МҰхтар әуезов абай роман-эпопея (бірінші кітап)



Pdf көрінісі
бет10/21
Дата07.02.2017
өлшемі2,25 Mb.
#3576
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   21

 
Абайлар  Қарашоқыға  түс  ауа  жетті.  Күнкенің  үлкен  үйінде  мол  жиын  бар 
екен. Кермеде күміс ертоқымды көп аттар тұр. 
Қарабас  Абайға  бұл  жиынның  алыс  ел  емес,  осы  маңның  өз  адамдары 
екенін айтты. Аттарынан таныған. 
- Жуантаяқ,  Топай,  Ырғызбай  ішінің  кісілері.  Күндегі  жиын  ғой.  Бірақ, 
мынау  жүруге  қамдалып,  жаңа  ерттелген  аттар  ғой.  Түстікті  жеп  қойған  екен, 
құр қаппыз! - деді. 
Абай  сәлем  беріп  үйге  кіргенде  кең  үйдің  іші  лық  толған  кісі  екен.  Биік 
төсектің  алдында  бар  жиыннан  иығы  асып,  ақ  көйлегінің  омырауын  ашып 
тастап, төс жүнін көрсетіңкіреп әкесі отыр. 
Тарқауға  айналып,  киініп  алған  үлкендер  дәл  кетер  жерде  қымыз  ішіп, 
Құнанбайдың  соңғы  сөздерін  тыңдап  отыр.  Бір  тізелеп  жүгініп,  тымақтарын 
киіп отырған кісілер де бар. 
Үйдегілер Абайдың сәлемін алғанмен амандық сұрасқан жоқ. Төсектің аяқ 
жағын  ала,  жорға  Жұмабайға  қымыз  сапыртып,  құйғызып  Күнке  отыр.  Абай 
соның қасына кеп отыра бере әкесінің соңғы сөздерін есітті. 
- ...Қыбыр-жыбыр  бар,  білемін.  Бірақ  «онымыз  жоқ»  деседі  екен  ғой.  Ал, 
сенейін.  Сенемін  деп,  жаза  шексем  де  сенемін!  -  деп  сұрлана  түсіп,  зілденіп,  - 
құлақпен  есіткеннің  бәрін  бекер  дейін,  көзбен  көргенді  ғана  шын  дейін.  Көзім 
көргенше  шыдайын.  Мен  деген  дос!  -  деп,  Құнанбай  жалғыз  көзімен  қадала 
қарап,  төрден  босағаға  шейін  бір  шолып  шықты.  Содан  қайта  төрге  өрлеп,  дәл 

 
118 
қасында  отырған  Жуантаяқ  Топайдың  қартаң  адамдарына  көз  қадап  отырып,  - 
мен деген дос, мен шыдағанша сен де шыда! Тек жалғыз-ақ мен қозданған күні 
«бірге  қозданам»  деп  шыда!  Соны  істесең,  құдай  ырза,  мен  ырза.  Әзірге  менің 
қолқа, тілегім осы-ақ! - деп, тоқтап қалды. «Жүрушілерге рұқсат» деген сияқты 
қып тұжырып еді. 
Бар жиын, төрден босағаға шейін құп-құптап: 
- Дегенің болсын! 
- Айтканың болсын! 
- Серт уәдеміз айтылды ғой! 
- Тұр  дегеніңе  тұрамыз!  -  десіп,  жапыр-жұпыр  қостап  қалды.  Абай  өз 
ішінен: 
«Баталасу  сияқты-ау!  Бір  нәрсеге  ел  қамдап, серттесу  үшін  шақырған-ау!» 
деп ойлап, жаңағы «дос» деген сөзді есіне алды. 
Бірақ  төрден  босағаға  шейін  бұ  да  қарап  етіп,  бір  нәрсеге  іштей  ойланып 
қалды. 
Мынау  «дос»  деп  әке  атаған  кісілері  бұрын  Абай  аз  білетін,  немесе,  тіпті 
танымайтын кісілер. Бұрын мұндай жиын ортасында «дос» деген атпен Байсал, 
Қаратай, Бөжей, Сүйіндік, Түсіп сияқты кісілер отырушы еді. 
...Бүгін  оның  бірі  жоқ.  Анада  өзі  барған  Құлыншақ  та  жоқ.  Басқаша  бір 
екшеу  ғой.  Олардың  үстіне  тағы  да  мол  дос  жию  ма?  Болмаса,  тіпті  соларды 
екшеп тастаған ба? Әлде дүмбілез бірдеңелер бар ма?.. 
Абай  Қаркаралыдан  қайтқалы  ел  іші  қыстыгүні  татулықпен,  Кәмшатты 
жылатып  берумен  «бітті,  тынды»  деп  білетін.  Содан  кейін  үлкен  сыбыс  та 
шыққан емес. Ішінара не күңкіл барын сұрастырған да емес-ті. 
Қонақтың  көбі  жүріп  кетіп,  екі-үш  ақсақалды  ғана  Құнанбай  қоналқаға 
ұстап қалды. Көпшілік кетсе де әкесі толық босамады. 
Абай өзінің Сүйіндікке барған жұмысын көпке шейін айта да алмады. 
Ақыры  бір  әредігін  тауып,  әкесімен  сөйлесіп,  міндетін  ада  қылды.  Енді 
бүгін  мұнда  қонбай  Жидебайға  қайтсам  деп  ойлап  еді.  Әкесіне  сол  ниетін 
айтқанда Құнанбай: 
- Немене  бұ,  қуыршақ  ойнайтын  қыз  ба  едің  сен,  шешеңнің  қасынан 
шықпайтын?  Менің  қасымнан  сол  қатындардың  қасы  артық  болды  ма?  Мұнда 
болсаң ел көресін, сөз ұғасын, тәлім-тәрбие аласын. Онда не табасын? - деді. 
Абайға  бұл  сөздер  оншалық  даусыз  хақиқат  болып  танылған  жоқ.  Ішінен: 
«Сіз  ата  болсаңыз  ол,  -  ана.  Бала,  ата-ананың  тағылымын  бірдей  алып  өседі» 
деп ойлады. 
Бірақ әкесіне тура жауап айтқан жоқ. 
- Үйде  қаршыға  бар  еді,  биыл  құс  мол  екен.  Жидебайға  барып  азырақ 
қаршыға салайын деп ем, - деді. 
Құнанбай бұл жеріне дауласқан жоқ, түсінді. Бірақ: 
- Тағы  бірер  күн  аял  қыл.  Ертеңдер  сені  Байдалыға  жіберіп  алғалы 
отырмын. Содан әрі қайтарсың, - деді. 
Абай амалсыз көнді. 
Байдалы Абайдың көп сөйлеспеген кісісі. Кешелер ол да Құнанбаймен араз 
кісінің бірі еді. Енді соған жібермек. 

 
119 
Әуелі  Құлыншаққа  жіберді.  Ол  Құнанбайға  өкпелі.  Сүйіндік  болса,  ол  да 
бұрыннан ренішті адам. Кеше түні бойғы әңгімеде  Абай өз әкесі  туралы үлкен 
кісілердің аузынан ең алғаш сын сөздерін есітті. Ол әңгімелердің ішінде талай-
талай мәндер жатыр. Сүйіндік те Құлыншақтай өкпелі адам. Ал енді міне, тіпті 
Бөжеймен  тізе  қосып,  әрдайым  жаулықты  мықты  ұстап  жүрген  Байдалыға 
жібермек.  Оның  Құнанбайға  қарсы  араздығы  қатты  бекіп  қалған  тоң  сияқты 
емес пе еді? Көңілі жібіді ме, қабағы жадырады ма? Абай білмейді. 
Енді  соған  бармақ.  «Осы  қалай»  деп,  біраз  ойлана  түсіп,  Абай  өз  әкесінің 
ішін түсінгендей болды. Тегі әкесі өзіне жау адамдарға Абайды әдейі жіберетін 
болар.  «Жау  барын  көрсін,  түсін  танысын.  Тани  келе,  көре  келе,  әкесіне 
достығы, тілеулестігі күшейсін» деген болу керек. 
Абай  осыны  ұқты  да,  қатты  толқып,  қиналып  ойланды.  Шытырман.  Бір 
сәтке  Абай  өзі  көлденеңнен  қарап,  шытырман  ішіне  жалғыз,  құралсыз,  әлсіз 
күйде еріксіз кіріп бара жатқан өзін көргендей болды. 
Өзін-өзі  ойша  екіге  бөліп,  осылайша  көлденең  көзбен  көре  жүретін  әдет 
Абайда әр кезде болушы еді. 
Екі  күн  өткен  соң  Құнанбай  Абай  мен  Қарабасты  Байдалыға  жіберді. 
Құлыншақ  пен  Сүйіндіктей  емес  Байдалы  бұларға  жылы  шырай  бермеді. 
Сырты үп-үлкен ақшыл үйге Абайлар кіре бергенде-ақ Байдалының бір нәрсеге 
қатты ашуланып, айғайлап жатқан үні естілді. 
Үй іші әбігер екен. Босағада малшы қатын үлкен күбіге іркіт пісіп тұр. Бір 
жағынан кең қазанда кұрт қайнап жатыр екен. Үй іші ыстық. Дәл Абайлар кіре 
бергенде  Байдалы  бір  кішкене  қара  пұшық  қызды  май  құйрықтан  шапалакпен 
ұрып: 
- Құдай  сілегір,  кетші  былай,  құдай  сілегір.  Тыныштық  бермедің  ғой,  сен-
ақ! - деп, жылатқан бойында итеріп тастады. Қыз отқа құлай жаздап, әрі шошып, 
әрі  ашуланып  булыға  жылады.  Басында  шыр  етіп  шыңғырса,  енді  шегі  қатып 
көкпеңбек боп, долдана жылайды. Көзінің жасы да, сілекейі де шұбырып жатыр. 
-Әпкет! Әпкет мынау қараң өшкірді! - деп, Байдалы қатынына бұйрық етіп, 
үйден айдап шықты. 
Үй  ішінің  осы  жанжалының  уақытында  Абайлар  сәлем  беріп  кіріп,  терге 
шығып отырысты. 
Байдалы сәлемді оңдап алған жоқ. Амандасуы да солғын болды. 
Құрт  қайнатып  жатқан  үйдің  қазаны  бос  болмайды.  Ет  асқысы  келмеген 
үйге ол бір жақсы сылтау болатын. 
Абай  мынау  ыстық  үйде,  мынадай  тырысқақ  ашушаң  кісінің  үйінде  ет 
асым  уақыт  отыруды  өз  басына  жазадай  санап  еді.  Сондықтан  еттің  сәті 
болмаса тіпті қарсы емес. Ішінен Қарабасты мысқылдап: 
«Ал бәлем, шоқ! Түстік болмаса, түбің түсетіндей көруші ең! Көрермін осы 
үйден жегеніңді!» - деп, жымия түсті. 
Шынында  Қарабастың  бір  қиыны  -  «түстік»  пен  «қонақасы»  жайын  өзге 
дүниенің бәрінен бұрын ойлап, өзгеше көңіл бөлетін. Кейде Абайдың қонбайық 
деген аулына: «Қонайық, бұл үйдің сүрі мол» деп, тағы бір кезде: «Түстенбейік, 
жүріп  кетейік»  деген  жерінде:  «Түстенейік,  бұл  үй  қонақасыға  мырза»  деп, 
қайдағы  Абайдың  ішін  пыстыратын  көңілсіз,  сүйкімсіз  бір  үйлерге  еріксіз 

 
120 
аялдататыны болушы еді. Екеуінің көп жүргенде көбінесе ұғыспайтын жерлері 
осы болатын. 
Бұл  жолы  Абай  көңіліне  Байдалының  ниеті  де  сай  келген  сияқты.  Үлкен 
қара  сақалды,  суық  түсті  Байдалы  қонақтардың  бетіне  қарамай,  мойнын  есік 
жаққа бұрып отыр. Аздан соң күбі піскен қатынға қарап: 
- Қымыз әкел, ас ауыз тигіз мыналарға! - деді. 
Қарабас  белдігін  шешіп,  кішкене  орнығыңқырап  отыра  бастап  еді,  Абай 
үйдің  шырайын  одан  бұрын  біліп,  бел  шешкен  жоқ-ты.  Кішірек  ағаш  тегенеге 
құйылған  қымыз  келген  уақытта  Байдалы  өзі  сапырып,  өзі  құйып,  қонақтарға 
бір-бір шараны берді де: 
- Барыстарың  қалай?  Ие  шаруамен  жүрсіңдер?  -  деді.  Абай  өзі  келген 
шаруасын сол арада айтты. 
Әңгіме  тағы  жер  жайынан.  Құнанбай,  ел  жайлауға  шығардан  бұрын, 
былтыр  өзі  Қарашоқыдан  көшірген  Бөкенші,  Борсаққа  Жігітек  жерінің 
жапсарынан  жайлау  берген  болатын.  Сол  ретте  осы  Байдалының  Қаршығалы 
Қопа  деген  қоныстарына  «Сүгір  мен  Сүйіндік  ауылдары  қоса  қонсын,  бірге 
жайласын!» - депті. Абай қымызын ішпей алдына қойып отырып, сол шаруаны 
айтып шықты. 
Бұл  сөзді  есіткенде  Байдалы  қабағын  түкситіп  жіберіп  қатты  түйілді. 
Абайға жауап бермей, зілдене қарап, қадалып қалды. Абай Байдалының көзінен 
жасқанған  жоқ.  Бала  жүзінде  ашу  да,  араздық  та  жоқ.  Тек:  «Мынау  кісі  қалай 
қарайды?» деген тәрізді кінәсіз таңдану ғана бар. 
Байдалы кірпік қақпай, шұғыл ойланып, үнсіз отырып, ақырында: 
- Құп болсын! Қонсын Сүгір мен Сүйіндік, не деуші едім! - деді. 
Қайратты,  шапшаң,  ер  адамның  байлауы  сияқты.  Езбеді.  Жақтырмаса  да, 
күйіп отырса да, амалсыз байлауын бір-ақ кесіп, бір-ақ түйді. Сөз бітіп қап еді. 
Бірталай  уақыт  үй  іші  үнсіз  болды.  Абай  қымызын  ішіп  болып,  рақмет  айтып, 
енді  жүргісі  келгендей  ажар  білдіргенде  ғана  Байдалы  ырғала  түсіп,  сөйлей 
жөнелді. 
- Айтқанына  көндім.  Бірақ  сөз  ұғушы  ма  едің  өзің?  Әкеңе  айтар  сәлемім 
бар. Бұлжытпай жеткізуге жараймысың, жоқ па? 
- Ойдағыңыздың  бәрін  айтыңыз,  ақсақал!  Жеткіз  дегеніңіздің  бір  ауызын 
қалдырмай апаруға уәде қылайын. Мен тек екі арадағы сәлемшімін. Дегеніңізді 
жеткізбей  кетсем,  я  бұрсам,  қиянат  болмас  па  еді?  Мойнымда  қарыз 
қалдырмаспын! 
Байдалы мына сөзге әбден қанағат қылды. Бала көргені - бала емес тәрізді. 
- Ендеше жаттан айтсам, сырттан айтқан болады. Саған айтсам, әкеңнің өз 
көзіне  айтқаным!  -  деп,  аз  бөгелді  де,  -  «Татуластық,  табыстық»  деп  ек  кеше 
тамам  Арғынның  тобында.  Сол  татуласқан  сиқым  осы  ма?  Тәтті  күнде  тағы 
артыма  қалжуыр  байлайтын  болса,  анадағы  араздықтан  мұның  несі  озды?  Не 
жаздым!  Сенің  әкеңе  не  жаздым  осы  мен,  Жігітек?  Атаң  Ырғызбайға  атам 
Кеңгірбай  оң  батасын  беріп,  би  сайлап  еді.  Өз  баласы,  өз  туысы  жоқ  емес  еді 
ғой  сонда.  «Осы  болсыншы»  деп  бермеп  пе-еді?  Ал,  бұл  болса,  бүгін  мінеки, 
алысқа  абыройы  асса,  айналып  кеп  Жігітекті  жаныштайды.  Жақынға  жауықса, 
жағалап  кеп  тағы  Жігітекті  жентектейді.  Бір  жібімей  кеткені  ме  үстіп?  Шапқа 
түрте-түрте барып, ақыры бір күн  «Өлермен бол да, отқа түс, соныңды көрмей 

 
121 
тоқтамаймын!»  дегені  ғой  мұнысы.  Қоймас  болса  сол  қолқасын  алар.  Алмай 
тынбас сенің әкең! Осыны айт! Бір мен емес, «Жігітек сәлемі» деп айт осыны! 
Ал мына жерін алсын, бір бұл емес, тағы тапсын, тағы алсын! - деп, қолын бір-
ақ сілікті де тоқтап қалды. 
Үй  іші  жым-жырт.  От  әлі  маздап  жанып  жатыр.  Үлкен  қазанның  астын 
қызыл  жалын  дамыл  алмай  жалап  тұр.  Әуелде  толтыра  құйылған  іркіт  қазір 
бірер  қайнап  қалған  екен.  Кемерінен  орта  түсіп,  шымыр-шымыр  қайнайды. 
Жаңағы Байдалының ашулы сөздерінің тұсында Абай көзі қазан бетіне түсіп еді. 
Қоюланып  баражатқан  ыстық  құрттың  ортасы  кей  кезде  көпіршік  атып 
сақылдап  қайнайды.  Сол  көрініс  тап  Байдалы  ашуындай.  Қайнауы  жеткен  ашу 
қызуы жеткен құрттай. Бір  жер емес, қазан беті әр тұстан бұрқ-бұрқ етеді. Ол-
дағы осы елдегі әр жерден шаң беріп жатқан Құлыншақ, Сүйіндік, Бөжейлердің 
ашулары сияқты. 
Шынында  жаңағы  аз  ғана  сөз  талай  терең  түкпірдің  үстін  басты.  Талай 
түйінді  түртіп  өтті.  Талайдан  теріліп  жүрген  желісі  ұзын  дау,  себебі  мықты 
кінәлар жатыр. 
Абай Байдалы сөзіне орай айтпақшы емес. Бірақ жақсы, жаман деп сыр да 
берген  жок.  Сәлемдерін  ұғып  болып  Байдалыға  қош  айтпақ  болып  еді. 
Қамшысын  ұстап,  тымағын  киді.  Осы  кезде  Байдалы  тағы  бір  ырғала  түсіп: 
«Әлі де тыңдап кет!» дегендей белгі етті. Абай тымағын қайта қолына алды. 
Қазір  Байдалы  біржолата  өзгерген  сияқты:  кең,  баяу,  байсалды  үнмен  тың 
әңгіме бастады. Абайға енді күлімсірей қарайды. Бұл пішіні жаңағы Байдалыға 
тіпті ұқсамайды. 
Үлкендердің  әралуан  кең  мінезі,  терең  сыры  болатыны  бар  ғой.  Бірақ  тап 
мынадай,  ашуы  мен  сабырын  оңай  жұмсап,  оңай  тежеп,  оп-оңай  бұрып  салып 
отыратын шын ұстамды адамды Абай осы Байдалыдан ең алғаш рет көріп отыр. 
Жаңағы ашумен күйген Байдалы енді майда қоңыр үнге түсіп: 
- Осы  өздерің  көріп  жүрген  Қаратай  бар  ма?  Тап  соның  ішінде  көп  қойма 
жатыр,  не  керек!  Шіркін,  тек  қана  азғантай  Көкшеден  шықты  ғой.  Егер 
Олжайдан  туса,  өрісін  көрер  ең!  -  деп,  біраз  отырды  да...  -  Тақауда  әне  бір 
күндерде  Қаратай,  Бөжей,  Байсал  бар  -  барлығымыз  Қаумен  үйінде  түстеніп 
отыр  едік.  Жиын  бір  сөзден  бір  сөзге  түсіп,  шалқып  отырып,  ақыр  аяғы:«  Жә, 
өзіміз  көргенде  мырза  кім?»  дегенге  келді.  Жұрт  ойланып  қалды.  Байсал 
күншуақта  жатқан  тағыдай  көзін  бір  ашып,  бір  жұмып,  бүк  түсіп  сырт  қарап 
жатқан.  Жаңағы  сөзге  ол  қатысқан  жоқ-ты.  «Мырза  кім?»  дегенге  Қаратай 
жауап беріп, «Мырза  - Құнанбай» - деді. Тағы біраздан соң ол жиын:  «Шешен 
кім!» деді. Тағы Қаратай жауап беріп, «Шешен - Құнанбай» - деді. Екі бел асты. 
Аздан соң және бір оралып кеп:  «Жақсы кім?» десті. Әлгі Қаратай және жауап 
беріп: «Жақсы - Құнанбай» - деді. Сол кезде Байсал басын жерден жұлып алып, 
саңқ етіп: - «Уай, Көкше, не оттап отырсың өзің?» деп, Қаратайға қадала түсіп: 
- Мырза Құнанбай екен, шешен Кұнанбай екен, жақсы Құнанбай екен! Ендеше 
не көкіп алысып жүрміз онымен?» - деді. Соған Қаратай іле жауап беріп: «Уәй 
тәйір-ай,  мен  Құнанбайдың  өзге  жағынан  мін  тауып  алысып  жүрмін  бе? 
Жалғыз-ақ «ие қылайыны» жоқ қой, сондықтан кетіп жүргем жоқ па?» деді. Сөз 
ұғатын  бала  сияқтысын  ғой!  -  деп,  Байдалы  осы  тұста  Абайға  сығырая  қарап 
отырып,  -  дәл  осы  сөзді  сенің  әкең  естімеген  болар.  Осыны  да  айта  баршы. 

 
122 
Кешірімі,  мейірімі  жоқ  екенін  Көкше  неше  жерде  көрді,  білмеймін.  Бірақ 
Жігітек  соның  жоғын  күнде  кереді.  «Кештім»  дегенін  бірде-бір  көрмей-ақ 
кеттік қой! - деді. 
Жол  бойында  ешбір  жерде  Абайдың  аялдағысы  келмеді.  Оңай  емес, 
әлдеқалай  емес,  бүгін  естігені  ерекше.  Байдалының  аулынан  ұзаңқырап 
шығысымен Қарабасқа: 
- Жүр, жарысайық! - деп тебіне жөнелді. Қарабас жарысты оншалық жақсы 
көрмеуші еді. Бірақ Қарашоқыға күн барда жету үшін қатты жүрмесе болмайды. 
Және  бұның  астындағы  -  ақтабан  қара  бедеу,  қасқыр  соққан  жүйрік  бие 
болатын. Аймаңдай аттан күйі де төмен емес. 
- Ал жүре ғой! - деп, о да жөнелді. 
Екі жолаушы ұзақ шапты. Аймаңдай ат пен қара бедеу кезек озысып, қатты 
желісіп  келеді.  Өзі  озған  кезде,  Қарабас:  «Тоқтайық!»  деп  іркіле  берсе,  Абай 
қуып жете беріп: 
- Тоқтама, жөнел! Жөнеле бер! - деп, атына қамшы баса береді. Қарабас өз 
ішінен: 
«Мына  балаға  Байдалы  сөзі  дөп  тиді-ау!  Шиырғып  келе  жатқаны  сол-ау!» 
деп ойлаған. 
Күн бата берген кезде аттарын қан сорпа қып Қарашоқыға жетті. 
Ауыл  сыртында  кішкене  тастақ  төбе  бар  еді.  Құнанбай  Майбасар  екеуі 
сонда  отыр  екен.  Абай  аттан  түсе  бере,  шылбырын  Қарабасқа  тастады  да  аял 
қылмастан  әкесіне  қарай  тартты.  Құнанбай  ауылдан  қашық  отырса  да, 
бұлардың  қатты  жүріп  келгенін  аттарының  сонау  алыстағы  ажарынан  байқап 
еді. Қара бие ауыздығын шайнап, тыныштық ала алмай кермені сүзе тартып тұр. 
Құнанбай  көзіндей,  мал  сырын  бұлжытпай  білетін  көреген  көзге  сол  белгінің 
өзі де жеткілікті. 
Бірақ  ол  жайға  Құнанбай  онша  шіміркенген  жоқ-ты.  Тегінде,  балаға  ат 
қинайсың,  шаруа  күйзелтесің!  -  деп  ұсақ  мазасыздық  жасамайтын.  Сондықтан 
баланың  біреуі  аттың  аяғын  көтіріп  немесе  зорықтырып  өлтіріп  қойса  да 
ұрыспаушы  еді.  Абайға  мұндай  дүниелік  жайында  ешуақытта  тарлық  еткен 
емес-ті. Қазіргі де қатты жүрістерін жай балалық, желік жарыс қой деп білген. 
Бірақ  ол  өз  бетіне.  Ал  мынау  Абай  үйге  кірмей,  асыға  басып  дөң  басына 
келеді. Жақындап келген уақытта әкесі қадағалап қарап еді. Баласының екі көзі 
от  шашып,  беті  қызғылттанып,  танауы  да  желбірей  түседі.  Барлық  жас 
ажарында бал-бұл жанған бір құбылыс бар. Әншейіндегі салмақты, қоңыр баяу 
Абай емес. 
Баласы тақап келгенде, Құнанбай:  
- Немене, балам? Неден ширықтың, жөніңді айтшы! - деді. 
Абай  әкесінің  төменгі  жағына  отыра  беріп,  өз  ішіндегі  көңіл  күйін  дәл 
тапқанына қайран қалды. 
Отырысымен  көп  күттірген  жоқ.  Бүгін  Байдалыдан  есіткен  сөздерді 
бұлжытпастан, жалғыз түйірін қалдырмастан түгел айтып шықты. 
 Әкесінен  көз  алмай  қарап  отырып  сөйледі.  Құнанбай  басында  мұны  аса 
салқын  тыңдады.  Тек  «Жігітекті  жаныштаудан  тоқтамады  ғой!»,  «босаспады 
ғой!»  деген  сияқты  Байдалы  дауына  жеткен  жерде  ғана  қабағын  лезде  қатты 

 
123 
түйіп ап, Абайға тіксіне қарады. Баласының өзін барлап: «Осының өзі қандай?» 
дегендей. 
Абай  әке  көзінен  жасканған  жоқ.  Байдалының  дауын  соншалық  зілді, 
ұтымды  күйде  айтумен  қатар,  мына  бала  өз  сұрағын  да  осы  араға  қосып 
отырған  сияқты.  Әке  мен  бала  ең  алғаш  рет  шындасып  бет  ашысатын  белге 
келгендей еді. 
Бірақ  Құнанбай  өз  баласы  туралы  екі  ұшты  болуын  тез  жойып,  Байдалы 
сөзінің салмағына сөз салып кетті. Есітті, ұқты. Жалғыз-ақ түк шіміріккен жоқ. 
Ашумен  демігіп,  ернін  шығарды.  Өз  байлауы  өз  ішінде.  Жауап  айтқан  жоқ. 
Абай  әкесіне  осы  сәлемді  әкелгенде,  тым  құрса  бір  шешілер,  бір  сөйлесер  деп 
еді. Ол болмады. 
Байдалының алғашқы сөзін естіртіп бір тоқтаған еді. Одан тың сөз тумаған 
соң Абай аз отырып, Байдалының соңғы әңгімесін айтты. Бұл Абайдың, әсіресе, 
«жауап айтар, не айтар екен?» деп асығып күткен жайы еді. 
Құнанбай  баласының  осы  көңілін  анық  таныды  білем.  Қаратай  мен 
Байдалы  үшін  болмаса  да,  өз  баласы  мен  өз  туысы  үшін  бір  жауап  керек.  Ол 
тіпті аналардың орайын беру үшін, әсіресе, керек. 
- Қаратай  жүйрік  қой.  Жер  таниды.  Айтқаны  шын  болса  керек.  Бірақ  өз 
топшылауым  бойынша,  адамның  қай  мінезі  қасиетті  болса,  сол  мінезі  міні  де 
болады.  Мен  өмірде  ұстаған  нәрсемді  берік  ұстанам.  Жақсылық  -  кісінің 
айнымас  табандылығында  деп  білемін.  Соның  түбінен  мін  шығатын  кез  де 
болатын шығар! - деп, үндемей түнеріп отырып қалды. Дау айтқан кісі жоқ. 
Абай әкесінің жауабын ғана білмек еді. Ойландыратын жауап естіді. 
Құнанбай аздан соң ғана барып, әлгіден де жуасыңқырай түсіп: 
- Адам бенде ғой! Бенденің жоқ-жіті толған ба? - деді. 
Қияласа да өз мойнына кінә алып отыр. 
Бұл  кезде  Абайға  әкесі  жадағай  көрінбеді.  Кінәға,  дауға  жүйрік  Байдалы 
сияқты емес. Ол шешендіктен көрі басқарақ түкпірі бар жан сияқты. Оңай жан 
емес. Қабат-қабат шың сияқты. 
Құнанбай өз ойымен кетсе, Абай өз көңіліндегі түйінін аяқтата алмаған, өз 
дағдарысымен кетіп еді. 
 
 
 

 
Жидебайға 
қайтардың 
алдында 
Абай 
әкесінен 
көші-қон 
жайын 
сұрастырған.  Құнанбай  үлкен  аулына  тез  көшсін  деп  бұйрық  берді.  Бірақ 
биылғы  көш  жолы  жылдағыдай  емес.  Бұрын  Құнанбайға  қараған  ауылдар  осы 
Қарашоқы  тұсына  жиылып  ап  жайлауға  қарай  жөнелгенде,  Шыңғыс  тауынан 
Бөкенші асуын басып асушы еді. 
-  Қазір  бұл  тұсқа  келмей,  Қарауыл  өзенін  өрлеп  барып,  Ақбайтал  асуынан 
асыңдар! - деді. Және жазғы жайлау сол асудың тұсымен баратын Бақанас суы 
болды. 

 
124 
Бақанас,  Байқошқар  -  бұл  өңірдегі  Тобықтының  ең  үлкен  өзені.  Шыңғыс 
сыртындағы мол жайлаудың ең арғы шеті сол екі су. Бірақ Құнанбай ауылдары 
бұрын Байқошқарды қоныс ететін де, Бақанас өзені Көкшеге тиісті еді. 
Қаратаймен  қырбай  болғандықтан,  Құнанбай  Көкшенің  жайлауына  ортақ 
болғысы келгендей. 
Бұның  аржағында  бірталай  есеп  бар.  Осы  жазда  Жігітек,  Бөкенші,  Көкше 
боп тағы да қайтадан бас құрасатын сияқты. Кешегі Байдалы айтқан сәлем тегін 
емес.  Астыртын  шеп  біріктіріп  жатқан  елдің  дақпырты  тәрізді.  Ендеше 
солардың әралуан шиырын, сыбыр-жыбырын біліп отыру үшін Құнанбай өзіне 
қараған елдің біразын, дәл сол елдің арасына таман кірістіріп жіберу керек. 
Жайлау  аралас  болса,  қыдырыс-жүріс  аралас  болады.  Сыбаға,  қонақасы 
аралас  болады.  Сүйтіп  мал  басы  түйісіп  отырса,  ел  тарту  оңай.  Ал,  мұндай 
есепке  Зере  отырған  үлкен  үйдің  барғаны  жақсы.  Бұл  көп  Тобықтының  үлкен 
санайтын, күтетін үйі. Және Күнкедей емес, Ұлжан қонағуар, кең бейіл, мырза. 
Оның  асы  мен  көлігі,  ең  шырайы  адамды  дос  етеді,  тарта  біледі.  Ішіне  қан 
қатқан,  сонау  қатты  жаулық  болмаса,  ет  пен  терінің  арасында  жүретін  уақ-
түйек өкпені жуып-шайып отырады. Осының бәрі Құнанбайға ел әпереді.  
«Ақбайталды  басып,  Бақанаска  қарай  көшіңдер!  Бөкенші,  Көкшеменен 
қоныстас болыңдар!» - дегендегі Құнанбайдың ішкі есебі осы болатын. 
Абай  әке  есебін  білген  жоқ.  Тек  өз  аулының  жекеленіп  көшкенін 
лайықсыздау  көрсе  де,  іштен  аса  құпия  түрде  бір  куаныш  сезді.  Қарауылды 
өрлеп  көшу,  Бақанасқа  шейін  бару  жаз  бойы  Сүйіндік  ауылына  жақын  жүру 
деген сөз. «Өмірі қосылмас-ау, жуықтамас-ау!» - деген өмір соқпағы енді мұны 
күтпеген кезде Тоғжан ұясына жақын апарды. 
Соңғы күндердегі барлық жеңіл, ауыр сезімдердің баршасының қатарында 
Тоғжан  бейнесі  жас  жігіттін  көз  алдынан  кеткен  емес-ті.  Абай  толқыған 
қуанышын  жасыра  алмады.  Әкесіне  белгісіз  себептен  қып-қызыл  боп  өзгеріп 
кетті.  Құнанбай  бұл  өзгерісті  байқаса  да  себебін  сұрамады.  Әрине,  Ақбайталға 
қарай  көшуге  Абай  қарсы  болған  жоқ.  Жалғыз-ақ  өз  топтарынан  бөлегірек 
жайлайтын болған соң, жалғыз ауыл кету тағы қолайсыз. Соны ғана ескеріп еді. 
Құнанбай бұл жағын да топшылап қойған екен. 
-  Жалғыз  ауыл  болмайсыңдар.  Неге  жалғыз  ауыл  боласың?  Тіпті  сол 
Жидебай,  Мұсакұлдағы  Көлқайнар,  Шүйгінсудағы  Ырғызбай,  Жуантаяқ, 
Қарабатырдан кем қойса, он ауыл сендерге ере көшеді. Бәріне де сәлем айтам! - 
деді. 
Жуантаяқ,  Қарабатыр  дегендері  Құнанбай  ауылдарын  жағалап  жүретін, 
қысы-жазы  бірге  көшетін  момын  көршілер  еді.  Абай  оны  да  мақұл  көрді. 
Осымен Жидебайга қайтып кетті. 
Тоғжанды  тағы  көру  үміті  Абайдың  Қарашоқыдан  алып  қайтқан  зор 
олжасы  сияқты.  Жол  бойында  бар  дүниені  ұмытып,  бір  Тоғжанның  елесін  көз 
алдына келтіріп, нелер ыстық қиялға батты. 
«Өмірдегі  ең  бірінші  жалғызым,  барым»  дегендей  нешетүрлі  еркелеткен 
нәзік  сөздер  өз-өзінен  сан  рет  айтылып  келеді..  Жас  жүрегі  соғып  қана 
қоймайды,  қазіргі  Аймаңдай  аттың  асығыс  дүсіріндей  дүбір  шығады.  Бұл 
шақтағы  барлық  сезімі  кұр  ғана  жас  тіршілік  белгісі  емес,  кеуде  тола  лаулап 
жанған жалындай. 

 
125 
Қарашоқыдан  Жидебайға  шейін  қатты  жортып  жүріп  еді.  Екі  аулының 
арасында  дәл  осы  күндей  шапшаң  жеткен  күні  жоқ.  Қалайша  оп-оңай  келіп 
қалғанын өзі де байқамады. 
Жидебайдағы  ауыл  да  киіз  үйге  тегіс  шығып  алған  екен.  Биыл  Қарауыл 
суы мол боп тасып, Жидебай, Мұсақұл үстіндегі кең қорық көк жайқын  қалың 
шалғын  боп  келе  жатыр  еді.  Көп  үйлі  ауыл  кеш  мезгілінде  біртүрлі  бейілді, 
қоналқаға  көңілдене  шақырып  тұр.  Ауыл  айналасы  қалың  қой.  Қозы  жамырап, 
иттер үріп даңғаза боп жатыр екен. 
Абай  үлкен  үйге  түсті  де,  шешелерімен  амандасып  болған  соң  көші-қон 
жайын  айтты.  Жылдағы  әдет  бойынша  бұл  ел  әуелі  бауырға  қарай,  көктемдік 
қоныстарға  барушы  еді.  Ұлжан  солай  көшерміз  деп,  қыстауда  қалдыратын 
жүктерін, қоймаларын сайламаған екен. 
Жайлау  биыл  ерте  көктеді.  Шыңғыстағы  ел  бауырға  көшпей,  жайлауға 
асығып отыр. Сондықтан бұл ауыл да дүрмектен қала алмайды. 
Ол  жағын  Ұлжан  ұқты.  Бірақ,  баласы  ойлағандай  тез  көше  алмайтынын 
білдірді.  Үй  ішін  жеңілейту,  теңдер  буғызу,  жатақшының  жазғы  күнін  бейқам 
ету, баршасы да бұл ауылды не қылса да бес-алты күн бөгемекке керек. 
Абай  өз  ішінен:  «Сүйіндік  аулы  сыртқа  кетіп  қалады,  жеткізбей  ұзап 
кетеді-ау»  деп  тынышсызданып  еді.  Шынында  сыйлас  ауылмен  немесе  достас 
жандары  бар  ауылмен  қатар  көшкен  қандай  қызық.  Ертелі-кеш  бірге  көшіп, 
бірге  қонып  отырса,  күндіз-түн  көрісе  жүрудің  сылтауы  көп.  Бірақ  шешесінің 
байлауы  жаңағыдай  шаруа  жағына  келгенде,  бұзылмайтын  байлау  болады. 
Ондайда Ұлжан Құнанбайдың айтқанын да орындамай, өз билігімен кететін. 
Көңіл қаншалық қиял құшып, аласұрса да, Абай амалсыз көнді. 
Кешкі  астың  алдында  Абай  Зере  мен  Ұлжанға  Кәмшат  жайын  айтты. 
Естігенінің  ешбірін  қалдырмай,  қатты  айтты.  Жыласа  да,  күйзелсе  де, 
шешелерді аяймын деп Кәмшат жайын бүркеу мүмкін емес. 
Зере күрсініп, күңірекіп кеп, Құнанбайды жерледі. Ұлжан үнсіз, жым-жырт, 
қиналып отырып-отырып Абайға: 
-  Осы  естігеніңнің  бірде-бірін  Айғызға  айтпай  тұра  тұр.  Онсыз  да  қан 
жүрегі қақ жарылып жүр ғой. Бүгін таңертең: «Түс көрдім, Кәмшат жер ошаққа 
жығылып  қалып,  үсті-басы  лаулап  жанып  барады  екен»  -  деді.  Сүйіндіктің 
қатыны  аналық  мейірімі  бар  кісі.  Бәрінен  де  соның  айтқаны  тек  емес  қой. 
Шыңғысқа  жетейік.  Сонан  соң  өзің  қасыңа  бір  ересек  кісіні  ерт  те,  тура 
Шырақтың  аулына  барып,  Кәмшатты  өз  көзіңмен  көріп,  бар  жайын  біліп  кел. 
Айғызға содан кейін айтып, әкеңмен шындап сөйлесейік, - деді. 
Байлау осы болды. 
Сол  кештен  он  шақты  күн  өткен  шамада  Құнанбайдың  үлкен  аулы 
Ақбайтал  асуынан  асып  барып,  Шыңғыстың  сыртындағы  Жігітек,  Бөкенші 
жайлауы болған Қопаның аузына қонды. Құнанбайдың айтқанындай он шақты 
ауыл  боп  көшіп  келіп  еді.  Дәл  бүгін  осы  қонысқа  жеткенше  бұл  ауылдар  өзге 
Шыңғыс  бөктерінен  көшкен  Бөкенші,  Жігітекті  қуып  жете  алмаған.  Ең  шабан 
көшкен ауылдар болған-ды. 
«Алғаш  үлкен  ауылдың  ерулігі»  деген  табақ-табақ  еттер,  саба-саба 
қымыздар,  көп-көп  қыдырушы  қатындармен  ілесе  келіп-келіп  қалды. 
Құнанбайға  жұрттың  көңілі  әралуан  болғанмен,  ежелгі  салт-машық  бойынша 

 
126 
бұл өңірдегі ағайын Зере отырған үйді жатсынған жоқ, Бірақ сыбаға мен ерулік 
әкелушілер  көп  болса  да,  бұл  келгендердің  ішінде  Бөжей,  Байдалыдан  немесе 
Сүгір,  Сүйіндіктен  келген  белгі  болмады.  Келіп  жатқанның  барлығы  момын 
ағайын. Араз-кұразға ынтасы мен бейілі жоқ, жай шаруаның ауылдары еді. 
Үй  іші  келушінің  барлығына  ырза  болды  да,  келмегенді  санаған  жоқ. 
Жалғыз Абай ғана өз ішінен әр мінездің мәнін өзінше жорыды. 
Шешелеріне  берген  уәде  бойынша  Абай  Бөжей  аулына  баруға  асыққан. 
Қопаға қонған күннің ертеңінде қасына Ғабитханды ертіп, солай жүріп кетті. 
Бөжей  аулы  Қопаның  аузынан  алыс  емес.  Батыс  жақтағы  көк  қырқаның 
астында  Саркөл  деген  тұщы  көлдің  басында.  Түс  шағында  екі  жас  жігіт  сонда 
келді.  Саркөл  жағасында  жағалай  отырған  ауыл  көп  екен.  Бөжейдікін 
сұрастырғанда,  бие  қайтарып  жүрген  асау  тайлы  бала  тап  орта  тұстағы  он 
шақты  үйлі  ауылды  көрсетті.  Бұл  бай  ауыл  емес,  бірен-саран  ғана  бозғылт  үйі 
бар.  Көпшілігі  қоңыр  үйлі  орташа  ауыл  тәрізді.  Шынында  Бөжей  бай  болған 
емес.  Орташа,  дөңгелек  қана  дәулеті  бар  еді.  Абайлар  Бөжей  үйінің  сыртына 
кеп, аттан түсіп жатты. Қазіргі  уақытта бұл ауылда бірде-бір бөгде кісі болмау 
керек.  Кермеде  де,  белдеуде  де  ерттеулі  ат  жоқ.  Жиын  болса,  көлдің  арғы 
шетіндегі  ақ  ауылда  болу  керек.  Саркел  айналасындағы  топыры  кеп  ауыл  сол 
тәрізді. Жас жігіттер Бөжейдің өзін де үйде жоқ болар деп топшыласып еді. Сол 
ойлары  шын  болды.  Бөжей  анау  ақ  ауылдағы  жиында.  Сонда  түстеніп  отыр 
екен. 
Аттарын  байлап,  енді  үйге  қарай  жүре  бергенде  Абай  осы  үйдің  ішінде 
әлсіз  үнмен  жалынып  жылаған  кішкене  баланың  үнін  есітті.  Ауру  баланың 
жылағаны. 
Абай  жүрегі  жаман  белгіні  сезгендей  су  етіп,  қатты  аянышпен  шаншып 
кетті. Үн дәл Кәмшаттың үні сияқты. Абайлар үйді айналып есікке тақай берді. 
Бірақ  дәл  осы  кезде  жаңағы  баланың  жылауына  ызаланған  ұрысқақ  дауыс 
естілді. 
Бар  сөзі  басқа  ұрғандай  ап-анық  шығып  жатқан  Бөжейдін  бәйбішесінің 
даусы. 
-  Ырылдатпа!  Ырылдатпашы  анау  көзің  ойылғыр  жетімекті!  -  деп,  зекіп 
тастап, долы бәйбіше есікке қарады. 
Киіз  есік  ашылып,  екі  бала  жігіт  кіріп  келген  екен.  Абайлар  төрге  шықты. 
Үлкен  үйдің  іші  сыртындай  жұпыны  емес,  жасаулы,  кілемді,  алашалы  екен. 
Бірақ  салақ  үйдің  белгісі  -  сыпырылмаған,  төрден  олақ  жиналған  көрпе-
жастықтан көрініп тұр. 
Үй ішінде, төсек алдында ұршық иіріп үлкен қара сұр қатын отыр. Танауы 
қусырылып,  ерні  қатты  жыбырлаған  қара  қатын  аса  бір  ұрысқақ  қатал  жан 
сияқты. 
Биік төсектің бас жағында жер төсек бар екен. Соның үстінде Бөжейдің екі 
бойжеткен  қызы  кесте  тігіп  отыр.  Жасына  жеткен  қыздардың  пішіндері  -  сұлу 
да,  сыпайы  да  емес.  Түксиген,  сүйкімсіз.  Және  шешелеріндей  ашушаң,  қатқыл 
адамдар сияқты. 
Осы  төсектердің  бас  жағынан  Абайлар  отырып,  үй  ішімен  ақырын  ғана 
амандасты. Мажырасып қарсы алған үй іші де болған жоқ. 

 
127 
Жылаған  Кәмшат  екен.  Ол  қонақтардың  оң  жағында,  бір  жаман  жыртық 
жаялықтың  үстінде  бүк  түсіп  жылап  жатыр.  Басында  жастық  та  жоқ.  Тек  бір 
жаман жыртық шапанның жеңі жасталыпты. 
Кәмшат  жаңа  келген  кісілерді  танымады.  Бірақ  үй  ішінің  қаттылығын  осы 
жаңа келген жандарға шаққандай боп кемсеңдеп, дірілдеп, біртүрлі әлсіз үнмен 
тағы жылады. 
Бұрын  топ-толық,  қызыл  шырайлы,  қарақат  көзді  Кәмшат  қазір  сатқақ 
ұрғандай  арықтап,  құп-қу  шөлмектей  боп  қалыпты.  Қол-аяғы  шидей.  Бетінде 
ғазап пен сор көлеңкесі бар сияқты. Кірпіктері ұзарған. Екі ұрты кәдімгі қайғы 
шеккен,  аштық  көрген  үлкен  адамдардың  бетіндей  боп,  тозығы  жетіп, 
жиырылып тұр. 
Үлкейіп,  алақандай  боп  кеткен  қап-қара  көздерінен  кесек-кесек  жастар 
тамшылайды. Күтімсіз, қор болған бала шын бишаралық қалпында жатыр. 
Осы  жайды  көріп,  болжай  сала,  Абай  мен  Ғабитхан  екеуі  қатарынан 
Кәмшатқа созылды. 
Бала танымай, теріс бұрылып, тартына берді. 
Ғабитхан мынау көрген күйіне шыдай алмай: 
- Ей,  мазлұма!  Нилер  ғазап  көргенсің  сен  бейгүнаһ  мазлұма!  -  деп,  жылап 
жіберді. 
Абай ыза менен азаптан, жанашыр мен қайғыдан қалтырап кеткендей. 
Үйдегі әйелдер мыналардың көзінше сыр бермеймін деген боп, анау-мынау 
жай айтып жатты. 
- Өзге  бала  сап-сау!  Жалғыз  осы  бала  бақырға  бір  жаман  іш  ауру  тиіп, 
толас таппай қойғаны! - деп, бәйбіше жайма-шуақтаған болды. 
- Ішің  ауырса  аузың  тый  дейді!  Бала  неме  біле  ме?  Өзі  кішкентай  түзеле 
берсе болды, кешке шейін бар тамақты малшылайды! 
- Сүйтіп  отырып  қайтып  жазылсын!..  Содан...  өзінен...  ғой!  -  деп,  екі  қыз, 
топас түрдегі бір кекселік айтып жатыр. 
Абай  бұл  үйдің  ішімен  тілдескен  жоқ.  Жанашыр  мейір  жоқ,  суық  жандар, 
келген жерден-ақ Абай көңіліне түрпідей тиген. 
Бөжейдің қатыны шай қойғызбақ сияқты боп қам істей бастағанда, Абай: 
- Ішпейміз, жүреміз! - деді. 
Кәмшаттың  мынадай  тұтқында,  аямас  ғазапта  жатқан  бишаралығын  көріп 
отырғанда тамағынан ас өтер орын жоқ. 
Жұрт кісі өлгенде: «Бауырым, бауырым» деп жылайды. Өлген соң «бауыр» 
деп танығаны не қажет? Абай енді біраз отырса, Кәмшатты құшақтап, баурына 
қысып жатып: 
«Сорлы бауырым, жазықсыз бауырым!» - деп, зар шегер болса да, мынадай 
іші  дұшпандықпен  қатып  қалған  көн  көнілді  жандардың  алдында  оны  істесе, 
адасқаны. Бір есептен жаңағы екі қыздың сөзіне қатты ыза болып, намыстанып, 
талқан  қып  ұрысып-ұрысып  кетер  еді.  Алғаш  бір  ойлап,  алқымына  ашу 
тығылып  келген  күйі  сол  еді.  Бірақ  ол  мінезі  Кәмшат  үшін  пайда  емес.  Қайта 
оның  ғазабын  арттыра  түседі.  Амал  кұрып  отыр.  Қатты  сенделу  үстінде 
бәйбіше  берген  қымызды  да  ішпеді.  Тіпті  ұрттамастан  жерге  қойды.  Кімге 
кектенеді!  Кімді  кінәлап  ұрсады?  Жалғыз  осылар  ма?  Бұлар  ғана  емес!  Абай 
осыны ойлап тез қоштасты да, Бөжей үйінен шыға жөнелді. Ерекше бір ыза мен 

 
128 
шер  өне  бойын  кернеп  алды.  Кеш  бата  өз  ауылдарына  қайта  жеткен  уақытта 
Абай көңілінен осы күй бір сәт арылған жок, бір мысқал кеміген де жоқ еді. 
Үлкен  үй  мен  қонақ  үйдің  арасына  тартылған  кермеде  Құнанбайдың  ер-
тоқымы  ерттелген  ұзын  торы  ат  тұр  екен.  Қасында  бір-ақ  бөтен  ат  бар.  Әкесі 
бұл  аулына  жаңа  келген  тәрізді.  Оқшау  келгені  жақсы  болды.  Абай  Кәмшат 
арызын түгел жеткізбекке нық бекініп, үйге кірді. 
Ойлағандай  Құнанбай  бүгін  оңаша  келіпті.  Қасында  жорға  Жұмабай  ғана 
бар екен. 
.  Жігіттер  үйге  кірген  кезде,  осы  үйге  Айғыз  да  келді.  Ана  жүрегі  бір 
жаманатты  сезгендей  бұны  асықтырып,  осылай  жетектеп  келген.  Күндіз 
Абайдың Бөжей аулына кеткенін Айғыз білетін. Ол үйге кірісімен көп бөгелмей, 
Абайға қарап: 
- Не  көрдің,  не  білдің,  Абайжан?  Білдің  бе  әлгі  сорға  туған  бейбақ 
баурыңның күйін? - деді. Жалын атып тұрған шер үні. 
Зере  мен  Ұлжан  да  Абайға  осындай  сұраулар  беріскен  жүзбен  бұрыла 
қарасты. 
Абай  әкесіне  көз  салып  еді,  үндемей,  түйіліп  Айғызға  аса  салқын  қарап 
қалған екен. 
Өзі күйіп келген Абай әке жүзінен қаймыға алмады. 
- Көріп,  біліп  келдік.  Кәмшат  ауру.  Әл  үстінде.  Бізді  танымады.  Бауры 
суып,  аямас  қас  көргендей  барлық  жанды...  не  айтайын?  -  деп,  тоқтап  қалды. 
Әкесінің  алдында  кісі  зарын  да,  өз  уайымын  да  ешуақытта  бүйтіп  айтып 
көрмеген-ді. 
Құнанбай оқыс бұрылып Абайға суық қарады да, үндемеді. 
Әйелдің  бәрі  үнсіз  жылап,  аһ  ұрып,  күрсініп  отыр.  Түсіне  ашу,  көзіне  жас 
толған Айғыз, дірілдеген үнменен: 
- Қарашығым,  балапаным-ай,  сормаңдай  жетімегім-ай!  Не  қарғысқа 
ұшырап  туып  ең?  -  дей  беріп  еді,  Құнанбай  сол  қолын  шұғыл  көтеріп  қап: 
«Доғар!»  дегендей  ишарат  қылды.  Қарғыс  шарпуынан  бетін  қорғаған  сияқты 
қозғалыс. 
Мұның әмірінен жасқанып өскен Айғыз саябырлап қалды. Бірақ сыбырлап 
сөйлеп, тұншыға жылады. Құнанбай ақырып: 
- Қысқарт енді, басыңа көрінгір, не көрінді, басыңмен кеткір! - деді. 
Айғыз  жауап  қайырған  жоқ.  Бірақ  Абайдың  қасында  отырған  Ұлжан 
жаулығының ұшымен көзін сүртіп: 
- Өртенсең  де,  үндемей  өртен  дегені  ме?  Кәмшатты  ойласа,  бүгін  емес, 
көптен  күңіренеді  бұл  жандар.  Кімге  айтады?  Қайда  айтады?  -  деді.  Құнанбай 
оған да барын айтқызбай тежеп: 
- Жә, бірің бастап, бірің қостамай! Басалқа, басу айтады десе, о несі? -деді. 
Ұлжанға Айғыздай зекірген жоқ, кінәлай сөйледі 
Үй ішінің наразы үнін осылай баспақ. Бірақ онысына Зере болған жоқ. 
-Қорқытпа келіндерімді!.. О несі? - деп қатты зекіп қап, ілгері жылжып кеп, 
екі  қолымен  жер  тіреп  отырып,  баласының  жүзіне  аса  суық  қарады.  Абай  өз 
әжесінің мұндай қайратты ашуын бұрын көрмеген сияқты. 
Зере  Құнанбайға  әлі  де  қадала  қарап,  түйіліп  отыр.  Құнанбай  шешесінің 
ажарын сезді де, жуаси түсті. Көзі де шеше көзінен тайқып кетті. 

 
129 
- Айында,  аптасында  бір  көреді.  Арыз  мұңын  саған  айтпай  кімге  айтады? 
Қатты болсаң қасыңа бол! Досыңа, қатын-балаңа қатты боп, қайда барасың өзің? 
«Жер  тәңірісі  сенсің»  деп  қошеметшің  айтсын!  Бұл  жерде,  бұл  мекенде  сен 
мойныңдағы қарызы мол әкесің, білдің бе? Айтам ғой, «жер тәңірісімін» десең 
де,  аяғың  аспаннан  салбырап  түскен  жоқ.  Сен  де  бенденің  ұлысың,  анадан 
туғансың.  Менмін  сені  тапқан.  Мынау  аналар  аналық  зарын  айтады.  Кәмшат 
турасында  күйзелтіп,  күңрентіп  отырсыңдар,  сендер,  бізді.  Тап  енді  емін,  тап 
ақырғанша!  Құтқар  анау  қаршадай  жетімегімді!  -  деп,  қатты  бұйрық  етіп 
тоқтады. 
Үй іші үнсіз еді. Құнанбай тез жауап айта алмай, буылып қалды. Талайдан 
естімеген үнін есітті; анасының үні - ардың үні боп, қатты қадалып тұр. 
- Қайтейін?.. Мен қайтейін?.. Кеше исі Арғынның игі жақсысы бұйырды!  - 
деп, шешесіне арыз шағып бір тоқтады. 
Абайдың аса теріс көргені сол бұйрықтың өзі. 
- Рақым,  мейірбандық  жоқ,  не  деген  жаны  ашымас,  қатыбас  байлау  сол 
байлаудың  өзі?  Тату  етер  байлау  да  емес.  Көңілге  қату  бітіретін  байлау  ғой 
және  Кәмшаттан  зорлықпен  айырған  Жігітекті  мұндағы  ана,  бауыр  қайтіп 
жақын көре алады? Мал алмай, мазасыз масыл жас баланы алғанға олар қайтіп 
ырза  болады?  Олардың  рақымсыз,  надан,  топастарына  салсаңыз.  Кәмшаттың 
барлығынан  да  бес  байталды  артық  көрсе  қайтесіз?  Ендеше,  ортамыздағы  ең 
әлсіз,  ең  пұшайман  бір  ғарыпты  қайда  тастап  отырмыз?  Ит  жемеге  тастап 
отырғамыз жоқ па?.. 
Әкесіне  Абай  сөзі  ұтықты  көрінді.  Өзі  тіпті  ойға  келмеген  соны  сөз.  Бірақ 
бұл баласы бір беткеп кетіп отыр. Қазақ жолы, ел салты емес, өзге бір сүрлеуге 
түсіп кетті. 
- Әй,  шалағай  балам-ай,  көңілің  түзу  болғанмен,  жолдан  тыс  жайылып 
отырсың ғой! 
Бағанағыдай  емес,  енді  мынау  үйдің  ішін  күйзелткен  жайды  бірге 
ойласқандай.  Абайды  «шалағай»  десе  де,  ақыл  кеңесіне  алған  сияқты.  Және 
бұған жылы жауап айтқаны Ұлжан, Айғызға да жалына бастағаны тәрізді. Анық 
соның белгісі. Тағы біраз үндемей отырып барып: 
- Ағайын  жолы  бұлай  ма?  Араз  елді  жамастырам  деп,  қалыңға  қыз  да 
беріседі.  Күң  есепті,  қатып  есепті  береді.  Біз,  берсек,  етбауыр  бала  қыл  деп 
беріппіз.  Қорлыққа  бердік  пе?  Тек  сын  Бөжей  басында  ғой.  Біле  білсе,  менің 
балам  оның  баласы  болмайтын  несі  бар  еді?  Жат  деп,  жау  ұрпағы  деп,  дұспан 
көріп  кірпідей  жиырылса,  қарыз  оның  мойнында  емес  пе?  Тіпті  жазықты 
болсам,  мен  жазықты  шығармын.  Бесіктен  шығарып,  адам  ұлы  деп,  соның 
баурына  берген  балам  жазықты  ма  еді?  Қатын-қалаш,  ауыл  аймағына  тым 
құрыса соны ұғындыра алмаса Бөжейдің аяқтағы суға ағып өлгені ғой! - деді. 
Бұл  сөзінде  Бөжейді  жеңер  дәлелі  бар  еді.  Абайдың  өзі  де  өмірінде  алғаш 
рет  Бөжейден  түңілгендей  боп  қайтқан.  «Қатыны  ант  ұрған  болса,  ең  болмаса 
жөнге  салса  нетті?»  -  деп  ойлаған.  Бұл  ойын  бағана  жолшыбай  Ғабитханға 
айтқан-ды. 
Ұлжан  мен  Жұмабай  және  Айғыз  боп  Бөжейдің  қатынын  кінәлады.  Ол 
жақтан  жаңғыз  аяқтап  кеп  жатқан  суық  қатал  сөздердің  бірталайын  айтысып 

 
130 
етті.  Айғыз  тұп-тура  аямай:  «Дұспандық  етіп  жүрген  Бөжейдің  қатыны»  деп 
байлады. 
Осының ертеңінде Құнанбайдың сәлемімен Бөжей аулына Жұмабай барып 
қайтты. 
Көршілес, картаң қатынның бірін Айғыз да Бөжейдің бәйбішесіне жіберген. 
Оған: 
- Балама  өгейлік  қып  отыр.  Ақылы  болса,  ары  болса,  бүйтер  ме  еді? 
Күтімсіздікпен дертті қыпты, - деген кінәлар айтқызды. 
Жұмабай Бөжей аулынан түнеріп қайтты. Ол келгенде Абай барлық Бөжей 
жауабына  түгел  қанды.  Бөжей  қасында  Байдалы,  Түсіптер  бар  еді.  Қатыны  да 
Айғыз  жағынан  есіткендерін  жеткізген-ді.  Үй  ішімен,  ағайынымен  күңкілдесіп 
алып, Бөжей Құнанбайға ашулы жауап айтыпты. 
- Құнанбай  жаққан  отқа  менің  арым  өртенді.  «Жарасы  жазылды,  сынығы 
бітті»  дей  ме  екен?  Не  жаны  жүр  деп  ойлайды  екен  шыбын  кеудемде?  Әлде 
өзгелер үйелменімен өртенсе де, өзімнен бұрау сынбасын дей ме? Құнанбайдан 
не шықты. Шашыраған бір ұрығы ма? Сұрау салмай, мазамды алмай тек жүрсін, 
күйдірмесін ағайын! - депті. 
Үлкен ызаның сызы жатыр. Тоңы жібімеген араздық қайтадан тағы бір рет: 
«Мен арылған жоқпын!» дегендей жота көрсетті. 
Құнанбай  демігіп  тыныс  алып,  қап-қара  боп  кетті.  Бөжейдің  бұл 
жауабынан Абай да қатты түңілген еді. 
- Адамшылық  рақым  қайда?  Өзге  емес,  ақылсыз,  надан  қатыны  емес, 
Бөжей өзі өсте ме екен? Көз алдында соншалық жазықсыз нәрестені ұзақ өлімге 
бұйырып,  сол  үшін  және  биттей  де  шімірікпеу  не  деген  қаттылық?  Әншейінде 
мінезді,  мейірбан  көрінетін  сырты  екен  ғой.  Өзіне  сын  жетпей,  жұртты  сынап 
жүргенде  сүйтеді  екен  ғой.  Ендеше,  жауығып,  қарсыласып,  кінәлап  жүрген 
Құнанбайдан қай қасиетімен артты? - деп, аса наразы боп қалды. 
Құнанбай бұл арада шешілген жоқ. Жалғыз-ақ Абайға қарап: 
- Менің  балам  адамзат  баласы  емес,  өштескен  қасқырдың  күшігіндей 
көрінгені  ғой.  Көрге  бірге  кететін  жаулық  десеңші  мынаны.  Аузына  осы  тірі 
жүрген  ұрпағымның  қайсысы  түссе  де,  шайнап  тастағалы,  көзге  шұқып  жоқ 
еткелі отырған түр ғой мынау! Жалғыз-ақ тәуекел! Тостым, күттім артын! - деп, 
тоқырап қалды. 
Осыдан  кейін  аз  күн  еткен  соң,  Бөжей  аулынан  Айғыздар  күткен  жаман 
хабар оқыс келді. 
Кәмшат  өліпті.  Және  таңертең  өлген  баланы  сол  күні  түс  ауа  қойып  та 
бітіріпті.  Керек  десе,  Құнанбай  аулына,  Айғыздай  көзі  тірі  шешесіне  хабар  да 
айтпапты. Айғыз бен Ұлжандар есіткенде бүгін қойшыдан есітіп отыр. 
Жалғыз Құнанбай емес, бастығы Зере болып, Абай болып, Бөжей мінезіне 
шынымен аса қатты ренжіді. Әнеугі жауап бір көңіл қалдырған болса, мынау ісі 
тіпті  бір  қырыс  надандық  пен  қаталдық  тәрізді.  Бөжей  өзі  осыны  сезген  болу 
керек.  Кәмшат  елген  күні,  ол:  «Айғызға  хабар  қылсақ  нетеді?»  деп,  үй  ішімен, 
Байдалымен  ақылдасқан  еді.  Бірақ  осы  аз  күннің  ішінде  Құнанбайдың  Жігітек 
жерінен Бөкеншіге қоныс әперіп отырғанын айтып, Байдалы ырық бермеді. 

 
131 
Қопа  мен  Қаршығалы  сияқты  қоныстарды  Бөкеншіге  Жігітектен  алып 
бергеннен  бері,  қазір  міне  күн  сайын  көші-қоң  да,  жайылыс-өріс,  биебау  да 
даулы болып тату ағайым тоңырайысып барады. 
Байдалы, Түсіптер күнде көріп, күнде сезіп:  «Бөкеншіні өкпелетіп алмасақ 
екен,  қолтығымыздан  шығарып  алмасақ  екен»  деп,  дамылсыз  күдіктеніп 
отыратын  болгған.  Сол  мазасыздықтың  өзі  де  Құнанбайға  бұларды  өшіктіріп 
отырған.  Бұл  жайдың  бәрін  танып  сезген  Бөжей  Құнанбайға  қатты  ашулы  еді.
 
 
 
Кәмшат  жайы  осындай  күйіп  жүрген  күндерге  дәл  келген  соң,  Бөжейдің 
рақымсыз боп жүргені рас. 
Абай  көңілінде  Бөжейді  Кәмшат  үшін,  жазықсыз  жас  нәресте  үшін 
айыптаған  үкімге  ақтау  жоқ.  Үлкенмен  араздық,  дәл  бұндай  адамшылық  ар 
сыналатын жерге арашашы бола алмайды. 
Хабар-ошарсыз  Кәмшаттың  қойылып  қойғанына  Құнанбай  жаман 
қатуланды.  Астыртын  хабармен  Құнанбайдың  үлкен  аулына  Ырғызбай,  Топай, 
Жуантаяқтардың  көп  ірі  кісілері  жиналып  қалған.  Солардың  тобына  Құнанбай 
Бөжей мінезін шағып, көпке кінәлатып отырып, тағы кісі жіберді. 
Бұл  жолы  Жігітекке  барған  Жұмабай  емес,  Ызғұтты  мен  Жақып. 
Құнанбайдың жан күйер жақындары. 
Бөжейге кеп: 
-  Бұ  не  қылғаның?  Шабындыдан  келген  күң  бе  еді?  Құнанбайдың  бел 
баласы,  оң  көзі  емес  пе  еді?  Тым  құрыса  іштен  шыққан  анасына  хабар  айтып, 
топырақ  бұйыртсаң  етті!  Бұ  не  деген  білместік,  не  деген  өштік?  -  деп  сөйледі 
Ызғұтты. 
Бөжей мен Байдалы, Түсіп бірігіп отырып жауап берді: 
-  Сыныққа  сылтау  таба  алмай  отырған  Құнанбай  ғой.  Қаршадай  қыз  өлді 
деп сауын айтып, ас беруші ме ем? Тіпті берсем де, басым сырықтан арылар ма 
еді?  Кінәласа,  құн  тілесін  енді  менен.  Бірақ,  тек  әлі  жетсе  алып  көрсін!  -деп, 
Бөжей бір-ақ томырылды. 
Жер  ашуы  қайнар  кезіне  жеткен  сияқты.  Бұл  сөздер  биылғы  жазды  не 
қылса да үлкен лаңның, зор бәленің жазы етуге айналған сөздер еді. 
Ызғұтты  мен  Жақыпты  жөнелтісімен,  Бөжейлер  өздеріне  қараған  бар 
ағайынды баталасуға шақырыпты. 
Сол күні кеше Құнанбай да өз тараптарымен баталасып, жаулыққа бекініп 
жатқанда,  Байсал,  Қаратай,  Сүйіндіктер  боп,  Бөжей  аулында,  Саркөл  үстінде 
серт байлау жасасты. 
Ел-елдің  жайлаудағы  өрісіне  жеткен  кезі  емес.  Әлі  жаздың  басы. 
Шыңғыстан жаңа ғана асып қонысқаны осы еді. 
Енді  екі  жағы  да  тез-тез  көшіп,  Бақанас,  Байқошқар,  Қазбала,  Жәнібек 
сияқты  кең  қоныстарға,  алыс  өрістерге  жіті  жетіп  алмақ.  Ендігі  жаз  күндері, 
барлық  жайлау  күндері,  майдандасқан  шептер  мен  жұлысқан  топтардың  күні, 
түні болатын сияқты түрі бар. 
Жалпы  Тобықты  қауырт,  асыға  көшіп  келеді.  Жігіт  атаулы  сойыл 
шоқпарын сайлап, жаз мінетін аттарын жиі-жиі таң асырып, асыға жаратып жүр. 
Қызу  өсіп,  күн  санап  өрбіп  келеді.  Көршілес  ауылдарда  күн  сайын 
тыныштығы кеткен мазасыз айғай дырду көбейіп, кәрі-жас та, қатын-қалаш та: 

 
132 
«кеп  қалды!»  «тиіп  кетті»,  «алды,  жұлды!»  деген,  суық  хабарларды  күтіп, 
елеңдеп ұйқтайтын болып еді. 
Зеренің  аулы  осы  дегбірсіздік,  мазасыздық  үстінде  үдере  көшіп  отырып 
Бақанасқа жетті. Қонғаны кеше ғана еді. Маңында он ауыл емес, қазірде отыз-
қырық  ауыл  оралып  қапты.  Ертеңді-кеш  қалың  жиын,  қарулы  азамат  Ұлжан, 
Айғыз  үйлерін  күндіз-түні  басып  жататын  болды.  Құнанбай  Бақанасқа 
жеткенше  осы  аулынан  кеткен  жоқ.  Топырдың  бәрін  осында  жиып,  ұлықтық 
әмір бұйрықтарын да осы арадан атқарады. Барлық атшабар, старшын, илер де 
бүгіндер  Бақанас  бойында.  Бұл  атраптағы  отыз-қырық  ауыл  тегіс,  ендігі  бір 
өзгеше жиынның ордасы сияқты боп алды. Сияз емес, сайлау емес, ас беріп, ат 
шаптырған  емес.  Не  кұдалық  береке  де  жоқ.  Сылтаусыз  болса  да  жиын 
айықпайтын бір шоқы боп алды. 
Абай  әкесінің  ендігі  сырын  білмейді.  Үлкен  кісілер  кеп,  әке  қасын 
қоршағаннан  бері  және  Кәмшат  өліп,  үй  ішін,  аналар  көңлін  уайым  басқаннан 
бері Абай әке қарекетінен, ендігі мақсұтынан шетірек қалғанды. 
Бақанасқа  бұл  ауылдар  жеткен  күннің  ертеңінде  көршілес  Жәнібекке, 
Тезектің  Қарашоқысына,  Қазбалаға  Жігітек,  Бөкенші,  Көтібақ  та  жетсе  керек 
еді.  Бірақ  әлденеден  олар  келмепті.  Сұрастырғанда:  кейіндеп,  Ақтомар, 
Қаршығалы, Шақпақ тұстарында қапты деген хабар келді. Егескенде, иінтіресе, 
таласа көшетін әдет болушы еді. Бастапқы екпін сондай-ақ еді. Не болды екен? 
Немене  есеппен  бұғып  қалды  екен?..  Осыны  үлкенді-кішінің  әрқайсысы:  «Бұл 
қалай?  Неліктен?»  десіп  сұрасып  жүргенде,  түс  кезінде  Бақанас  бойына  бір 
өзгеше хабар шұғыл кеп қалды. 
Ызғұттының  аулына  түсіп,  сусын  ішіп  аттанған  Бөкеншінің  үш 
жолаушысы  айтыпты:  «Бес  күннен  бері  Бөжей  науқас  еді.  Соңғы  күнде  сол 
науқастың  беті  бұзылған  тәрізді.  Бөжей  өзі  шоши  ма?  Болмаса,  сақтықта 
қорлық  жок  дей  ме?  Әйтеуір  кеше  кешке  бар  жанкүйер  ағайынын  шақырып, 
арыздасып жатыр дегенді есіттік» - депті. 
Бұл жүргіншілердің сөзі ұшқары сөз емес, шын еді. 
Бақанастың суык бетке әзірленіп жүрген елінің бүгін күні бойғы аузындағы 
сөзі осы болды. «Арыздасып жатыр дейді! Байсал, Байдалы, Түсіптер жыласып 
арыздасыпты  дейді!»,  «Науқасының  бетінен  ағайын  шошиды  деді!»,  «Жазым 
боп кете ме қайтеді?» - деседі. Далада малшы атаулы бір-біріне кездессе, қосак 
басында  қатындар  кездессе,  ат  үстінде  азамат  кездессе,  ас  үстінде  үй  іштері  - 
абысын-ажын күңкілдессе, тегіс сөйлейтін сөз осы болды. 
Осы  күннің  ертеңінде  суық  сыбыс  анық  боп,  Бөжей  қайтыс  болды  деген 
хабар да жетті. Өткен түні, ел жатар кезде жантәслім қыпты. 
Бұл  хабарды  Жұмабай  ат  үстінде  естіп  Ұлжан  үйіне  келгенде,  ол  үй 
таңертеңгі шайын ішіп отыр екен. Үйде Құнанбай, Зере, Ұлжан бар. Балалардан 
Абай, Оспан, Тәкежан отыр еді. 
Бөжейдің  өлімін  есіткенде,  үй  іші  тегіс  аңтарылып,  селт  етті.  Бірталай 
уақыт  жым-жырт  отырып,  үн  қата  алмай  қалған  үлкендер,  мынау  тосын 
хабарды енді-енді, әркім әр түрде сезіне бастап еді. 
Құнанбай  қатты  сұрланып  алып,  түрулі  тұрған  есіктен  алыстағы  көк 
адырға қадалып отырып, ернін жыбырлатты да, баяу ғана бата қылды. 

 
133 
Зере  жалын  атып,  зор  күйінішпен  күрсініп  қойып,  кесек-кесек  жас 
ыршытты. 
Абайдың  екі  өкпесі  аузына  тығылғандай  боп,  тынысы  бітіп,  жүрегі  қатты 
соғып кетті. 
Бақанастағы Ырғызбайдың бұл ауылдары Бөжейдің өлімі туралы айрықша 
хабаршы  келер  деп  күтті.  Ағайын  арасының  ежелгі  айнымас  заңы  бойынша, 
жаназаға шақырар деп еді. 
Әншейінде  қаншалық  қиян-кескі  араз  боп  жүрсе  де,  «Торқалы  той, 
топырақты  өлім»  дегенге  келгенде,  араздық  ұмытыла  тұратын.  Әсіресе, 
Бөжейдей  кісінің  өлімінде  жыласпаған,  қойыспаған  ағайын  болу  мүмкін  емес. 
Құнанбай  да,  Зере,  Ұлжан  да  осы  сәскеге  дейін  хабаршы  келмегенін  түсіне 
алмай, аса дағдарған еді. 
Жаназаға  деп  саба,  сойыс,  үй  қамдап,  өз  жолымен  барудың  жайын  да 
шолақ-шолақ сөйлескен болатын. Бірақ кешке шейін тосса да хабаршы келмеді. 
Сұмдық  көрінсе  де,  көнбестеріне  шара  жоқ.  Бөжейдің  өліміне  Құнанбайды 
шақырмапты. Әдейі алалап тастапты. 
Бұл не Бөжейдің өлердегі есиетінен немесе артына ие боп отырған Байдалы, 
Байсал,  Түсіптердің  мінезінен.  Қайсысы  болса  да  осал  соққы  емес.  Кеудесіне 
араздықтың  қаны  қатқан  ағайын,  енді  міне,  өлім  екеш  өлімімен  де  оқ  атып 
кеткендей!  Аталас  жақын  Олжай  іші  былай  тұрсын,  тіпті  қалың  Тобықты 
ішінде, алыс аталардың арасында да дәл мынадай алалау, кеудеге түрту болған 
емес. 
Құнанбай қатты қипалып, ақыр аяғы ызаға кетті. Кешпес қатал ызаға кетті. 
Өліге  шара  жок.  Әсіресе  исі  Тобықтыдан  бері  істелмеген  қатыбас,  жат 
сұмдықты шығарып отырған Байдалы, Байсалдарға кінәсі көп. 
Бірақ  сонымен  қатар  енді  бүгінге  шейін  келген  әзірлік,  жаулыққа, 
жұлысуға беттеген әзірлік өзгеретін, іркілетін болды. Оны Құнанбай анық түйді. 
Сондықтан Бақанастағы ауылдардың басшы кісілеріне және Ұлжан үйіне: 
-  Жай,  шаруаларыңды  бағып,  тек  тыныш  тұра  беріңдер!  -  деді  де,  өзі 
Жұмабайды  ертіп,  Байқошқар  суының  басына  кеп  қонған  Күнкенің  аулына 
кетті. 
Майдан  болғалы  тұрған  ауылдардын  үстінде  енді  майдан  болмайды  деген 
сөз.  «Аласапран  болар,  әлек-алқын  жазы  болар»  деген  бұл  жаз,  енді,  тіпті 
басқаша  болатын  тәрізденді.  Қандай  болар?  Онысы  анық  мәлім  емес.  Бірак 
қалайда  мынандай  өлім  үстінде  ат  мініп,  аспап  асынып  жұлқысу  жоқ  болатын 
шығар.  
Жаназаға,  Бөжейдің  жаназасына  шақырылмаған  Зере,  Ұлжандар  өлердей 
күйіп, өзгеше шерлі боп қалған еді. Бірақ істер шара жоқ. Кінәсіз екі мейірбан, 
жазықсыз  екі  жан  Бөжейге  деген  көз  жастарын  үйлерінде  отырып  төкті. 
Бөжейге  арналған  құрандарын,  «тие  берсінін»  өз  үйлерінде,  өз  балаларына, 
Абай  мен  Ғабитхандарға  оқытты.  Шелпектерін  пісіртіп,  дастарқандарын 
жайғызып, бір жеті бойында өз үйлерінде аза қылып отырысты. 
Бұл күндерде Қаршығалыдай кең қонысқа жайыла қонған Жігітек, Бөкенші, 
Көтібақ атаулының сансыз көп ауылдарының үсті қалың нөпір, қара нор еді. 

 
134 
Ол  өлкеге  Бөжейді  жоқтап,  ертеңді-кеш,  күндіз-түні  «бауырымдап» 
аңыраған,  аңдыздап,  ат  қойып,  ағылып  кеп,  төгіліп  түсіп,  жыласып  жатқан 
әйел-еркек, жас-кәрінің ұшы-қиыры жоқ. 
Алыс-жақындағы  Бөжейдің  бастас,  тілеулес  ағайындары  бөлек-бөлек, 
үлкен-үлкен үйлері мен сойыстарын, сабаларын, күтуші еркек, әйелдерін түгел 
алып келіскен. Өлімді күтудің ерекше бір көптен бері болмаған салтанаты туып 
еді. 
Алыс  жайлауға,  Құнанбай  ауылдары  жеткен  өріске  бұл  өлкенің  елі  жете 
алмай қалды. Ең болмаса Бөжейдің жетісіне шейін, немесе тіпті қырқына шейін 
«жыласатын  ағайынды»,  «бата  оқырды»  осы  кең  қоныс  –  шалқарда  тоспақ 
болды. 
 
 
Бөжей  өлген  күннің  ертеңінде  Байсал,  Байдалы,  Түсіп,  Сүйіндік  боп, 
ертемен байласқан байлау осы еді. Сол жаңағы адамдарға бейім ауыл-аймақтар 
тегіс  бір-ақ  күн  ішінде  осы  Қаршығалыға  кеп  Бөжейдің  ауылдарын  айнала 
қоршал, ортаға алып қонысқан-ды. 
Бөжей  ұзақ  ауырған  жок.  Жиыны  бір-ақ  жұма  ауырды.  Бірақ  қатты 
жығылған  бетінен  бері  қарай  алмады.  Алғаш  төсек  тартып  жатысымен-ақ 
денесін  жер  тарта  бергендей  болды  да,  бетін  суыққа  салды.  Науқасының 
үшінші  күнінде  тыныштық,  тақат  таба  алмай,  тынысы  бітіп,  жанталасып,  өне 
бойы оттай күйіп жатты. 
Өлімді  көп  көрген  Байсал  Бөжейдің  тамырын  ұстап,  үнсіз,  ауыр  күдіктің 
үстінде отыр еді. Қастарында Байдалы, Түсіп, Сүйіндіктер бар болатын. 
Азғана  достарынан  басқа  бөтен  жан  жок.  Бөжей  осы  сәтте  айтып  қалғысы 
келді ме? Әйтеуір бір орайда Байсал отырып: 
- Науқасы  соқпа  ғой!  Соқпаның  осындай  қатқыл  келетіні  болушы  еді,  со 
ғой! Бір тер шықса, қалың тер шықса, айығар еді! Буып тұрған тер ғой! -дегенде, 
Бөжей қабағын түйіп, тістеніп, бар қайратын жинап алғандай болды. 
Қаны қашқан, сарғылт, жүдеу жүзіне көкшіл таңбадай ашу келді. Әр сөзін 
бөліп, бірде қатты, бірде сыбырмен айтып, қылғынып, демігіп отырып: 
- Соқпа!  Сырттың  соқпасы  ма?  Ішті  жеген  жегінің  соқпасы  ма?  Әйтеуір... 
келді  ғой  толайым.  Құнанбайдың  жері  кеңір!..  Мен  кешермін  бұл  дүниеден!.. 
Кетермін! Бөгет болмай кетермін!.. Бірақ... күндерің не болар? - деді. 
Мынау отырған төрт досының ішінде сыр беріп жылаған - жалғыз Сүйіидік. 
Анау үшеуі үн қатқан жоқ. Тастай түйіліп сазарысты да, жым-жырт қалды. 
Бөжейдің  арыздасқаны  да,  тіл  қатып  сөйлегені  де  сол.  Осыдан  кейін  бір 
жанға бір ауыз сөз айтқан жок. Арада тағы төрт күн еткен соң қайтыс болған. 
Құнанбайға  хабар  бергізбеген  Байдалы  мен  Байсал.  Ел  жатар  кезде 
Бөжейдің  тынысы  бітті  де,  түн  ортасына  дейін  естерінен  айрылғандай  боп, 
барлық  қатын-қалаш,  бала-шағамен  бірге  жаңағы  үлкендер  де  өкіріп,  өксіп 
жыласып  отырды.  Байсал  бір  рет  қалын  жиын  жылап  кеп,  жағалай  көріскен 
кезде, түрегеп тұрған қалпынан тәлтіректеп, жығылып та кетті. Сүйеиіп тұрган 
таяқ  та  тіреу  болмады.  Талып  кеткен  уақты  еді.  Осыны  көрген  соң  Байдалы 
Түсіп  пен  Сүйіндікті  ертіп,  Байсалды  жиыннан,  жылаған  шудан  оңша  алып 
шығып, оқшау барып отырып: 

 
135 
- Жылағанмен  жақсы  Бөжей  қайта  ма?  Тірілер  болса,  күңіренген  дүние, 
төгілген жас аз ба? Әнеки, - деді. Түн аспанын қақ жара шулап, боздап, зарлап 
жатқан қыз-қатын, ер-азамат жаққа қол нұскады. 
Жалын атып, аһ ұрып, күрсініп алып: 
- Есті  жи,  Байсал!  Белді  бекем  бу,  түге!  -  деп  өзгелерге  де  әмір,  бұйрық 
сияқты  сөз  тастап,  -  ақыл  қосыңдар  одан  да!  Хабаршы  жөнелтейік.  Қамға 
кірісейік! - деді. 
Қалған жай бәріне де мәлім еді. 
Бұл  үлкендер  осы  түнде  қырық-елудей  жігіт-желеңді  және  бірер  ақылшы 
кәріні қастарына алып, өліктің артын күтетін қамға кірісті. 
Хабарды  кімге  беріп,  кімге  бермеуді  Байдалы  өзі  атаған.  Сол  ретте 
Құнанбай ауылдарын қатардан әдейі шығартып тастаған-ды. 
Отыз-қырық кісідей шапқыншы түн ортасы ауа бергенде қос-қос атпен әзір 
болды.  Жарау  ат,  айғырды  мініп,  қалың  Тобықтымен  көршілес  Керейдің, 
Матайдың, сонау тіпті Қарқаралы жағындағы Шор мен Бошанның басты-басты 
жерлеріне де жат, суық хабарды алып, шашырай шауып жөнелген-ді. 
Түн  бойы  ұйқтамаған  Байдалылар  күн  шыға  бергенде,  Бөжейдің  өз  үйінің 
жанына,  осы  өлкедегі  ең  үлкен  үй  Сүйіндіктің  сегіз  қанат  аппақ  үйін  әкеліп 
тіккізген.  Үй  тігіліп  болысымен,  ішіне  бөтен  жасау-жабдық  кіргізбей,  тек 
есіктен  төрге  дейін  кілем  ғана  жайғызды.  Оң  жаққа  үлкен  сүйек  төсек  кіргізді. 
Үстін көмкерумен қара кілеммен тегістеп болып, сол төсекке Бөжейдің сүйегін 
әкеп салғызды. Жаназасын шығарғанша өлік осында болмақ. 
Бөжейдің өлігін өз үйінен шығарып, мынау үйге әкеп қою қаралы қатындар 
мен  Бөжей  қыздарының  зарлауын  қатты  үдетіп  еді.  Байдалы  сүйекті 
орналастырып  болысымен  сол  өлік  үстіне  тіккен  ақ  үйдің  оң  жақ  белдеуіне  өз 
қолымен әкеп қара тікті. 
Бұл  жүмыс  өліктің  артын  күтудің  үлкен  бір  серті  еді.  Қара  дегені  -  ұзын 
найзаның басына тігілген ту. Егер Бөжей жай қара қазақ емес, төреден шыққан 
болса, сол төрелердің өзді-өз тұқымының туларын тігер еді. Ақ тулы, көк тулы, 
ала  тулы  деген  төрелердің  тұқым-тұқымы,  жік-жігі  осындайда  көрінетін.  Ал, 
қарадан  кісі  өлсе  тудың  түсі  өліктің  жасына  қарай  болады.  Ол  жөндерге 
келгенде, Байдалы ескіге жүйрік Сүйіндікпен ғана ақылдасты. 
Сүйіндік  жас  кісі  өлсе  туы  қызыл  болатынын,  кәрі  өлсе,  ақ  болатынын 
айтып  келді  де,  «Бөжейдей  орта  жасты  кісінің  қаралы  туы  -  бір  жағы  ақ,  бір 
жағы қызыл болу керек» дегенді айтқан. Жаңағы Байдалы әкеп тіккен ту - қара 
дегені осы еді. 
Бөжей  өлген  күннің  ертеңінде  тігілген  осы  қара  Бөжейдің  өлімі  өзге 
өлімнеп  ерекше  күтілетінін  жариялады.  Соның  шарты:  Бөжейге  ас  беріледі, 
жыл  бойы  арты  қатты  күтіледі  деген  болатын.  Қара  тіккен  Байдалы  халық 
атынан Бөжейдей арысына ас берем деген ырымын жасады. Бұл әдеттің екінші 
бір  белгісі  тағы  бар.  Байдалы  қараны  тігіп,  барлық  жиылып  тұрған  жанкүнер 
жақындармен бата қылған кезде, сол үйдің екі жақ босағасына екі ат жетектеліп 
келді.  Бірі  -  доға  жал  семіз  күрең  ат.  Екіншісі  -  дом  боп  жарап  қалған,  сартап 
болған сұлу қара көк ат. Күрең ат - Бөжейдің қыс мінетін аты. Қара көкті - осы 
жаз басынан байлап жүр еді. 

 
136 
Бөжейдей  азаматтарының  ыстық  көзіндей  болған  екі  серік  аты  келгенде 
барлық үлкендердің өздері де еңіреп-еңіреп жіберісті. Біреулер таяғына сүйеніп, 
бірнеше кәрілер жер тіреп жыласып: 
- Арысым-ай, арыстаным, бауырым-ай! - десіп, күңіреніп еді. 
Өзгеден  бұрын  бойын  жиып  алған  тағы  Байдалы  болды.  Ол  әуелі  оң  жақ 
босағада тұрған күрең атқа кеп: 
- Жануар-ай,  иең  кетіп  тұл  қалдың  ғой,  сен  бейбақ!  -  деп,  жақындап  келді 
де күрең аттың кекілін шорт кесті. Содан кұйрығынан алып, уыстап тұрып, дәл 
тірсегінен жоғары келтіре, қалың кұйрығын да борт-борт кесіп алды. 
Қара  көк  атқа  да  соны  істеп,  тұлдаған  екі  атты  барлык  осы  өңірдің  өзге 
жылкысынан бөлек түске кіргізіп қоя берді. Қара тіккен жерде ас берудің серті 
айтылды.  Мынау  тұлданған  екі  ат  келесі  жылға  шейін  мінілмейді.  Қол  тимей 
семіріп барып, жыл асқан соң иесінің асына сойылады. 
Байдалы екі аттың артынан қарап тұрып: 
- Қара  көктің  жал-құйрығы  қара  ғой.  Қаралы  ат  осы  болсын.  Көшкенде 
ерімнің  каралы  ер-тұрмайы  осыған  ерттелсін,  тұлдаған  киімдері  осы  жануарға 
жабылсын! - деді. Бұл сөзі байлау еді. 
Осыдан соң Байдалы бастаған үлкендер қастарына Қаршығалыдағы барлық 
басты  ру,  бай  ауылдарының  мал  иелерін  алып  отырып,  Бөжейдің  жаназасына, 
підиясына байлайтын мал-мүліктің әңгімесіне кірісті. 
«Өлім - бардың малын шашар, жоқтың артын ашар», Бөжен бай болмасын, 
бірақ  жоқ  емес.  Әсіресе,  ағайын  тұрғанда,  мынандай  шебі  бүтін  тұқымы 
тұрғанда,  неге  жоқ  болады!  Тіріде  тілеуі  бір  туысқан  өлісінде  неге  ұмытады? 
Бет топырағы жасырынбай тұрып қайтып ұмытады? 
Осыны  айтыспаса  да  ойламаған  ағайын жоқ.  Сондықтан  олар  Бөжейдің  өз 
үйіне салмақ түсірген жоқ. Керек десе бір лақты да өзінен шығартпасқа бекісті. 
Ертең  бата  оқыры,  қонақасысы  аз  болмайды.  Қара  тіккен  үй,  әсіресе  өткен-
кеткеннің бәрін шақырып тұратын үй болмақ. Шаршаған мен шалдыққан болса, 
аш-арық болсын, алыс-жақынның бөгде жүргіншісі болсын, баршасы да бұл бір 
жылдың  бойында,  ылғи  ғана  Бөжейдің  үйіне  түсетін  болады.  Солардың  тие 
берсіні,  тілек  батасы  Бөжейге  сауап.  «Өлгендердің  артын  күту,  аруағын  күту 
сол сауабын ойлауда» деп, молда, қожа көп өсиеттеген сөздерді де Байдалылар 
еске алды. 
Сонымен  Бөжейдің  өз  үйінің  шығыны  әлі  алда  жатыр.  Ол  санаусыз  көп. 
Ендеше мынадай қауырт шығасыны ол үйдің қзіне салмай, бөліп әкету шарт. 
Жиылған  ағайын  ынтымағы  сараңдықка  бой  ұрмады.  Бұл  өлкеде  талайдан 
болмаған бай підия және де осы Бөжейдікі болатын болды. 
Бастығы  Сүйіндік,  Байсалдар  болып:  «Азаға  салғаным»,  «қосқаным», 
«аруағына арнағаным» деп шеттерінен қос ат, іңген, жамбы, тай тұяқ, қон тұяқ 
сияқты  бұйымдар  атасты.  Сүйтіп,  кеңес  аяғында  підиясының  өзі  талай  тоғыз 
болып  саналды.  Бас  тоғызы  түйе,  екінші  тоғызы  жылқы,  аяғы  қой,  ешкі 
тоғыздары және ішік-кілем сияқты тоғыздар еді. 
Осы  таңертеңде,  дәл  осы  кеңесте,  мынау  қара  тіккен  ақ  үйге  бұдан  былай 
мол жасау, қаралы сәнді жасау жиюдың жайы да байланды. 
Сүйіндік,  Байсал,  Байдалы  бар,  бәрінің  үйлерінде,  тең,  сандықтарында 
жатқан  қаралы  қалы  кілем,  қымбат  ішік,  өзгеше  тон,  тұскиіз  сияқты  асыл 

 
137 
бұйымдар  тегіс  осы  үйге  әкеліп  жиылмақ.  Түске  жақын  ақ  үйдің  ішіне  әзірше 
жасау  қып  ілмесе  де,  ертең  өлік  шыққан  соң  ілетін  боп  барлық  септің 
жасауларын да әкелісіп қойысты. 
Бұл  кезде  Бөжейдің  өз  үйінің  ішінде  қара  сұр  бәйбіше  шаршысын  шорт 
байлаған. Қара шашын тарқатып, екі иініне жайып салған. Қан-сөлден айрылып, 
сұрланып  талған  жүзінде  көк  тамырлары  білінеді.  Екі  бетінің  ұштары  жылап 
жыртқан тырнақтың табын сақтап, жарадар боп тұр. 
Бөжейдің  екі  қызы  да  бастарындағы  бөркін  тастап,  қара  салыны  шорт 
байласып алыпты. Бұлар әкелері өлісімен, қайғылы, шерлі, бір ұзақ жоқтаудың 
сарынын  тапқан  екен.  Бүгін  таңертеңнен  бері  жаназашыларға  көріскенде  сол 
жоқтауларын айтумен отыр. 
Барлық  Шыңғыс  сыртындағы  ұшы-қиыры  жоқ,  ен  өлке,  кең  сала,  мол 
жайлау,  құйқалы  адыр,  қалың  таулардан  жұрт  ағылды.  Аңыраған  ел  жер 
қайысқан  қалың  нөпір  боп  кеп,  бірнеше  күн  жыласып,  аза  салып  болды  да, 
ақыры  Бөжейдің  жаназасын  шығарды.  Сүйегін  бұл  жайлауға  қоймай, 
Шыңғысты  қайта  асырып,  қыстауының  үстіне  апарып,  Тоқпамбетке  қойды. 
Бөжейдей  жұрт  жоқтаған  жанға  топырақ  салмай  қалған  жалғыз  Құнанбай 
айналасы болды. 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

 
138 
 
 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   21




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет