Монография // Мұқанов Сәбит. Таңдамалы шығармалар. Он алты томдық. Он алтыншы том. Алматы


оқушыларына  ауылдың  жаздыгүнгі  картинасын  жасап  берсе



Pdf көрінісі
бет9/12
Дата21.01.2017
өлшемі1,7 Mb.
#2370
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12
  оқушыларына  ауылдың  жаздыгүнгі  картинасын  жасап  берсе,  «Күз» 
деген өлеңінде: 
Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан, 
Күз болып, дымқыл тұман жерді басқан. 
Білмеймін тойғаны ма, тоңғаны ма, 
Жылқы ойнап, бие қашқан, тай жарысқан. 
Жасыл шөп, бәйшешек жоқ бұрынғыдай, 
Жастар күлмес, жүгірмес бала шулай, 
Қайыршы шал-кемпірдей түсі кетіп, 
Жапырағынан айрылған ағаш, қурай... 
Қаз, тырна қатарланып қайтса бермен, 
Астында ақ шомшы жүр, ол - бір керуен, 
Қай ауылды көрсен, де жабырқаңқы, 
Күлкі, ойын көрінбейді, сейіл-серуен... 
Күзеу тозған, оты жоқ елдің маңы, 
Тұман болар, жел соқса, шаң-тозаңы. 
От жақпаған үйінің сұры қашып, 
Ыстан қорыққан қазақтың құрсын заңы! - 
 
деп  жазғы  көркемдік  пен  рақаттың  бәрін  ауылдан  табады.  «Қыс»  деген 
өлеңінде: 
 
Ақ киімді, денелі, ақсақалды, 
Соқыр, мылқау танымас тірі жанды, 
Үсті-басы ақ қырау, түсі суық. 
Басқан жері сықырлап келіп қалды,- 
 
деп «кәрі құда - қыстың» келгенін сұсты суреттеген Абай: 
 
Борандай бұрқ-сарқ етіп долданғанда, 
Алты қанат ақ орда үй шайқалды,- 
 
деп  қазақтың  ол  кезде  қыс  киіз  үйде  отыратынын  аянышпен  айтады. 
Себебі: 
 
Әуес көріп жүгірген жас балалар, 
Беті-қолы домбығып, үсік шалды. 
Шидем мен тон қабаттап киген малшы. 
Бет қарауға шыдамай теріс айналды. 
 

 
139
Долы  боран  байдың  «алты  қанат  ақ  үйін  шайқағанда»  киімдері 
жылы  жылқышылар  қысқы  аязда  осындай  халге  түскенде,  жыртық  киіз 
үйдегі, «бай ұрсып орта қап қара қиды әрең беретін», отыны да аз, киімі 
нашар кедей семьялардың  халі қандай болмақ? Бұл сұрауға Абай жауап 
бермеседе  түсінікті.  Абайдың  табиғат  лирикалары  тек  жанды 
пейзаждарға  ғана  емес,  сонымен  қатар  әлеуметтік  мән-маңызға  толы 
болып,  оның  демократтық  пікірін  барынша  айқындай  түседі.  Қазақ 
елінің  жылдың  әр  мезгілінде  қандай  күйге  түсетіндігін  реалистікпен 
суреттеу Абай поэзиясының зор азаматтық пафосын қалыңдата түседі. 
Ыбырай  мен  Абайдың  табиғат  лирикаларынан  жоғарғыдай 
ұқсастықты  аңғарсақ,  енді  тарихта  болған  адамды  арқау  ете  шығарған 
шығармаларына  да  тоқтай  кету  қажет.  Өйткені,  бұл  шығармалардан 
олардың идеялық бірлестігін, пікірлерінің бір арнаға құятындығын тағы 
да көрер едік. 
Ыбырай 
«Өсиет» 
деген 
өлеңінде 
Ескендірдің 
(Александр 
Македонский)  басындағы  бір  оқиғаны  жыр  қылады.  Оқиғаныц 
мазмүны:  Ескендір  Зұлқарнайын  патшаның  өлгісі  келмей,  ішкен  адам 
мәңгі  жасайтын  су  іздейді,  осындай  «суға»  ислам  дінінде  пайғамбар 
саналатын  Хұзыр  Ілияс  пен  тағы  бір  уәзірін  жұмсайды.  Олар  судан 
әуелі  өздері  ішіп  мәңгі  өлмейтін  болады  да,  бір  кесе  суды  Ескендірге 
алып  келе  жатқанда,  теңіз  жағасында  отырған  шалға  жолығады.  Шал 
жөн  сүрасқаннан  кейін,  «Ескендір  суды  ішпесін»,  -  дейді.  «Неге?»  - 
десе,  «Мен  де  сондай  патша  едім,  заманың  өтіп,  елге  кадірің  кеткен 
соң,  патшалықтан  рақат  таппайды  екенсің,  ондай  патшалық  азап  екен», 
- дейді. Осы сөзді естіген Ескендір әкелген суды ішуден бас тартады. 
Өлеңнің 
сюжеті 
Шығыстың 
Ескендір 
туралы 
айтатын 
әңгімелерінің  біреуінен  алыну  керек.  Бізге  бұл  арада  қажеті  сюжеттің 
қайдан  алынуы  емес,  Абайдың  да  осы  Ескендір  туралы  поэма 
жазуында. Оның: 
 
Осы жұрт Ескендірді біле ме екен? 
Македония шаһары оған мекен, 
Филипп патша баласы, ер көңілді, 
Мақтан сүйгіш, қызғаншақ адам екен, - 
 
деп  басталатын  поэмасының  қысқаша  мазмұны,  жердің  жүзін  жаулап 
алса  да,  көңілі  тоймаған  Ескендірді  ешкім  ала  алмайтын  қорғанды  ел 
бар  деп  естиді  де,  соған  арып-талып  жетеді.  Ескендір  қорқытқанмен 
қорғанның  қақпасын  күзетші  ашпайды,  дікіңдей  берген  соң,  «саған 
тартуым»  деп  қақпадан  шүберекке  түйген  зат  тастайды.  Ескендір  «не 
екен?» деп қараса, адамның көз сүйегі боп шығады. «Бұл- қай қорлығы? 
Қиратам!»-деп Ескендір ашуланса, оны бала жасында тәрбиелеп өсірген 
гректің  атақты  ғалымы  Аристотель:  «Мұнда  көп  мән  бар»,-  деп 
тоқтатады.  Содан  кейін  таразы  құрып,  көз  сүйегін  бір  жаққа  іліп,  бір 

 
140
жағына  қару  ілсе  де,  көп  қаруды  сүйек  басып  кете  береді.  Сонда 
Аристотель  сүйекке  бір  шөкім  топырақ  сепсе,  көз  сүйекті  топырақ 
басып кетеді. Ескендір: «Бұл не ғажап?» - деп сұрағанда, Аристотельдің 
берген жауабы: 
 
Бұл - адам көз сүйегі, - деді ханға, - 
Тоя ма адам көзі мың мен санға? 
Жеміт көз жер жүзіне тоймаса да. 
Өлсе тояр көзіне құм құйылғанда! 
 
Ескендір сонда ғана тәубеге кеп, қорғанды алудан да, патшалығын 
зорайтудан да тыйылған екен дейді. 
Абайдың  бұл  поэмасының  да  сюжеті  Шығыстың  Ескендір  туралы 
әңгімесінен алыну керек. 
Ыбырай  мен  Абайдың  Ескендір  туралы  жазған  шығармаларының 
оқиғалары  басқа  болғанмен,  идеялары  бір;  екеуінің  де  айтайын  дегені: 
бақытқа,  өмірге  қанағатсыз  болмау,  өзгенің  бақытсыздығына  себеп 
болу  арқылы  өзіне  бақыт  таппау.  Бұл  идея  Ыбырайдың  да,  Абайдың  да 
демократтық, гуманистік ұғымдарынан туады. 
Міне, 
қысқаша 
айтқанда, 
Ыбырай 
мен 
Абайдың 
шығармаларындағы үндестіктен әзірге біздің тапқандарымыз - осылар. 
Қорыта  келгенде,  Абай  Ыбырайды  білген  болар,  шығармаларын 
оқыған  болар,  оқымаса,  жоғарыда  көрсеткен  ұқсастықтар  қайдан 
шығады  деген  сияқты  жорамалдар  жасағанымыз  болмаса,  осы  пікірді 
дәлелдеп  айтуға  дәлеліміз  жоқ.  Алайда  біздің  айтарымыз:  Абайдың 
қазақ  ауыз  әдебиетінің  үлгілерін,  өзіне  дейінгі  және  өзімен  замандас 
ақындардың  шығармаларын  білгендігіне  шек  келтіруге  болмайды.  Ал 
енді  олардың  Абайдың  ақындық  талантын  қалыптастыруға,  дарынын 
шыңдауға қандай  ықпалы мен әсері болды дегенге келетін болсақ, онда 
Абай  анадан  мынадай,  мынадан  анадай  үлгі-өнеге  алды  деп  дәл 
көрсетіп 
айтарлық 
дәлеліміз 
болмаса 
да, 
оған 
жалпы 
қазақ 
поэзиясының  игі  ықпалы  болғандығын  жоққа  шығара  алмаймыз.  Ол 
өзіне  дейін  қалыптасқан  дәстүрлерге  сын  көзімен  қарай  отырып, 
творчестволық жолмен өзінің ақындық бетін айқындады. 
Абайдың  қазақ  әдебиетімен  өнерпаздық  байланысын  осымен 
доғарып,  енді  оның  Шығыс  әдебиетінен  қаншалық  азық  алғандығына 
назар  аударайық.  Ол  үшін  әуелі  «Шығыстық»  деген  сөздің  басын  ашып 
алу қажет. 
«Шығыс»  дегенде  біз  исламдық  Шығысты  айтамыз  ғой.  Исламды 
туғызған  ел  -  Араб.  Арабтың  Орта  Азияны  отарлауы  Мұхаммед 
пайғамбардан кейін, оның шаһар-ярларының тұсында. Ең алдымен олар 
Ауғанстанды,  Иранды  алып,  V I I I   ғасырда  Тянь-Шань  мен  Алатаудың 
екі  бауырын  бөктерлей  отырып,  Қашқарияға  барып  тоқтады.  Орта 
Азияға,  оның  ішінде  өзбек,  түркмен,  татар,  қазақ  сияқты  елдерге 

 
141
исламды  әкелген  арабтардың  езі  емес,  мұсылманға  айналған  парсылар, 
парсыдан  тараған  исламға  қазақ  елі  ерте  бағынған.  Ислам  дінін 
қабылдау  қазақ  тіліне  әсерін  қатты  тигізген.  Қазақтың  байырғы  сөздері 
деп  жүрген  сөздеріміздің  талайы  түрін  өзгерткен  парсы  сөздері  екенін 
тілшілеріміз  дәлелдеуде.  Мәселен,  қазақтың  «орамал»  деген  сөзін, 
парсының  «ро»-бет,  «мәл»-  сүрткіш  деген  екі  сөзінен  құралды  деп  қай 
қазақ  ойлар?  Ешбір  қазақ  «орамалдың»  «ро-мәл»  екенін,  «ро-мәлдің» 
«бет  сүрткіш»  екенін  білмейді;  бірақ  «орамал»  деген  шүберектің  бетті 
сүртуге  арналғандығын  білмейтін  қазақ  жоқ.  Осындай  парсыдан  ауып 
кеп,  қазақ  ауылында  мәңгілік  отырып  қалған  сөздер  қазақта  талай  сан. 
Парсы  мен  арабтың  қазақ  тіліне  ерте  кезде  сіңген  сөздері,  кейін 
қазақтың байырғы сөздері боп кетіп, кірмелік маңызын жоғалтқан. 
Бұл  арада  оқушылардың  есіне  сала  кететін  бір  мәселе-  қазақ 
тарихы  туралы  күні  бүгінге  дейін  жазылып  жүрген  еңбектерде, 
қазақтың  ислам  дінін  қабылдауын  XVI  ғасырдың  бер  жағына  әкеледі. 
Бұл пікірге мен өзім қосылмаймын. Себебі бір тілдің екінші тілге әсері, 
сол  екі  тілді  қолданатын  елдердің  арасында  қарым-қатынас  бар  кезде 
ғана  болады.  Қарым-қатынас  жоқ  кезде  әсер  де  жоқ.  Мәселен,  ешбір 
испан,  я  ағылшын  тілі  қазаққа  әсер  еткен  емес,  себебі:  қазақ  пен 
олардың  арасында  қарым-қатынас  болған  емес.  Парсы  тілінің  қазақ 
тіліне  әсері  тиюі  қазақ  пен  парсының  арасында  қарым-қатынас 
болғандықтан.  Бірақ  осы  қарым-қатыс,  тарихтың  айтуынша,  қазақ 
даласын  X I I I   ғасырда  Шыңғыс  хан  жаулап  алғаннан  кейін  үзілген. 
Содан  кейін  қазақ  руларының  парсымен  ешбір  байланысы  болмаған. 
Ендеше  егер  тарихшыларға  сенсек,  XVI  ғасырдың  бер  жағында 
мұсылман  болған  қазаққа,  арасында  қатынасы  жоқ  парсы  тілінің  әсері 
қандай көп тиеді? Парсы сөздерін қазаққа тән сөз ғып қайдан алады. 
Отарлаған  Орта  Азияға  парсылар  араб  әдебиетінен  де,  өз 
әдебиетінен де көп қазыналар әкелді. Егер парсылар араб әдебиетіндегі: 
«Ескендірнама»,  «Ләйлі  -  Мәжнүн»,  «Жүсіп  -  Злиқа»  сияқты 
поэмалардың,  «Мың  бір  түн»  сияқты  ертегілердің  сюжеттерін 
пайдаланып, өз тілінде жазып бір үлгі алса, екінші жақтан, арабтың бай 
тілінен көп сөздерді жасқанбай қабылдаудың нәтижесінде парсы тілінің 
лексикалық мүмкіндігін арттырды. 
Парсыларға  бағынған  Орта  Азиядағы  түрік-монғол  тұқымдас 
елдердің  басына  түскен  қиыншылық:  оларға  араб  тілін  де,  парсы  тілін 
де  қатар  үйренуге  тура  келді.  Осыдан  барып,  Иранға  іргелес  отырған 
өзбек,  түрікпен,  азербайжан  тілдері  өте  шұбарланып,  исламға  шейінгі 
сөйлеп  жүретін  ескі  түрік  сөздерінің  кебінен  айырылып  қап,  олар  дын, 
тілдері  араб,  парсы,  түрік  сөздерінен  суарылған  тіл  болып  шықты.  Мұның 
дәлелін  ақындардың  шығармаларынан  айқын  көреміз.  Азербайжан  ақыны 
Низамидің,  өзбек  ақындары  Науаи  мен  Бабурдын,  шығармаларын  оқыған 
көпшілік  қазір  әрең-әрең  түсінетіндігі,  тіпті  біразын  түсінбейтіндігі  де 
осыдан. 

 
142
Парсыға  ерте  бағынғанмен,  исламды  ерте  қабылдағанмен,  ертерек 
кезде  біраз  сөздерін  алғанмен,  араб  пен  парсы  әдебиетінің,  қазақ  әдебиетіне 
ықпалы  кешегі  XIX  ғасырға  дейін  болған  жоқ  десек  қателеспейміз  ғой 
деймін. 
Қазақ  жырларында  тәңірінің,  пайғамбардың,  әулие-әмбиелердің, 
шадиярлардын,  (Шаһар-ярлар)  аттары  аталғанына  қарап,  «міне,  араб  пен 
парсының  ықпалы»  деп  дәлелдей  қою  қиын.  Пайғамбарлардың  аты  аталған 
шығармаларда Шығыс ықпалы бар дегендерге біз қазақ ақыны Махамбеттің: 
 
Мұсылмандық кімде жоқ? 
Тілде бар да, дінде жоқі - 
 
деген  сөздерімен  жауап  береміз.  XIX  ғасырға  шейінгі  қазақ  поэзиясында 
тәңірі  мен  пайғамбардың  аталуы,  «тілде  бар  да,  дінде  жоқ»  деушілердін, 
құран  арқылы  тілге  оралтып,  санаға  сіңірмеген  атауы  ғана.  Қазақ  халқының 
кемеңгер  ұлы  Шоқан  Уәлихановтың:  «Біздің  жанымыз  бен  тәнімізге 
мұсылмандық әлі сіңе алған жоқ»,- деп XIX ғасырдын, 60 жылдары айтқанын 
да естен шығара алмаймыз. 
Халық поэзиясынын, ішінде исламшылдықтың ықпалынан туды дейтін 
парсының  «Я,  шаһри,  Рамазан»  деген  оразалық  жырының  өзін  қазақ 
«жарапазан» деп атап, өлеңін қазақтың: 
 
Мінгені пайғамбардың жирен дейді, 
Бес намаз тілің келсе, уйрен дейді. 
Бес намаз тілің келіп уйренбесең, 
Тіліңді темір істікпен түйрер дейді,- 
 
деген  қалжың  өлеңіне  айналдырып  жібергенде  халықтың  өз  тұрмысынан 
туған өзге өлеңге не жорық. 
XIX  ғасырға  шейінгі  қазақтың  тілде  мұсылман  боп,  дінде  мұсылман 
болмауы,- қазақтың оған шейін көшпелі дәурен сүрумен, сол себепті аулында 
мешіт пен медресе болмауымен байланысты. 
XIX ғасырдың ар жағында қазақпен ауыл-үй қона алмаған ислам дінін, 
бер  жағында  ауыл-үй  қондыруға  себеп  болған  Россияның  патша  өкіметі 
екенін  біз  тарихтан,  әсіресе  Шоқан  Уәлихановтың  тарихи  еңбектерінен 
білеміз.  Патша  өкіметінің  қазақ  арасына  исламды  таратудағы  мақсаты  - 
қазақты  өзіне  көндіруде  ислам  дінін  құрал  ғып  жұмсау  екенін,  осы  шарасын 
іске асыруда пайдаланған адамдары татар молдалары екенін Шоқан талассыз 
фактілермен  дәлелденгенін  жоғарыда  біраз  айтқамыз.  Патша  үкіметінің  бұл 
еккен  «жемісінің»  дәмін  Абайдың  да  татқандығын,  мұсылманша  сауатын 
балалық  шағында  молдадан  ашқандығын  айтып  өткенбіз.  Оларды 
қайталамайық. 
Қазақ әдебиетіне араб пен парсы әдебиеттерінің әсері татар молдалары 
арқылы  келді,  себебі  ол  кездегі  татардың  өз  тілі  де,  өз  әдебиеті  де  араб  пен 

 
143
парсынын, қатты ықпалында еді. Ол кездегі татар әдебиетінін, тілі - татар тілі 
емес,  араб,  парсы,  шағатай  тілдерінен  құралған  шұбар  тіл  болатын.  Татар 
тілін  бұл  халден  Шаһабуддин  Маржани  де  арылта  алған  жоқ.  Арылту  түгіл, 
Маржани  өзінінң  татар  медресесіндегі  лекцияларын  көбіне  парсы  тілінде 
оқыды,  шығарған  өлеңдерін  парсы  тілінде  жазды.  Осы  салттан  Маржанидін, 
жолын  қуған  шәкірттері  де  арылмай,  Маржани  өлгенде,  оған  шығарған 
жоқтау  өлеңдерін  парсы  тілінде  жазысты.  Абай  оқыған  медресенің  иесі 
Ахмет  Ризаның  Маржанимен  байланысы  бар  болғанын  еске  алсақ,  алғашқы 
өлеңдерінде  Шығыс  ақындарының  атын  тізіп,  қазақ  түсіне  қоймайтын 
сөздерді  өлең  етпек  болғанында  белгілі  себеп  барлығын  бүктесінде  қалдыра 
алмаймыз. Ал татар тілін парсышылдықтан арылтпақ болған, татардың жаңа 
әдебиетінің негізін қалауға үлкен еңбек сіңірген адам - Қаюм Насири. 
Қазақ  әдебиетіне  XIX  ғасырда  татар  молдалары  арқылы  келген 
шағатайшылдық  пен  араб-парсышылдық  Абайдан  арғы  заманда  әлсіз 
болғанмен,  Абайдын,  тұсында  әсерін  өте  қатты  тигізді.  XIX  ғасырға  шейінгі 
ауыз әдебиетінің тілі жалпы қазақ  халқына түгел дерлік түсінікті болса, XIX 
ғасырда  татар  молдалары  арқылы  қазақ  арасына  тамырын  кең  жайған  ислам 
дінінің  салдарынан,  XIX  ғасырда  «қазақ  тілінде»  деп  Қазанда  басылған 
«әдеби»  шығармалардың  көпшілігі  халыққа  түсініксіз  араб,  парсы,  шағатай 
тілдері  араласқан  тілде  жазылды.  Мұндай  кітаптарды  жазған  сол  татар 
молдаларының өздері. Мысалға 1897 жылы Қазанда шыққан, сыртына «қазақ 
тілінде»  деп  жазған  бір  кітапты  алайық.  Кітаптың  аты  «Мақұлат»,  оның 
астында тұрған қосымша ат «Лил ихтизар минал-уәба-и». Кітапқа  берген бұл 
екі аттың екеуі де қазаққа түсініксіз арабша сөздер. Осы кітапты жазушының 
өз  аты-жөні  туралы  айтары:  «тасниф  уә  тахрир  қылып  язғушы-мухқиқоль 
Маржани  Шаһабуддин  хәзрәтләринің  шәкірдіндән,  муғаллим  уә  мұфрис 
молла  Қашафоддин  бин  Жаһмардан,  бин  Ғибадолла  әл  Мұнзауи,  әл  Сулуки, 
суммә әл Қарқарали, сәм аллаһә әл ғалиел ғазим, әл Мутағали». 
Оқушыларына  аты-жөнін  осылай  таныстырған,  негізі  Қарқаралылық 
татар,  фамилиясы  Қашафуддин  аталатын  бұл  «ақынымыздың»,  қазақ  тілінде 
шығардым» деген «өлеңдерінің түрі мынау: 
 
Бастайын кітәбімні хэмди илән. 
Яратқан аллаға ейтмәқ мінән... 
 
Діни  ақындардын,  шығармаларының  тәңіріге  жалбарынудан  бастау 
әдісін қолданбақ болған «біздің» мына «қазақ ақыны» өзінің «Мақұлатында» 
тәңіріні, періштелерді, пайғамбарды мадақтап кеп, «шығармасында» айтайын 
деген мақсатты сөзін былайша бастайды: 
 
Мұнан соң язайын бір қанша сөз, 
Оба деген дүнияда ащы науқас, 
Бұл айтайын, қатты яман, 
Қара иерге көндірмекке шикін маған 

 
144
Солай да болса, аллаһ тағалам, 
Обадан сақланмаққа халық айтан. 
 
Бұл  «өлеңнің»  қазақ  өлеңі  еместігі  былай  тұрсын,  не  ырғағы  жоқ,  не 
үйлесі  жоқ,  не  жолдарында  буын  санының  бірдейлігі  жоқ,  не  ішінде  ауыз 
тұшитын бір дәмді сөз жоқ. 14 беттік «кітаптың» барлық «өлеңі» де осындай. 
Әлгі  кітабымен  қанағаттанбай  жаңағы  «ақынымыз»  сол  1897  жылы 
тағы  да  «қазақ  тілінде»  екі  кітап  бастырады, біреуінің  аты  -  «Қисса-и  әдеблі 
бала»,  екіншісі  -  «Қисса-и  екі  егіз  бала,  көп  кенеш».  Бұл  екі  «кітабындағы» 
«өлең» деп жазғандары жоғарыда мысалға алғандардан да жаман. 
Қашафуддиннің,  бұл  үш  «кітабы»,  онық  бір  жылда  ғана  бастырғаны. 
Ол  одан  бұрын  да,  соң  да  осы  сияқты  «кітаптардың»  нешеуін  бастырмады 
дейсің.  Осы  Қашафуддиндей  қазақ  аулына  дін  таратушы  шарлатан 
молдалардың  қазақ  тілін  білмейтін  баспасөз  орындарын  алдап,  «қазақша 
жазған  өлеңдерім»  деп,  талай  сандырақтарды  кітап  қып  бастыруынан 
жүздеген мысал келтіруге болар еді. 
Оның бұл арада қажеті жоқ. Тіл бұзғыш молдалардың  қазақ әдебиетін 
қалай  ластағанын  әшкерелеуге  жалғыз  Қашафуддиннің  «өлеңдері»  де  жетіп 
жатыр. 
Рас,  қазақ  аулында  бала  оқытқан  молдалардың  ішінен  Ақмолда 
(Мұфтахидден  Мұхамедияров)  сияқты  ақын  да  шықты.  Бірақ  мұндайлар 
бірен-сараң ғана. 
Татар  молдаларынан  оқып  хат  таныған,  жазуға  талабы  бар  қазақ 
жастарының  бір  жүйесі,  оқытқан  молдаларының  сарынымен  кетіп,  өлеңдігі 
олақ,  тілі  қазаққа  түсініксіз,  «қазақ  тілінде»  деген  талай  кітаптар  шығарды. 
Мысалға 1900 жылы шыққан «Өндірбай қажы» деген кітапты алайық. Мұны 
жазушы  Жүсіп  Абдырахманов  дейтін  қазақ  жігіті,  Мекеде  өлген  Өндірбайға 
арналған  жоқтау  өлеңдерін  бастар  алдында,  оқушыларына  мынадай  түсінік 
береді: 
Ұшбу  бәйітні  оқушыға  мағлүм  болсын:  мархұм  Өндірбай  хажы  әл 
Харамайн  Арғын  асылындән,  Қаракесек  нәсіліндән,  Бәйбөрі  ішінде  - 
Есбұлақ, Айтхожа байның нәсілінен 63 яшіндә, аллаһ тағаланың хүкімі илән 
хажға  үш  мәртәбә  барып,  соңғы  барғанда  әл  тәқдир  дә  ябтәлә  мәужібіншә, 
дарол фунуннан, дарол бақия рәхләт айлады...» 
Осы  кіріспе  сөзбен  кітабын  бастаған  Жүсіптің  ақындық  шама-шарқы 
және тілі мына өлеңдерінен көрінеді: 
 
Білмәймін на келерін ғариф басқа, 
Боларма сөзім лайық осы тасқа. 
Он бірде ишанларға хызмет қылып, 
Халифліккә иетішті отыв яшта. 
Алладан әмір фәрмән болғаннан соң, 
Алар да ахрәткә қадам басты. 
 

 
145
Өлеңдігі  олақ,  тілі  нашар  болғанмен,  жоғарыда  мысалға  алған 
Қашафуддин  молданың  «сөздерімен»  салыстырғанда,  Жүсіптің  мына 
өлеңінде аз да болса қазақ өлеңінің исі бар: ол - он бір буынды қара өлеңнің 
негізінде құралған және әлсіз болғанмен, үйлесі сақталған. Бұл - мұсылманша 
хат  тану  кезінің  халыққа  таман  бейімделген  бірінші  адымы.  Бертін 
мұсылманша  хат  танығандар  көбейіңкіреген  кезде,  бұл  адымның  жолы 
тармақталып,  халыққа  кейі  жақындап,  кейі  алыстап  отырады;  бір  жүйесі-
бірыңғай  дінді  үгіттейтін  поэзияны,  бір  жүйесі  -  араб,  парсы,  шағатай 
тілдеріндегі  көркем  шығармаларды  қазақ  тіліне  аударуды,  бір  жүйесі  - 
қазақтың ауыз әдебиетін жазып алып соларды жарыққа шығаруды, бір жүйесі 
- қоғам тіршілігінін, қажетіне шығармаларын құрал етуді кәсіп қылады.  
Жалпы  алғанда,  мұсылманша  хат  танудың  қазаққа  залалымен 
қатар,  пайдасы  да  тимей  қойған  жоқ.  Егер  XIX  ғасырдан  бастап  қазақ 
арасынан  қалам  ұстаушылар  шықпаса,  қазақтын,  «Қозы  Көрпеш»,  «Қыз 
Жібек»,  «Қобыланды»,  «Алпамыс»,  «Біржан  сал  мен  Сара  қыздың, 
айтысы»  тағы  сол  сияқты  эпостарының,  әдет-ғұрып  жырларының, 
айтыстарының  біразы  жоғалар  еді.  Қазақтың  ауыз  әдебиетінің  біразын 
XIX  ғасырда  орыс  ориенталистері  жазып  ап  жарыққа  шығарса,  біразын 
қазақтың  мұсылманша  хат  білген  адамдары  жазып  алып,  кітап  қып 
бастырды.  Сонымен  қатар,  егер  қазақтың  шын  мағынасындағы  жазба 
әдебиеті  XIX  ғасырдан  басталды  десек,  осы  жазба  әдебиетті  бастауға, 
өркендетуге  араб  әрпімен  хат  танудың  аз  жәрдемі  тиген  жоқ.  Ең  мол 
үлгі  алған  мектебі  орыстын,  әдебиеті  болғанмен,  Абайдық  өзіне 
жазушы  болуға  мүмкіндік  берген  де  -  оның  арабша  хат  тануы.  Егер 
арабша  да,  орысша  да  хат  танымаса,  Абай,  ең  жақсы  дегенде,  қазақ 
ауыз  әдебиетінің  даңқты  ақындарынын,  бірі  болар  еді.  Абайды  «қазақ 
жазба  әдебиетінің  классигі»  атандыруға  себепкер  болған  жағдайдың 
біреуі - оның араб әліппесін білуі. 
XIX  ғасырда  қазақтың  араб  әрпімен  хат  тануының  бұл  пайдалы 
жағы  болса,  енді  залалды  жағы  -  халыққа  түсініксіз  араб-парсы 
сөздерімен  әдеби  тіліміздің  шұбарлануы  болды,  көркем  әдебиетіміз 
революцияға шейін бұдан құтыла алмады. Ар жағын қоя тұрғанда, 1905 
жылдың  бер  жағында  да,  қазақ  әдебиетінде  Абайдан  басталған  таза 
тілмен  қатар,  араб-парсы  сөздерімен  шұбарланған  шығармалар 
жарысып  отырды.  Мәселен,  1913  жылы  басылған  Баймұхамбет 
Бейсенбаевтың өлеңдер жинағының аты «Милли шиғыр»  («Ұлт өлеңі»), 
1910  жылы  шыққан  Ғабдікәрім  Мәжитовтың  жинағының  аты  «Һидая» 
(«Сый»),  Қайырғали  дегеннің  1909  жылы  шығатын  жинағының  аты 
«Шикаят»  («Зарлау»),  Мәселен,  1910  жылы  «Әдебиет  өрнегі»  деген 
атпен  шыққан  жинақтың  авторы  өзін  «Ишанғали  бин  Бейсен  ел 
Байшарақи» деп таныстырады да, өлеңін былай құрастырады: 
 
Ей қалам, бергіл сүйеніш, язамын хат. 
Таратам милләтімә түрлі әбиат. 

 
146
Милләткә көз салуда құсұрлығын 
Алдына бү халықтың қоям қат-қат... 
«Милләтім» дигән жанны көрмәм мин, 
Бөкейлік қазағынан бір натиқ зат... 
Өзім де ғажизана бір шәкірдмін, 
Юлында миаләтімнің болам сүбәт. 
Милләт үшін нафиғлы, мағрифатлы 
Болған шун қылғай еді милләтім яд. 
 
Абай заманында, Абайдан кейін әдебиет тілінің араб- парсы сөздерімен 
шұбарлануы  Ақмолда, Әубәкір, Ақан сері, Мұса молда, Шады төре, Нұржан 
Наушабаев  сияқты  қазақ  әдебиетінің  тарихына  аттарын  қалдырған  күрделі 
ақындардың да шығармаларынан кездеседі. Олардың кейбір өлеңдерін қазіргі 
жастардың түсінуі қиын. Мәселен, қазақтың тума ақыны Ақан серінің: 
 
Хат жаздым, қағаз алып қалам, сия, 
Көптеи-көп сәлем айттым гүл-назия. 
Тағрифын тәмам қылып танығандай, 
Ділуәрдән ділмәр керек шаһбазия. 
 
Хат жаздым, қағаз алып қалам, сия, 
Шири зат, дұхтан шаһи гүл-назия, 
Әр нақыш мәдхамды түсінесің, 
Діл арайы, діл хафзайы гүл нақия. 
 
Садафтың шашыраған бауһарындай, 
Көңілімнің заһирасына салдың ұя. 
Ғасу дарын секілді бенет махбұб, 
Қсания секілді кнэзия,- 
 
деген  өлеңін  парсы  тілін  жақсы  білмейтін  кім  түсіне  алар?  Абайдан  он  жас 
қана  кіші,  бірақ  әдебиетке  қатар  араласқан  Нұржан  Наушабаев  араб-парсы 
лұғатын (сездерін) жақсы білмегеніне өкініп, 1902 жылы «Манзумат қазақия» 
деген атпен шығарған кітабына өлеңмен жазған кі-ріспесінде былай дейді: 
 
Ұруым - Қыпшақ, тайпам-Құттық, таңбам - әліп, 
Өлеңді бала жастан еттім қалып. 
Парсы-ғараб лүғатпен келтірер ем, 
Ғылымның дариясынан ішсем қанып. 
Көңілге келген істі нұсқалайын, 
Жоқ алтынды қазайын қайдан тауып. 
 
Араб-парсының  түсініксіз  сөздері  араласқан  шығармалар  XIX 
ғасырдың  жазба  әдебиетінде  ғана  емес,  ауыз  әдебиетінде  де  кең  орын  тепті. 

 
147
Бір  мысал  алайық:  негізі  Ақмола  елінде  Соқыр  Қапаш  дейтін  әнші  ақыннан 
тараған, халық әні боп кеткен «Шамсиқамар» дейтін ән бар. Сол әннің өлеңі 
былай келеді. 
 
Шамсиқамар секілді дәфтар бану, 
Кісі қайда зарлықты сіздей тану! 
Ғашықлықтың белгілі нышанасы - 
Айтқан сөзің құрбыға жетпей қалу. 
 
Октябрь  революциясына  дейін  қазақ  әдебиетінің  көбінде  болған 
осындай  процеске  ойлана  көз  жіберсек  араб-  парсы  сөздерінің  қазақ  тіліне 
енуіне  ислам  дінін  таратушылардың,  құранның  негізгі  уағыздарын  «көркем 
әдебиет»  арқылы  жеткізбек  болған  кітабы  ақындардың  іс-әрекетін  айқын 
байқар  едік.  Мұның  өзі  Шығыс  әсерінің  теріскей,  кертартпашылдық  жағын 
ғана байқатады. 
Біреулер Абайдың: 
 
Сенсің жан ләзэәти, 
Сенсін, тэн шәрбәти, 
Сұлуды сүймәклік  
Пайғамбар сүннәти, - 
 
деген сөзіне тағы сол сияқты болымсыз бір дәлелдерге сүйеніп «Осы Шығыс 
ықпалы  емес  пе?»  дегенді  айтады.  Шығарманың  Шығыстық  әсерде  болуы, 
оның  ішінде  «ләззәти,  шәрбәти»  деген  Шығыс  сөздерінің  тұруында  емес, 
шығарманың  стилі,  мазмұны,  сарыны  шығыстық  болуда.  Абайдың 
шығармаларын осы жақтан алып қарағанда, біз одан жеке сөздер болмаса, не 
идеялық, не керкемдік жағынан ешбір Шығыстың меңдеп жатқан әсерін таба 
алмаймыз. 
Расында,  шығыстық  әдебиеттің,  әсіресе  Орта  Азияға  ерекше  әсерін 
тигізген  парсы  әдебиетінің,  қазақ  ақындары  түсуге  қолайлы  да,  біразы  түсіп 
көрген де бірталай жолдары бар еді. 
Бірінші, Әбілқасым Фирдоусидын, жолы. Бұл жол - Отан қорғау ісінде 
еңбегі зор адамдардың жорықтарын дәріптеп жазған ұзақ сюжетті эпос жасау 
жолы. Мұндай жолды қуған Абай замандастарынан қазақ ақыны болған жоқ. 
Абай да бұл жолға түскен жоқ. Ол өзі түспеуімен қоймай: 
 
Батырды айтсам ел шауып алған талап, 
Қызды айтсам, қызықты айтсам қыздырмалап. 
Әншейін күн өткізбек әңгіме үшін 
Тыңдар едің әр сөзін мыңға балап,- 
 
деп, 
Батырдан барымташы туар даңқой, 

 
148
Қызшыл да, қызықшыл да әуре жан ғой, 
Арсыз, малсыз, ақылсыз, шаруасыз, 
Елірмелі маскүнем байқалған ғой, - 
 
деп  өзге  қазақ  ақындарын  да  ондай  эпос  жазудан  бездіруге  тырысады.  Неге 
өйткен себебіне алда тоқталамыз.  
Екінші,  Шайхы  Сағдидың  жолы.  Бұл-қысқа  түрде  хикаялы  (әңгімелі) 
өлеңдер  жазатын  және  өлеңдерінің  көбі  нақылға,  насихатқа  құрылған, 
адамның  мінез-құлқын  түзеуге  тырысатын,  дидактикалық  поэзияның  жолы. 
Түр  және  мазмұн  жағынан,  Сағдидің  хикаяларына  дәл  келетін  Абайдың 
жалғыз ғана шығармасы бар, ол - «Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында» деген 
өлеңі.  Абайдың  өзге  өлеңдерінің  біразында  дидактизм  сарыны  басым 
болғанмен,  Сағдидің  дидактизмі  мен  Абайдың  дидактизмінің  басы  бір  де, 
аяғы басқа. Екеуі де халыққа мінезі жат адамды сөгумен қабат, сол мінезден 
қайтуға  шақырады.  Осы  араға  шейін  Абай  Сағдимен  бірге  келеді  де,  содан 
әрі  қарай  айрылады.  Қоғам  өміріндегі  зұлымдықпен  күресуге  аттанған 
Сағдидің ат басын тірейтін жері -тағдыр. Бұл «жерден» Сағдидің өзі де аттап 
өтпейді,  басқаларға  да  «атта»  демейді.  Абайдың  ұғымында  тағдыр  адамға 
жетекші  емес,  тағдырға  адам  жетекші.  Адамның  жақсы  я  жаман  болуы 
тағдырдан  емес,  өзінен.  Зұлымдықпен  күресу  жолында  зұлымдықтың  өзінен 
басқа бөгет жоқ. Адамға лаухыл-махфуздан келген зұлымдық жоқ. Жұрттың 
«зұлымдық»  деп  атайтыны-қоғам  тіршілігінен  тысқары  бірдеңе  емес,  сол 
қоғамның  өз  өмірінен  шыққан  мінез.  Зұлымдықтың  өсетін  топырағы-«терін 
сатпай,  телміріп  көзін  сатуда».  Әділеттің  есетін  топырағы  -  еңбекте. 
«Зұлымдық  пен  әділдіктің  күресі»  деген  күрес  -  қанау  мен  еңбектің 
арасындағы күрес. Бұл күрестің мақсаты - қанауды тоқтату. 
Абай  осылайша  бөлініп  кеткен  Шайхы  Сағдиге  қазақ  әдебиетінен 
атқосшы болатын ақын  - Ақмолда. Ақмолда Сағдидей хикая жазбаған. Бірақ 
сөйте  тұра,  ұсақ  нақылды  өлеңдер  жазатын  Ақмолданық  өміріндегі 
әділетсіздіктерді қатты сынап кеп, жасайтын қорытындысы: 
 
Бендені ризық деген қимылдатар, 
Шашылған ризық болса жүріп татар,  
Һәр бенде көресісін көрмей қалмас, 
Керек сұлтан болсын, керек император. 
 
Кеп сәлем баршаңызға дін қарындас, 
Көңіліңіз ғаріптерге кең, қарындас. 
Адамның өсек сөзі бәрі бекер, 
Жазылған лаухыл-махфуз өзгерілмес. 
 
Үшінші,  Хожа  Хафиз  бен  Омар  Һайямнін,  жолы,  Шығыс  әдебиетінде 
осы екі ақыннан басталатын ағым тағдырға көнуге қарсы. Олардын, ойынша, 
әрбір  жеке  адамды  тағдыр  емес,  әкім  емес,  өзі  билеу  керек;  әрбір  жеке 

 
149
адам,  epiнің  тән  құмарын,  жан  құмарын  қанағаттандыруда  ерікті  болу 
керек.  Адам дүниеге бейнет  үшін емес, рақат үшін, сүйген  жарын құшу 
үшін, гүлді бақшаны мекендеп, жемісін жеу үшін, бұлбұлдың сайрауын 
тыңдау үшін, өзі де сол бүлбұлға үн қосу үшін келген. Олардың тезисі: 
 
«Жұмақ пен хор қызы бар ақиретте, 
Тәтті шарап ішеді әркім текке»,- 
Десе де, бұл дүниенің шарап, қызын 
Алдыңнан кез келгенде аттап өтпе. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет