МҰхтар әуезов абай роман-эпопея (бірінші кітап)



Pdf көрінісі
бет4/21
Дата07.02.2017
өлшемі2,25 Mb.
#3576
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21


 
Абай  осыдан  бірталай,  ұзақ  ауырды.  Алғашқы  күндер  біреу  -  «ұшынған» 
деп, біреу -«соқпа» деп, тағы біреуі - «сүзек» деп, әртүрлі топшылағанмен, дәл 
басқан ешкім болған жоқ. Әсіресе, ем істелген жоқ. 
Жалғыз-ақ, алғаш жығылған күннің ертеңінде, әжесінің бұйрығы бойынша, 
бір қартаң қатын, күн батарда Абайды далаға алып шығып, жаңа сойған қойдың 
өкпесімен қақты. Бетіне су бүркіп, үшкіріп: 
- Кет,  бәлекет,  кет!  Көш,  баламнан,  көш!  -  деп,  батып  бара  жатқан  қып-
қызыл күнге қаратып қойып, бірдеме ем істеген болды. Ұшықтағаны еді. 
Абай,  буындары  қалтырап,  басы  айналып  зорға  шыққан.  Көзі  бұлдыр 
тартқаннан  ба,  әйтеуір  қазіргі  бар  дүниенің  қызылы  бұрын  бұл  көрмегендей 
біртүрлі  ерекше  көрінді.  Ертегі  ме,  түс  пе?  Әйтеуір  бір  басқаша  ғаламның 
өзгеше суреті тәрізді. 
Екі күн өткен соң, ауыл Көлқайнардан Шыңғысқа қарай көшті. 
Бірталайдан  бері,  ел-елдің  үлкендері,  шаруа  иелері  «жайлаудың  тоңы 
жібіді  ме  екен?  Көгі  жетілді  ме  екен?»  деп,  өткен-кеткеннен  ылғи  сұрау 
салумен  болған.  Бауыр,  бөктер  көктегенмен,  Шыңғыстың  сырты  тез  жылына 
қоймайтын да, ерте көктемейтін. 
Қар қалың түсетін биік сырт. Бар Тобықтының мол сулы, кең жайлауы ұзақ 
өріс, мол қоныстары сол Шыңғыстың ар жағында. 
Құнанбай ауылы көшкен шамада, айналадан өзге қалың ел де дүрк көшкен. 
Ойдағы  мол  шалғынды  қыстаулық  жер.  Жидебай,  Мұсақұл,  Шүйгінсу  сияқты 
қорықтардан  да  ағылып  көшіп  жатыр.  Әр  ел,  тұс-тұсындағы  Ақбайтал, 
Көлденең,  Жігітек,  Шатқалаң,  Бөкенші  сияқты  асу-асуларға  қарай  беттеді. 
Шыңғыстағы  кей  асулардың  аттары  таудың  сол  тұсын  иемденген  ру  атымен 
аталады, «Жігітек», «Бөкенші» деген сондай аттар еді. 
Бөкенші  асуына  Қодар  қыстауы  мен  Жексен  қыстауының  аралығындағы 
кең сайды өрлеп баратын. 
Сау  болса,  Абай  көшті  көңілді  өткізіп  асыр  салар  еді.  Көктемде  Шыңғыс 
асып жайлауға көшу, үлкен атаулыга, әсіресе шаруа адамдары мен жоқ-жітікке 
соншалық ауыр, үпәд бейнет көрінгенмен балаларға сейіл сияқты. 
Абай  да  бұрынғы  жылдар  осы  Көлқайнардан,  сонау  алыс,  сырттағы 
Байқошқар өзеніне жеткенше он шақты көшіп баратын сапарды қызығы бітпес 
қанбазардың көшкеніндей көретін. 

 
37 
Биыл  да  көшу  солай.  Жолдағы  белгілі  қоныстар:  Талдыбұлақ,  Барлыбай, 
Қызылқайнар.  Кей  қонысқа  таңертең  кеп  қона  сала,  кешке  тағы  көшеді.  Үдере 
көшу.  Кей  қоныста  бірді-екілі  күн  отырар-отырмастан  кетеді:  үлкен  үйлер 
тігілмей - «ұраңқай», «абылайша», «жаппа», «итарқа» деген кеше түрлі кішкене, 
тар,  аласа  күркелер  тігіледі.  Әркім  өзі  сүйген  үйшігін  тұрғызады.  Жалпақ  ел, 
бар  ауылдар  осы  жайлауға  көшу  сапарында  балалардың  «ауыл-ауыл»,  «күрке-
күрке» деген ойынын ойнап жүрген сияқтанады. 
Қыс  пен  көктем,  күзеуде  бір-бірінен  алыс  жүретін  ауылдар  осы  сапарда 
қоныс  жағдайымен  әлдеқайдан  түйісіп,  қым-ғуыт  араласып  қонысады. 
Адамдары, малдары, күркелері де қосылып, бір ауылдан бір ауылды айырып та 
болмайды. 
Өзгеге  жеңіл  болса  да,  осылайша  болған  көшу  қойшы,  қозышы, 
жылқышыларға  аса  бір  тынымсыз  бейнет,  масыл  күндер  болушы  еді.  Біреудің 
жылқысына  көш  аттар,  саяқ-сандырақтар  кетіп  қалған.  Біреудің  қойына  бір 
ауылдың  қозысы  жамыраған.  Қоймен  қой  араласып,  шатасып  кеткен.  Осындай 
қарбаласта  «бармақ  басты,  көз  қысты»  боп,  талай  момынның  тоқты-торымы 
сотқар ауылдардың жемі боп жүреді. 
Өзінікін  жеуге  үнем  қып,  кісіден  кірген  «қоспа»,  «кірме»  болса,  соны  түн 
баласында  ақтармалап,  шикілі-пісілі  домалатып,  қылғып  салып  отыратын, 
талай пәле басы атқа мінерлер болады. 
Осы  сапарда  көп  елдің  қауырт  көшімен  қатар  жаңағыдай  үйіле  қонуына 
себеп болатын тағы бір нәрсе: сыртта, алғашқы күндерде қасқыр қатты болады. 
Елсіз  болғандықтан  осы  өңірде  тау  сыртында  күшіктеген  қасқыр,  ел  келгенше 
тышқан,  суыр  аңдумен  күн  көріп  жүрсе,  енді  мал  қаптаған  уақытта,  түн 
баласында  тыным  бермей  құйындай  соғатын.  Көп  ауылдар  түн  бойы 
қотандарын атпен күзетіп, ауыл-ауылдың шеттеріне үзбестен лапылдатып оттар 
жағып отырып, айғай-шумен таңды таңға ұратын. Осының бәрі жайлауға көшу 
сапарын жайшылықтағы, өзге мезгілдегі, өзге тұрмыстың баршасынан басқаша 
қып жібереді. Күндіз болса барлық жұрт ат үстінде. Еркек атаулы көш бойында 
қолдарына  найза,  сойыл,  айбалталарын  ұстай  жүреді.  Бұл  көріністе,  жалпы 
көшу сапарын жортуыл-жорыққа, шеру мен аттанысқа ұқсатады. 
 
 
Бірақ,  дәл  биылғы  жыл,  жылдағыдай  қайталаған  осы  көштер.  Абайға  ең 
бірінші  рет  соншалық  мазасыз  бейнет  боп  өтті.  Оны  меңдетіп  жеңген  ауру  да 
жоқ.  Бірақ  сау  да  емес.  Жүрейін  десе  көзі  қарауытып,  басы  айналып,  құлап 
қалады. Бұның ауруына қарап, көшпей отыруға болмайды. 
Үш  күн,  төрт  күнде  Ұлжанның  үйіне  бір-ақ  соғатын  Кұнанбай,  көбінесе, 
сұлу  тоқалы  Айғыздың  үйіне  қонады.  Оқта-текте  бәйбішесі  Күнкенің  қасында 
болады. Ол бөлек ауыл. Соның көшімен жүріп кетеді. 
Баласының сырқатын алғашқы кезде бір рет сұрастырды да, кейін ұмытқан 
сияқтанды. 
Абай  атқа  міне  алмайды.  Жүк  артқан  түйеге  мінгізуге:  «жүк  құлап,  түйе 
жығылса мерт болады» деп шешесі оған да мінгізбеді. Кәрі әже мен Ұлжанның 
ортасында жалғыз арба бар еді. Тегі, бұл ел көшпелі болғандықтан арба дегенді 
білмейтін. Тобықты ішіне ең алғаш келген арба осы Зеренің - Құнанбайдың кәрі 
шешесінің  көк  арбасы  десе  де  болады.  Құнанбай  аға  сұлтан  сайланған 
сапарында шешесіне: 

 
38 
- Көшкенде осыған мін! - деп, Қарқаралыдан әдейі әкеп еді. 
Таулы жерде атпен жүру бұл күнде Ұлжанға да қиын болатын. Ол ұлғайып, 
еті ауырлап қалған. 
Енді Абай жайын ойлай келгенде, Ұлжан өз тыныштығын қойды да, арбаға 
әжесінің қасына Абайды мінгізетін болды. Өзі бір жуас торы биеге мініп, ылғи 
осы арбаның қасында жүріп отырды. 
Жайлауда Құнанбай аулының көбірек орнығып отыратын қонысының бірі - 
Ботақан  ошағы.  Көлқайнардан  осыған  кеп  жеткенше  жиырма  шақты  күн  өтті. 
Сол жиырма күн ішінде жол бойы сүле науқас қалпынан айықпаған Абай, енді-
енді ғана анықтап тәуір бола бастаған сияқты. Өздігімен түрегеп жүруге, кіріп-
шығуға да жарады. 
Енді  көңілі  де  айығып,  бұрынғы  балалык  шаттығын  да,  ойын-ермегін  де 
тапса  керек  еді.  Бірақ,  ғажап!  Биылғы  жыл,  әсіресе,  соңғы  көп  күндер  ішінде 
Абай  балалықтың  қызу  ермегінен,  қызығынан  шеттеп,  салқындап  қапты.  Тіпті 
балалығынан айрылыңқырап қалғандай. Әлде, аурудан тұрғандығы ма? Немесе 
соңғы  уақыттар  көңілінен  кешкен  ауыр  сезім,  терең  азап  салдары  ма?  Әлде, 
тіпті  балалық  өтіп,  үлкендікке  қарай  бой  ұрғандығы  ма?  Аралықта  белге 
соққандай бір дағдарыста қалған сияқты. 
Биыл  Абайдың  жасы  он  үшке  толған  еді.  Денесі  де  бір  аралық  кейіпте. 
Бойы өскен. Қол-аяғы ұзарған. Бұрын мұрны шолақтау болушы еді, биыл біраз 
ұзарып  қалыпты.  Бет  бейнесі  баладан  гөрі  ірілеңкіреп,  бала  бозбалалық 
қалпына бейімденген. Бірақ, әлі сол мүсінде үлкендік жоқ. Толық, балғын емес. 
Сидиып, арықтап, құр созылған сияқты. Күн көрмей ескен, реңі солғын, бойшаң 
ғана өсімдік бейнелес. 
Бұрын  қара  болушы  еді,  бетінің  қызылы  да  бар  еді.  Қазір  де  қаладан 
қайтқандық  және  ауру  қосылғандық  бар  ма,  әйтеуір  бозғылданған.  Сұйықтау 
қоңыр  шашының  арасынан  бас  құйқасы  да  қылаңданып  көрінеді.  О  да 
ауырғандық пен күн кезінде болмағандық белгісі. 
Абайдың осы сияқты қалпына ендігі мінез машығы да бір алуан боп өзінше 
үйлесті. 
Ол  атқа  мініп  жүруге  жарағанымен  үйден  көп  шықпайды.  Өзге  баладан 
гөрі  басқа  бір  ермек,  бөлек  бір  дос  тапты.  Онысы,  әсіресе,  әжесі.  Одан  қала 
берсе шешесі. 
Абай биыл ғана анық бағалады. Бұның әжесі бір түрлі шебер әңгімеші екен. 
Қызық  сөйлейді.  Әңгімесінің  барлық  жерін  дәмді  ғып,  қызықтырып  айтады. 
Әуелі  Абай  ауыра  бастағанда  бір  күні  кешке  ұйықтай  алмай  жатып,  әжесінен 
әңгіме айтуды сұрады. Сонда, ол ойланып отырып: 
-  Е-е...  Бұлдыр-бұлдыр  күн  өткен.  Бұрынғыда  кім  өткен?  -  деп,  кішкене 
тақпақтап  бастап  еді.  Абай  соны  ұғып  қапты.  Келесі  жолы  әңгіме  сұрағанда 
әжесін тізесінен ақырын қағып. 
-  Е-е...  Бұлдыр-бұлдыр  күн  өткен.  Бұрынғыда  кім  өткен?  -  деп,  тағы  да 
әңгіме тілегенін білдіруші еді. 
Әжесі  әуелде  көп-көп  ертектер  айтқан.  «Еділ-Жайық»,  «Жұпар  қорығы», 
«Құла  мерген»  -  барі  де  айтылды.  Оның  әңгімелерін  түсте  де,  кешке  де,  тіпті 
көш бойы да Абай айтқыза беретін болды. 

 
39 
Бертін  келе,  тәуір  болып  алған  соң  әжесінен  тағы  бір  әңгімелер  тапты.  Ол 
осы ел ішінде Зеренің жасынан бергі көргені, естігені жайындағы әңгімелер. Ел 
мен  елдің  шабысы,  таласы  жайында  бірталай  күндер  айтты.  Осыдан  жиырма-
отыз жыл бұрын Найманның осы елге, осы ауылға шапқанын, сонда Бостанбек 
деген  өзінің  асыранды  баласы  өлгенін  және  Найман  қолынан  осы  ауылға 
тұтқынға  түсіп,  жыл  жарымдай  кісенде  жатқан  Қожамберді  деген  ақын  жайын 
айтады.  Соның  көп  өлеңін  шұбыртады.  Басқа  да  «Қарашор  шапқан»  сияқты 
шабысты, жортуылды айтады. 
Тағы бір  күндер Мамыр, Еңліктей қыздардың қайғыларын да айтып берді. 
Абай  қажымай,  жалықпай  ылғи  ғана  ынтыға  тыңдайтын.  Кейде  әжесі  шаршап, 
айтпай қойса өз шешесіне жабысатын. Ұлжан да көп әңгіме білуші еді. Және ол 
көбінесе,  өлеңді  сөзді  жиі  айтады.  Оқымаған  шешесінің  әлі  күнге  ұмытпай, 
білдірмей,  сақтап  жүрген  зейініне  таң  қалады.  Нелер  ескі  заман  жырларын, 
айтыс,  өсиет  әзілдерін  де  көп  айтып  береді.  Екі  анасын  көңілдендіріп  тағы 
айтқызу  үшін  кейде  өзі  де  қаладан  әкелген  кітаптарының  ішінен:  «Жүсіп-
Злиха» сияқты қиссаларды оқып береді. Әндетіп мақалдап қояды. Шешелеріне 
ұғымсыз  болған  түрік  тілінің  жеке  сөздерін  жолшыбай  қазақшалап  отырады. 
Осымен қайта көңілдендіріп алып, ескі әңгімелерді тағы айтқызады. 
Зере ел шабысын әңгіме еткенде, сол істердің бәрін ел басына әлек салған, 
ұлардай шулатқан, кесел күндей айтатын. 
Кішкентай  күнінен  ертек-әңгімені  көп  сүйетін  бала  осы  жазда,  тіпті,  көп 
есітіп, көп біліп алған сияқты. 
Сондай шеше әңгімелеріне бар бейілін беріп жүрген күндердің бірінде бұл 
үйге  екі  бөгде  қонақ  келіп  қонды.  Бірі  -  қартаң,  бірі  -  жас  қонақ.  Жасын  Абай 
біледі.  Таныған  жерде  қуанып  кетті.  Ол  былтыр  жайлауда  келіп,  осы  үйде  үш 
күндей  жатып,  «Қозы  Көрпеш  -  Баянды»  жырлап  берген  Байкөкше  деген 
жыршы.  Қасындағы  қартаң  кісіні  Абай  өзі  білмегенмен  шешесі  әбден  таниды 
екен. 
Қонақтармен  жай  сұрасып,  амандасып  болған  соң  Ұлжан  Абайға  қарап 
жымиып: 
- Ал,  балам,  әжеңмен  екеумізді  қажай  беруші  едің,  әңгіме-жырдың  дүкені 
міне, жаңа келді. Мына кісі Барлас деген ақын! - деді. 
Шоқшалау  ғана  ақ  сақалы  бар,  келбетті  келген,  зор  дауысты  ақ  сары  кісі 
Барлас  Абайға  салғаннан  ұнады.  Білгенін  ішіне  бүгіп,  үндемей  отырған  өзге 
үлкендердей емес. 
Барлас іле сөйлеп кететін жарқылдақ, ашық. Осы үйде талай күннен жатып 
жүрген, ауыл адамы сияқты. 
- Е, балам, «шешенің судай төгілген, тыңдаушың бордай егілген» дегендей, 
сөйлеуді  де,  тыңдауды  да  сүйген  ел  -  ел-дағы.  Тыңдауға  өзің  жалықпасаң, 
айтуға Байкөкше жалықпас! - деп, жас жолдасына қарап күліп қойды. 
Жайлауға келіп қонғалы бөгде қонақтар келгіш еді. Барлас Сыбан болатын. 
Жайлауға  қоныстары  жақындаған  соң  жылдағы  дағдысы  байынша  осы 
ауылдарға  амандаса  келген  екен.  Жолшыбай,  Мамай  ішінен  Байкөкше 
қосылыпты.  Ол  Барластың  ақын  шәкірті.  Жылда  осылайша  қасына  еріп, 
бірнеше айларды бірге өткізуші еді. 

 
40 
Үй  іші  тегіс  қош  алған  соң,  екі  ақын  да  оңай  шешілді.  Осы  түнде  ас 
піскенге  шейін  Барлас  «Қобланды  батыр»  жырын  жырлады.  Абайдың  қазақ 
аузынан да, кітап ішінен де өмірі естіп білмеген ең бір сұлу ең бір әсерлі, күшті 
жыры осы еді. Барлас жырын бітіріп, қол жуғалы қамданған уақытта Абай: 
- Мұны  айткан  кім?  Осы  өлеңді  шығарған  кім  екен?  -  деп,  бағанадан  бері 
өзін сүйіндірген ақынның атын білмек еді. 
- Әріден келе жатқан деседі-ау, балам, бұның түбін... - деді. 
Қобландының 
қоштасқаны, 
Тайбурылдың 
шабысы, 
Қазан 
мен 
Қобландының  жекпе-жегі  Абайды,  әсіресе,  елтіткендей  болатын.  Жатқанда 
кәпке дейін қызып, ұйқтай алмады. 
Ертеңіне Ұлжан Барлас пен Байкөкшені жібермеді. 
- Жүрмеңдер,  асықпай  әлі  біраз  күн  қонақ  боп  жатып  кетіңдер,  -  деді.  Бұл 
Абайдың тілегі. Абай бұрын тағлім, үлгі - кітапта; білім, - өнер медреседе ғана 
деп  түсінетін.  Оған,  дастан  шебері  -  Низами,  Науаи,  Фзулиде;  мұң  нәзігі  - 
Шайх-Сағди, Хожа-Хафизде, батыр Жыры - Фердаусиде көрінетін. 
Қазақта  нелер  «Баян  -  Қөрпеш»,  талай  «Ақбала  -  Боздақтар»  барын  анық 
білмеуші еді. 
Тілі  ұғымды,  өмірі  таныс  болғаннан  ба,  немесе  Барлас  пен  Байкөкшенің 
кезектеп  айтқан  жырларының  кейде  шырқаған,  кейде  қалқып  баяулаған,  кейде 
лекітіп соқтырып, ескектете желген әнінен бе? Бебеу қаққан қоңыр, майда баяу 
домбырадан ба? Қалайда болса Абай бұл күнге шейін өмірінде дәл осы Барлас, 
Байкөкше  баян  еткен  дастан,  жырларға  барабар  ешнәрсе  есітпеген  сияқты 
болды. 
Күндіз  де,  түнде  де  Барластардың  қасынан  шықпайды.  Екі  ақын  Ұлжан 
үйін барлық осы үлкен ауылға қан-базардай қалың жиын үйі қып жіберді. 
Бие  байлап  болғаннан  кейін,  түске  жақын,  ауыл  қымызға  жиылады.  Қыза 
отырып жыр тыңдайды. Күндіз ылғи ұзақ жырлар жырланады. Немесе, әредікте 
шешендер, ділмарлар айтқан тақпақ, тартыс, билік даулар айтылады. 
Ал  ел  айығып  оңаша  қалғанда,  Барлас  өз  жырларына  қоса  өзі  құрбы  өзге 
ақындар айтқан жырларды термелеп кетеді. 
Бұлардың ішінен заман зарын, көп мұңын шертетін сөздерді, әсіресе, бөліп 
айтады. Барлас біреуді мақтап, біреуден сұрап жырлайтын ақын емес. 
Абай  мен  шешелерінің  кешкі  уақытта  тыңдаған  жырларының  көбі: 
Барластың өзі сүйген құлақ күйі сияқты термелер болады. Мұндай кезде Барлас 
Абайға  күндізгі  Барластан  тіпті  басқа  боп  көрінеді.  Қызықты,  қызуды, 
қыздырманы ғана айтатын күлкіші, сауықшыл Барлас емес. Кешкі кездерде, ол 
бір үлкен өсиетші, кейде шерлі қарт сияқтанады. 
Сондай-сондай кездерде өзінің де ішін ашып: 
 
Кұлағың сал жырыма, 
Ойлана қара сырыма. 
Шад-шадыман емеспін, 
Кұр кұландай жортқанмен, 
Кұбылтып күй тартканмен, 
Қайғыдан Барлас құрыма?! - 
 

 
41 
деп, өз жайын термелеп кетеді. 
- Қайғысы не? - деп Абай кейде шешесінен сұрайды. 
- Әйтеуір,  үлкен  қасиеті  -  болымсызды  дардай  ғып  мақтай  беретін  әдеті 
жоқ  екен.  Ел  ақтаған  ақын  емес  қой.  Сөзін  ұғып  ал  осынын!  -  деп  қоюшы  еді 
Ұлжан. 
Тындай  келе,  Абай  Барластан  тағы  бір  соны  сөздер  есітті.  Ол  осы 
заманның  ұлығы  мен  бегін  айтқан,  сынап-мінеп  айтқан  сөздер.  Бір  терменің 
ішінде Барлас: 
 
Аға сұлтан ұлық бар, 
Елге мәлім қылыктар, 
«Өл» дегенде өлмесен, 
«Жүр» дегенде жүрмесең, 
Малы құрым құрықтар 
Кісен салып құлыптар! - 
 
деп бір кетті. 
Абай әкесінің үйде жоғын еске алып: «келмей-ақ қоя тұрса екен», «қыдыра 
түссе екен» деуші еді. Шынында да Барластар келгелі Құнанбай бұл үйіне көп 
қонған  емес.  Ол  бір  топ  үлкендермен  ел  аралап,  жолаушылап  кеткен. 
Ұлжанның  Барласты  жібермегені  де  сол.  Ақын  мен  әнші  Құнанбай  жоқта 
болмаса, мұның аулына онша үйір боп, бой жазып жата алмайтын. 
Барлас  «ұлық  пен  бек»  дегенде  кімді  айтады?  Онысын  ашпайды.  Бірақ 
Абай  оның  мұндай  жырларын  ылғи  өзінше  ұғады.  Мысалдың  көбін  жақыннан 
іздейді. Бірақ бұл бала да сырын, ойын ешкімге ашпайды. 
 
Старшын дейтін әкім бар, 
Пайдасын көрер жақындар. 
Қалың елі тек жемі, 
Боранды күн тиіскен 
Аш қасқырдай тақымдар... 
 
Бұл - «старшын Майбасар» деп ойлайды Абай. 
 
...Жарлы, зарлы демейді, 
Кеңінен ашып көмейді 
Түгіменен түйесін 
Жұтам десе кай сорлы 
Калтқы болып бөгейді? 
Соны көріп ақынның 
Аса түсіп ағы да 
Ажымы да көбейді, - 
 
деп «аһ ұрғандай» боп кеткенде, Абай Барластың қайғысын да танығандай 
болады. 
«Ел ұйтқысы шайқалды» дейді. Бұрын Абайдың естімеген зар-шері сияқты. 

 
42 
Беті-түсі  айқын  болмаса  да,  әр  заманда,  әр  жерде  күңіреніп,  қайғы  шеруін 
тартып  жатқан  кәрі  әжесі  сияқты,  көп  жасаған,  көп  қайғыны  көрген,  үлкен  бір 
шері бар. «Ол кім?..» дәлін, барын Абай біле алмайды. 
Осы  жолы  Абай  әрі  өзі  ысылып,  әрі  шешесі  арқылы  салмақ  салып,  Барлас 
пен  Байкөкшені  дәл  бір  айдай  жібермеді.  Бұл  уақыттарда  жас  бала  Барлас, 
Байкөкшемен біржолата дос, жақын боп алды. Бертін келе түнде ол Барластың 
қойнына  кіріп  те  жатады.  Күндіз  барынша  күтеді.  Мұның  ұғымтал  зеректігіне 
қатты ырза боп, шын сүйсінген Барлас, бір оңашада, жай ғана тақпақтап: 
 
Шырағым, ержетерсің, 
Ержетсең сірә нетерсің. 
Алысқа шырқап кетерсің, 
Шындасаң шыңға жетерсің. – 
 
деп кеп Абайға домбыраны ұсынды. 
- Міне,  балам,  осы  менің  батам  болсын.  Тіпті  шынымен  мейірім  түсіп 
айтқызып  отыр,  -  деді.  Абай  ыңғайсызданып  қысылды  да,  үндемеді.  Бұл, 
«Барластар ертең жүреді» деген түнде, ас алдында болған сөз еді. 
Ертеңінде  ақындар  аттарын  ерттеп,  жүрерге  тақағанда,  Абай  шешесін 
тысқа шығарып алып: 
- Апа,  екеуіне  де  жақсы  қып  тұрып  сый  беріп  аттандыршы,  -  деді.  Ұлжан 
үндеген жоқ. 
Қонақтар  қымыз  ішіп  болып,  енді  қоштасарға  келгенде  Ұлжан  Барласқа 
қарап бір сөз айтатындай пішін білдірді. Қонақтар іркіліп қалған еді. 
- Мынау балам оқудан  қайтқылы сүле науқас боп, арыла алмай  қойып еді. 
Сендер  келгелі  жақсы  сөздеріңмен  ем  әкелгендей  болдыңдар.  Қадамы  құтты 
қонақ болдыңдар! - деді. 
Абай  шынында  да  дәл  осы  кезде  өзін-өзі  бар  сырқаттан  құлантаза  боп 
арылғандай,  нық  бір  қайрат  жиып  алғандай  сезді.  Шешесі  үндемесе  де,  ашып 
айтпаса  да,  «білгіш,  танығыш,  сыншы»  сияқты  көрінді.  Ол  бөгелсе  де  сөзін 
бітірген жоқ-ты. 
- ...Тағы  да  келе  жүріңдер.  Анау  кәрі  әжесі  мен  бізді  де  көп  сейілттіңдер. 
Жолдарың болсын! Келген сапарларыңа тыста бір азырақ ырым байлаттым. Ала 
кетіндер... Риза, қош боп аттаныңдар! - деді. 
Абай тысқа шығып, Барластарды аттандырып жатып, енді көрді. Осы үйдің 
екі  жылқышысы  Беркімбай  мен  Жарқын  Барласқа  арнап  бір  семіз  көк  атты, 
Байкөкшеге арнап бір торы құнанды ноқталап ұстап тұр екен. 
Екі ақын екеуін жетекке алып, тағы да «қош, қош» айтып, жүріп кетті. 
Абай  шешесіне  риза  боп  қуанып  кеп,  бұрынғы  бір  кішкентай  күніндегі 
еркелігіне  басты.  Ұлжанның  мол  денесін  қапсыра  құшақтап,  қатты  қысып, 
бетінен, мұрнынан, көзінен қайта-қайта сүйді. 
  
 
 
 
 

 
43 
 
 
 
 
 
 
 
 
ҚАТ-ҚАБАТТА 
 

 
Биыл  Құнанбайдың  өз  ауылдары  да,  жақын  ағайындары  да  күземді  елден 
ерекше  ерте  алды.  Және  бұрын  күзеуден  бір  қар  жаудырмай  көшпеуші  еді. 
Қазірде қарашаның ортасына жетер-жетпесте қыстауға қарай тартты. 
Маңындағы  Жігітек,  Көтібақ,  Топай,  Торғай  сияқты  сыбайлас  отырған, 
аталас елдерге көші-қон туралы жөн-жосығын айтпады. 
Сүйіндік осыған қайран боп, Бөжейдікіне түстене келіп отырып: 
- Туысқаныңның бұл сырын ұқтын ба? Бұл неғып биыл дедектеп кетті, ә? - 
деп еді. 
Үйде  Бөжей  мен  Сүйіндіктен  басқа  Түсіп  бар.  Кесек  мұрынды,  шоқша 
сақал,  зор  дауысты.  Түсіп,  Жігітектің  Бөжейден  соңғы  басты  адамының  бірі 
болатын. Ол: 
- Бүйтпеуші  еді.  Бұл  неғып  жүр?  Әлде,  күзеуінің  оты  тозды  ма  екен?  - 
дегенде, Бөжей бұған барлай қарады да, мырс етті. 
- Е,  тәйір,  күзектің  шөбі  бітуші  ме  еді?  Тұнып  тұр,  -  деп  Сүйіндік, 
«Бөжейде  бір  сыр  бар-ау»  деп  соған  бұрылды  да:  -  Бәсе,  тіпті  мал  тойыны  да 
төтенше.  Құлқын  сәріден  қыстауға  барып,  кыстыгүні  несін  жейді?  Мұның 
күземді ерте алғаны да осы көші-қон есебі болды! - деп дағдарып қап, Бөжейге 
қарап: - Әлде сен білдің бе? Айтсаңшы, - деп еді. 
- Ақылдаспаса  да  соның  көмген  көмбесін  сен  табасың.  Күпті  қылмай, 
мүлдем, айтсаңшы! 
- Құнанбай  көктемде  ерте  көшсе,  Уақтың  жерін  шаба  торитын.  Жайлауға 
ерте  көшсе,  Керейдің  қонысын  кездейтін.  Бірақ  қысқа  қарсы  оның  аты  жетпес 
алыс  жоқ.  Әлде,  Тінейдің  сар  құсындай  өзіңе  түсіп  жүрмесе?  -  деп,  Бөжей  бір 
қауыптын  шетін  шығарды  да,  тоқтап  қалды.  Сүйіндік  Бөжей  сөзінен  тіксініп 
қап еді. Бірақ, ешбір жердің қисыны жоқ. 
- Жаным-ау, айрандай аптап, күбідей күптеп болды ғой. Жуантаяқты қуды. 
Әнеттен  алатынын  алды.  Көкшені  де  сырып  салды.  Енді  кім  қалды!  Күзектегі 
Тақыртұмадан  сонау  жайлаудағы  Байқошқарға  шейін  отыз  көш  жерде  ылғи 
соның  көктемі,  күзеуі,  қыстауы  мен  жайлауы!  Қоныс-қонысының  арасында, 
тіпті, түйенің қолтығы терлеп көшетін жырағы жоқ қой! - деді. 
Ырғызбаймен салысса, Жігітекте де  қоныс аз, өріс тар. Ел ортасының өзге 
сөзі  бір  төбе  болғанда.  Түсіп  үшін  осы  жай  өзі  бір  төбе  болатын.  Сүйіндік 
айтқан Құнанбайдың қоныстарын есіне алды. 

 
44 
-  Тіпті  қозы  көш  жер  сайын  бір  қоныс  қой!  -  деді.  Сүйіндік  бұл  жөнде 
Жігітекпен, әсіресе, мұңдас. 
- Және  қоныс  болғанда  қандай!  Тұнып  тұрған  көкбастау,  торғындай  тұма, 
қасқа бұлақ, көк үйірім көл. 
-  Жайлауға  барса  ғой,  өзге  бір  ру  ел  бір  бұлаққа  үйіліп  отырса,  мұның  әр 
ауылы ұзын аққан әлденеше өзеннен үлеседі. 
- Осының бәрін аз жылдың ішінде басып отыр. Енді тағы қай сыбаға!! 
- Бәсе, қай сыбаға десеңші?! 
Бөжей  мына  екеуін  құр  тыңдаумен  отыр  еді.  Енді  ыза  болғандай  бұрыла 
берді де: 
- Е, е, сыбаға үлестіруші сен екеуің болсаң, айтарсың? - деп, қолын сілікті. 
Бұл сөзді тыңдағысы келмеді. 
- Айта берсең арман көп. Осы сары аурудан не таптың? - деп біраз қабағын 
шытып, Түсіпке түйіліп отырып: - Дәрменсізде арман көп. Бірақ арман азық боп 
па еді? Айла таппас болғанда, айттың не, айтпадың не! - деді. 
Түсіп енді түйсініп отыр. «Арман» дегені Бөжейдің өз ішін де жеп болған. 
Ши  бойында  осы  Түсіп  пен  Бөжейдің  атақты  атасы  Кеңгірбайдың  бейіті  бар. 
Соның тұсындағы мол қорық - Жидебай, Барақ болатын. Құнанбай қыстау етем 
деп  соны  да  алды...  Бөжей  сонда  қатты  қорланған.  Өлісіп  те  көрмек  боп  еді. 
Бірақ,  Құнанбай  дәл  осы  Түсіпті  шақырып  ап,  ебін  тапты.  Түсіп  Бөжейге  кеп 
басу айтып, қолын бөгеп қалды. Соңғы жылдарда іште жүрген наразылығының 
көп себебі сол болатын. Со да өндімеді. Кейін Түсіпке талай рет зығыры қайнап, 
шынды айтысқанда: 
-  Құнанбаймен  сөз  біткен.  Істен  басқа  айла  жоқ.  Ер  болсаң  іске  шыда!  Ол 
болмаса дағдыңа бас, ұсына бер! - дей беретін. 
Мұны  Сүйіндікке  де  сездіретін.  Және  Жігітек  ішіндегі  бір  таянышы 
Байдалыға да айта жүруші еді. Әрқайсысына осындай оңашада көзбе-көзде ғана 
сездіретін. 
 

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет