атқарды. Осы 
бес  арыстың  ақталғанына  бір  жыл  өтер  өтпесте  олардың 
өмірі  мен  шығармашылығы  туралы  зерттеу  очерктерден 
тұратын «Жаңа жолдан. С новой строки» атты кітабы 1989 
жылы қазақ, орыс тілдерінде жеке кітап болып жарық көрді.
1987 жылы маусымда Шериаздан Рүстемұлының баста-
масымен  өзі  басқарған  институттың  Қазақстан  Жазушы-
лар  одағымен  және  Қазақ  мемлекеттік  университетімен 
(қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) қазақ фольклоры мен 
әдебиеті  мәселелеріне  арналған  бірлесіп  ұйымдастырған 
ғылыми-теориялық  конференция  өткізілді.  Үш  бірдей  ме-
кеме  ұйымдастырған  бұл  ғылыми  мәслихатта  академия 

37
Әдебиеттану
ғалымдарымен  бірге  университет  профессорлары  мен 
көрнекті ақын-жазушылар да қазақ фольклортануы, проза-
сы мен поэзиясының өзекті мәселелері туралы салиқалы ба-
яндамалар жасады.
1988 жылдан бастап институттың бөлім меңгерушілігіне 
ауысқан  Шериаздан  Рүстемұлы  бұдан  былайғы  өмірін 
толықтай өзі жаны сүйген іске  – ғылыми шығармашылыққа 
арнады. 1989 жылы КСРО Ғылым академиясының М.Горький 
атындағы Әлем әдебиеті институтында «Қазақ романының 
идеялық-көркемдік  және  жанрлық  ерекшеліктері»  деген 
тақырыпта  докторлық  диссертациясын  сәтті  қорғап,  осы 
еңбегі  арқылы  қазақ  романының  зерттелуіне  үлкен  үлес 
қосты. 1987 жылы жарық көрген «От фольклора до романа-
эпопеи» атты кітабы ұлттық әдебиеттану ғылымында роман 
жанрының  туып  қалыптасуын  жан-жақты  зертеген  іргелі 
ғылыми еңбек болды.
1995  жылы  жарық  көрген  «Мағжан»  атты  моно-
графиясында  аса  көрнекті  қазақ  ақынының  өмірі  мен 
шығармашылығын зерттеу арқылы біз үшін жаңа Мағжанды 
ашты,  Мағжан  поэзиясын  алғаш  рет  әлемдік  сөз  өнері 
жүйесімен  қабыстыра  зерттеп,  ақынды  өз  кезеңінің  әдеби 
даму  үрдісімен  тығыз  байланыста  көрсетті.  Бұл  туын-
ды  Мәскеуде  шыққан  «Тамаша  адамдар  өмірі»  тұлғалық 
сериясындай  әсерлі  оқылатындығын  бұқаралық  ақпарат 
құралдары  жарыса  жазды.  Ұлттық  әдебиеттану  ғылымын 
жаңа  бір  белеске  көтерген  осы  еңбегі  үшін  де  ғалым 
еліміздің  ең  жоғарғы  сыйлығы  –  Қазақстан  Республикасы 
Мемлекеттік  сыйлығының  лауреаты  атанып,  Қазақ  ПЕН-
клубының М.Жұмабаев атындағы халықаралық сыйлығына 
ие болды.
Ғалымның  қалам  қуаты  еліміз  тәуелсіздік  алған  жыл-
дары  нық  сезілді.  «Әдебиет  және  ұлт  тағдыры»  (1997), 
«Сұлулыққа  іңкәрлік»  (1999)  туындыларында  ұлт 
тарихының мәселелерін, көркем әдебиет мұраларын зерттеу 

38
Әдебиеттану
арқылы  да,  эссе,  көркемсөз  жолымен  де  тебірене  толғаса, 
2004-2007  жылдары  жарық  көрген  «Ғасырмен  сырла-
су»,  «Қазақ  әдебиеті  тәуелсіздік  кезеңінде»,  «Тәуелсіздік 
биігінен»,  «Казахская  литература:  новое  прочтение»  атты 
іргелі  еңбектері  қазақ  әдебиетінің  тәуелсіздік  кезеңіндегі 
даму  жолына  арналған  осы  жылдардағы  әдеби  үрдістің 
табиғатына, рух еркіндігіне, сана азаттығына жаңа пайым-
даулар жасалады.
Ш.Р.Елеукенов сыншы ретінде елімізден сырт жерлерге 
де  кеңінен  танымал.  Сыншы  қаламынан  туған  сыни  зерт-
теу, талдау, сараптау мақалалары кезінде Мәскеуде шыққан 
беделді басылымдарда, Ресей мен Украинада жарық көрген 
көптеген жинақтарда жарияланды. Орыс, қазақ тілдерінде 
бірдей жазатын қаламгердің эссе-толғаулары мен көсемсөз 
мақалалары  республикалық  газет-журналдарда  жиі  жа-
рияланып,  мәселені  көтерудің  сонылығымен,  ғылыми 
талдауларының тереңдігімен ерекшеленді.
Шериаздан  Елеукенов  талантының  бір  қыры  – 
жазушылығы. Соңғы жылдары көркем прозада қалам тер-
беп, қарапайым қазақ әйелінің адал жар, отанасы ғана емес, 
күрескерлік  қажыр-қайратын  танытқан  «Мұхаметжан  – 
Мархума» деректі повесі, тағдыр тәлкегіне түскен шақта да 
махаббатқа адалдық танытқан ғашық жандар сүйіспеншілігін 
әңгіме өзегі қылған «Әттең, дүние» филологиялық романы 
оқырман жүрегінен орын тапты.  
Қаламгер  елімізге  драматург  ретінде  де  белгілі.  Оның 
«Емтихан»  атты  сатиралық  комедиясы  кезінде  Абай 
атындағы  Жамбыл  облыстық  және  Нартай  Бекежанов 
атындағы  Қызылорда  облыстық  драма  театрларында 
қойылып, көрермендер қошаметіне бөленген болатын.
Шериаздан Рүстемұлы – ұлағатты ұстаз, педагог. Еліміз 
тәуелсіздік  алған  кезеңнен  бастап  әл-Фараби  атындағы 
Қазақ  ұлттық  университетінде  журналистика,  кітаптану 
курстарынан,  әдебиет  тарихынан  дәрістер  оқып  келеді. 

39
Әдебиеттану
Осы  университетте  Баспа  және  редакциялау  кафедра-
сын  ашуға  себепкер  болды.  Бүгінде  студенттер  қолынан 
түспейтін  «Кітаптану  негіздері»,  «Қазақ  кітабының  тари-
хы» оқулықтары ғалым қаламынан шыққан.
Шериаздан  Рүстемұлының  ғылыми  жетекшілігімен  он-
нан астам филология ғылымының кандидаты дайындалды, 
олар қазір де әдебиеттану ғылымы мен жоғары білім сала-
сында өнімді еңбек етіп келеді. Ұстаз-педагог шәкірттерінен 
ғылыми  жұмыстың  өзекті  тақырыпқа  құрылып,  нақты 
проблеманы  көтеруін  талап  етеді.  Жалғандыққа  бармай-
ды,  жүрдім-бардым,  қалай  болса  солай,  атүсті  жазылған 
еңбектерді аяусыз сынайды. Шәкірттерінің де осылай әділ 
болуын  қалайды.  Сондықтан  да  жас  ізденушілер  Шериаз-
дан ағаның ғылыми жетекші болуын өздеріне үлкен мәртебе 
санайды.
Соңғы  жылдары  М.О.Әуезов  атындағы  Әдебиет  және 
өнер  институтында  әлем  әдебиеті  және  халықаралық  бай-
ланыстар  бөлімін  басқарған  кезде  ғылыми  жобаларға 
жетекшілік  етіп,  алғаш  рет  дайындалып  жарық  көрген  он 
томдық  «Қазақ  әдебиетінің  тарихы»  жаңа  басылымының 
редакциялық  бас  алқасының  мүшесі  ретінде  тәуелсіздік 
кезеңіндегі  әдебиетке  арналған  10-томның  бас  редакторы 
болды, томның негізгі тарауларын жазды.
Айта  берсек,  Шериаздан  ағамыздың  қалам  тербеме-
ген  саласы  жоқ  десе  болады.  Көрнекті  мемлекет  және 
қоғам  қайраткері  жазушы,  көсемсөзші  Камал  Смайылов 
айтқандай:  «Елеукеновті  қайда  салсаң  да  жарып  шығады, 
журналистикаға салсаң – министр, ғылымға салсаң – доктор 
болып шығады».
Қазір де ағамыз осы қалпынан айныған жоқ. Үнемі ізденіс 
үстінде. Жаңа ойлар, жаңа идеялар ғалымды шабыттанды-
ра  түседі.  Соңғы  жылдары  «Еуразиялық  бойтұмар»  деген 
атпен  орыс  тілінде  зерттеулер  жинағын  жазып  шығаруға 
тікелей  басшылық  етіп,  елімізде  тұңғыш  рет  еуразиялық 

40
Әдебиеттану
қозғалыстың  әдеби-публицистикалық  бастауларын  ашып 
бергені  өз  алдына,  Абайдың  «Евгения  Онегинін»  Мұхтар 
Әуезов  айтқандай  аударма  емес,  эпистолярлық  роман  деп 
тұжырымдаған ойын жалғастырып қана қоймай, 2006 жылы 
жазылған «Абайдың эпистолярлық романы» атты зерттеуінде 
ұлы ақынның бұл туындысын қазақ әдебиетіндегі тұңғыш 
роман  деп  дәлелдеуі  ғалымның  соңғы  жылдардағы  елеулі 
табысы  болды.  Қашанда  қарапайым,  кішіпейіл  Шериаз-
дан Рүстемұлының  осындай жоғары азаматтық ұстанымы, 
шығармагерлік  шабыт  үстіндегі  еңбекқорлығы  бәрімізге 
ұлағатты өнеге болмақ.
2012-2014  жылдарға  арналған  жобалық  жоспарлы 
ғылыми жұмыстарды ойдағыдай жазып бітіру жағынан да 
профессор  Елеукенов  кезінде  өзі  басшылық  еткен,  қазір 
де  ғылыми  қызметін  жалғастырып  келе  жатқан  инсти-
тутта алдыңғы орында келеді. Өз ісіне адалдық пен асқан 
жауапкершілік аға буын өкілдеріне тән ерекше қасиет бол-
са  керек.  Институттың  ғалым  қызмет  ететін  Тәуелсіздік 
дәуіріндегі  әдебиет  және  көркем  публицистика  бөлімінде 
тың  ізденістермен  жазып  аяқтап  қалған  «Тәуелсіздіктің 
екінші он жылдығындағы тарихи романдар» атты көлемді 
зерттеуі  жаңа  ғылыми  жоба  үдесіндегі  сүбелі  еңбек  деуге 
тұрарлық. Мұның өзі қажырлы ғалымның қалам қуатының 
мықтылығы мен шапшаңдығын танытса керек. 
Әріптес,  қаламдас  замандасы,  академик  Серік 
Қирабаевтың: «Шериаздан Елеукенов – қазіргі әдебиеттану 
ғылымында белсенді қызмет істеп жүрген авторлардың бірі... 
Ол қазақ әдебиетінің ақтаңдақ беттерін толтыруда, бүгінгі 
әдебиет процесін ғылымдық тұрғыда бағалауда үлкен істер 
тындырды.  Оның  «Мағжан»  атты  монографиясын  қазіргі 
әдебиеттанудағы  елеулі  еңбек  деп  бағалаймын.  Танымы 
биік,  талдаулары  ғылыми  байсалды  әдебиет  зерттеушісі 
ретінде Ш.Елеукеновтің әлі де іс тындыратынына сенемін» 
деп ғалымды мемлекеттік ғылыми стипендияға ұсынғанда 

41
Әдебиеттану
жазған бір пікірі бар. Шынында да солай. Қолынан қаламы 
түспеген, тың ойлармен жігерленген ғалымның әдебиет пен 
ғылымға берері әлі мол.
2009 жылы күзде Өскеменде  ғалымның сексен жылдық 
мерейтойы  құрметіне  өткізілген  республикалық  ғылыми 
конференцияда  Шериаздан  ағамыз:  «Қазір  араларыңызда 
жүрген  ұлттық  әдебиеттану  ғылымының  көшбасшылары, 
академик  Серік  Қирабаев,  профессорлар  Тұрсынбек 
Кәкішев, Жұмағали Ысмағұлов сексеннен асса да, әлі тың 
қалпында, ғылыми, қоғамдық жұмыста белсенділік танытып 
келеді. Мен осы ағаларыма қарап қазіргі сексен жасты орта 
жас деп есептеймін. Алдағы уақытта да сексен жас осылай 
орта  жасқа  айналсын.  Сіздердің  орта  жастарыңыз  да  сек-
сен жас болуын қалаймын!» деп ақжарылқап тілегін айтып 
еді. Олай болса, сексенге келу де бір бақыт, сексенге еліне 
қайраткер ретінде танылып, ғалым, жазушы болып келу екі 
бақыт.  Ал,  сексенге  қолынан  қаламы  түспеген  ғалым  боп 
жету – үш бақыт. Шериаздан ағамыз осындай бақыттардың 
иесі.  Егемен  еліміздің  жаңа  даму  жолында  қажырлы 
қаламгерге  өзіңізге  тән  мол  күш-жігермен  жаңа  еңбектер 
жаза беріңіз. Қаламыңыз құрыштай қайрала түссін! Осынау 
жігіт жігеріңізден таймай жасай беріңіз демекпіз. 
                                                             

42
Әдебиеттану

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет