Сүлеймен Демирел университетінің
қауымдастырылған профессоры, ф.ғ.к,
Жолдасбек Мәмбетов
М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер
институтының аға ғылыми қызметкері,
докторант Ерғанат Қуатбекұлы
«- Ұстаздық - ұлы нәрсе!». Бұл ұлы жазушы Мұқтар Әуезовтің сөзі. Расында да, ұстаз араб сөзі болса да қазақ тіліндегі мағынасы терең, бірден жаныңа өзгеше жылу ұялататын, еріксіз есіңді жыйдырып, көңіліңе сабыр мен салқындық, санаңа жарық пен шуақ сәулесін төгетін ерекше ұғым. Ұстаз десе - көл-көсір білім мен талғаулы тәрбиенің қорытылған синтезі іспетті ерекше тұлға көз алдымызға келеді. Сондықтан да ұстаз туралы толғанып сөз айту, оның даралық қасиетіне талдау жасап, түйінін тарату қиынның қиыны.
Уақыт керуені ешқашан да адамзат ақылына бағынбақ емес. Оны тоқтату да, кері айналдыру да қолымыздан келмейді. Уақыт шіркін зырылдаған жүрісінен жаңылмай алға қарай тартады да отырады. Оны ырқымызға көндірмек түгілі, өзіміз соның шылауына оратылып алғандаймыз, мұрнын тескен тайлақтай соның жетегінен шыға алмаймыз. Қимас балалығың да, қызығы мол жастығың да зымырап артта қалып барады. Кеше ғана артымыздан ерген жас жігіттердің бүгінгі күні ердің жасына келгеніне сенер сенбесімізді білмей тосырқай қараймыз. Жаны жайсаң дос, ақкөңіл азамат, ибалы іні, аяулы ұстаз Самал Дәрібаев елуге келіпті дейді. Мойындағың келмейді, бірақ ақиқаттан аттап өте алмаймыз.
Шәкірт бала болып алдымызда отырғаны кеше сияқты еді. Жас еді, биязы мінезді аңғал бозбала еді. Сабақты бар ынтасын сала оқитын, өз ісіне аса жауапкершілікпен қарайтын. Кейде иығына гармонын асып алып әуезді әнге басатын серілігі де болатын. Бірақ соның барлығы тал бойына жарасып тұратын.
Самал Сыр бойында туғандықтан жастайынан сүлейлердің жырларынан нәр алып, жаны жыр мен сырға, өнерге жақын болып өсті. Көне күйлер мен жырдың құдіреті жас баланы арманшыл, қиялшыл етіп тәрбиеледі. Мектепті жақсы бітірген Самал жүрек қалауымен сол кездегі республикамыздағы маңдайалды университет С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дың филология факультетіне келіп құжат тапсырады. Жолы болып оқуға түсіп, бес жыл өзі арман еткен мамандығы бойынша қазақтың марқасқа ғалым-ұстаздарынан білім алады. Академиктер Зейнолла Қабдоловтың, Тұрсынбек Кәкішевтің, профессорлар Сейділда Ордалиевтің, Ханғали Сүйіншәлиевтің, Алма Қыраубаеваның, Берікбай Сағындықовтың, Айтбай Айғабыловтардың дәрістерін тыңдап, білім айдынына құлаш ұрды.
Самал тоқсаныншы жылдардағы елдегі әлеуметтік жағдайдың қиындығына қарамастан бар ынта-жігерін білім алуға жұмсады, бос уақытының көбін кітапханаларда өткізді. Өзі оқыған тіл тарихының астарлы құпиялары мен әдебиеттің көркем-поэтикалық сыры, ұлттық болмыс пен таным тарапында жазылған талай зерттеу еңбектер жас жігіттің білімге деген құштарлығын одан әрі ұштап, ғылым жолына түсуіне түрткі болды.
Жастайынан ұстаздықты өмірлік мұраты тұтқан Самал қазақтың бір туар ғалымы Алма Қыраубайқызының шәкірті болды және алғашқы еңбек жолын сол кісі ірге тасын қалаған «Гуманитарлық қазақ мәдениеті мектеп-лицейінде» бастады. Жаны жаңалыққа құмар, ұлттық болмысы ерек Алма апайдан ұстаздық қызметтің қыры мен сырын үйренді. Ол кісі әр шәкіртін ерекше қадыр тұтып, олардың бойындағы жылт еткен бір жақсы қасиетті байқап қалса соны ары қарай қалай дамытамыз, жетілдіреміз деп сан алуан әдістемелерді іздестірумен, ойластырумен жүретін.
Басында осының барлығы Самалға оғаштау көрінгенмен келе-келе өзінің де бар ой-арманы шәкірттерінің тәрбиесі, солардың білім алуы болып кеткеніне өзі де таң қалады. Ол ұстазы Алма апайдың әсер ықпалынан болды ма, әлде өзінің табиғатында бұрыннан бар қасиет пе оны қазір өзі де ашып айта алмайды. Бір білетіні елдің ертеңі, ұлт болашағы десе солардың барлығына тірек болатын бір-ақ ақиқат бар – ол сапалы шәкірт тәрбиелеу. Сол шәкірттері аман болса қазіргі қоғамдағы кемшіліктер де, уақытша қиындықтар да тарих шаңының астында қалмақ. Ол күн алыс емес-ау, тек ерінбей тер төге біл, жаныңды сала жұмыс жаса, өзің үміт еткен әр шәкіртіңнің жанына жақсылықтың ұрығын ек, бар білгеніңді үйрет, ынтасын оят, шеберлігін шыңда, осы жолда жаныңды аяма, өзің өсіріп жатқан жас тал шыбық шәкіртіңді аяла... Бүгінгі ұстаз, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Самал Дәрібаевтың ұстанымы осындай.
Сәкеңнің бұл еңбегі атаусыз да қалған жоқ.
Сал-серілердің сарқыты Самал Дәрібаев 1997 жылы Эстония мемлекетінде тұратын этностардың дәстүрі мен өнеріне арналған «Лира-1997» фестивалінің лауреаты марапатына ие болса, 1998 жылы елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылған «Қазақстанның жыл мұғалімі» байқауының Гран-При иегері болып, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі атанды.
Небәрі жиырма сегіз жасында білдей бір мектеп директоры деген жауапкершілігі мол қызметті атқарып, білімде ғана емес басшылықта да үздік екенін дәлелдей білді. 2002 жылы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында толымды еңбек ете жүріп «Сыр шайырлары поэзиясындағы ежелгі әдебиет дәстүрі» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғады.
2004 жылдан қазіргі таңға дейін білімнің қара шаңырағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да табан аудармай ұстаздық қызмет атқарып, талай шәкіртке дұрыс бағыт-бағдар сілтеп, ісімен үлгі болып келеді.
Самал Дәрібайұлының ұстаздық жолмен қатар ғалым ретіндегі атқарған еңбектері бір төбе. Қазақ әдебиетінің тарихына, ақын-жыраулар поэзиясына, әдебиет пен фольклор байланыстарына қатысты қомақты зерттеу еңбектердің авторы.
«Қазақ әдебиетінің тарихы» (І том, Фольклорлық кезең), «Абай-Шәкәрім» (2011), «Шортанбай Қанайұлы» (2012) секілді ұжымдық монографиялардың авторларының бірі. Сондай-ақ «Сөз асылын саралап», «Ақын-жыраулар поэзиясындағы ислам негіздері», «Ақын-жыраулардың шығармашылық тұлға ретінде қалыптасуы және орындаушылық дәстүр», «Қазақ әдебиетін оқытудағы әдеби ойындар мен жаттығулар», «Ақын-жыраулар поэзиясындағы ислам негіздері» атты оқу-әдістемелік құралдарын жарыққа шығарды
ҚР БҒМ Жаңартылған білім мазмұнына сәйкес дайындалған 8, 10, 11-сыныптардың «Қазақ әдебиеті» («Мектеп» баспасы) оқулығы авторларының және «5В020500 – Филология» мамандығы бойынша Мемлекеттік стандарт авторларының бірі.
Егеменді еліміздің білімі мен ғылымының көкжиегін кеңейтуде атқарып жатқан өзге де еңбектері ұшан-теңіз. Білім мен тәрбие саласында жас ұрпақты білімді де білікті азамат етіп қанатын қатайтуға бүкіл болмысын арнауда.
Үстіне қыл жұқтырмас мұнтаздай тазалығы, маңғаз басқан әр қадамы студенттерге үлгі. Дәрісіндегі өзіне ғана тән әуезді үні шәкірттерінің ықыласын арттырып, аузынан шыққан әр сөзге құлақ түргізеді. Шәкірттеріне деген жанашырлығы, қамқорлығы атқарған әрбір ісінен байқалады.
Құрметті Самал Дәрібайұлы! Сізді ердің жасы елуге келуіңізбен құттықтай отырып, мықты денсаулық, шығармашылық табыс, ұзақ өмір, отбасына амандық тілейміз. Ғылым мен білім жолында қанатыңыз талмай самғай беріңіз!
Достарыңызбен бөлісу: |