МҰхтар әуезов абай роман-эпопея (бірінші кітап)



Pdf көрінісі
бет3/21
Дата07.02.2017
өлшемі2,25 Mb.
#3576
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21


 
Қарашоқы  Қодар  қыстауынан  алыс  емес.  Шыңғыстың  үлкен  биігінің  бірі. 
Соның  бауыры  әдемі,  тоғайлы  өзен  болатын.  Тал-терегі  болсын  және  тау 
қайыңы қисықша қызыл қайың болсын, барлығы да көктеп, жайнап тұр. Бұл ара 
бір  құйқалы,  жақсы  қыстау.  Бөкенші,  Борсақ  ерте  кеп,  осында  орнап  қап,  әлі 
бауыр басып келеді. 

 
26 
Ырғызбай  ішінен,  әсіресе,  осы  Қарашоқыға  қызығушылар  көп  болатын. 
Бұнда  отырған  ауылдар  Борсақ,  Жексен  ауылы.  Ол,  Борсаққа  әлдеқандай 
көрінгенмен, өзге жұрттың келесінде бұта құрым болатын. 
Жиын осында екен. Жексен ауылы төрт үй. Өзенге мінбелеп, төніп тұрған 
бір  тіп-тік  жартастың  түбіне  қоныпты.  Осы  араға  Қодар  мен  Қамқаны  алып 
келе жатты. Тыста: 
- Қеле жатыр.  Алып  келе жатыр...  Әне Қодар... - деген үндер естілген соң, 
Жексен  үйінде  отырған  Құнанбай  бастаған  топтың  бәрі  тысқа  шықты.  Тұмсық 
асып  келе  жатқан  Қамысбайлар  келгенше,  мұндағы  барлық  жиын  бір  араға 
қарай екшеліп, ауылдың сыртына барып топтанды. Сол арада қазыққа бұйдалап 
байлап, шегеріп қойған бір үлкен, биік қара атан жатыр. Беліне шом салып, екі 
өркешінің  арасын  жоталап  биіктепті  де,  сонын,  үстінен  бастыра  бір  ашамайды 
орнатып, мықтап шандып, таңып тастапты. 
Қамқа жиыннан шошып  кетті. Жолшыбай сұрамаса да, енді ауылға тақала 
бергенде Қамысбайдан: 
- Жаным-ау, адам баласысың ғой... Осы айыбымыз не?  Не  қылмақсыңдар? 
Айтып өлтірсеңші? - деген. 
Бұған шейін  «ләм» деп жауаптаспай келген  Қамысбай енді ғана тіл қатты. 
Бірақ тілі зәрдей еді: 
- Анау  атаңмен  -  Қодармен  жақын  болғаның  үшін,  қазір  екеуің  де 
жайрайсың! - деді. Ол осыны айтып, «Қамқаны не дер екен?» деп еді. Байқаса, 
Қамқада  үн  жоқ.  Бір  ғана  ыңыранды  да,  сылқ  етіп,  аттан  құлап  барады. 
Қамысбай өзі де аттан жығылып қала жаздады. Қамқаны құшақтап, қысып алды 
да, желіп отырып, жиынның алдына келді. 
Алдыңғылар  Қодарды  түсіріп  жатыр  екен.  Бұ  да  кеп  Қамқаны  сүйемелдей 
ұстап  тұрып,  өзі  бұрын  түсіп,  артынан  келіншекті  түсірді.  Қамқа  түскен  жоқ. 
Былқ етіп құлап жығылды да, талған бойында жерде сұлқ жатып қалды. 
Қодардың  алдында  жүз  қаралы  жиын  тұр.  Ортасында:  Құнанбай,  Бөжей. 
Байсал,  Қаратай,  Сүйіндік,  Майбасар  -  бәрі  бар.  Алдағы  осылар  да,  артынан 
ентелеп  тұрған  ақсақал,  қарасақал.  Әр  рудың,  көп  рудың  адамдары.  Ылғи 
атқамінері ғана. Ішінде жұпыны киімді біреу жоқ. 
Қодар сәлем бермеді, өзі таңулы. Ішінде удай қайнаған ыза мен ашу бар. 
Жиын  ортасында,  жалғыз  көзі  бұған  оқтай  қадалып  тұрған  Құнанбай  ды 
танып, соған қарап түйіліп, қатты ақырып: 
- Уәй, Құнанбай, мені құдайдың жылатқаны аз ба еді? Бұ не қырсығың?.. - 
дей бергенде Майбасар бастаған әулекі жуандар: 
- Тарт тіліңді! 
- Қысқарт! 
- Жап  аузыңды!  -деп  арс-арс  етті.  Құнанбайға  жаңағы  Қодарша  зекіп 
сөйлеген қарсылық сөздерді олар естіген емес. 
Қодар аз үндемей тұрып, аналар басыла бергенде: 
- Ел-жұртқа  масқара  етіп,  қор  етіп,  анау  соқыр  көзіңнің  құнын  менен 
алайын деп пе едің! - дегенде Құнанбай: 
- Шығартпа үнін! Жоғалт көзін! - деді. Майбасар да ілесе: 
- Өй, қуарған көктөбет! - деп, қамшы үйіріп кеп қап еді. 
Қодар саспастан тұрып, қарсы ақырды. 

 
27 
- Иә,  мен  көк  ит  болсам,  сендер  көп  итсің!  Жабыларсың,  таларсың  да 
жерсің! - дегенде, Қамысбай мен бағанағы төрт жігіт Қодарды сүйрей жөнелді. 
Сүйретіле бара жатып, Қодар зор дауыспен барынша шырқап: 
- Ақ,  қарамды  тексермедің  бе,  өңшең  қан  жұткан,  қара  бет?!  -  деп, 
қанталаған көзімен Құнанбайға бұрылып, атып жібергендей қарады. 
Бірақ,  осы  кезде  мойнына  шылбыр  түсіп  қалып  еді.  Төрт  жігіт  жетектеп 
жылдам  тартып,  анадай  жатқан  қара  атанның  оң  жағына  апарды.  Басына  қап 
сияқты  бірдеңені  жаба  салды.  Бес-алты  кісі  тапжылтпай,  түйенің  қабырғасына 
басып,  жығып  ұстап  тұрды.  Қодар  тағы  лағнат  айтып  айғайлай  беріп  еді, 
сыртынан бір қатты күш тарпып, серпіп жібергендей болды. Тұрып бара жатқан 
түйенің  қабырғасы  қаққан  екен.  Осыдан  әрі  мойнынан  «лық»  етіп,  темірдей 
қысып,  жанын  суырып  әкетіп  бара  жатқан  таудай  ауыр  күш  басты.  Жалған 
жапырылып,  үстіне  кеп  құлады...  Қөзінің  оты  жарқ  етті  де,  сөніп  бара  жатты. 
Жиында  үн  жоқ.  Түйенің  ар  жағына  Қодармен  тең  қып  асқан  Қамқа,  түйе 
тұрысымен, бір сәтте үзіліп кетті. Оны бәрі көріп тұр. Қодар бір жиырылып, бір 
созылып,  тез  өле  алмады..  Батырға  біткен  зор  денесі,  созылған  уақытында, 
бұрынғысынан  да  ұзарып  нар  түйенің  бойына  теңелгендей,  аяғы  жерге  тиер-
тиместей  болды.  Түйені  тұрғызып  бірталай  ұстап  түрғанда,  жиын  әлі  үн 
қатпады. Екі жанның өлім азабын өз үстіне арқалап тұрған түйе де үнсіз. 
Дәті  шыдамаған  Байсал  кейін  бұрылып,  шетке  шығып  кетті.  Сөйлегендер 
болса, сыбырмен ғана сөйлейді. Қаратай Бөжейге күбір етіп: 
- Өле  алмай  қиналды-ау,  бақыр!  Бишараны  жаңа  білдім,  арыс  екен  ғой!  - 
деді. 
Бөжей мұның бетіне қатты сұрланған жүзбен, ажырайып қарады да: 
- Арысыңды, ендеше, арыстан жеді, - деп сырт айналып кетті. 
Жұрт сыбырлап: 
- Өлген жоқ, әлі әлген жоқ... - десе берді. Қодардың денесі шынында әлі де 
тітіркенгендей дірілдеп қап, кейде тартыла түсіп қояды. 
Құнанбай  жұрттың  күбірі  көбейіп  бара  жатқанын  енді  сезді.  Өлтіргеннен 
де  қинау  бататын  тәрізді.  Ол  қолымен  қатты  ишарат  қып,  түйені  шөгер  деп 
бұйырды. 
Түйе шөккенде Қамқа серейіп сұлқ түсті де, Қодар өлмеген екен, бүктетіліп 
түсті.  Сол  арада  жұрттың  есін  жиғызбастан,  Құнанбай  қасындағы  құзды 
көрсетіп: 
- Шық алып, мынаның басына! Құлатындар содан кәпірді! Бітсін сонымен! 
- деді. 
Бағанағы  Қамысбай  мен  сол  жігіттер,  үнсіз  Қодарды  түйенің  үстіне 
көлденең салып, арқанмен байлады да, тау басына тарта жөнелді. 
Бұл  құздың  арғы  сырты  жазаң.  Көлбей  біткен  бетегелі  жазаң  болатын. 
Тосып тұрған жұрттың ішінен бірен-саран дәті шыдамағаны сусып, кетейін деп 
еді, Құнанбай : 
- Ей,  тарқама  түге!  Тоқта  былай!  -  деп  саңқ  етіп  зілді  бұйрық  берді.  Жұрт 
қайта иірілді. 
Аздан  соң  құздың  басына  ереуілдеген  жаяулар  шықты  да,  ойдағы  жиынға 
қарады.  Құнанбай  түрегеліп,  оқшауырақ  шығып,  қолын  төмен  сілікті,  «таста» 
дегені.  Жоғарыдағы  төрт  жігіт,  Қодар  денесін  қаумалап,  ілгерілі-кейінді 

 
28 
толқытып  тұрып,  бір  кезде  тастап  жіберді.  Бұл  тас  -  бауыр  жағы  ойылғандай 
шұқшиған тас еді. 
Азап пен қорлық шеккен, онсыз да өлі дене, жолшыбай бір тасқа соқпастан 
тұпа-тура  ағып  кеп,  ауыр  салмақпен  күрс  етіп  бір-ақ  түсті.  Қазір  де  шоқтай 
жиылып  қалған  топтың  қақ  қасына  кеп  құлады.  Шетірек  тұрған  кісілерге 
естілгендей боп, ақырын ғана күтір етіп сүйек-сүйегі сына түскендей болды. 
Дәл осы кезде Жексен аулына төменгі тоғай ішіне шығып, қатты жүріп кеп, 
екі  салт  атты  түсіп  еді.  Денелері  ықшам,  біреуі  бала  бейнелі.  Олар  аттарын 
шеткі  үйге  байлай  сала,  жылдам  басып  келе  жатқан  Абай  мен  Жиренше 
болатын. 
Аттан  түсе  бере,  бұлар  тас  басына  тегіс  аңырып,  қарап  тұрған  жиынды 
көріп, өздері де солай қадалды. Бір кезде шекпенінің етегі қанаттай боп шалқи 
шашылып,  құлап  келе  жатқан  дене  көрінді.  Жиренше  атты  байлай  сала  топқа 
қарай жүгіргенде, Абай көзін басып отыра кетті... Бітті, өлді... 
Мезгілімен  жетсе,  әкесіне  өмірінде  бірінші  рет  жалынып,  аяғын  құшса  да 
өлтіртпей  алып  қалмақ  еді.  Кешігіп  қалды.  Енді  топтың  ішін  көрмек  емес. 
Атына  қайта  жүре  берейін  деп  еді.  Бірақ  дәл  осы  кезде,  үнсіз  тұрған  жиын 
жақтан жапыр-жұпыр дауыстар естіліп қалды. 
- Сен ал! 
- Е, сен ше? 
- Ал  өзің?  -  десіп  қау-қауласып  тұрған  жұрт,  қолды-қолына  бір-бір  кесек 
тас  көтеріп  алыпты.  «Төбелес»  пе  деп  еді.  Солай  басты.  Бұл  төбелес  емес-ті. 
Қодар құласымен Құнанбай: 
- Әлі  жаны  шыққан  жоқ.  Енді  анау  кәпірден  өз  жанымызды  ақтап,  аулақ 
әкету  үшін,  қырық  рудың  қырық  кісісі  кесек  атсын.  Ал,  осы  жиындағы  әр 
атаның баласынан бір-бір кісі кесек алыңдар қолдарыңа! - деген. 
Өзі  алдымен  алды  да,  Бөжей  мен  Байсалға  қарап  жердегі  тасты  нұсқап: 
«алыңдар!» - деді. Бұйыра айтты. Аналар бағынды да тас алды. 
- Міне  шариғат  бұйрығы.  Атыңдар  кесектеріңмен!  -  деп,  алдымен  өзі 
лақтырып,  Қодардың  жонынан  ұрды.  Бөжейлер  алған  кезде  тасты  біреу  алып, 
біреу  алмай  тартыныңқы  еді.  Жаңағы  дабырлаған  дауыс  сол  тас  алдырып, 
ұрғызудың бұйрықтары екен. 
Абай  жеткенше  жұрт  бірі  артынан  бірі  тас  жіберіп  ұрып  жатыр.  Топтың 
шетіне Абай келе бергенде Жиренше қолынан ұстай алып, бетіне бетін тақап: 
- Ананы қара! Мынау ұрғалы жатқан шалды қара! Осы Қодардың жақыны. 
Өзі шал. Өзі Борсақ. Жексен!.. Бұған не жоқ екен, көк төбетке!? - деді. 
Абайға  нағыз  өлтіруші  осы  сияқтанды.  Ентелей  ұмтылып,  Жексеннің 
желке жағынан тақай бергенде, Жексен Қодардың өлігіне қарап: 
- Кет,  бәлекет,  жүзі  қара!  Кет!  -  деп,  үлкен  кесек  тасты  жіберіп  қалды, 
Қодардың  денесін  Абай  жаңа  көріп  еді.  Бас  сүйегі  мылжа-мылжа  болыпты. 
Жүрегіне қан төгілгендей қайнап кеп: 
- Өй, кәрі малғұн! - деп, Жексенді желкеден қойып жіберді. 
Жексен  Қодарды  ұрған  біреудің  топшысы  тиді  ме  деп  сырт  айналып 
қарағанда: 
- Не  деген  имансыз  едің,  кәрі  төбет?!  -  деп  тұрған  Құнанбайдың  баласын 
көрді. Абай сырт айналып кете беріп еді, Жексен бұған зекіп: 

 
29 
-Өй, бала!.. Ой, сен өзің? - деп тұрып, дауыстап: - Мен бе екен?.. Ер болсаң, 
әне... әкең! - дей берді. 
Жұрт: «О не, о не?» десіп жатты. Абай жылдам басып атына жетті. 
Белдеуден  атын  шешіп  жатып,  осы  үй  ішінде  жылап  отырған  көп  жанның 
үндерін  есітті.  Әйелдер  көрінеді.  Бірі  солқылдап,  бірі  ыңырсып,  бірі  сыбырлай 
сөйлеп жылайды. Дауыстарын шығара алмай, қыстығып жылаған қатындар. 
Еркектер  бұл  ауылдың  бар  әйелдері  мен  баласын  осы  үйге  ерте  бастан 
қаматып  койған.  Солар  екен.  Қатты  қорқытып  қойған  болу  керек,  дауыстарын 
шығара алмай жаншылып, егіліп жылайды. Бұ да Абайға оқтай тиді. Тыңдауға 
дәті шыдамай атына міне берді. 
Осы кезде Құнанбайға Жексен шаққан болу керек, әкесі Абайға айғайлап: 
- Ей,  кұдай  ұрған,  тұра  тұр!  Көрермін  бәлем!  -  деді.  «Ұстаңдар,  алып 
келіңдер»  деп  айта  алмай  калды.  Абай  атына  міне  сала,  ауылға  қарай  шаба 
жөнелді. 
Артынан мұны қуып жеткен Жиренше: 
- Әй,  Текебай  тентек...  Текебай  тентек!  -  деп  ат  қойып  апты.  Бұлар  ойға 
қарай жосытып кете барды. 
Жиын  болып,  кісі  өлтіріп,  ел  ортасында  құлақ  естіп,  көз  көрмеген 
сұмдықты  өз  қолдарымен  істеп  шыққан  топ,  атқа  міне  сала,  жан-жаққа 
шашырай тарады. Үнсіз, жым-жырт айрылысты. 
Жалғыз-ақ,  Бөжей  ғана  Сүйіндік,  Қаратаймен  бірге  үшеуден-үшеу  боп 
оқшау кетіп бара жатып, күрсініп: 
- Ер өлтіргенге құн сұраушы ең. Енді құн сұрамақ түгіл, өкпе-кінә қылар да 
мұршаң  жоқ.  Өлтірген  өзіңсің.  Қырық  рудың  адамы  кесек  атып  өзің  өлтіріп 
отырсың, не бетіңмен үн шығарасың? - деді. 
Қаратай  танып  келеді,  Бөжейдің  түп  есебінің  көбін  Құнанбай  бұзып  кетті. 
Бөжейге,  әсіресе,  Құнанбайдың  осы  айласы  батқан  тәрізді.  Қаратай  соны 
ескеріп: 
- Шариғаттың  шын  бәлесін  түпке  сақтапты  ғой.  Бұл  шариғат  та  айлаға 
құрық бере беретін болды ғой. О да Құнанбайдың қойны-қоншында десейші,  - 
деді.  
Сүйіндік басылып, шошып қалғандай екен: 
- Құрсын! Тек бәле осымен бітсін, тынсын десеңші! - деді. 
Бөжей, көп арбасқандықтан Құнанбай тәсілін түкпірлей танушы еді: 
- Біту,  тыну  ма?  -  деп  күрсінді  де:  -  Бөкенші,  Борсақ,  қашан  айттың  деме, 
шылбырды  Қодар  мойнына  салған  жоқсың.  Бұйырса,  осыменен  өз  мойныңа  да 
салған боларсың, жазған! - деді. 
Әрқайсысы да осы ойдың соңында еді. Үндемей салбырап кете барысты. 
 

 
Абай  мен  Жиреншенің  бүгін  бұл  бәленің  үстінен  шығамыз  деген  ойы  жоқ 
болатын. Үлкендер тегі көпшілік құлақтанбасын деп, бүркеп ұстаған болу керек. 
Ешбір ауылда бұндай сыбыс айтып, сыр берген жан білінген емес. 
Жиренше таңертең Құнанбай аулына бір әдемі тарғыл тазы ертіп келді. 

 
30 
Келуі ауылды азан-қазан қып, бала-шағаның көбін тысқа еріксіз шығарған. 
Бұл шудың басы тентек Оспан болған. 
Жиренше  тазысымен  конақ  үйдің  сыртына  тақай  бергенде,  Оспан 
анадайдан көріп қалып: 
-Айтақ, айтақ, жеңдер. Ойбай, жеңдер, әне Жиреншенің тазысын! Жолдаяқ, 
Бөрбасар, Бөрбасар! - деп Құнанбай үйінің көп сары аласын ұран шақырғандай 
ғып өре тұрғызған. 
Жиренше Оспанның бүлдіретінін алыстан біліп: 
- Өй,  Оспан!  Айналайын!  Қалқатайым...  қой!  Қоя  ғой!  -  деп  сонша 
тоқтатпақ болып еді, Оспан: 
- Бөрбасар...  һайт!  -  деп  сақылдап  күліп,  секіріп  ырғып,  бар  итін  тарғыл 
тазыға қарай қаптатқан болатын. 
Осы  кезде  қонақ  үйге  жетіп  қалған  Жиренше  атын  тастай  беріп,  тазы  итін 
мойнынан  ұстап  тұра  қалған.  Бірақ  жеті-сегіз  сарыала,  әрбір  үйдің  ығынан 
құлшынып, құтыра шығып, «гүр-гүр» етіп кеп, қоршап алды. Үйге де кіргізбей, 
табан аудырмай да қойған еді. Оспан Жиренше «қой» деген сайын сақ-сақ күліп, 
иттерін өшіктіріп: 
- Ыр-р!  -  деп,  өзі  тап-тап  беретін.  Бірақ,  өңшең  кексе  тартқан  иттер 
Оспанның күнде осындай сан рет жоқ шатаққа бастай бергенінен мезі болған ба, 
тазыны жұлмады. Құр ырылдауы мен арсылдауын ғана молайтып тұр. 
Үлкен  үйде  отырып,  осы  шуды  естіген  Үлжан  бәйбіше,  таңертеңгі  асын 
ішіп отырған Абайға: 
- Шықшы,  Абайжан!  Қушы  анау  иті  құрғырды!  Тағы  бүлдіріп  жүрген  әлгі 
жынды неме ғой! - деп, Абайды тысқа шығарып және үйге кірген бір жас әйелді 
де  жұмсаған.  Абай  Жиреншені  айырып  алып,  тазысымен  екеуін  қонақ  үйге 
қарай  алып  жүрген.  Бұлар  сонда  кіре  бергенде,  жаңа  тапқан  қызығы  шұғыл 
біткенге наразы боп қалған Оспан арттарынан бұғып кеп, дәл үйге кіре берерде 
Жиреншені  қылтадан  қатты  шымшып  алды.  Анау  ит  екен  деп,  ытқып,  шошып 
кеткенде  төбесін  маңдайшаға  соға-моға  қонақ  үйдің  төріне  барып  бір-ақ 
шыққан. Оспан оған да сақылдап күліп: 
- О, қорқақ, қорқақ, - деп мазақ еткен. Мойнында сылдырмақ қарғысы бар, 
қара ауыз, тарғыл қаншық Абайға біртүрлі сұлу көрінді. Жұтынып тұр, жылмаң 
қағады. 
- Аты не? - деді Жиреншеге. 
- Желқұйын. 
- Аты да әдемі екен. 
- Аты емес-ау, өзі де қоян дегеніңді тап кұйындай ұйтқытып соғады! - деді. 
Бұл  Желқұйын  туралы  өз  аулындағы  бір  үлкен  аңшының  айтқан  сөзі  еді. 
Жиренше осыны үнемі айта жүретін. 
Абайды сол сөзбен Желқұйынның жаланып тұрған түрі қатты қызықтырды. 
- Қоянға шығамысың? -деді. 
- Жүр, атың бар ма? Мен сол қоянға шығып барам. Осымен екеуі, Абайдың 
құла  бестісі  ерттелгенше  қымыз  ішіп  алды  да,  күнбатыс  жақтағы  Қызылшоқы 
деген ұсақ адырға қарай желе жортып, тартып кеткен. 
Бұлар Қызылшоқыға кіре бере, алғаш келген екпінімен бір коянды бездіре 
қуып  еді.  Алыстан  қашқан  қоян  оңай  жеткізбей,  екі-үш  қырқадан  асқанда  ғана 

 
31 
Желқұйын талдырып жетіп еріксіз алған-ды. Осыдан басқа қоян тез көрінбеген. 
Соны  іздеп  табамыз  деп,  екеуі  Қызылшоқының  Шыңғыс  жаққа  қараған  шеткі 
тұмсығына шейін барып қалыпты. 
Осы  араға  келгенде  Шыңғыстың  Қарашоқы  тұсынан  шығып  келе  жатқан 
бір салт атты кездескен. Ол Майбасардың тағы бір атшабары Жұмағүл болатын. 
Сол Жиреншеге қарап: 
-  Сендер  одан  да  ана  Қарашоқыға  барыңдар.  Бүгін  сонда  Қодарға  бір  сын 
болады. Жұрт жиналып жатыр! - деген. 
Жиренше қатты ентелеп: 
- Е, немене, Қодар мен келіні қайда? - дегенде: 
- Жаңа,  Қамыспай  бар,  бес  жігіт  боп  ұстап  әкелгелі  кетті.  Жиын  Жексен 
аулында, - деді. Жұмағүл атын қамшылап, асыға шауып кетті. Жиренше осыны 
естіген соң Абайға: 
- Барайық,  көрейік!  Жүр!  Ал  жүр!  -  деп,  ойландырмастан  еліктіріп,  алып 
кеткен... 
Көргені  әлгі.  Енді  қайта  беттеп,  тоғайлы  өзенді  құлдилап  желе  шауып 
келеді.  Абайдың  іші  мұздап,  жүрек  қаны,  жан  тамыры  дір-дір  қағып  қалтырап 
үріккендей.  Кімнен,  неден  үркеді?  Әсіресе,  әке...  әке  істеген  мінез,  әке 
қолындағы қаннан үркеді. Өз әкесі... қатал, кәрлі әкесі!.. 
Абай Жиренше сөздеріне жауап та айтпайды. Өзенді бойлап бөктер таудың 
ішінен жуықта шыға алмады. Жол болса, жалғыз аяк. Екеуі қатар жүре алмайды. 
Абай алға түсіп, желе шоқытып келеді. Әлі  қалмай жүрген Желқұйын екеуінің 
алдында. Жолдың ыңғайсыздығы әңгімені тыятын жөні бар еді. Бірақ Жиренше 
Абайдың артынан өкшелеп қалмай отырып, сөйлей берді. 
Ол  жаңағы  Жексен  аулында  бір-екі  кісімен  тіл  қатып,  оны-мұны  естіп 
алған  екен.  Соны  айтады.  Ауырған  адамдай  қалтырап,  жүрегі  қатты  қобалжып 
келе жатқан Абай Жиреншенің бар сөзін ұқпаса да, бір-екі жерін анық аңғарды. 
Тегі  жиын  ішінде  бүгін  екі  сөз  ауыздан  ауызға  көшкен  тәрізді.  Екеуі  де 
Қодар  сөзі  деп  айтылған.  Біреуі  бұрып  алған  сөз  де,  береуі  дәл  өз  сөзі.  Соның 
алғашқысы Қодарды кінәлаушы сөз. Бүгінгі қатал жазаның дәлелі, тірегі. 
Ол:  «Құдай маған қылса, мен құдайға қылам!» - депті деп, өлтірушілердің 
қайта-қайта айтатын сөзі. 
Екіншісі  аз  айтылған.  Бірак,  о  да  жиынға  тегіс  жеткен.  Тегіс  іште,  есте 
калған  сөз.  «Мен  көк  ит  болсам,  сендер  көп  ит...  Таларсың  да  жерсің!»  деген 
сөзі. 
Абайды  қатты  толқытқан  осы  сөз  болды.  Ол  жаңағы  қатындардың 
жасырын  зарын  да  еске  түсірді.  Жиреншенің  алдында  келе  жатып  еңіреп  коя 
берді. 
Артта келе жатса да Жиренше Абайдың жылағанын байқап қап: 
-  Өй,  өй,  Текебай  тентек!  Сен  неғып  келесің!  -  деп  қатарласқысы  келді. 
Абай  жасқа  толы  көзімен  Жиреншенің  торы  қасқа  атының  басы  мұның 
үзенгілік тұсына келіп қалғанын көрді де, тебініп қап шаба жөнелді. 
Бұл  уақытта  екеуі  де  бөктер  таудан  құтылып  шығып,  жазыққа  түсіп  еді. 
Абай Құлабестінің басын Көлқайнар жаққа бұра бере, қамшы басты. 

 
32 
Жиреншеге  көз  жасын  көрсетпегісі  келді.  Анау  да  шапты.  Бірақ,  Абай 
жеткізетін  емес.  Ол  оқ  бойы  ұзап  кетіп  бара  жатып,  өз-өзіне  ерік  беріп,  өксіп-
өксіп жылап келе жатыр. 
Көп  жылдан  бері  Абай  жылаған  емес  еді.  Тоқтай  алмай  егіліп  жылады. 
Ағындап  ұшып  келе  жатқан  бестінің  екі  жағында  көделі,  бетегелі  кәк  дала, 
тасқын  судай  зулап  жөнеліп  артқа  қарай  құлдырап  ағып  кетіп  жатыр.  Екі 
кұлағын  бітіргендей  боп,  дыңылдап  соққан  екпін  желі  Абайдың  көзінен  аққан 
жастарды, қат-қат тамшыдай, жаңағы көде мен бетегеге ұшырып түсіріп келеді. 
Абай бұрынғы жас бала күнінде мұндайды аңғарып сезінген де, таныған да 
емес.  Енді  байқады.  Көздің  жасында  адамды  барлық  әне  бойымен  өзіне  қарай 
құлата  тартқан  бір  өзгеше  ыстық  күш  бар  екен.  Үлкен  құз  биіктің  басына 
шыққанда,  бір  сәт  ойға  қарай  құлап  кеткің  келетін  сияқты,  өзіне  тартқыш, 
ұғымсыз  күш.  Бала  жүрегінде  бұл  шақта  көп  сезімнің  алай-түлей  құйыны 
соққандай. 
Бұнда  қорлықпен  өлгендерге  барынша  жан  ашыған  мейірбандық  та  бар. 
Өлтіргендерге  ыза  меп  қарғыс  та  бар.  Сонымен  бірге,  әсіресе,  бір-бірімен 
шарпысқан  сезім:  «әке»  деп  жамандыққа  қимау  бар  да  және  сол  «әкеден» 
шошып, үрку бар. 
Барлық  ішін  теңселте  сіліккен  бала  жанын  ойран  етіп,  сескенте  тітіреткен 
сезім. 
Жылап  егілуі,  бір  сәтте,  медіресе,  дін  халфелер  айтуы  бойынша  - 
айыптылардың  күнәсіне  өтесін  сияқты,  соның  көшірімін  тілеген  сияқты 
жалбарынудың жасы ма? деп еді. Бірақ, одан тез түңіліп кетті. 
Ол емес! 
Үйткені  олар  дін  атынан,  әсіресе,  имам  берген  фатуа  бойынша  істеп  отыр 
ғой. Кімге шақпақ? Құлазығандай жапа-жалғыз! Өзін бір ең панасыз, ең сорлы 
жетімдей  сезінді.  Іштен  тағы  да  бір  үлкен,  ауыр  толқын  бүктетіліп,  булығып 
кеп,  бала  жүрегін  жаныша  ұрғанда,  ол  бұрынғысынан  да  қатты,  аса  қатты  бір 
өксікпен, солқылдап жылап жіберді. 
  Дауыстап  жылады.  Жиреншеге  білдірмеймін  деп,  әлі  де  ағызып  шауып 
келе жаткан. 
Сол шабыс қосылды ма, болмаса өзінің бала көңілінің сенделуі сондай ма, 
Абай  бір  уақытта  жылау  үстінде  лоқсып-лоқсып  булығып  кеп,  құсып-құсып 
жіберді.  Аш  өзегі  ақтарылғандай.  Жаны  да,  денесі  де  қатарынан  қатты  азап 
шекті. 
Бірақ  сонда  да  тоқтаған  жоқ.  Аттың  жалын  құшып  алып,  тек  қана  құлап 
қалмасты ойлап, шаба берді. 
Жиреншеге  жеткізбеген  күйінде  Көлқайнарға  жетіп,  шешесінің  үйіне  кеп 
түсті. 
Ұлжан  тыста  тұр  екен.  Баласы  үйге  тақай  бергенде,  өңіне  көзін  салып, 
тіксініп  қалды.  Абайдың  түсі  құп-қу,  қатты  өзгерген.  Тіпті  Абай  сияқты  емес. 
Ұлжан:  «көзім  бұлдырап  тұр  ма?»  деп  кірпігін  жиі  қағып,  қайта  қарады.  Абай. 
Бірақ, тіпті жат реңді. Баласы атын байлап қасына келгенде, жаңа байқады. Көзі 
де қып-қызыл боп ісіп кетіпті. 
- Өй,  Абайжан,  қарағым,  не  болды?  Біреу  тиген  бе?  -  деп,  ішінен  «әкесі 
ұрды  ма?»  деп  те  ойлап  қап  еді.  Далада  өзге  кісі  жоқ  екен,  Абай  үндемей 

 
33 
шешесін  құшақтай  алды  да,  баурына  кіріп,  өзінің  ып-ыстық  басын  анасының 
төсіне басып, жабысып тұрып қалды. Жетімдіктен құтқарғандай анасы бар екен! 
Жылау  артынан  ықылық  атқандай,  денесі  дірілдеп,  солқ-солқ  етті.  Бірақ  бұл 
кезде  Абайдың  көзінде  жас  жоқ-ты.  Бәрін  жылап  тауысқан.  Енді  жыламасқа, 
көз жасын ешкімге көрсетпеске бекініп, іштен қатты түйініп алған. 
- Жөніңді айтшы, қарағым, не болды? Әкең ұрды ма? 
- Жоқ, ешкім де ұрған жоқ, кейін айтам... Апа, төсек сап берші, жатқызшы! 
- деп Абай шешесін құшақтап қысқан бойда, үйге қарай аяңдады. 
Сабырлы  Ұлжан  осыдан  әрі  ешнәрсе  сұрап  тақымдаған  жоқ.  Үйде  әжесін 
де, өзгені де үркіткен жоқ. Абай жәйін бір жанға білдірмеді. Үлкен ақ үйдің оң 
жағына  әкеліп,  әжесінің  жер  төсегін  жайлап  берді  де,  шешіндіріп  жатқызып, 
өзінің мол пұшпақ ішігімен жауып, қымтап қойды. Әжесі: 
- Немене,  қарағым?  Ұшындың  ба  әлде,  -  деп  бірдене  білгісі  келіп  еді, 
Ұлжан: 
-  Ұшынған  ғой.  Тимейік.  Жатып  ұйқтап  тұрсын,  -  деп,  малшы  қатын 
Қатшаны шақырып ап: 
- Түңлікті  жауып,  есікті  түріп  қойшы.  Абайға  күн  түспесін,  -  деп  ақырын 
ғана айтты. 
Әжесі  іргеге  қарап  жатқан  Абайдың  сыртына  қадалып  отырып,  қабағын 
түйіп, тамсанып қойды. Ернін үнсіз ғана қыбырлатып сыйына бастады. 
Таңертең Абайды ертіп кеткен Жиреншенің қайда екенін Ұлжан білмеп еді. 
Тыста бағанағыдай тағы да ит шулаған соң, «тазысымен келген сол болар ма?» 
деп  үйден  шықты.  Жиренше  қонақ  үйдің  сыртына  түсіп,  атын  байлап  жатыр 
екен. Ұлжан үлкен үйдің жанында тұрып, Жиреншені өз қасына шақырып алды 
да, жөн сұрады. 
Жиренше  таңертеңгі  қоян  куғаннан  бастап  Жексен  аулында  көргенін  де, 
жолшыбай не болғанын да тегіс айтып болып: 
- Абай  қайда  өзі?  -  деп  еді,  Ұлжан  Абайдың  жатып  қалғанын  айтып, 
Жиреншеге біраз наразы салқын жүзбен қарады. 
- Шырағым,  сен  бала  емессің,  естиярсың.  Өзің  барсаң  бір  сәрі.  Ондай 
жаман,  сұмдық  жерге  Абайды  несіне  апардың?  -  деп,  «жаман»,  «сұмдық» 
дегенді  шынымен  баса  айтып:  -  Бала  емес  пе?  Шошынар  деп  ойласаң  нетті?  - 
деді. 
Жиренше сөз таба алмай ұялып, қысылып қалды: 
- Ұят болды. Өзім де өкіндім. Бірақ құдай ақына өлігін көреміз деп ойлаған 
жоқ ем! 
- Жарықтығым,  ендігәрі  Абайды  бұндай  жерге  бастай  көрме!  Тіпті,  басың 
жас,  үлкеннің  ондай  бәлесінен  өзің  де  аулақ  жүр!  Өзімен  кетсін!  Көріп-біліп 
нетесің? - деді. 
Талай үлкеннің  ішінде сөзін осындай байсалды қып айтқан, сондай өтімді, 
салмақты қып айтқан кісіні Жиренше бұрын көрмегендей болды. 
Ұлжанның  жай,  салқын  айтқан  сөзі  бұған  ұрысқаннан  да,  ұрғаннан  да 
жеңіл тиген жоқ. 
Қысылғаннан,  біраз  жер  шұқып  тұрып,  қонақ  үйге  қарай  қайта  бұрылды. 
Ұлжан  да  өз  үйіне  беттеді.  Жиренше  ешнәрсеге  айналып  бөгелместен  атына 
мініп, тазысын жетектеп алып кетіп калды. 

 
34 
Бұл - түс ауып бара жаткан кез еді. 
Абай кешкі козының жамырауынан оянды. Бүгін қойды кеш сауып болған 
ба,  немене,  ымырт  жабылып  қалыпты.  Дүние  у-шу,  ызың-ызың...  Бірақ  соны 
көмескі,  бұлдыр  бір  түс  араластай  болжайды.  Басы  мең-зең.  Еті  лапылдап, 
күйіп  тұрған  сияқты.  Аузы  кұрғап,  ерні  қатты  кезеріп  қапты.  Құр  тамсанады. 
Қасында  шешесі  мен  әжесі  отыр.  Ұлжан  мұның  маңдайына  алақанын  қойып, 
төмен қарап отыр екен. 
- Апа...  Әже...  Немене,  мен  аурумын  ба  осы?  -  деп,  көзі  жасаурап, 
шешелеріне қарай аунап түсті. 
- Иә,  етің  ыстық.  Ауырған  жерің  бар  ма?..  -  деп,  Ұлжан  сұрады.  Абайдың 
аунап  түскенде  екі  шекесі  қатты  шаншып,  қысып  ауырғандай  болатын.  Соны 
айтты. 
Ұлжан енесіне бағана Абай ұйқтап жатқанда бір жайды айтқан. Екеуі де: 
- Шошынған ғой, содан ұшынған ғой! - деп байлаған-ды. Зере Жиреншеге 
де, үлкендерге де қатты ұрсып, жерге түкірген. 
Абай шешелерінің күндізгі жайды білгенін байқады да: 
-  Әкем...  Әкем!..  -  деп  әкесін  еске  алып,  күрсініп,  кеудесін  сипап, 
шешелеріне  құпия  қып  шаққандай  боп:  -  Не  деген  қатал,  не  деген  қатты  еді!  - 
деді.  Әкесі  турасындағы  іште  жүретін  көмескі,  жұмбақ  ауыр  сезімдерін 
өмірінде  сыртқа  шығарып,  ең  алғаш  адам  баласына  айтқаны  осы.  Әжесі  шала 
есітті. Ұлжан үн қатпай,  Абайға жауап  та айтпады. Бірақ, енесі бұған қадалып, 
тізесінен  түртіп,  «не  дегенін  айт»  дегендей  ишарат  еткен  соң  ернін  Зеренің 
құлағына тақап: 
- Әкесін айтады. Қатал екен, неге аямады дейді, - деді. 
Әжесі ұқты да, күрсініп, Абайдың бетіне таман төніп кеп маңдайынан ұзақ 
иіскеп отырды. 
-Айналдым, қарашығым, коңыр қозым! - деп алып: - Аямайды, аямайды ол! 
- деп келіп, көзін жұмыңқырап, басын жоғары көтере берді. 
-  Иә,  кұдай,  зар  тілегім  босын.  Бейуақтағы  тілегім.  Осы  қарашығыма 
әкесінің осы ит мінезін бере көрме!.. 
Тас  бауырлығын  бере  көрме!..  Иә,  жасаған!  -  деп  құрысқан  әлсіз 
қолдарымен  ажымды,  мейрімді  жүзін  сипап  бата  берді.  Ұлжан  да  ішінен 
«әмин» деп бата қылды. 
Екі  апа  ортасында  жаны  ауырған  бір  бала.  Бейуақтағы  үшеуінің  құпия 
тілегі - зор шындықпен еміреніп тілеген тілегі осы еді. 
Абай өзі де бетін сипап, ана тілегін барынша қабыл алып, бата қылды. 
Өмірін, балалығын қайта тапқандай, ішіне мол сәуле, игі сәуле кіргендей. 
Бірақ, ол іші.  Ал, денесі әлі ауру. Көңілі сергиін деп еді, етінің қызуы мен 
басының  шаншуы  қайта  меңдетті.  Енді  үшеуі  де  үнсіз,  жым-жырт.  Даладағы 
қой-қозынын  шуы  да  алыстап  барып  сөнген  болатын.  Үй  іші  сияқты  дала  да 
бүгін дағдыдан тыс - жым-жырт. 
Осы  кезде  Абай  мен  анасының  құлағына  ерекше  бір  жат,  суық  үн  естілді. 
Біреу: 
- Ойбай,  бауре-ем!  Ойбай,  бауре-ем,  -  деп  ат  қойып  келе  жатыр.  Бұл  елде 
кісі  өлгенде  алыстап  ат  қойып  шабатын  еркектердің  салты  бар.  Сонда 

 
35 
осылайша:  «ойбай  баурым»  деп  шабады.  Үйдегі  екеуінің  де  жүректері  су  ете 
түсті. Кәрі шеше бұл дауысты естіген жоқ. 
Ұлжанның  көңіліне  алғаш  қорқыныш  үстінде  кеп  қалған  ой:  «Осы  үйдің 
біреуі  жазым  болды  ма,  әлде  Құнанбайдың  өзі  жазым  болды  ма?»  деп  еді. 
Шошып, елең еткен бойында құлағын сыртқа бұрды. 
Үркіп  қалғандықтан  аңғара  алмапты.  Тасырлатып  шапқан  ат  даусы  жоқ. 
Өзі  жақын  жерде  және  жаяудың  үні.  Абай  бұрын  біледі.  Даусын  әдейі 
жуандатып  зорайтып  айғайлағанмен,  баланың  үні.  Тіпті,  дәл  тентек  Оспанның 
үні екен. 
Ол  даладағы  ойыннан  қайтып  келе  жатып,  «жаман  ырым»  анау-мынау 
дегенге қарамастан, қаннеи-қаперсіз өтірік жылауды үдетіп: 
- Ойбай, бауырым Қодар!.. Ойбай, Қодар, - деп, санын сабап шауып келді. 
Қодардың өлімі барлық ауылға да, оған да естілген. Жаңа, кешке жақын, бұлақ 
басындағы бір тақырға жиналған өзі кұрбы балаларды бастап осылай ат қоюды 
көп ойын қылған. Тақырдың ортасынан шұқыр қазып, соған бір қу сүйекті әкеп 
бейітше  томпайтып  көміп  қойып  жан-жақтан  андыздап  «ат  қойып»,  ұзақ 
шуласқан. 
Ұлжан  Абайдың  сырқатының  үстінде  өзін  жаңағыдай  жаман  шошытқан 
Оспан мінезіне қатты ашуланды. 
Күні бойы батпақ кешіп, аяғы әрі былғаныш, әрі күс-күс болған Оспанды: 
- Бері  келші,  әй,  балам!  Бері  келші!  -  деп,  ешбір  сыр  білдірмей,  ұрыспай 
шақырды.  Ұрсып,  зекіп  сөйлесе  Оспан  мұндайдағы  әдетіне  басып,  қаша 
жамандасып, колға түспей қояды. Ол қазір шешесіне қарай тарпылдап жүгіріп, 
дәл  от басынан  Абайдың  төсегіне  дейін  бір-ақ  секіріп,  Ұлжанның  тізесіне  соға 
дүрс етіп кеп түсті. 
Шешесі мұны сол қолынан шап беріп ұстап алып: 
- Сен жаңағы ат қойған деген пәлені қайдан шығардың? Оның жаман ырым 
екенін  айтпап  па  едім!  Үйде  бала  ауырып  жатқанда,  өй  итқуар  жынды  неме!  - 
деп,  жұлқып  қалып  етпетінен  салып,  құйрығана  шапалақпен  салып-салып 
жіберді. 
Оспан  әкесі  ұрғанда  жыламаса  да,  шешесі  ұрған  уақытта  тіпті  жылауық. 
Әке  жылағанға  қарамайды.  Ал,  шешесіне  қарсы  кейде  бұның  емі  бар.  Бас 
қорғаудың  жылауы.  Қазірде  де  бақырып,  бар  даусымен  шырқап,  азан-қазан 
қылды. Шешесінен босап барып сол жақтағы биік сүйек төсектің үстіне секіріп 
шығып,  етпетінен  жатып  ап  жылады.  Бірақ,  бұл  жолы  қанша  жыласа  да,  оған 
қайысып,  уатам  деген  шеше  жоқ.  Оны  біледі.  Сондықтан  аяқ  кезде  көзде  жас 
болмаса  да,  өтірік  анда-санда  бір  бақырып  қойып  жатыр.  Өзі  де  жылауынан 
жалыға  бастады.  Енді  тағы  да  ойнақы  тентек  мінезіне  бой  ұрып,  жылаған  боп 
жатып, әредікте қысқа ғана: 
- Ойбай,  бау-рем!  -  деп  қояды.  Бір-екі  рет  қайырып  көзінің  астымен  шеше 
жаққа  қарап  жатыр,  қозғалған  кісі  көрінбейді.  Сондықтан  тағы  бір  бақырып 
қойып, соның артынан және бір тың бәлені шақырып, жынды ұлғайтты. 
- Ойбай, бау-рем Абай! - деп қойып, сұнк етті. Абай басы ауырып жатса да, 
еріксіз күліп жіберді. 

 
36 
Оспан енді байқады. Шешесінің үлкен, толық денесі қайта қозғала бастады. 
Ол  тұрғалы  жатыр  екен.  Тағы  бір  тықырдың  болатынын  біліп,  шешесі  тұрып 
болғанша Оспан төсектен ырғып түсіп: 
- Ойбай,  бау-рем  Абай!  Абай!  Абай!  -  деп  есікке  қарай  атқып  берді. 
Шешесі тұрып алып ұмтылайын деп еді, болмады. 
- Әй,  кім  барсың?  Ұста!  Ұстап  әкелші  жындыны!  -  деп  еді.  Оспан  есік 
алдында қайқаңдап, секіре-секіре түсіп, шеткі үйлер жаққа қарай зыта жөнелді. 
Тыстан шешесінің бұйрығын естіп, мұны ұстап келгелі тап берген үлкен ағасы 
Тәкежанды көріп қапты. 
 

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет