Бақылау фазасы – мәтіндегі айтылатын ойды, идеяны қайта өңдеуден өткізу дегенді білдіреді. Қайта өңдеу кезінде ойдың толыққанды болуы, бір идея мен екінші идеяның өзара тұтастыққа құрылуы ерекше рөл атқарады. Өйткені ойдағы ассоциациялық қатынас мәтіндегі айтылатын ойды бір-бірімен байланыстыруға септігін тигізеді.
Мәтін әрқашан коммуникативтік жағдаяттарға, тілдік материалды қолданушы мен тыңдаушыға байланысты болып келеді, әрі автордың белгілі бір бағытты таңдауының нәтижесі болады. Осыдан мәтіннің мазмұны құралады.
Психолингвистикалық аспект тұрғысынан алғанда, мәтін – тілдік коммуникацияның негізгі бірлігі саналады, тілдік бірліктердің көмегімен түзілген, қоршаған ортаны шынайы бейнелеп көрсететін, индивидтің сөйлеу әрекетінің нәтижесінде туындайтын шығармашылық үдеріс [5, 260].
Кез келген тілдік коммуникацияның мақсаты – рецепиенттің (оқырман, тыңдарман) белгілі бір деңгейде вербальді, физикалық, ментальді не эмоционалды реакциясын тудыруға бағытталады. Мәтіннің міндеті – тыңдаушы жаққа, адресатқа әсер ету, мәтін авторы өзінің коммуникативті мақсатына сәйкес қажетті тілдік бірліктерді таңдап қолданса, реципиент мәтін авторының не айтқысы келгенін толық түсініп, қабылдай алуы тиіс. Сол себепті мәтін психолингвистикасының негізгі міндеті – мәтінтүзім және оны қабылдау механизмдерін зерттеу. Мәтінді қабылдаудың психолингвистикалық моделі (мәтіннің мазмұндық және құрылымдық сипаты) мәтіннің лингвистикалық тұрғыдан дұрыс құрылуына ғана емес, мәтін тудырудың психологиялық уәжіне де назар аударады. Өйткені мәтін мазмұндық тұрғыдан алғанда толық аяқталған, өзара тұтастыққа құрылған, белгілі бір коммуникативті жағдаяттың нәтижесінде түзіледі. Осылайша, мәтін сөйлеу (ойлау) әрекетінің жемісі саналады, алғаш рет мәтін автордың санасында бір рет туындаса, реципиенттің мәтінді қабылдау үдерісінде бірнеше рет туындайды. Автор мәтінтүзімде тілдік таңбалар селекциясын жасап, одан өзінің айтар ойын толығымен жеткізе алатын, екінші жағынан реципиенттің мәтінді түсініп қабылдауына қарай тілдік формаларды таңдайды [6, 80].
Енді осы мәтіндегі негізгі ой, идея (замысел) мәтіннен алынады ма, әлде мәтінге арнайы енгізеледі ме деген сұраққа тоқталайық. Егер, біз, мәтінді мазмұнның архитектоникасы деп білсек, онда оқырман, көрермен, реципиент мәтіннен негізгі ойды ала отырып өзі қайта құрастырады, қайта жаңғыртады. Ал реципиенттің мәтіндегі негізгі идеяны, астарлы ойды қалай қайта жаңғыртады, ол оқырманның өзіне байланысты. Мәтін ↔ реципиент арасындағы қарым-қатынас бұрыннан қарастырылып келе жатқан мәселе. Қазіргі кезде мәтінді қабылдау үдерісімен психологтар, психолингвистер (В. П. Белянин, Г.Вайнрих) айналысып келеді. В.П.Беляниннің пікірінше, белгілі бір коммуникативті жағдаят мәтінтүзімге негіз болатын уәж бен интенцияны тудырады [4].
Психолингвист ғалымдар мәтінді психолингвистикалық аспектіден қарастыра келе, мәтіннің өзіне тән дифференциалды белгілері мен мәтінтүзім категориялары бар екендігін айтады. Мәтіннің дифференциалды белгілері туралы айтқанда О. И. Москальскаяның мәтіндегі тұтастық идеясынның үш белгісін негізге аламыз. Олар: мазмұн тұтастығы, коммуникативті тұтастық, құрылымдық тұтастық [7,75]. Бұл үш белгі мәтіннің кез келген түріне тән. Осы белгілердің негізінде мәтінтүзуші категориялар айқындалады.