1.7.2.2 Парафинді нысандарды блоктарға құю Парафин сіңірген кесінділерді блоктарға құяды. Нысандар кішкене болса, сағат шынысына құюға болады, тек оның түбіне глицерин жағу керек. Одан ірі нысандарды, көлемі олардан 4-5 есе үлкен қалыпқа құяды.
Бейнелердің бағдары гистологиялық зерттеудің мақсаттарына сәйкес жүзеге асырылады және кесу барысында дайындалады. Паренхиматозды мүшелерді қалыптың түбіне біркелкі жолақпен салу керек, сонда барлық қабаттар мен мүшенің капсуласы кесілген жерге түседі. Қуыс мүшелерді, теріні қырымен қою керек, сонда кесіндінің барлық қабаттары көрінеді. Ол үшін қалыпты парафинмен толтырғаннан кейін оны 2-3 секунд ішінде салқындату платформасына жіберіп, содан кейін ғана үлгіні орналастыру ыңғайлы. Қаңқа бұлшықетінің жалпы құрылымдарының ең маңыздысы көлденеңінен кесілген бұлшық ет болып табылады. Белгілеу өрісі және заманауи микротомдардың қысқыштары бар ауа көпіршіктерінің жиналуына жол бермейтін стандартталған гистологиялық қалыптарды қолдану ыңғайлы шешім болып табылады (8-сурет).
8-сурет . Парафинді құюға арналған пластикалық қалыптар
Нысандарды парафинді қалыптарға құю жұмысын термостаттың жанында істеу керек. Керекті су құйылған Петри табақшасын, қалыптарды, спирт шамын, препараттық инені дайындап алады. Ауа көпіршіктерін болдырмау үшін қыздырылған қалақшамен дұрыстап ерітіп тұру керек. Парафин-воск аз болса парафин қату уақытында ортасында шұңқыр пайда болып, нысандар жабылмай қалуы мүмкін. Қалыптағы нысандарды пластикалық сақиналармен жабу керек (9-сурет). Қалыпқа құйылған нысан суық суы бар шыныда толық қатқанша тұрады. Қалыптағы сақина этикеткаланады. Этикеткаға жануардың түрі, немесе ағзасы, блоктың саны және құйған уақыты жазылуы керек. Осындай блоктар өте көп уақыт сақтауға жарамды.
9-сурет. Парафинді қалыптардың бетін жауып бекітуге арналған пластикалық сақиналар.
Материал өте ұсақ болса, оны жоғалтып алмау үшін, келесі әдісті қолдануға болады.
1. Центрифуга пробиркасына материалды салып, оған фиксациялаушы сұйықтықты құйып, центрифугаға салады. Материалды бояу қажет болмаса, оны жуған соң, күштілігі жоғарылайтын спирт тізбегінен өткізіп, ағартып, әр сұйықтықта центрифугаға 1-2 мин. салып, парафинге құяды. Сағат әйнегіне ерітілген парафинді құйып, оны қатырады. Содан кейін парафиннің ортасына шұңқыр жасап, пробиркаға құяды. Ксилол өте аз болуы керек. Осы сағат шынысын термостатқа қою қажет, сонда қалған ксилол ұшып кетеді де, парафин ериді. Содан кейін шыныны суық суға қояды да, парафин қатқан уақытта, кесекшені кесіп алып, қалыпқа салып, этикеткалау керек.
2. Ұсақ нысандарды кесекшеге құю үшін шыны түтікшелерді пайдалануға болады. Бір жағын жұқа капрон немесе планктон торымен байлап, екінші жағынан нысанды құю керек. Фиксациялау, жуу, дегидратация, түссіздендіру жұмыстары лайықты сұйықтықтарда өткізіледі. Парафинге сіңіруді термостатта өткізіп, уақыты біткенше суық суда ұстау керек. Парафинді түтікшелерден алу үшін оны аздап жылытады, сол уақытта ол нысанмен бірге сыртқа түседі. Материалды алып, қалыпқа орналастырып бетін сақинамен жауып, этикетка жабыстыру керек.
Жоғарыда айтылған жұмыстардан жақсы нәтиже алу үшін, барлық кезеңдерді нақтылы тіркеп, көрінген нәтижелерге ұқыпты талдау жасап отырған дұрыс. Нысанды спирттерге салмас бұрын, оған көлемі мен пішін беріп, артық және зақымданған жерлерін кесіп алып тастайды. Сапасы жоғары гистологиялық препарат дайындау үшін, зерттеліп жатқан ағзаның жұқа кесіндісі алынуы қажет, сондықтан да оны тиісті ортаға құю қажет. Сол кезде нысан жақсы әрі жұқа кесіледі. Егер негізгі принциптерді білмесе, қажетті әдістерді дұрыс қарастырмаса, материалдар кесуге келмей қалады. Болмаса кесілген жұқа қабаты сапасыз болып шығуы мүмкін. Бұл шарттарды орындау үшін материалға парафин, целлоидин немесе желатин сіңіріп қояды.