2
Күз келді. Үш күннен бері сілбілеген ақ жауын айықпай тұр. Жайлаудан
қайтып, Шыңғыс асып, қыстау-қыстау үстінде аз ғана аял етіп, пішен
шапқызып болған ел енді күзекке беттеп келе жатқан. Жидебай, Мұсақұл,
Қарауыл, Шүйгін су сияқты пішені шабылып алынған қорықтарда жиі қонып
отырған ауылдар көп. Шыңғыстың ұлан-ұзақ, мол қыстаулы бөктерімен Қыдыр,
Қызылшоқы, Борлы сияқты балақ таулары да, адыр-қатпарлары да ауыл-ауылға
толы еді.
Жұрт жазғы үлкен үйлерді қоймаларға тастап, енді кішілеу-кішілеу
қоңырқай үйлер көтеріскен. Жазғы күндей емес, қазір жылы киімдер киюмен
бірге, баспананы да от жағып, ішіне киіз тұтып, ықшамды қып отыратын болу
керек. Соған ыстан қорықпайтын, киізі бүтін, бірак кішілеу үйлер қажет. Әлі
келгеннің бәрінің істеген шаралары осы.
151
Қазірде күзеуге қарай ауысқан ауылдардың жаздан бөлек тағы бір
өзгешелігі, енді қой сауылмайды. Ересек тартқан қозылар қоралы қоймен бірге
жайылады.
Ат үсті мал қарайтын, сөз бағатын еркектер де бір жаңалық табысты. Суық
түн, лайсаң күнге арнап, саптама, қалын шекпен, елтірі ішіктер киюмен бірге,
меншікті, мінгіш аттарын да ауыстырып келе жатқан. Жаз жайлайтын аттардың
бұл кезде еттері ояздап болған. Енді қыс суығына шейін қоң жиып алсын деп,
оларды біржола қоя беріп, осы Шынғыс асысымен күз мінетін, қыс мінетін құр
аттарды ұстасқан еді.
Шаруаның шағын үйінен бастап, нелер малды, әлді дегендердін бәр-бәрі
осы күндерде қалың майлы құр аттарын салқын-салқын кездерде міне бастады.
Аяңмен жүріп, қызыл май қылмай, жиі-жиі суытып, оқта-текте таң асырып
жүрген.
Бұл уақытта біреуден біреу қызыққан аттарының майын сұрап міну, сатып
алу, айырбас жасау сияқты істер де көп болатын.
«Күз алды-салдысы кеп мазасыз болар-ау!» десе, не «тосын жүріс,
жолаушылар күзі болар» десе, сенімді аттарға қызығу, қолқа салу, әсіресе көп
болатын.
Қазір екінті - ақшам арасында, Қызылшокыдағы Құлыншақ аулына қарай
жауыннан ықтай түсіп, жедел бастырып келе жатқан Майбасар мен Құдайберді
осындай бір ат жайынан туған сырт шаруамен келеді. Қастарында жорға
Жұмабай мен атшабар Жұмағұл бар.
Күздің бұлыңғыр күндегі кеші мезгілді анық болжатпайды. Сондықтан
жарықта барайық деп қатты жүріскен еді.
Құлыншақ аулы он шақты үй. Бүгін осындай Құнанбай жағынан келетін
бір келісті ерекше аңдып күткендей. Ауыл желкесіндегі тақыр кызыл кезеңге
төрт атты қатты желіп шыққанда Құлыншақ төбе басында, «бес қасқа» деген
балаларының ортасында отыр еді. Елең етіп көрді де:
- Әне келе жатыр! Құнанбай кісісінің алды осы! - деді.
- Жүрісі суық екен! - деп, бес қасқанын үлкені Тұрсынбай да көз тікті.
- Жә, енді не отырыс бар? Біреуің тез бар да, Пұшарбайға хабар айт!
Алыска хабар етер жгйым жоқ. Пұшарбай барлық Көтібаққа білдірсін! - деп,
Құлыншақ бастағанда:
- Е, Жігітек, Бөкеншіге де солар жеткізеді.
- Көшіріп алуға жарайтын болса, жетсін тегіс!
- Уәделері шын болса, осы іңірде табылсын! - десіп, Кұлыншақтың
айналасын қоршап отырған Тұрсынбай, Садырбай, Мұңсызбай, Наданбай
сияқты төрт ұлы қостай қоя берді. Бес қасқаның біріне Манас қосылатын. Ол
бәрінен жас. Тегінде Құлыншақтын өз баласы емес, ерте ер жеткен немере, анау
Тұрсынбайдың баласы еді. Манас үлкендердің әмірін күткені болмаса, өзі үн
қатқан жоқ.
Жаңағы бәрінің айтқан бұйрығы соған қарай айтылып еді. Пұшарбай
аулына хабаршыға тез кететін болып, Манас тек қана мына келе жатқан төрт
аттының келісін күтті.
Майбасарлар Құлыншақ үйінің сыртына кеп тоқтағанда төбе басындағылар
да жетіп еді.
152
Екі топ ақырын ғана салқын амандасты.
Бірақ келгендерді тыста бөгемей, Тұрсынбай бастап:
- Үйге жүріңдер! - деді. Тегіс ертіп, үлкен үйге кіргізді.
Сол кезде Манас тыста жалғыз қап, шеткі отаудың тасасында тұрған бөрте
атқа мініп алып, Қарауыл жаққа қарай дүсірлете жөнелді. «Келе жатқан кім
екен?» деп тосып еді, ішінде Майбасардың өзі барын көрген соң, енді
аялдайтын дәнеңе жоқ.
Майбасар бұл үйге ашулы пішінмен кірді. Белін шешпей, көк елтірі
тымақтың бір құлағын жымырайта киіп ап, қамшысын қос бүктеп, мықынына
таянып отырып, Құлыншақтарға ызғарлана қарады. Түсі сұрланып, екі танауы
желбірей түсіп, тентек көздері жиреніш отын шашып отыр.
Отыра бере, Құлыншаққа қадалып:
- Жә, ағайын, бұл қайткенің, атшабарымды неге сабайсың? Теріс болса
арыз айтар жер таппадың ба? Тым құрыса мырзаның алдынан бір өтсең нетті?
Оған да сенбей, оған да жоныңды көрсетейін дедің бе? Жуандығыңды
көрсетейін дегенің бе? Кеше ғана қатарда қолтықта жүрген туысқан емес пе ең?
Жөніңді айт, бетіме айтшы кәне! «Сонысын өз аузынан естіп кел» деп жіберді
мырза. Мына баласы Құдайбердіні әдейі қосып отыр қасыма, - деді. Үй
ортасында бықси жанып тұрған сары қидың отына шырт түкірді де, Майбасар
Құлыншаққа бұрылып алды.
Бес қасқаның төртеуі төмен қарап томсарып, түк естімегендей жым-жырт
отыр. Мұңсызбай мен Наданбай тіпті басылып отырған да жоқ. Анадай жерде,
арқаларын керегеге сүйеп, жүресінен отыр. Жондарын сыртқары қаратып,
тұмсықтарын шекпен күнінің жағасына тығып апты.
Құлыншақ өзінің жер төсегінің үстінде отыр еді. Соның дәл қасында,
төменірек отырған Садырбай ғана Майбасардан көз алмай, суық қарайды.
Құлыншақ азырақ көзін жұмып отырды да:
- Атшабарыңнын сабалғанын айтасың. Жарықтығым Майбасар, басыма
сырық, малыма құрық сілтеген өз қылығыңды, осы Майбасар қылығын сен неге
айтпайсың? Мырза көрсе, әуелі соны неге көрмейді. Сені неге тергемейді? -
деді.
- Теріс жайылма! Теріс көшпе, оңға көш, ақсақал! Мен кінәласқалы,
арылғалы келдім!..
- Теріс көшпе деймісің? Жоқ, мен көшкелі отырмын. Сенен ажырап, ана
жаны ашитын ағайынның ортасына көшкелі отырмын!
Оныңа ырзалығым, рұқсатым жоқ! Көшпесін, кетпесін, ұғысамын
Торғаймен деп, сәлем айтты мырза.
- Сәлемет болсын! Бірак, енді бақыл болсын, мен көшем!
- Неге, не көрінді, ақсақал?! - деп, осы арада Құдайберді сөзге кіріп: -«Бұл
көшу, исі Торғайды маған жат қылам деген көшу ғой. Кінәлассын,
айтысатынын айтсын, тіпті алмағын алсын, олқысын атасын. Бірақ көшуден
тыйылсын, бармасын жауыма!» деді менің әкем, - деп еді.
Майбасар Кұлыншақты тоспай киіп кетті:
- Кінәнді айтшы осы! Атшабарымды сабап отырған өзің емеспісің?
- Мына бес баламның ортасында аяғының желі бар жалғыз-ақ, бөрте ат еді.
Сұрадың, бере алмайтынымды айттым. Ұқсаң не етуші еді? «Ұстап әпкел!» деп,
153
атшабарыңды, итіңді бөрідей қып, ақ, адал малыма шаптыратын не жөнің бар,
Майбасар?
- Атты сұратқан мен емес! Мырза болатын. Мына бала Құдайберді
қызығып көңіл қылған соң: «Ат жалын тартып мінгені осы еді Құдайбердінің,
Құлыншақ бір еркелікке ренжімес, көтерер» деп, мен жібергенім рас.
- Еркелік! Не еткен еркелік?!
- Кірме, құл-құтанға істейтін зорлықтың атын алдарманға келгенде -
«еркелік» қойыпты! - деп, Тұрсынбай, Садырбай екеуі кекетіп қойды.
Бөрте ат жөніндегі дауда екі жақ ұғыспады. Тартыс сөз үзіліп, біраз
тоқырасып қалып еді. Аздан соң Майбасар Құлыншақтың бар Торғай руын
бастап, Жігітек жағына көшемін дегенін мінеді. Соған шабуыл жасай бастады.
Құдайберді екеуін Құнанбай бүгін жібергенде, тапсырған анық сәлемі осы
болатын. Осыдан бес күн бұрын туған бөрте ат жайын, атшабар сабалуын
Майбасар әдейі жолдан қосып отыр. Сол қылмыстарын еске салып, ықтырып
алам дегені еді. Құлыншақтар ол турада өздерін кінәлы деп санар емес. Тіпті
сол жөнде ызалы болғандықтан атшабарды сабап алып, «Енді бізді көшіріп
алсын» деген сәлемді Жігітекке шындап салып отыр. Осы өкпенің сыбысы
бүгін ертемен Құнанбайға жеткен соң, ол өз қолтығынан Торғайдай жақын
руды жіберуді қорлық деп біліп еді.
Бөжей өлген соң жаздан бері екі жақ сыртпен қақтығыспаса да іштен барды
салып, ел тартысып, сілкісіп келе жатқан. Екі жағын бірдей қабындырып,
кернегі алған араздық, енді болымсыз бір ілікке жете бере, астаң-кестен
жарылатын сияқты.
Бөжей барда Тоқпамбеттегі төбелестен ірі жанжал болған емес. Бірақ содан
бері мықтап әзірленіп, Құнанбайға қарсы майдан беруді Жігітек, Көтібак,
Бөкенші боп қатты ойлаушы еді. Бөжей өлді де, тартыс сырттан қарағанда
азырақ іркілгендей болды. Бірақ ол сырттан ғана солай. Шындап ішке келгенде,
Бөжейдің өлімі қайта дерт-жараны тіпті қатты дамытып жіберді. Өлімнің
өзімен де Бөжей Құнанбайға жауығатын жұрттың шебін тұтастырып, бұрауын
қатайтып, шеңберін ширатқан сияқты.
Әсіресе, Бөжейдің үзеңгі жолдастары Байдалы, Байсал, Қаратай, Түсіп,
Сүйіндіктер ерекше сызданып алған.
Сол кезде Құнанбайдың Құлыншақ аулынан атақты «бөрте атты»
сұратқаны тап болды. Құлыншақ атты бермеді. Байсал мен Пұшарбайлар
Құлыншақты оңашада, құпияда көптен шырғалап тартып, жігін босастырып
жүрген. Торғай руына Ырғызбай қандай болса, Көтібақ, Байсалдар да сондай
жақын.
Бөрте атты басқа уақыт болса Құнанбайға Құлыншақ берер еді. Бермеске
шарасы да болмас еді. Ел таразысын жақсы аңғармайтын Майбасар:
- Бермейді деген не сұмдық? Торғайдан алмасақ, қайратымыз қайсы?
Өкпелеп қайда кетуші еді? Кете алатын күші қайсы? - деп, өз-өзінен шабынып
кеп жақында бір содырлық істеді. Жаңағы әңгіме соның арты.
Енді, міне, өкпенің бетін біржолата ашып ап, айқын түзеп алған Торғай,
бұлардан кетпегін де айтып отыр.
Майбасар көшуден тоқтатам деп әр түрлі сөз айтты. Құлыншақ көбінше
жауап бермей, құр үндемей тартынуға түсіп еді. Жарытымды жауап
154
алмағанына ыза болған Майбасар, енді, Құлыншақтарды бұрынғы кеудеге
салып қоркытып, ығырып жібермек болды.
- Уа, Құлыншақ ақсақал, көшпесін деген мырзаңның сәлемін айттым.
Көшпе деп өзім айтып отырмын. Жете айттым, арыла айттым. Енді көшпейім
деген сертіңді бер, қысқасы! Соныңды естимін де, жүремін! - дегенде
Құлыншақ қатуланып, жалт қарап:
- Ендеше, менің де сөзім қысқа, Майбасар. Тойдым, болдым! Көшемін! -
деп, бір-ақ кесті.
Үй іші бұл сөздің тұсында тегіс ажырайысып, аңтарыла қарасып қап еді.
Майбасар қатты ажарға мініп, қамшысының сабымен сырмақты соққылап
отырып:
- Құтыртып отыр ғой! Барарың кім, білемін! «Пана болуға жараймын,
жасқанба» деп отыр ғой! Бірақ, алып көрсін іргемнен кеп! Қойны-қолтығы кең
неме екен ғой Байдалы, Байсал. Ендеше көк тұқылды, мұздай сүңгіні сол
мырзалардың өз етіне қадармын! - деп, қалшылдап кетті. Көздерінен от шашып,
ойнақшыта қарап: - Кешегі Тоқпамбеттегідей қондарын түріп қойып,
жалаңаштап тұрып, сазайын беремін! - деді.
Бес қасқаның ең ызақор, оттысы Садырбай еді. Ол ырғала түсіп, қатты
демікті де:
- Қой, шырақ, қой мырза сол бәледен абырой тапқаны аз еді ғой, атамай-ақ
қойсаңшы! - деді.
Дәл осы кезде қасында екі жігіті бар Пұшарбай кеп кірді.
Бұл Пұшарбай былтыр Тоқпамбетте Бөжейге ара түсем деп, Құнанбайдан
таяқ жеген. Бірақ Байсал мен бар Көтібақтың Жігітек жағына шығуына себеп
болған Пұшарбай. Қалың қоңыр сақалды, мол денелі Пұшарбай ол ызасын
ұмытпаған болатын.
Осы Пұшарбайлар үйге кеп кірісімен, бес қасқаның бәрі де тегіс
қозғалақтап, әлденеге әзірленгендей, қомданып қалысты. Тыста да бөгде
кісілердің тықыры білінген сияқты. Жорға Жұмабай ішінен:
«Бұ не қылған жүріс? Әлпеттері қалай еді?» - деп, Майбасарға қарай беріп
еді.
Сырттан бір қатты зілді дауыс:
- Уа, үйде кім бар! - деді.
Пұшарбай соған елең етіп, саңқ етіп дауыстап:
- Уа, мен бар! - деді.
Сүйткенде, есіктен Манас бастаған он шақты жігіт асыға-асыға кіріп келді
де, төрге қарай тап берді. Бағанадан осы сәтті күткен Садырбай, Мұңсызбайлар
және Пұшарбай да Майбасарға тап берді.
Майбасар:
- Тарт! - деп, ақырып қап, отырған бойда қамшы сілтей беріп еді, Садырбай
бас салып, шалқасынан түсірді де, тізерлеп алды.
Қалған үшеуін өзгелер де бүктей түсті. Атшабар емес сұмдық үлкені енді
келді.
Пұшарбай, Садырбай, Мұнсызбайлар боп, Майбасарға мықтап дүре соқты.
Өзге жолдастары да соны көре бастап еді. Жалғыз Құдайбердіні ғана Құлыншақ
155
қорғап қап, өз қасына сүйреп ап, басын етегімен жауып, ұрғызбады.
Майбасарды үнсіз сабап жүрген Садырбайлар бір уақытта:
- Тысқа алып шық! Жүр, алып шық! - деп, тысқа сүйреп шығарды.
Сол уақытта Садырбай айғайлап:
- Бұл жаңа «қондарынды түріп қойып сорлатам», деп серт берген. Байдалы,
Байсалға соны істемек болған. Ал мұныкі сөз еді. Кел, біздікі іс болсын! Шеш,
сыпыр киімін! - деп, тап берді де, Майбасардын етік шалбарын түгел сыпырып,
тырдай жалаңаштап алды. Содан соң сыртынан қойып жіберіп, етпетінен
түсіріп, басып жатып:
- Сен не қылмадың осы? Неден астың әлі осы? - деді түйгілеп отырып. -
Масқара кып, қор еткенде, былай етейін мен сені! - деп, Майбасарды етпетінен
тізерлеп салды да, - көк сүңгі деп ең ғой! Мә, көк сүңгі! - деп Майбасардың
жалаңаштанып тұрған кұйрығының арасына түйенің қатқан құмалағын
батырып-батырып жіберді.
- Намысың болса, өл осы қорлықтан, өл осы мазақтан! - деп теуіп қалды.
Құнанбайдың інісі мен баласын осылайша қорлап, сабаған Құлыншақ
ауылы, дәл осы түнде үйлерін жығып, көше жөнелді. Бағана кештен берлі
Манас арқылы хабарланған қалың Жігітек, Көтібак, бұл ауылдың көші жөнелер
кезде, лек-лек болып кеп, қаумалап, қошеметтеп алып кетті. Сол түнде Қарауыл
суының ар жағына шығарып, өздерінің тобына Торғайдың талай аулын қосып
ап еді.
Майбасарларды тек көш жөнеліп, ұзап кеткен соң ғана босатқан. Олар
аттарын күн шыға тауып, Құнанбай алдына - Жидебайға түске жақын ғана
жетті. Құнанбайдың бар ауылдары Жидебайда болатын. Айналасы он
шақырымдай Шиқорықта: Ырғызбай, Топай, Жуантаяқ, Қарабатырдың да
қалың ауылдары иін тіресе отырған.
«Майбасар мен Құдайбердіні Жігітек сабапты. Құлыншақ аулын
зорлықпен тартып, көшіріп әкетіпті» деген хабар бұл елдерге лезде тарады.
Кұнанбайдың тығыз берген бұйрығы бойынша, бір шай қайнатым арасында,
жүз елудей жігіт атқа мінді. Қол басы - Ызғұтты, Жақып және Құнанбайдың өзі.
Жігітектің көш-коңынан хабар алып отырған Құнанбай, дәл түс кезінде
мынау әзір тұрған қолға бұйрық етті. Тегіс атқа қондырып:
- Шапқан жақсы болса, тартып алған жол болса, көзі көрсін! Шап! Шауып,
тиіп алып келіңдер анау кетіп бара жатқан Жігітек көшін! - деді. Қалың қолын
Мұсақұл жаққа қиыс өтіп бара жатқан бір үлкен көшке қарай қаптатып жіберді.
Тұтқиылдан тиіскен қол бұл көш кімнің көші екенін аңғармаған. Құнанбай
да ашумен алды-артын ескермепті. «Әйтеуір Жігітек көші болса, болды!» деген.
Көш Жігітектікі екені рас болды. Бірақ соның ішіндегі қаралы көш Бөжей
көші боп шықты.
Құнанбай қолды қаптатып жіберіп, өзі артта калған. Жасанып шапқан қол
көштегі еркектерді сойылдап, бықпырт тигендей қып, қашырып тоздырды да,
жылқы, сиыр атаулыны тиіп алды. Бірақ дәл көштің өзін ұстап, бұрып әкетпек
боп келгенде, Бөжей көші екенін танып, қолдың алдыңғы жағында келе жатқан
Ызғұтты мен Жақып тайқып кетті. Өзге жігіттерін де тигізбеді. Тұл атты
жетектеген қос қыз мізбақпай дауыс айтып тарта берді. Бөжейдің бәйбішесі
ғана атының басын іркін, түйелерін тоқтатып тұрып:
156
- Уай, қара бет! Көрінде өкір шетіңнен, қаралы көшке шапқан қара бет! -
деді.
Бәжей көші екенін Құнанбай білісімен:
- Ендеше көшті шаппаңдар! Бірақ сол тұрған жерге қонсын, ілгері
баспасын! - деді.
Бөжей көші іркіліп иірілді де, Мұсақұлға қонып қалды. Құнанбай қолы
қайта серпілді.
«Бөжейдің қаралы көшіне шауыпты! Өлі аруақты да қорлапты!» деген
хабар осы күні ана жақтың барлық ауылдарына тарады. Көштен бастап, түн
бойы барлық еркек кіндікті аспап сайлап, атқа қонды. Жасақтың жиылатын
ортасы Мұсақүл, дәл сол Бөжей аулының үсті, Құнанбайға қарсы белдесуге
шыдап, қол жиғызып отырған Байдалы, Байсал болды.
Осы түнде Құнанбай қолы да дамылсыз ағылып кеп, Жидебайға жиылып
жатты. Мұсақұл, Жидебай арасы үш-ақ шақырым. Осы екі қорық үлкен
майданның орны болуға айналды. Кұнанбай жақын маңдағы рулардан басқа,
Қыдыр мен Шұнай, Доғалаң сияқты тауларды мекен еткен Тоғалақ, Әнет,
Бәкенді де шақыртып, қос-қос атпен шапқыншылар ұшыртқан.
Байдалы, Байсал болса: Жігітек, Көтібак, Бөкеншіні түгел атқа мінгізумен
қабат, Қаратайдың елі Көкшеге де, одан арғы бір қалың ру - Мырза, Мамайға
кісі шаптырған. Жасағына бұл шакырғаны Тобықты ішінде алыстап барып
туысатын ағайын. Тобықтыдан бірер ата бері «Қоңыр» деген шеше ұранын
шақырғанда барып, мыналармен туысушы еді.
Байдалының бір қамы осы болса, екінші үлкен ісі дәл осы түнде Түсіпті
Қарқаралыға жөнелту болды. Қасына бес жігіт қосып, қалталарына қалыңдап
ақша салды. Қос-қосардан сәйгүліктер жетектеп, әсіресе өз руларының мөр иесі
адамдарына мөрлерін бастырып, отыздан аса «пірғауар» жасатып, Құнанбай
үстінен мықты шағым сайлатып берді.
Осының бәрін тығыз әзірлетіп, Құнанбайды: «Ел бүлдірді, қаралы көшті
шапты. Тобықтыны калың соғыс қырғынға салып отыр!» дегізіп кезеп берді де,
Түсіпті жедел жөнелтті.
Байдалы міндеті енді не де болса, қайыспай қасарысу, қайтпай соғысу.
Таң атысымен Құнанбайдың Жидебайға жиылған қалың қолы атой беріп,
жүйткіп жосып, шандата шапты. Бұл колдың молдығы ерсі екен.
Байдалы, Байсал, Сүйіндіктер де аттарына лезде мініп, өз қолдарына ұран
салды.
Бұл жақ та қамсыз емес. Ат белдеуде, сойыл, шоқпар әзір болатын.
Кұнанбай қолына қарсы бұлар да жасқанбай, таймай шапты.
Екі жақ шаңдатып шулап, сойыл, найзаларын зор айдынмен көтерісіп,
бетпе-бет шабысып келді де, жапыр-жұпыр бір-бір араласып, шарт-шұрт
ұрысып өтті.
«Мұсақұл соғысы» деп ат алып, кейін Тобықтының талай заман есінен
кетпейтін осы соғыс екі жақтан ең кемінде мың-мыңнан әскер шығарды. Кісіге
ден болмаған Құнанбай жағы талай рет қаптаса да тойтарылып қайта қайтып
тұр. Әрбір шабуылдаған қақтығыста оннан, бестен құлап түскен жаралыларды
екі жақ жиып әкетіседі.
157
Алғашкы күн көп қаржасса да, жеңісе алмаған қолдар кешке жақын кейін-
кейін шегіністі.
Келесі күні, тағы осындай, бірін-бірі қашыра алмаған, жеңісе алмаған
шарпысумен өтті.
Көптен бүйтіп насырға шауып көрмеген үлкен жойқын соғыс, үшінші
күнге қарай кетіп еді. Дәл осы күннің түс кезінде Құнанбай жүз елудей атпал
азаматқа ең жүйрік аттарды мінгізіп, қолдарына, тегіс сойылдарын тастатып,
айбалта, найза бергізді. Екі күндей жеңгізбеген Жігітекке қаны қайнап, өшігіп
өршеленіп алған. Енді қан шығара соқтықпақ болды. Қолы қатты, кегі күшті
Құнанбай жеңгенде осымен жеңбек.
Әуелі сойыл, шоқпарлы кісілерін күндегідей жіберіп, әдейі қаша ұрыс
салдырып тұрды. Ана жақтың өлермендерін екілендіріп, қоздырып алмақ.
Айтқандай, Жігітек, Көтібақпен екшеліп шығып, екпіндей қуатын айнымас
топтар айқынданып қалды. Оның басы Балағаз, Құлыншақтың «бес қасқасы».
Көтібақтан Пұшарбай, Қареке дегендер. Осылар бір рет Құнанбай тұрған төбеге
таман аса басымдап етпет-теп келген кезде бағанадан тасада ұстап тұрған ірікті
тобын Құнанбай қаптатып кеп қосып жіберді. Өзі де шауып еді.
Айбалталы, найзалы топтың басы ер Ызғұтты болатын. Бұлар араласты да,
Жігітек жағын еріксіз қашырып, бастыра жөнелді. Қуа соғысқанда он шақты
жігітті шаншып түсірді. Ызғұтты өз қолындағы айбалтамен Пұшарбайды кезей
қуып еді. Арадан қорғамақ болған Қареке кеп киліккенде, Ызғұтты соны
құлаштап кеп, бастан шапты. Жасқанып қалған Қарекенің дәл басына айбалта
тимеді, бірақ мұрнын шауып түсті. Омырауының бәрін ағыл-тегіл қан жапқан
Қареке Пұшарбайдың көз алдында шауып келе жатып, жұмарлана кұлады.
Жігітектер құтқара да алмады. Жасқанып қаша берді. Жау қаштының алды осы.
Құнанбай енді бастырып омыраулап, «Бар Жігітек қолын қашырамын» деп,
екпіндеп келе жатыр.
Бірақ дәл осы кезде Жігітек қолының арт жағындағы Ақадыр жақтан қалың
будақ шаң шықты. Шаң ғана емес, адырдың құлай берісінен селдей қаптап,
жосытып келе жатқан қалың қол екен.
Алдында «Жігітек Қоңырға кісі шаптырыпты. Мамай көп жасағымен
келеді деп дәмеленіп тұр!» деген сыбысты Құнанбай жағы бір жансыздан
есіткен-ді. Мамай келсе, Жігітек жағы басымдап кеткелі тұр. Бүгінгі күннің
үлкен қаупы сол. Жаңа ғана Құнанбай айласы іске асып, жауды жыпыра
бергенде, мына Мамайдың қолы көрініп қалғаны қуғыншылардың жүрегін
қатты шайлықтырды. Ызғұттылар еріксіз іркіліп тартына берді. Үйткені анау
таудан ағылған нөпірдің сан мөлшері де бір бес жүзден кем емес.
Құнанбай қолы тоқтап қалды. Тоқтасымен кейін сырги берді. Бірақ бұған
орай, Жігітек те өршеленіп қайта құмады.
Қызып соғысатын кезде екі жақ жай ғана айрылысты. Құнанбай бұл күні
қатты алданғанын білген жоқ. Білсе, ол жаңағы қаптаған бетінде Жігітекті
жеңетін еді.
Үшінші күнгі соғыста, Құнанбай тәсіл ойлаған кезде, Байдалы да бір есеп
тапқан. Осы үшінші күнді ол да жеңіс күніне айналдырам деп ойлаған.
Сонымен, бір жактан «Қоңыр келеді!» деген дақбыртты таратып жатып,
екіншіден, өздерінің жақын ауылдарының барлык түйесін жиғызып ап, қырғын
158
соғыс үстінде, Ақадырдан қатты қудырып, құлата айдатқап болатын. Жаңағы
Құнанбай жағын тайсалдырған қалың сел, қол емес, сол түйелер екен.
Оны білген Құнанбай жоқ. Қатты шабуылдан Құнанбайлардың өздері
іркіліп қайтқан соң, оларды қайта қууға Жігітек қолында найза, айбалта аз
болған соң, Байдалы өз кісілерін арандатпады.
Сонымен, үшінші күннің кешінде «Мұсақұл соғысы» аяқталды. Аяқтағанда,
Құнанбай жеңе алмай, Жігітек болса қарсыласуға, белдесуге әбден жарайтынын
көрсетіп аяқтады. Қол кимылы үнемі ем болмайтыны көрінді. Қарсысына
шыққан елдің мықты шебінен Құнанбайдың жүрегі шайлығып қалды.
Жұлыскан майдан тарқады. Бірак, екі жақтын да гуілдеген сөздер,
дақпырт-лақабы, қызу кеңес, ұзақ әңгімелері «лау-лау» етіп, атраптың
баршасына тарап жатты.
Дәл соғыстың басшылары - Жігітек пен Құнанбай жағын алғанда
Байдалылар басымдай сөйлеп, шоқтықтанып қалғандай. Құнанбай айналасы
көбінше үнсіз. Суық ашумен томсарып, томырылған тәрізді. Осының өзі де бұл
жақтың ойдағысы болмағанына айғақ.
Ендігі істің айласы не? Тулап шығып, шаншып алысқан елді қалай
бағындырмақ керек? Құнанбай осы ойлардың соңында.
Арада он күн өтті. Қимылсыз, қарекетсіз жым-жырт он күн. Ана жақ:
«Құнанбайдың тауы шағылды, тауаны қайтты» деп, масайрап, жамырасып
жатыр. Бір-біріне қонаққа барысу, «ақсарбас, көкқасқа» айтысып баталасу,
тамырласып достасу көп. Тіпті осы қосылысқан қуаныш үстінде, біреумен біреу
құда болысу да көбейе бастаған.
Жігітек жағының бұл қуанышы текке кетпеді. Түсіптін кеткеніне оныншы
күн болды дегенде, Тобықты ішіне, дәл Құнанбай аулына Қаркаралыдан он бес
қазақ-орыс кеп түсті. Солар Құнанбай аулына келгенде, Түсіп те Жігітек ішіне
жетті. Ап-анық, соның арызымен Құнанбайды тергеуге шыққан ұлык,
жаңағыдай қарулы қолмен кепті.
Келген әскердің басы Чернов деген шенеунік. Қарқаралыдағы Майырдың
тапсыруы бойынша, көрпістен келген осы шенеунік өзі шығыпты.
Ұлыққа арнап Жидебай, Мұсақұлдың екі арасына он шақты үй тігілді.
Сол ұлық үш күн жатып тергеу жүргізді. Келген беттен-ақ сұғын қадағаны
Құнанбай. Ашып айтпаса да, бұның ажары Құнанбайды аға сұлтан деп
қарамайды. Енді тергелуші айыпкер деп бағалағандай. Ыңғай солай екенін
ұққан соң, Жігітек, Бөкенші, Борсақ, Көтібақ баршасы да Құнанбай үстінен
шағым айта бастады.
«Еруліге қарулы» етіп, Құнанбай жағы да, анау елдердің басты адамдарын
кінәлап: «Кісі өлтірді! Ауыл шапты, жер өртеді, буаз қатынның баласын
түсірді!» деп, неше алуан ойдан шығарған сұмдық жалаларды жауып жатты.
«Сол тентектермен алысқан Құнанбай ондайлық бүлік елдер кезінде қылмысты
атанды, жау атанды» деп, Құнанбайды қиялап кеп ақтап жатты.
Ұлық бұл арада байлау жасаған жок. Екі жақтың арыздарын тыңдап, тізіп
алды да, үшінші күн кешке Құнанбайға:
- Қарқаралыға бізбен бірге ертең ерте жүресің, қамдан, - деді.
Бұл анық жаман белгі. Құнанбай ұлықтан қайтысымен, осы түнде өзіне
тән жақыннан он кісі шақырып, кеңес құрды.
159
Бұл жиында Ызғұтты, Жақып, Майбасар сияқты үлкендер және баладан
Құдайберді, Абай бар.
Кеңесті Құнанбай өзі жетелеп, алда тұрған үлкен қауыпты айтты. Бірен-
саран, Ырсай сияқты босаң қарттар жылайын деп еді, Құнанбай зекіп:
-Көрсетпе, түге, көз жасыңды! Қолыңнан келер болса, ақыл қос! Көмек айт!
- деді.
Бұл жиында шешендік сап, келелі сөз сөйлейтін орын жоқ. Тек байлау
айтып, іс қамын ойлау қажет.
Соның өзінде де мынау өңшең тоғышар, боркемік ағайын жол нұсқап, жөн
көрсете алмай іркіліп отыр. Көбінің осындай аңғарын таныған Құнанбай еңдігі
ақылды өзі айтып:
- Іс ұлықтың тергеуіне кетеді. Ендігі бәле қағазда. Қағаз деген абырой, атақ,
бақ, беделге қарай ма? Шамаларың келсе, ана жақтың арызын тый. Барды
салып соны тоқтатып көріңдер. Артымнан арыз бармасын! - деді.
Мұның айласы не болатынын да мынау бұйығы көп бала ағайын таба
алатын емес. Шешілген кісі шыға алмады.
Абай әке қасындағы бұл топтың қысталанда соншалық татымсыз екенін
дәл осы кеште анық көрді.
Ақыл айтып, мәслихат беруден бұрын тартынып келсе де, қазір Абай
ойындағысын айтпақ болды.
- Арыз бармас үшін, жауығып отырған ағайынның көңілін табу керек қой!
Құнанбай бұған суық қарады, жақтырмады.
- Аяғына жығыл деймісің?
- Жоқ. Бірақ алғанды қайта орайлап, есесін түгендеу керек. Сонымен
көңілін тауып тоқтатпаса, арызды тоқтатар басқа шара жоқ!
Құнанбай мұның сөзінің төркінін ұқты да, өзгелер не дер екен дегендей,
үндемей тосып қалды.
Абай ақылы басқаларға да қонғандай болды. Бәрі де күмілжіп, жағалатып
сөйлеп отырып, осыған соға берді.
Анықтап айтқан Ызғұтты ғана:
- Жігітектің де, Бөкенші, Көтібақтың да өксігі жер ғой. Қыстау ғой. Сол
жөнде еселесі тоқтау тауып көреміз де, қайтеміз!
Таратып, көп айтуға келетін сөз емес, бастан-аяқ мәнін ойласа, бұл өзі
Жігітектен кешірім сұраған сөз.
Қысқасы, соған барды беріп, жалыну деген сөз. Құнанбай қорланып, күйіп
отырса да, осыған көнетін болды.
- Жермен, малмен тынатын көңілі болса, жесін де тынсын! Қор қылып,
итшілеген өмір ғой! - деп, тоқырап қалды.
Осымен көпті таратып жіберді де, Жақып пен Майбасар, Ызғұттыны ғана
оңаша алып қалып, ендігі дәнекер болатын кісілерді айтты.
Жауға жалынбақ оңай емес, Байдалының өздеріне тура бара ма? Ол
кішірейген үстіне, ерекше бататын қорлық. Бірақ мынау ақыл таппас ағайын
соған да барып қалуға болады.
Сол жағын ескерген Құнанбай араға түсетін кісілерді атап берді... Бұның
бірі - Тоғалақ ішіндегі мықты жас Байғұлақ. Екіншісі - Құнанбайға араз болса
160
да, кеше Жігітектің жасағына келмей қалған Көкше - Қаратай. Ара ағайын деп
осы екеуін алу керек. Байдалыға соларды салу қажет. Байлау осы болды.
Тегінде бұл екеуінің қиыны Қаратай еді. Оның Құнанбайға дос боп жүріп,
қатты өкпелеп кеткені бар. Сол Қаратайға айт деп, Құнанбай бір сәлем жолдады.
Сәлемі:
- Өлмесек әлі талай көрісерміз. Тіріге тірінің ісі түсетін күндер болар.
Көрісуге күн жақсы болсын! Айтарым сол-ақ, - деген.
Келесі күн Құнанбай ауыл, ауданымен, бала-шағаларымен үндемей көрісті
де, ұлықтарға еріп, атқа мінді. Қасына ерткен бес жігіті бар. Соның ішіндегі ең
сенімдісі Мырзахан. Бұл бала күннен Құнанбайдың жігіті боп, қабысып кеткен
адам. Аянар жаны жоқ. Тұқымы Ескене деген алыс ру болса да, қысталаңда
Құнанбайдың анық сенетін жігіті осы.
Құнанбай ел ішінен жүріп кетті. Ұлықтар да тегіс кетті. Бірак, кешегі осы
елдің ұлығы болған аға сұлтанға енді не істейтінін айтпай кетті. Түсіре ме, тіпті
орнында қалдыра ма? Онысын да сездірген жоқ. Байдалылар барын салып, тым
кұрса осы жағын білмек еді.
Бірак, әйтеуір, кеше ел шауып ығыр қып отырған Құнанбай өз
ықтиярынсыз дуанға шақыртылып кетіп отыр. Соғысқан, белдескен күнінде
жеңе алмай қалғаны тағы бар.
Осының өзі де Жігітек, Бөкеншіні қатты қуантқан. Қазіргі күндер - ол
рулардың үсті наурыз күніндей мәра-сәра. Айтшыласқан елдей ойнақ салу,
бала-шаға емес, үлкендердің өздеріне де пайда болды.
Бірлесіп қарсылық көрсеткен үш ру ел біржолата қойындасып, құшақтаса
араласып жатыр.
Осымен қатар: «Құнанбайды елге қайтартпаймыз, айдатамыз, үстінен
арызды айдап, су түбіне біржолата кетіреміз, Бөжей кегін аламыз! Өлі аруақ
қарғысын мұның басына жеткіземіз!» деген ызғар, қайрат та күшті. Арыз,
піргауарларын қамдатып, тағы сол Түсіпті жөнелтпек болысып та жатқан.
Бірақ осы кезде Қаратай, Байғұлақ кеп килікті. Арлы-берлі көп ырғап, көп
қажап кеп, арыз дегенді тоқтаттыратын болды.
Жігітек сөзінің иесі Байдалы еді.
Қаратай соған ауыр салмақ салып, асылып кеп:
- Тынбаймын дегенді мақұлдамаймыз. Ара ағайын біз келіп отырмыз. Бұл
тынымсыздық Құнанбайды өкіндіріп отыр, әнекей! Одан жер ал! Есесі кетіп
ойсырап қалған елдеріңнің қызылын толтыр! - деген.
Осы сөздер екі-үш күнге созылып, көп ырғаққа түсіп жүрді де, ақыры сол
Қаратайдың дегені болды.
Байдалы, бірақ жер жағынан ойдағысын бұйырды. Құнанбайдың он жыл
бойында, тірнектеп жүріп тартып алған жерлерінен дәл он бес қыстау қайтып
алды. Жігітек, Көтібақ, Бөкенші, Торғай - бәрі де, әлденеше қоныс,
қыстаулардан алысты. Алғанмен, сол төрт рудың ру басылары және малды,
жуан ауылдары алатын қыстаулар боп шықты. «Көптің дерті, көптің жоғы»
деген «мұңның» бәрі, тоқырау жерде сол Байдалы, Байсал, Сүйіндіктердің
өздерінің қыстау басуымен аяқталған. Оған орай көпті малмен, сойыспен, ат
майы және тайынша-торпақ, соғыммен ырзалаған болысты. Бұл ретте берілетін
мал-мүлікті Ырғызбай түгел бөлісіп көтерген.
161
Құнанбай кеткен соң он шақты күн өткенде, бұндағы елдің арасы осылай
боп, өзінше тыныштана бастады да, арттан қуа кеткен арыз болмады. Қыстау
алып, мал алған ру басылар енді елдеріне осы жеңістерінің өзін де қуаныш деп
қайта таратты, мол таратты. Арада тағы да әлденеше көкқасқа айтып, күндіз-
түн кәл-көсір қып мал сойып, қалжыңға, күлкі айғайға, ән, жырға бөленіп, ұзақ
қызық көріп жатты.
Достарыңызбен бөлісу: |