ІІІ. Жаңа сабақты бекіту. 1. Алаш мемлекетінің тарихына қатысты деректерге талдау жасап, ол мемлекеттің құрамында қайсы ру, тайпалар болды?
2. Олардың жетекшілері кім еді?
IV. Қорытындылау 33 - сабақ
Сабақтың тақырыбы: Өзбек ханнан басталған шежіре
Сабақтың мақсаты: Өзбек ханнан басталған шежіре туралы түсінік алады.
Сабақтың барысы: а) Ұйымдастыру кезеңі
ә) Жаңа сабақ
Жошы ұлысында түбегейлі өзгеріс жасап, ислам дінін, оның ішінде Йасауи жолын мемлекеттік идеология дәрежесіне көтерген Өзбек хан болды. 1312 жылы Тоқты хан қайтыс болғаннан кейін Өзбек хан Жошы ұлысының тағына отырды. Ол ұзақ жылдар бойы Йасауи жолы өкілдерінің қолында тәрбиеленіп, солардың көмегімен Жошы ұлысының тағына отырды. Өзбек ханды таққа отырғызуда Хорезм әмірі Темір Құтлық пен оның туыстары Сарай Темір мен Мұхаммед қожа, Исабек, Алатай атты әмірлер белсенді әрекет жасады. Ол таққа отыра салысымен ислам дінін мемлекеттік дін деп жариялаған жоқ. Мемлекеттік билікті толық қолына алып, қарсыластарын бас көтерместей еткен соң ғана 1320 жылы ислам дінін, оның ішінде Қожа Ахмет Йасауи негізін салған сопылық жолды мемлекеттік идеология дәрежесіне көтерді. Бұл оқиға Өтеміс қажының «Шыңғыс–нама», Ұлықбектің «Төрт ұлыс тарихы», Қадырғали Жалайиридың «Жылнамалар жинағында» баяндалады. Оның үстіне қазақта «Ислам Өзбектен қалған» деген қария сөз бар. Өзбек хан Йасауи жолын мемлекеттік идеология дәрежесіне көтеріп қойған жоқ. Сонымен бірге, осы мемлекеттік идеология негізінде мемлекеттің құрылымдық жүйесін өзгертіп, қайта құрды. Бұрын қандық, туыстық бірлікке негізделген рулық, тайпалық жүйелер ыдыратылып, олардың орнын рухани бірлік приципіне негізделіп, қайта топтастырылған рулық, тайпалық жүйелер басты. Қандық бірлік жеті ата деңгейінде қалдырылып, одан жоғарғы аталардың барлығы рухании бірлік негізінде топтастырылды. Осылай Жошы ұлысы құрамына кіретін барлық ру, тайпалар араластырылып жіберілді. Мысалы, керей Орта жүздің белді тайпасы, қаракерей найман тайпасы ішіндегі белді ру, Кіші жүзде керейт деген атаумен Жетіру бірлестігі құрамында жүр. Сол сияқты киікші, тіней рулары Орта жүзде найман тайпасы құрамында, қоңырат тайпасы құрамында, Кіші жүзде Адай тайпасының құрамында бар. Мұндай қазақ руларларының үш жүздің құрамында араласа келуі сол Өзбек хан жүргізген діни идеологиялық саясаттың нәтижесі болатын. Сол себепті, қазақ халқында «Еншісі бөлінбеген қазақ», «Қасыңдағы әйеліңді сұраса келсең, қарын бөле шығасды», деген аталы сөздер бар. Бұл араласулар қазақ ру, тайпаларын қамтып қоймайды, өзге түркі халықтары арасынан да кездестіруімізге болады. Татар, башқұрт, ноғай, тіпті орыстар ішінде қазақ руларының аттарын кездестіреміз. Мысалы, Орта жүз қыпшақ тайпасы құрамында «тоқсоба» деген ата бар. Осы тоқсоба атауын Кіші жүз құрамынан да кездестіреміз. Сонымен бірге, «тоқсобалардың» орыстар арасына «токсобичтер» деген атаумен сіңгенін көруге болады. Алтын Орда мемлекетінің қоғамдық құрлысын зерттеген Г.А. Федеров-Давыдов қазақ жүздерінің қалыптасуы Алтын Орда мемлекетінің басқару жүйесіндегі өзгерістерге байланысты қалыптасқандығын айтып, ойын былайша тұжырымдайды: «Қазақ жүздері XII-XIII ғасырларда өмір сүрген көшпелі халықтың тайпалық-патриархалдық жүйесінің бөлшегі емес. Бұл бірлестіктер бұрынғы рулық, тайпалық жүйенің сарқыншақтарын сақтап қалғанымен, жаңадан құрылып, көшпелі ұлыс ретінде біріктірілген бір немесе бірнеше ханның иелігіндегі бірлестік. Демек, жүздік құрылымдардың алғаш қалыптасуы ретінде біз осы кезеңді айта аламыз. Өзбек ханның осы реформасы бізге дейін жетіп келген Өзбек ханнан бастау алатын шежіреде толық көрініс тапты. Шежіре тізбегінде аттары аталған кісілердің аңыздық кейіпкер емес, сол кезеңде өмір сүрген тарихи тұлғалар екендігін ескертуіміз керек. Олардың көпшілігінің тарихи тұлғалар екендігіне қолымызда жинақталған деректер дәлел бола алады. Енді соларға кезегімен тоқталып өтелік.
Йасауи жолы негізінен үш тармақтан тұрады. Ол үш тармақ Түркістан жеріне ислам дінін әкелген үш тарихи тұлғаға барып тіреледі. Біріншісі, Исхақ баб – («Насаб-нама» деректері бойынша) шежіре бойынша Мұхаммед ибн ал-Ханафийаның бесінші ұрпағы, Түркістан жеріне ислам аша келген тұлғалардың бірі. Ал, Ибн ан-Надимнің «ал-Фихрист» атты шығармасындағы дерекке қарағанда Али ибн Абу Талибтің ұлы Хусейн әулетінен тараған, 742 жылы Хорасанда дарға тартылған Йахийа ибн Зайдтың ұлы, әкесі тұтқындалған кезде түркілер арасына келіп паналаған. Сол себепті, арабтар оны Исхақ ат-Түрік деп атайды . Қожа Ахмет Йасауи осы Исхақ бабтың 13-ұрпағы. Йасауи жолының бір тармағын осы Исхақ баб атымен байланысты қожа әулеттері құрайды. Бұларға кезінде Исхақ баб әулетінен өзге Али ибн Абу Талибтің басқа ұрпақтарының да келіп қосылғанын көруге болады. Сол себепті, бұл қожалар әулеті «Саййид» әулеті деп аталады. Өзбек ханның саяси реформасы кезінде бұл әулет Ұлы жүзге (пір болу) және хан әулетіне пір болу қызметі тиді. Қазақ шежіресінде «Ақарыс» деп аталған тұлға Йасауи жолының шежірелерінде осы Исхақ бабтан бастайтын қожалар әулетінің өкілі.
Йасауи жолының екінші тармағы өз шежірелерін Абд ар-Рахим бабтан бастайды. Абд ар-Рахим баб - шежіре бойынша Мұхаммед ибн ал-Ханафийаның төртінші ұрпағы. Исхах бабтың әкесі Абд ар-Рахман бабтың інісі. Түркістан жеріне «ислам аша» келген тұлғалардың бірі. Қазіргі Қазақстан тарихындағы 766 жылы Қарлұқ хандығының негізін қалаған тұлға. Атақты Қарахандық билеушілер осы Абд ар-Рахим бабтан тараған әулет болып табылады. Осы әулеттен шыққан Отырардың соңғы ханы Білге хан 1210 жылы Хорезмшах Мұхаммед сұлтан тарапынан өлтірілді. Шыңғысхан шапқыншылығына дейін-ақ бұл әулет өкілдері рухани салаға ауысып, Йасауи жолының бір тармағын құрап, Қарахандық қожалар деп аталды. Орта жүзге пір болған Жанарыс - осы әулет өкілі .
Йасауи жолының үшінші тармағы өз шежірелерін Абд ал-Жалил бабтан бастайды. Абд ал-Жалил баб - Хорасан Ата - шежіре бойынша Абд ал-Жалил баб та Мұхаммед ибн ал-Ханафийаның төртінші ұрпағы болып табылады. Исхақ бабтың інісі. Бұл да ағаларымен бірге Түркістан жеріне «ислам аша» келген тұлғалардың бірі. «Насаб-нама» деректеріне қарағанда Сырдарияның орта және төменгі ағысында VIII ғ. екінші жартысында дүниеге келген Оғыз мемлекетінің негізін қалаушы осы Абд ал-Жалил баб-Хорасан Ата. Қазақ арасындағы қожалардың бір әулеті осы Хорасан қожалар. Кіші жүзге пір болған Бекарыс осы Хорасан қожалар әулетінің өкілі.
Жошы ұлысында болған бұл күрделі өзгерістерді жалпы халық қабылдағанымен, Жошыдан тараған өзге әулет өкілдері қабылдамады. Оларға өздерінің биліктен шеттетіліп, жай халықтың қатарына қосылуы ұнаған жоқ. Өзбек ханның бұл діни-идеологиялық реформасына қарсы шыққандардың арасында ханның өз ұлы Жәнібек сұлтан да бар еді. 1342 жылы Өзбек ханның аяқ астынан қайтыс болып, таққа мұрагер болып жарияланған Тыныбек сұлтанның жорықта болуы Жәнібек сұлтан мен Өзбек ханның әйелі Тайдула ханымның мемлекеттік төңкеріс жасауына мүмкіндік берді. Алтын Орда тағына Жәнібек отырды. Ол ағасы Тыныбек пен інісі Қызырбекті өлтіріп, жеке-дара билеушіге айналды. Ол бірден діни-идеологиялық саясатты өзгертіп, Йасауи жолы өкілдерін билік жүйесінен толығымен шеттетті. Асан Қайғының Жәнібектің бұл әрекетіне қарсы шығуы ханды алған бағытынан қайтара алмады. Асан Қайғының Жәнібек ханға арналған толғаулары осы саяси төңкеріске байланысты айтылған болатын. Асан қайғы Жәнібек ханды өз дегеніне көндіре алмаған соң, ақырында «Қош аман бол Жәнібек, Енді мені көрмейсің» деп қоштасып шығып кетеді. Ол жай кеткен жоқ, соңына ерген халықты ерте кетті.