Меншік иесі: Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі



Pdf көрінісі
бет6/12
Дата21.01.2017
өлшемі0,99 Mb.
#2342
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12

 
А.Қалиасқарова 
ҒАЛЫМ ҒИБРАТЫ
Ұлттық әдебиеттану ғылымының көрнекті өкілі, сыншы, 
ұстаз, жазушы, журналист, баспагер, Қазақстан Республи-
касы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, белгілі мемлекет 
және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, 
профессор Шериаздан Рүстемұлы Елеукенов биыл 85 жасқа 
толып отыр. Ғалым есімі республикамызда ғана емес, алыс-
жақын шет елдерге де кеңінен танымал. Оның зерттеу аясы 
– қазақ әдебиеттануы мен сыны, алаш әдебиетінің өкілдері, 
еуразиялық  идея,  қазіргі  әдеби  үдеріс,  қазақ  әдебиетінің 
байланыстары, тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ әдебиеті және 
т.б. 
Шериаздан  ағайдың  еңбек  жолы  1951  жылы  Қазақ 
мемлекеттік  университетінің  филология  факультетін 
бітіргеннен  кейін  Шығыс  Қазақстан  облыстық  «Комму-
низм  туы»  газетінен  басталады.  1959-63  жылдары  Қазақ 
мемлекеттік  университетінде  қазақ  журналистикасынан, 
қазақ әдебиеті тарихынан сабақ береді. 1967-1971 жылдары 
Қазақстан  КП  Орталық  Комитетінің  нұсқаушысы,  сектор 
меңгерушісі, бөлім меңгерушісінің орынбасары, 1971-1986 
жылдары Қазақ КСР баспа, полиграфия және кітап сауда-
сы мемлекеттік комитетінің төрағасы, 1986-1988 жылдары 
М.О.Әуезов  атындағы  Әдебиет  және  өнер  институтының 
директоры, кейіннен бөлім меңгерушісі болып, соңғы жыл-
дары бас ғылыми қызметкер ретінде ғылыми жұмыстарды 
өнімді атқарып келеді. 
Қазақ  және  орыс  тілдерінде  бірдей  жазатын  қажырлы 
қаламгердің  әдебиет  туралы  зерттеулері  1951  жылдан 
бастап  күні  бүгінге  дейін  үздіксіз  жарияланып  келеді. 
Ғалымның  «Казахский  роман  и  современность»  (1968), 
«Замандас  парасаты»  (1977),  «От  фольклора  до  романа 
эпопеи»  (1987),  «Жаңа  жолдан.  С  новой  строки»  (1989), 

72
Әдебиеттану
«Мағжан»  (1995),  «Әдебиет  және  ұлт  тағдыры»  (1997), 
«Сұлулыққа іңкәрлік» (1999), «Ғасырмен сырласу» (2004), 
«Қазақ әдебиеті тәуелсіздік кезеңінде» (2006), «Тәуелсіздік 
биігінен»  (2007),  «Казахская  литература:  новое  прочте-
ние» (2007), Алтай-Ертіс кітапханасы сериясымен шыққан 
«Ш.Елеукенов.  Шығармалары»  (2011)  іргелі  еңбектерінде 
қазақ  әдебиеті  тарихы  мен  теориясының  көкейкесті,  аса 
маңызды мәселелері сараланған. Бұл зерттеулерде М.Әуезов, 
С.Мұқанов,  Ғ.Мүсірепов,  Ғ.Мұстафин,  К.Әзірбаев  тура-
лы  филологиялық  эсселер  мен  Ә.Тәжібаев,  Ә.Нұрпейісов, 
З.Қабдолов,  Т.Ахтанов,  Х.Есенжанов,  І.Есенберлин, 
Ә.Әлімжанов,  Ә.Кекілбаев,  З.Шашкин,  С.Адамбеков, 
С.Шаймерденов, Қ.Жұмаділов, Ш.Мұртаза, Т.Молдағалиев, 
М.Симашко,  М.Мағауин,  Қ.Исабаев,  Ұ.Доспанбетов, 
С.Сматаев,  Ж.Ахмади,  К.Тоқаев,  С.Қирабаев,  С.Әшімбаев 
т.б. туралы очерк-портреттері мен құнды мақалалары бар. 
Қазақ әдебиеті тарихы мен роман жанрының қалыптасуы, 
өркендеу  жолы,  әдебиеттің  өзекті  мәселелері  зерттелген 
«Казахский роман и современность», «От фольклора до ро-
мана-эпопеи» еңбектері Ресейдің танымал орыс ғалымдары 
В.В.Новиков, Г.И.Ломидзе, Ф.Ф.Кузнецов, Л.Н.Новиченко, 
В.М.Озеров,  В.М.Оскоцкий  т.б.  тарапынан  жоғары 
бағаланып, қазақ әдебиеттану ғылымына мол үлес қосқан  
еңбек екендігі айырықша атап көрсетілді.
Ш.Елеукеновтің  қазақ  әдебиеті  мен  әдебиеттануына 
қосқан үлесі жайында М. Қаратаев, Ә.Шәріпов, З.Ахметов, 
З.Қабдолов,  Р.Нұрғалиев,  Ә.Нарымбетов,  С.Қирабаев, 
С.Қасқабасов,    А.Сейдімбек,  М.Мағауин,  Б.Майтанов, 
Б.Мамраев,  Ә.Қалмырзаев,  Ұ.Доспанбетов,    Т.Ахметжан, 
Е.Зікібаев,  Г.К.Бельгер,  В.Бадиков,  С.В.Ананьева,  Г.Орда, 
Б.Жақып,  Б.Омаров,  С.Қорабай  т.б.  материалдарында 
ғалымның жан-жақты көпқырлы ізденістері мен зерттеулері 
туралы мақалалар әр жылдары толастаған емес. 

73
Әдебиеттану
Педагогикалық қызметін де қатар алып жүрген профес-
сор Ш.Елеукенов 1991-2003 жж. әл-Фараби атындағы Қазақ 
ұлттық университетінің журналистика факультетінің Баспа 
ісі және редакциялау кафедрасының негізін қалап журнали-
стика, кітаптану  курстарынан, әдебиет тарихынан студент-
терге  дәріс  берді.  Көп  жылдар  бойы  әл-Фараби  атындағы 
Қазақ ұлттық университеті филология факультеті, журнали-
стика факультеті жанындағы докторлық және кандидаттық 
диссертациялар қорғау жөніндегі мамандандырылған кеңес 
құрамдарында  мүше  және  М.О.Әуезов  атындағы  Әдебиет 
және өнер институты жанындағы  филология ғылымдарының 
докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі диссертациялық 
кеңес  төрағасының  орынбасары  болды.  Студенттер-
ге  оқылған  дәріс  негізінде  “Кітаптану  негіздері”  (1997), 
“Қазақ  кітабының  тарихы”  (Ж.Шалғынбаевамен  бірге, 
1999)  оқулықтарын,  сонымен  қатар,  мектеп  оқушыларына 
арналған  “Мағжан  Жұмабаев”  (1990)  кітапшасы  және 
“Мағжан  Жұмабаев”  атты  (1991)  оқулықтарын  жарыққа 
шығарды. 
Қазақ  әдебиеттануындағы  ақтаңдақтар  Шәкәрім 
Құдайбердиев,  Мағжан  Жұмабаев,  Ахмет  Байтұрсынов, 
Міржақып  Дулатов,  Жүсіпбек  Аймауытовтардың  өмірі 
мен  шығармагерлігі  туралы  тұңғыш  рет  жарық  көрген 
еңбек  Ш.Елеукеновтің  «Жаңа  жолдан.  С  новой  строки» 
(1989)  кітабы  еді.  Ол  алғашқылардың  қатарында  зерт-
теу  жүргізіп  қана  қоймай,  тиым  салынып  келген  ақын-
жазушыларды  ақтап,  олардың  шығармаларын  жарыққа 
шығару жұмыстарымен де айналысты. Бұған «Мағжан қалай 
ақталды?»,  «Сағындырған  жыр»,  «Шәкәрімнің  оралуы», 
«Армысыз, Шәкәрім аға!», «Халқының көңілін көгерткен» 
т.б. мақалалары дәлел бола алады. 
Ақын  өмірі  мен  шығармашылығы  жан-жақты  терең 
зерттелген  «Мағжан»  атты  іргелі  ғылыми  монографиясы 
әлі  күнге  дейін  таптырмас  еңбектердің  бірі  болып  келеді. 

74
Әдебиеттану
Мағжан  Жұмабаевтың  ақындығы,  символистік  ізденістері 
мен көркемдік ізденістері, әдеби-эстетикалық көзқарастары, 
тақырыптық  жаңалықтары  т.б.  көптеген  ерекшеліктері 
арқылы  суреттелген  ақын  бейнесі  қазақ  оқырмандарының 
жүрегінен орын тапты. Қалың жұртшылықтың ілтипатына 
бөленген осы айтулы зерттеуі үшін Шериаздан Елеукенов-
ке  1998  жылы  Қазақстан  Республикасының  Мемлекеттік 
сыйлығы берілді. Сонымен қатар, халықаралық қазақ ПЕН-
клубының  Мағжан  Жұмабаев  атындағы      сыйлығының 
(1999) лауреаты да атанды. 
Шериаздан  Елеукенов  әдебиет  зерттеушісі  ғана  емес, 
жоғарыда  атап  өткеніміздей  әрі  белгілі  жазушы  да.  Оның 
қаламынан  бірнеше  әңгіме,  повесть,  роман,  эссе,  хикая, 
пьеса, фельетондар шыққан. «Әттең дүние» романы (2002), 
«Мұхаметжан-Мархума»  повесі  (1998),  «Емтихан»  (1980) 
пьсесасы  мен  көптеген  эсселері  қалың  оқырман  қауымға 
жол  тапты.  «Емтихан»  пьесасы  Жамбыл  мен  Қызылорда 
облыстық  театрларында  сахналанды.  Бұл  қойылым  жай-
ында  1980  жылы  Т.Молдағалиевің  «Емтихан  –  сахна-
да»  және  Ә.Қалдыбаевтың  «Адамдыққа  емтихан»  деген 
мақалалары  баспасөз  беттерінде  жарық  көрді.  Сонымен 
қатар, орыс, шет ел пьесаларын қазақ тіліне тәржімалады. 
Соңғы жылдардағы үлкен табысы – «Әттең, дүние» романы 
жайында  да  баспасөз  беттерінде  Г.Бельгердің,  Г.Орданың, 
Д.Айдаровтың,  Ұ.Доспанбетовтің  реценциялары  жарияла-
нып өзінің оң бағасын алған болатын. 
«Мұхаметжан-Мархума  хикаясы»  деректі  туындысы 
заманымыздың  нақтылы  реалистік  бейнелі  перзенттері, 
атақты  әдебиетші  ғалым,  академик  Мұхаметжан  Қаратаев 
пен  оның  жұбайы  Мархума  апайға  арналған.  Қайғы-
азапқа қарсы тұрған қаршадай қазақтың декабристкасы не 
қиындықтың бәріне төтеп береді, Сібірге де сапар шегеді. 
Осылайша  Шериаздан  ағай  қайсар  да  ержүрек    Мархума 
апамыздың жарқын тұлғасын көркем сөзбен сомдай алған.  

75
Әдебиеттану
Соңғы  жылдары  Шериаздан  аға  «Пушкин  және 
эпистолярлық  роман»  деген  тақырыпта  баяндама  жасап, 
баспасөз беттерінде Мұхтар Әуезовтің зерттеулеріне сүйене 
отырып,  Абайдың  эпистолярлық  романы  аударма  еместігі 
былай тұрсын, геройлары да характерлері жағынан өзгеше 
сомдалған, сипатталған таза қазақ туындысы деп дәлелдеп 
берді.  Мазмұн  жағынан  да,  түр  жағынан  да  өз  бетінше 
бөлек туынды жайында Шериаздан аға: «Абай хат түрінде 
жазылған  шығармасымен  күллі  әдебиетімізді  жанрлық 
жаңа өріске шығарды. Әдебиетімізде роман шымылдығын 
ашты.  Сайып  келгенде:  дүние  жалған,  тағдыр  тәлкегі 
тақырыбын  қаузау  арқылы  өлең-хаттың  эпикалық  тыны-
сын тереңдетті; махаббат драмасын лирикамен астастырды; 
ұлттық-поэтикалық  соны  дәстүрге  жол  салды.  Қазақ  өлең 
шығармасын роман етіп сөйлетіп, жаңа жанр тілін сындыр-
ды, стилін қалыптастырды; адамның ішкі өмірін, жан сы-
рын жыр етіп төкті; психологиялық талдау өнерін бастады; 
ақжолтай болып, қазақ топырағында роман бәйшешектерін 
қаулатты» [1]- деп тұжырым жасайды.  
Ш.Елеукенов сонымен қатар, шетелдердегі халықаралық 
және  республикалық  ғылыми  конференцияларға  жиі 
қатысып,  қазақ  әдебиетін  шетелдерде  үнемі  насихаттап 
келеді.  2006  жылы  Түркияның  Елазығ  қаласында  өткен 
Мағжан күндерінде қазақ ақынына арналған ғылыми конфе-
ренцияда «Мағжан және түрік тақырыбы» және 2008 жылы 
Түркияның  Трабзон  қаласындағы  Ризе  университетінде 
Махмұт  Қашқаридың  туғанына  1000  жыл  толуына  орай 
өткізілген  халықаралық  симпозиумға  қатысып  «Ата 
сөздігіміз, рухани кенішіміз» атты баяндамалар жасаған бо-
латын.  
М.О.Әуезов  атындағы  Әдебиет  және  өнер  институты 
Әлем  әдебиеті  және  халықаралық  байланыстар    бөлімінің 
«Еуразиялық бойтұмар» (1996), «Қазақстан халықтарының 
әдебиеті»  (2004),  «ХХ-ХХІ  ғасырлар  тоғысындағы  әлем 

76
Әдебиеттану
әдебиеті  очерктері»  (2006),  «Әдеби-көркем  диалог» 
(2008),  «Қазақ  әдебиетінің  тәуелсіздік  кезеңіндегі  байла-
ныстары»  (2008),  «Қазақ  әдебиеті  және  интеграциялық 
үдерістер» (2011), «Ең жаңа шетел әдебиеті» (2011)  ғылыми 
жинақтарына Ш.Р. Елеукенов автор ретінде қатысып, іргелі 
көлемді мақалалар жазды. Ол «Қазақ әдебиетінің 10 томдық 
тарихы» атты іргелі еңбектің редколлегия мүшесі, белсенді 
авторлардың бірі әрі «Қазақ әдебиеті тәуелсіздік кезеңінде» 
атты 10-шы томының жалпы редакциясын басқарған. 
Ш.Р.Елеукеновтің көлемді еңбектерінен бастау алатын «Ең 
жаңа шетел әдебиеті» ұжымдық монографиясы Мәскеудегі 
Халықаралық  ғылым  академиясы  қауымдастығы  Кітап 
баспасы  кеңесінің  «Қоғамдық  ғылымдар»  аталымы  бой-
ынша «Ғылыми кітап – 2012» конкурсының лауреаты және 
«Қазақ әдебиеті және интеграциялық үдерістер» ұжымдық 
монографиясы  Ресей  Федерациясындағы  білім  беру 
инновациялық  технология  орталығының  «Гуманитарлық 
ғылым саласындағы үздік ғылыми кітап – 2013» дипломының  
лауреаты атанды.
Еуразиялық кеңістіктегі рухани құндылықтары ортақ бо-
лып табылатын туындылар жайында алғаш рет орыс тілінде 
жазылған әдеби-публицистикалық “Еуразиялық бойтұмар” 
(1996)  жинағы  Ш.Елеукеновтің  редакциясымен  жарыққа 
шықты.  Күні  бүгінге  дейін  өзінің  өзектілігін  жоймаған 
еуразиялық әдеби қозғалыстың қыр сыры мен қайнар көзін 
ашатын Шериаздан Рүстемұлының «Еуразиялық бойтұмар» 
атты  көлемді  еңбегі  2013  жылы  «Ғылыми  қазына» 
бағдарламасы аясында М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және 
өнер институты «Классикалық зерттеулер» сериясының 19 
томында қайта басылып шықты.  
Ш.Р.Елеукенов  мемлекет  алдында  сіңірген  еңбегі  үшін 
«Құрмет  белгісі»,  «Парасат»  ордендерімен,  көптеген  ме-
дальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің, Қазақстан Ре-
спубликасы Ұлттық ғылым академиясының Құрмет грамо-

77
Әдебиеттану
таларымен марапатталған.  
Ғалымның ғылымдағы ғибратты жолы қашан да жастарға 
үлкен  үлгі-өнеге  болмақ.  Алдағы  уақытта  да  қажымас 
қайраткер, әдебиеттану абызы Шериаздан ағамыздан жаңа да 
тың еңбектер күтеміз. Лайым соған жазсын дейміз!     
Әдебиеттер:
1. Абайдың эпистолярлық романы. Аударма ма, төлтума 
ма? // Пушкин – Абай және қазақ әдебиеті. – Алматы:  Инс-
титут  литературы  и  искусства  им.М.О.Ауэзова  МОН  РК,  
2006. –  49-60 б.; Егем. Қаз. – 2006. – 25 қазан (№ 260/263). 
– 9 б.
Н.Құдайбергенов
 
ШЫНДЫҚ ШЫРАҚШЫСЫ
«Қаламмен  жазылғанды  балтамен  шауып  тастай 
алмайсың».  Мәтелдің  мәнін  ашу  артық,  әрине.  Бүгінгі 
жазылған еңбектің ертеңгі ұрпақтың рухани олжасына ай-
налары  күмәнсіз.  Тек  шындықтың  «ала  жібін  аттамаса» 
болғаны.  Шериаздан  Елеукенов  –  қазақтың  шындығын 
жоғалтпаған қабырғалы қаламгер-ғалымы. Осы ойымызды 
қолымызға тиген кезекті кітабы шегелей түсті. «Алтай-Ертіс 
кітапханасы»  сериясымен  Шерағамыздың  естелік-эсселері 
мен зерттеу-мақалалары жинақ боп жарық көрді. «Дербес ел 
мерейі», «Әдеби-сын зерттеулер» және «Есте қалғандардан» 
деп аталатын үш тарауы – кітаптың мазмұндық-құрылымдық 
үш  діңгек-ұстыны.  Бірін-бірі  толықтырып,  біріне-бірі 
«жарығын шашып тұрған» тараулар. Әсіресе, «Әдеби-сын 
зерттеулеріндегі» мақалалар өрнекті тіл, көркем сипатымен 
ғана емес, өзектілігімен де оқырманды еріксіз өзіне баули-
ды.  Үш  тақырып  –  «Тәуелсіздік  тауқыметі»,  «Тәуелсіздік 
шарапаты»  және  «Тәуелсіздік  көзімен»  деген  ғылыми 
мақалалардың жүгі ауыр, айтары көп. 

78
Әдебиеттану
Өткен  ғасырдың  алпысыншы-жетпісінші  жылдарында 
қазақ әдебиетінің қазыналы қоржынына бір шоғыр тарихи 
романдар қосылды. М.Мағауин, Ә.Кекілбаев, І.Есенберлин, 
Ә.Әлімжанов,  С.Сматаев  т.б.  сынды  жазушылардың 
қаламынан  туған  асыл  дүниелер  жайлы  бүгінге  дейін  та-
лай зерттеулер де, рецензия-пікірлер де жазылды. Алайда, 
ғылым  үшін  материалдың  қалай  жазылғаны  қаншалықты 
маңызды  болса,  кейде  оның  қай  кезде  жазылғаны  да 
соншалықты  маңызды  болады  екен.  Бір  ерекшелігі  сол  – 
Ш.Елеукеновтің  аталмыш  зерттеулері  Тәуелсіздік  бигінен 
қарағандығында,  саясаттың  тәуменді  лебінен  айыққан 
объективтілігінде.  Автор  ХХ  ғасырдың  алпысыншы-
жетпісінші  жылдарында  туған  романдар  жайлы  жаңаша 
ой қорытып, тың тұжырымдар жасайды. Тақырып бір – та-
рихи тақырып. Әйтсе де, әр жазушының өз стиль-соқпағы 
бар. Мекенжай-межеге әркім өз сүрлеуімен жетеді. Басты-
сы,  мақсат  ортақ  –  отарлық  пиғылдың  кесірлі  әлдиінен 
қалғып  кеткен  ұлттық  рухты  ояту.  Жазушыларымыз  сол 
мұратқа  жету  жолында  сан  түрлі  тәсілді  қолданды.  Өз 
кезегінде, оның өзі әдебиеттегі тың ізденістердің жасалуы-
на түрткі болды. Шығарма желісіне символикалық-астарлы 
ойды «көгендеп», белгісіз тарихтың бәзбір аманат-асылын 
қарапайым  баяндау  тәсілімен-ақ  ұрпақ  санасына  сіңіру 
сынды  аса  абыройлы  міндет-борышты  жазушылардың 
арқалағаны, арқалап жүргені де жасырын емес. Батыс ойшы-
лы Ж.Ж.Руссо «Ғалым – ұғыммен, ақын – образбен ойлай-
ды» демейтін бе еді?! Образбен айтылған ақиқаттың тәпсірін 
таратып жазу ғалымдарға сын-жүк десек, Шериаздан Елеу-
кенов осы қастерлі міндетті өзінің зерттеуінде бар ажары-
мен ашуға тырысады. Кітаптан үзінді келтірейік: «Ұлттық 
тәуелсіздік идеясымен жазушы Есенберлинді рухтандырған 
тек Мағжан ақын, басқа ешкім де емес». Тосын тұжырымға 
таңданыспен  қарағанымыз  да  рас.  Дәйекті  дәлел,  орынды 
ойға  тоқтамасқа  шараңыз  қалмайды.  Алпысыншы  жылда-

79
Әдебиеттану
ры Мағжан ақын ресми ақталғанымен, оның шығармаларын 
ауызға  алу  қылмысқа  пара-пар  етін.  Сонда  жазушы  Ілияс 
Есенберлин  өзінің  «Көшпенділер»  романындағы  Баян  ба-
тыр  образына  қажетті  материалды  Мағжан  Жұмабаевтың 
«Батыр  Баян»  дастанынан  алыпты.  Бірақ  ашық  айта  ал-
майды...  Батыр  бабамыздың  атына  қанықтырса,  оның  өзі 
үлкен  олжа  саналған-тын.  Арыстарымыздың  мұрасына 
тыйым құлпы салынған кезеңде осындай қадамдарға баруы 
–  жазушылардың  алаштықтардың  аманатын  адал  атқаруға 
деген талап-талпынысы болса керек. 
Әнуар  Әлімжанов  өзінің  «Жаушы»  романында  1731 
жылғы 10 қазанда Әбілқайыр ханның шешімімен іске асқан 
келісімді  орыс  қанатының  астына  кіру  деп  емес,  орыс-
қазақ  одағы  дегенді  айтуы  да  –  елең  еткізерлік  элемент. 
Зерттеушінің  осындай  детальдарға  көңіл  бөліп,  дәл  таба 
білуі  –  қырағылық  қасиет.  Одақтас  болу  үшін  екіжақты 
күштердің өзара тең болуы да керек емес пе?! Бүгінде әйгілі 
жазушы Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожасы» 
бұл елдің иесі, қожасы – менмін  дегенге саяды деген ойлар 
айтылып жүр. Жә, ол жайлы әңгіме бөлек. Біздің міндет – 
Ш.Елеукеновтің осындай астарлы ойларды аршып ала ала-
тын алғырлығын тану, таныту. Ә.Әлімжановтың романында 
еліміз  атауы  «Қазақстан»  деп  емес,  «Қазақия»  деп  өзінің 
байырғы  атауымен  жазылуы  да  көп  сырды  аңғартады... 
Зерттеуші  құбыланамасы  –  астарлы  ойдың  түбіне  үңілу. 
В.Белинскийдің кітабын оқып болып: «Мен Пушкинді енді 
таныдым», – деп Л.Толстойдың айтатынындай, Шериаздан 
ағамыздың  аталмыш  талдауларын  оқыған  соң  оқырман-
көпшілік  бұрын  байқамаған,  тереңіне  бойлай  алмаған 
тұстарын  қапысыз танып, тәнті болады ғалымға.  
Мемлекетіміз  дербестігін  алып,  азаттық  таңы  атқан 
тұста  бұрынғы  цензураның  шынжырынан  босаған  қазақ 
әдебиетінде енді тарихи романдар легі көбейе түсті. Советтік 
саясаттың ызғарынан бұғыңқырап, бүгіңкіреп қалынған та-

80
Әдебиеттану
лай нәрсе енді анық та ашық айтыла бастады. Ол да бол-
са, тәуелсіздік тартуы. «Тәуелсіздік шапағаты» мақаласын 
автор  Б.Жандарбековтің  «Сақтар»  романын  талдаумен  ба-
стайды.  Еуроцентристік  көзқарас  кесірінен  түркілер  ту-
ралы,  оның  ішінде  қарға  тамырлы  қазақтың  мәдениеті 
мен  тарихы  туралы  теріс  түсініктердің  ғылымда  тұрақтап 
қалғаны ащы шындық. Жазушының «Сақтарын» осы теріс 
түсініктің ыдырауына бағытталған қомақты күш-қару деу-
ге  болады.  Ғалым  бұл  романның  ұлт  санасының  отарсыз-
дандырылуы жолындағы игілігімен қатар, Томиристен ба-
стау алатын қазақ әйеліне тән ерлік пен өрлік жайында да 
тұщымды тұжырым, орнықты ойлар айтыпты. Р.Тоқтаров, 
Қ.Исабаев,  Б.Қыдырбекұлы,  С.Елубай,  А.Мекебаев, 
Б.Мұқай, Ә.Нұрпейісов, Ұ.Доспамбетов  т.б. жазушылардың 
жетістіктерін саралайды. Асылын танып, жасығын табады. 
«Дүниеге тәуелсіздік көзімен қарайтын әдебиет керек», - де-
ген Елбасы сөзін негізге ала отырып, Тәуелсіздік алғаннан 
кейінгі  жылдары  жазылған  романдардың  сипат-болмысы 
бөлектеу  болғанын  ұғындырады.  Шериаздан  Елеукенов 
бұл  кезеңдегі  романдардың  басты  ерекшелігі  –  бұрынғы 
тап  қырқысы,  қайсыбір  тарихи  фактілерді  боямалау 
(Қазақстанның орысқа өз еркімен қарағандығы т.б.) секілді 
кінәраттардан  бойын  аулақ  ұстауға  тырысқандығы  деп 
ой  қорытады.  Әдебиеттің  жаназасын  шығаруға  асығатын 
ағайын табылады әлі де. Осындай шығармалар қазіргі айты-
лып қалатын бір ауық негізсіз-негативті пікірлерге қалқан 
бола алатына шүбә жоқ.  
Роман  –  ауыр  жанр.  Онда  халықтың  тыныс-тіршілігі, 
болмыс-бітімі  боямасыз  беріледі.  Ал  оны  талдап-
таразылаудың да оңай емес екендігі белгілі. Ш.Елеукеновтің 
талдау-мақалаларын  оқығанда,  көз  алдымыздан  әр  алуан 
тақырыптың жүгін көтерген қазақ романдары сап түзеп, қаз-
қатар тізіліп өткендей болды да, біз одан тек қазақ әдебиетінің 
ғана емес, қазақ психологиясы мен пәлсәпасының да бедер-

81
Әдебиеттану
бейнесін дүрбімен көріп тұрғандай әсер алдық.  Осыдан 101 
жыл бұрын Есенқұл Маманов, меценант Маманов қазақ ро-
манына  бәйге  жариялаған  болатын.  Ғасырдан  ұзақ  мерзім 
ішінде қазақ прозасының ауқымды жанры өзінің өсу өсінде 
көптеген  жетістіктерге  жетті.  Әдебиеттанушы-ғалымның 
еңбегі арқылы біз сол жетістіктер сырына қанықтық. 
Кітаптың үшінші тарауында естелік-эсселер бар. Былайғы 
жұртқа  үлкен  қаламгер-ғалым  ретінде  белгілі  Шериаздан 
ағамыздың  біз  біле  бермейтін  қасиеттері  естеліктерінде 
ашылады.  Белгілі  адамның  белгісіз  қырларын  тануға 
мүмкіндік мол. Тек оқуға деген ынтаңыз болсын. «Мемуар 
арылу жанры (исповедь) есепті. Мүңкір-нәңкірі оқырманға 
ішіңді  ашытып,  бар  шыныңды  айтып  ақтарылуың  керек. 
Әйтпесе  жанр  заңына  томпақ  келуің.  Мен  жасырғанмен, 
Құдайдан, Шығыстағы елден жасыра алмайсың», - дейді өзі 
де. Автор осы ұстанымына бастан-аяқ берік болыпты. Туған 
жерге деген ыстық ықыласы әр сөйлемнен байқалып тұрады. 
«Торғайдың  тұмсығындай  ғана  өмірі  қалған»  әженің  бала 
Шекенге жасаған қамқорлығына қызығасыз. Қазақ әйеліне 
тән ізгі қасиеттің бәрін бір бойына жинақтап алған жандай-
ақ. Біздіңше, мемуардың ең  әсерлі тұсы – екі ана – Бәтіш 
пен  Қайныш  апамыз  жайлы  жазылған  естеліктері.  Автор 
анаға деген сағынышын сұлу сөзге өріп оқырман қауымға 
ұсынады Шериаздан ағамыздың өзі етене араласып, ардақ 
тұтар  ағасына  балаған  ұлт  жазушысы  Ғабит  Мүсірепов: 
«Көркем сөздің сұлулығы - сағымдай құлпырмасын, өзендей 
толқысын», - деп жазыпты. Қайныш апамызға деген риясыз 
сенімнің  жемісі  болған  естеліктер  жүрек  пернесін  басып, 
көзге еріксіз жас үйіреді екен... Бәтіш апамыздың кей істері 
ана  деген  қасиетті  ұғымды  тым  арзандатып  жібергендей 
көрінгенімен,  Қайныш  апамыздың  перзентіне  деген  шы-
найы  көңілі  көңілге  қуаныш  ұялатты.  Бірі  жүректі  жы-
латса,  бірі  жүректі  жылытады.  Әрине,  авторға  оңай  емес, 
ауыр.  Бірақ  бекінген  берік  ұстанымы  автордың  ағынан 

82
Әдебиеттану
ақтарылуына мәжбүр етеді. Өзі айтпақшы, «тағдырға тәдбіл 
жоқ».  Бала  шақтан  болашаққа  қадам  басқан  жеткіншек 
Елеукеновтің студенттік кезіндегі қызықтары, «КазГУ атты 
Байқоңырынан»  ұшып,  ұлт  алдындағы  қызметке  кірісу 
кезеңі – бәр-бәрі бүкпесіз баяндалады. Құдай қосқан қосағы, 
аяулы Жаңылдық апамызбен  танысқаны туралы айтқан кез-
де еріксіз жымиып, іштей қолпаштап отырасың авторды. Әр 
адам  өз  басындағы  бар  жағдайды  еске  алса  керек.  Сіздегі 
«жүрек шіркіннің де бір тамыры бүлк еткендей болады». 
Алаш  арыстары  ақтала  бастағанда  Ш.Елеукенов 
М.О.Әуезов  атындағы  Әдебиет  және  өнер  институтының 
директоры  қызметін  атқарған  болатын.  Советтік  солақай 
саясаттың  қасаң  да қатаң  ұстанымы ұлттық  мәселеге  кел-
генде  тіпті  өрши  түсетін.  Бүгінде  біз  шығармаларын 
құмарта оқып жүрген алаш арыстарының әр өлеңі сан-қилы 
сергелдең-сынақпен  жарыққа  шыққанын  біле  бермейміз. 
Кітаптағы  ақтаңдақтардың  ақталуы  жайындағы  жазба-
ларды оқып отырғанда сезінесіз соларды. Ағамыздың: «...
дәл сол күндерді еске алғанда, мына опасыз дүниенің жас 
ұлғайған кезде ішкізген уының кермек дәмі ауыздан аз-маз 
кеткендей күй кешемін. Мағжанды ақтау ісіне өзгелермен 
қатар мен де азды-көпті үлес қосқаныма шүкіршілік қылып, 
тәубе етемін», - дейтіні бар. Бұлар – тарихқа таңбаланған 
тәбәрік.  Шериаздан  ағамыздың  тек  осы  бір  қиын-қыстау 
кезеңде атқарған азаматтық істерінің өзі қазақ руханиятына 
қосылған өлшеусіз үлес деуге болады. 
Кітаптағы  әр  мақала  төңірегінде  толассыз  сыр  шер-
туге  болар.  Әйтсе  де,  біз  өзіміздің  алған  әсеріміздің  бір 
сынығын ғана қағазға қондыруды құп көрдік. Ұққанымыз, 
Ш.Елеукенов  –  мәдениетті  жазушы,  мәдениетті  ғалым. 
Сөйлем  құрылымы  мен  тіркестер  байланысынан  бастап, 
айтар  ой,  берер  идеяға  дейінгі  барлық  компоненттер  жа-
расым  тауып  тұр.  Сәбит  Мұқановтың  баяншылдығы  мен 
Ғабит  Мүсіреповтің  жарастықты  юморы  ұштасыпты. 

83
Әдебиеттану
Түрлі  жанрдағы  жазбалар  енгендіктен,  кітапты  оқып 
тауысқанда, Ш.Елеукеновті ноян публицист ретінде де, епті 
эссеист, зерделі зерттеуші ретінде де бағалауға болатынын 
аңғарасыз.  Бала  Шекеннен  дана  Шерағаңа  дейінгі  кезең, 
Шығыс  перзентінің  күллі  Қазақ  Елінің  перзенті  болғанға 
дейінгі дәуір суреті тұтас түсіріліпті. 

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет