Мұғалімнің кәсіби құзіреттілігі – нәтижелі білім берудің негізі



бет37/48
Дата28.11.2023
өлшемі0,87 Mb.
#130932
1   ...   33   34   35   36   37   38   39   40   ...   48
Байланысты:
2.Мұғалімнің кәсіби құзыреттілігі (Баяндама)

«Технологиялық мәдениет» түсінігі 1995 ж. Москвада «Технология» бағдарламасының проблемалары, перспективалары, жүзеге асыру және ендіру тәжерибесі» тақырыбына өткен 2-ші халықаралық конференция шешімінде пайда болды. Онда «тұлғаны дамытудың негізгі шарттарының бірі ретінде жастардың технологиялық мәдениетінің қажеттілігін бүкіл әлем мойындайды» делінген.
Технологиялық мәдениеттің құрылымы мен мазмұнын анықтауда біз, ол элементтердің динамикалық жиынтығын құрайды деген түсінікті тірек етеміз.
Технологиялық мәдениетті төмендегідей өзара байланыстағы құрылымдық компоненттер арқылы көрсетеміз: эмоционалдық-мотивациялық, мазмұндық, іс-әрекеттік.
Эмоционалдық-мотивациялық компонент тұлғаның түрлендіру әрекеті процесіне қажетті құндылық бағдарының, мотивтерінің, құзырлық іскерлігі мен адамгершілік-ерік қасиеттерінің кешенімен сипатталады.
Мазмұндық компонент тұлғаның түрлендіру әрекетінің әдістері мен тәсілдері туралы ғылыми және технологиялық білімінің жиынтығын құрайды.
Іс-әрекеттік компонент тұлғаның меңгерген білім, іскерлік, дағдысының негізінде алдыға қойған мақсатқа жетудегі әр түрлі технологияларды пайдалану қабілеті ретінде сипатталады. Диссертацияда аталған компоненттерге жан-жақты талдау беріледі және әр компоненттің мән-мағынасы, мазмұндық сипаты мен өзара байланысы ашып көрсетіледі.
Әдетте тұлғаның маңызды көрінісі, кешенді білімнің – технологиялық мәдениеттің компоненті сияқты ұзақ, адамның өмір бойына қалыптасады. Адам балалық шақтан бастап қазіргі қоғамның технологиялық мәдениетінің даму деңгейін көрсететін нақты білімді, іс-әрекет тәсілдерін меңгере бастайды. Технологиялық мәдениетті балалық шақта қалыптастыру айналадағы адамдарға еліктеуге негізделеді. Мектепке келісімен, бала технологиялық мәдениеттің әртүрлі компоненттерін меңгеруде және қолдануда саналы түрде меңгеріп алуды және белсенділікті талап ететін ортаға түседі. Л.С.Выготскийдің мәдени-тарихи теориясына сәйкес адам онтогенезінде сензитивті кезеңдер болады, осы кезеңде баланың бойында белгілі қасиеттерді қалыптастыру қажет етіледі, егер осы кезеңде қажетті қасиеттер мен сананы бала бойында қалыптастырмаса, онда оны соңында қалыптастыру қиынға соғады, кей жағдайда тіпті оны қалыптастыру мүмкін болмайды. Осыған орай мектептегі білім алу кезеңі тұлғаның технологиялық мәдениетінің негізін құрайтын, тұлғаның адамгершілік қасиеттерін, ойлау логикасын, жалпы еңбектегі іскерлігі мен дағдысын дамытуда аса пайдалы кезең болып саналады. Мектеп бітірушінің технологиялық мәдениетінің жоғары деңгейде қалыптасуы мектепте алған білімінің негізіне байланысты деп сенімді түрде айтуға болады.
«Технология» білім беру саласы оқушыларды практикалық оқытудың жаңа сатысы болып табылады. Бұл пән оқушыларды еңбекке оқытудың бұрынғы дамытудағы бағыттарын оқушыларға қоршаған ортаның техника-технологиялық саласы туралы толық мағлұмат беретін интеграцияланған бір моделіне жинақтайды, технологиялық мәдениетті саналы түрде меңгеріп алуға септігін тигізеді.
Соңғы жылдары «Технология» пәні оқушыларға білім беру саласында қазақ халқының сәндік-қолданбалы өнерін меңгерту мәселесіне аса мән беріп отыр. Бұл орынды да, өйткені қазақ халқының сәндік-қолданбалы өнерінің оқушылардың технологиялық мәдениетін қалыптастырудағы мүмкіндіктерді өте жоғары.
«Сәндік-қолданбалы өнер» ұғымы ХХ ғасырдың екінші жартысындағы алпысыншы жылдардың ортасында пайда болды. Бұған дейін ол халықтың қарапайым түсінігінде, «қолөнер» ұғымының аясында қабылданып, пайдаланылып келді. «Сәндік-қолданбалы өнер», «қолөнерінің» өңделіп жетілген формасы іспеттес болғандықтан, екеуін бір-бірінен бөлектеп қарауға болмайды, керісінше, олар бірін-бірі мазмұндық тұрғыда толықтыра түседі. Оны «қол өнер», «сәндік-қолданбалы өнер» ұғымдарына берілген анықтама-түсініктер дәлелдейді. Біз ғылыми еңбектерде осы ұғымдарға берілген анықтамаларды жүйеге келтіреміз және сәндік қолданбалы өнер, өзінің бастауын қолөнерден алады, қолөнер туындыларының ою-өрнекпен әшекейленуі сәндік-қолданбалы өнердің пайда болуына себеп болады, деп ой түйіндейміз. Ғалымдардың (К.Әмірғазин, Е.Асылханов, Қ.Болатбаев, М.Мырзақанов, Ж.Балкенов, С.Жолдасбекова, Ұ.Әбдіғапбарова және т.б.) «сәндік-қолданбалы» өнер түрлері бойынша ұсынған жіктемелеріне де жан-жақты сипаттама беріп топтастырамыз.
Жіктемелердің ішінде біз Ұ.Әбдіғапбарованың жіктемесін толығымен қолдаймыз, өйткені бұл қазақ халқының сәндік-қолданбалы өнерінің атқаратын міндеттерін толығымен ашып көрсетуге, әшекейлік (ою-өрнектік) мазмұнын бір-бірінен ажыратып көрсетуге, өнер түрлеріне қарай сұрыптап пайдалануға, сәндік-қолданбалы өнер түрлерінің кейбіріне толықтырулар ендіруге мүмкіндік береді. Мысалы, зерттеу мақсатына қарай біз Тоқыма өнері, Киіз өнері Кесте және тігін өнері, Ши өнері топтамалары аясын былайша толықтырамыз: кілем (түкті кілем, тақыр кілем, басқұр, желбау, бау; қоржын, аяқ қап); алаша (қақпа, бұхар, кежім, терме); бізбен тоқу (киім, тұтыну бұйымдары); ілмекпен тоқу. Киіз өнері: киіз (ақ киіз, от киіз; текемет (ақ текемет); сырмақ; аяқ қап, қоржын, жайнамаз. Кесте және тігін өнері: киім тігу, тұрмыстық бұйымдар тігу мен кестелеу түрлері. Ұлттық киімдердің түрлері: ұлттық сырт киімдер: (жадағай, шапан, жарғақ шалбар, күпі, сырмалы шапан, тайжағы, тон, ішік, шапан, шидем); сұлықтар: «аба, кебенек, кенеп, сырттық, шекпен); іш киімдер (бешпент, дамбал, жейде, көйлек, камзол, шалбар, жеңсіз); ерлердің бас киімдері (бөрік, далбағай (жалбағай), жекейтымақ, күлапара, қалпақ, құлақшын, малақай, мурақ, тақия, тымақ, шалма); әйелдердің бас киімдері (тақия, бөрік, сәукеле, жаулық, желек, қасаба, кимешек, қарқара). Төсек жабдықтары: көрпе; шымылдық; төсеніш көрпеше; құрақ көрпе; жапқыш; ақ жайма. Ши өнері: орама ши (алаша ши, есік ши, жолым ши және т.б.); ақ ши (өре ши, мал соятын ши, ас шиі, қазақ ши, киіз басатын ши, қабырға ши және т.б.; шым ши (кілем ши, тұс ши және т.б.); шиден жасалатын тұрмыстық заттар (масахана, шыпта, қабырғалық, терезе жапқыш, шәйнек түп, кесе түп, қазан түп және т.б.).
Солардың ішінде «ою-өрнек» ұғымдық мәнін С.Қасиманов, Ұ.Әбдіғапбарова толық ашып көрсетті десе болады. Егер С.Қасиманов: «... «ою» деген сөз бен «өрнек» деген сөздің мағынасы бір. Бұл сөздің ұғымында бір нәрсені ойып, кесіп алып жасау, немесе екі затты оя кесіп қиюластырып жасау, бір нәрсенің бетіне ойып бедер түсіру деген мағына жатады. Қазақ көбінесе бір өрнекке салып қиып алған үлгіні, үлгіге салып кескен сырмақтың қиығын, сондай-ақ барлық қошқар мүйіз өрнектерін де «ою» дейді. Ал «өрнек» дегеніміз әр түрлі ою, бедер, бейненің, күйдіріп, жалатып, бояп, батырып, қалыптап істеген көркемдік түрлердің, әшекейлердің ортақ атауы іспеттес. Сондықтан, көбінесе «ою-өрнек» қосарланып айтыла береді» - десе, Ұ.Әбдіғапбарова: «қазақ ұлттық ою-өрнегі дегеніміз, адам өміріне қажетті заттарды, бұйымдарды, архитектуралық құрылыстарды сәндеуде, халықтың тыныс-тіршілігін, қоршаған ортаға көзқарасын, одан алған эмоционалдық-эстетикалық әсерін және ой-арманын, тілек-мүддесін әсем талғаммен өзара үйлесімділікте бейнелі жеткізуге ықпал ететін нақыштар» - деп ой тұжырымдайды. Екі түсінік те бір-біріне қайшы келмейді, керісінше, бірін-бірі толықтыра түседі, ою-өрнек ұғымынан толық мағлұмат алуға көмектеседі.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   33   34   35   36   37   38   39   40   ...   48




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет