сырттан емес іштен іздеуге, яғни халықтың бай поэзиясының өзінен,
халық өнерінің ұлан-асыр бай дәстүрлерінің жалғасы және дамуы
ретінде іздеуге тиістіміз. Онсыз даму заңдылығын дұрыс таппаған
болар едік”,- деп айтқан сөздерін басшылыққа ала отырып қазақ
балалар драматургиясының бүгінгі қалыптасуын ауыз әдебиетімен
байланыстырамыз. “Шынында, халқының мыңдаған жылдар бойы
туғызған батырлар жыры, лиро-эпостары, ертегілері мен тамаша
аңыз, айтыстарынсыз, біз бүгінгі өркен жайған ұлттық әдебиетіміздің
дамуын көз алдымызға елестете алмас та едік”,- деген Ә.Әзиевтің /33,
8/ пікіріне сүйене отырып балалар драматургиясының бастауына
айналған ауыз әдебиеті үлгілеріндегі драма элементтеріне назар
аударғымыз келеді.
Халықтан ұлы ұстаз жоқ, халық ауыз әдебиетіндегі мол мұра
бүгінгі балалар драматургиясының қалыптасуының негізі деп баса
۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞ 17
айта аламыз. Зерттеуші Ә.Тәжібаев диалог пен монологтардың
драмалық шығармалардың негізгі элементі екенін айтып кеткен /16,
14-15/. Ал белгілі ғалым М.Базарбаевтың: “Тіл көркемдігінің бір
байқалар тұсы диалог пен монолог құруда. Мұнда шеберлік керек-ақ.
Өйткені диалог адам мінездерін, қимыл-әрекеттерін ашуға бірден-бір
қолайлы форма. Монологқа келсек, бұл талап онан да арта түседі”,-
/36, 197/ деген пікіріне сүйене отырып ауыз әдебиетіндегі балаларға
арналған шығармаларда кездесетін диалогтар мен монологтарға назар
аудартқымыз келеді. Қазіргі қазақ балалар драматургиясының асыл
үлгілері саналатын монологтар мен диалогтардың негізі халықтық
мұралармен астасып жататынын төменде берілген мысалдар дәлелдей
түспек. Осы орайда М.Әуезовтың: “Eшбір өнерді құрғақ тілек, құрғақ
бұйрық туғызбайды. Қай елдегі, қай түрдегі өнерді алсақ та сән-
салтанатпен, ырғалып, жырғалып, бір күннің ішінде ғайыптан көшіп
келген жоқ. Барлығы да болымсыз кішкене ұрықтан жайлы
топыраққа көміліп, белгілі шартпен бағынып, қағылған уақытта ғана
бой жасап өсіп-өнген”- дегенін /15, 13/ айта кеткен орынды болар
дегіміз келеді. Әдебиеттің бай мұрасы халық ауыз әдебиеті тұнып
тұрған диалогтар мен монологтар. Шешендік сөздердегі әр түрлі
тартыс, қақтығыс, көңіл-күй қалыптарын көрсететін диалогтар мен
монологтар шағын қойылымдарға ұқсас келіп жатады. Жиренше,
Алдар, Сырым, Бала би т.б. шешен-билердің өткірлік-тапқырлық
сайысына құрылған қақтығысулары дайын тұрған драма жанрының
сөздері.
Мысалы, Жиренше шешеннің айтқандары деген шешендік
сөздерді алайық.
- Бұл дүниеде кім жетім - деген сұрақ қойыпты хан Жиреншеге.
- Ата қонысынан ауған ел жетім,
Серіксіз ер жетім
Жаңбырсыз жер жетім,- деп жауап қайырыпты Жиренше.
- Бұл жалған дүниеде кімнің төрт құбыласы тең болады?- деп
Жәнібек Жиреншеден сұрайды. Сонда ол:
- Түзу мылтық, қыран құс, жүйрік аты бар, мінез-құлқы мінсіз
қатыны бар ердің төрт құбыласы тең болады. Жауы үйде, досы түзде
ханнан қайғылы кім бар,- деп жауап беріпті шешен. Немесе, атақты
Сырым мен Бала бидің сөз қатыстыруын алайық.
Бала би: Үгітті қандай адамға, ақылды қандай адамға айту
керек?
18 ۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞
Сырым: Үгітті ұққанға айту керек,
Ақылды жұққанға айту керек.
Бала би: Өтірік пен шынның арасы қанша, неше шақырым?
Сырым: Өтірік пен шынның арасы төрт елі.
Көзбен көрген – шын, құлақпен естіген – өтірік.
Бала би: Ат не үшін шабады?
Ер не үшін шабады?
Сырым: Ат шабысына қарай шабады,
Ер намысына қарай шабады.
Көріп отырғанымыздай, шешендік сөздер шағын драмалық
көрініс сияқты, онда кейіпкерлер де бар, тартыс та бар, диалог та бар.
Ал, ең бастысы – тыңдаушының сөзден өрілген әдемі көріністен
ғибрат алуы бар. Драма ерекшеліктерінің бірі – характерлерінің
айқындылығы десек, шешендік сөздерде ол да бар.
Халықтық туындылардың ішіндегі драмалық шығармалардың
тіл көркемдігін арттыратын, нәр беретін оның мақал-мәтелдері.
Мақал-мәтелдер кейіпкер характерін ашуда, тартыс тудыруда
диалогтарда көп қолданылады. Мақал-мәтелдер сөзбен тартысқан
кейіпкерлердің тілінің дәлдігін айқындап, тілдік жағынан
әсерлендіреді. М.Горький “Мінез тілдің қуатымен, барынша күшті
және дәл сөздердің айтылуымен ашылады”,- деген /18, 599/. Мақал-
мәтелдердегі сөздердің мән-мағынасы аса терең, әрі өзара ұйқасқа
құрылып келуі оның драмалық кейіпкердің сипатын аша түседі.
“Мақал-мәтелдердің екінші бір ерекшелігі – оларда халықтың мал
баққан тұрмысына байланысты образдар мен сарындардың мол
ұшырасатындығы. Үй хайуанаттарының қылығын айту арқылы адам
мінезіне ишара, тұспал жасау соншалықты әсерлі де мәнді болып
шығады”,- деп М.Әуезов қазақ мақал-мәтелдеріне өз бағасын берген
/14,187/.
Мақал-мәтелдердің драмаға жақындығы олардың сөз таластыру,
сөзбен қақтығысу кезінде туғанынан көреміз. Мысалы, адам мінезі
туралы: “Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде”, “Сырын білмес
аттың сыртынан жүрме”- десе, жағымсыз мінезді сынау үшін: “Миы
жоқ басқа бадырайған көз беріпті, дауасыз ауызға сылдыраған сөз
беріпті,- дейді.
Мақал-мәтелдердің драмалық шығармаларда қолданылу
табиғатын М.Әуезов те, /14/ Ә.Тәжібаев /16/ та өз еңбектерінде
кеңінен тоқталып айтып кеткен. Ал, қазақ балалар әдебиеті үшін
۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞ 19
ұлттық рухтағы, ұлттық мәдениет негізін қалыптастыратын халықтан
шыққан дана сөздердің мәні мен мағынасының зор екені даусыз.
Ауыз әдебиетінің балаларға арналған саласының бірі –
ертегілер. Қазақ ертегілері халықтың тұрмысының әр түрлі жақтарын
көрсетеді. Ертегілерді М.Әуезов шартты түрде бес топқа бөлген:
а) Қиял-ғажайып ертегілері
ә) Хайуанат жайындағы ертегілер
б) Салт ертегілер
в) Балаларға арналған ертегілер
г) Аңыз ертегілер, күй аңызы. /14,173/
Осының ішінде ерекше тоқталатынымыз балаларға арналған
ертегілер. Мәселен, “Қотыр торғай” деген халық ертегісін алайық.
Дайын тұрған драмалық туынды деуге болады. Қотырын ауыртқан
шеңгелден өш алу үшін ол ешкіге, қасқырға, жылқышыға, байға,
кемпір шешеге, желге жолығады. “Кішкентай, болымсыз тірлік
иелерінің өмірге икемділігін, жанкештілігін көрсету тақырыбы
балаларға арналған қазақ ертегілерінің барлығына да ортақ. Бұл
ертегілер балалардың ой-санасын оятып, оларды өздерінің күш-
жігеріне сене білуге, тапқырлыққа баулиды, мақсат-мұратына жетуге
үйретеді”- дейді М.Әуезов. /14,178/
Шиеленicкен тартыстың соңында торғай дегеніне жетіп, ешкіге
шеңгелді жегізеді. Сол сияқты, “Жыл басы”, “Мақта қыз бен мысық”,
“Аяз би”, “Жануарлардың жыл басына таласуы” т.б. халыққа
танымал ертегілердегі драмалық тартыс қазіргі қазақ балалар
драматургиясының қалыптасуының негізі деп айтуға болады.
Қазақ әдебиетінің ғасырлар бойы сақталған ерекше
салаларының бірі – ойындық фольклоры. Ойын фольклорының
өміршеңдігі оның ұрпақ тәрбиесімен байланыстылығында. Әр
халықтың өз психологиясы, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі нанымы мен
сенімі балалар ойыны мен балалардың ойындық жырларынан көрініс
береді. Ұлттық дәстүрдің жалғасуы қоғамның ұрпағына деген
көзқарасымен сипатталады. Қазақ сөздерінің ойындары көбі ұйқасқа
иек артып, шағын рольдік шығарма түрінде келеді. Рөлдік ойындар ең
алдымен баланың сөйлеу тілін дамытады. Мәселен, “Асау мәстек”
деген ойында керілген арқанның үстіне отырып, жерден еңкейіп
тақия алуды өлеңмен жетізеді:
- Әй, ер екенің білейін,
Ешкі сойып берейін.
20 ۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞
Тақия алсаң еңкейіп,
Құламасаң теңкейіп,
Ерлігіңе сенейін!
Ойын шартын қабылдаған бала:
Асау мәстек бұл болса,
Үйретейін көріңіз
Маған таяқ беріңіз,- деп ортаға шығады.
Ойын жүргізуші: - Міне саған таяқ,
Үшке дейін санақ.
Бір, екі, үш.
Ортаға шыққан бала санақ біткенше жердегі таяқты алуы тиіс.
Қазақ балаларына бұрыннан таныс “Айгөлек”, “Біз де”, “Ақ
серек, көк серек”, “Қуыр-қуыр қуырмаш” т.б. ойындар балаларды
дұрыс сөйлеуге, іс-әрекетті дұрыс, жатық сипаттауға, тапқырлыққа
тәрбиелейді. Санамақтар 2-3 жастағы сәбилер үшін айтылса,
қаламақтар 7-8 жастағы балалардың ой-санасының жетілуіне ықпал
ететін ойындар. Балалар ойындарының ішіндегі драма элементі молы
– айтыс ойындар. Орындалуы, айтылуы жағынан бәдік, жар-жар,
қайым айтысқа жақын. Бірақ, өзіндік ерекшеліктері мен айырмашы-
лықтары да бар. Мұнда айтылатын өлең мәтіні жаттамалы, тұрақты
келеді. Балалар белгілі бір рөлдерді бөліп алып айтысады. Айтыс
ойындарының осы сипаты ақындық өнерден гөрі драмаға жақын.
Сондықтан балалар айтыс ойындарын драмалық шығармалармен
байланыстырамыз. Мысалы, “Қыз бен бала” айтысында өзіндік
шағын тартыс бар:
Бала: Домбырам басы ырғайды,
Қыздар қолын бұлғайды.
Бұлғаса да бармаймын,
Әлдене деп қарғайды.
Қыз: Домбырам басы ырғайды,
Қыздар қолын бұлғайды
Шақырғанда бармасаң,
“Көк шешек” келгір деп қарғайды.
Бала: Ол қарғысың өзіңе,
Екі қара көзіңе.
۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞۞ 21
Қыз қарғысы өтпейді,
Маған тіпті жетпейді.
Қыз: Кәмпитімді бермеймін,
Енді саған ермеймін.
Маңайыңа келмеймін.
Көріп отырғанымыздай өлеңдегі сөздердің қайталануы есте
сақтауға қолайлы. Әрі бұл жолдарда бала психологиясына сай сөздер
берілген. Баланың сөзіне қыздың өкпелеп айтқан жауабы соған дәлел.
“Менің атам” айтыс ойынынында әр бала өз атасын мақтап, қарсылас
баланың атасынан асыруға тырысады. Баланың өзінікін
басқалардікінен артық көруі психологиялық жағынан драмалық
конфликтіге әкеледі.
1-бала: Менің атам сұрасаң,
Қазы-қарта тураған.
Сенің атаң сұрасаң
Тиын сұрап құраған.
2-бала: Менің атам сұрасаң,
Лашын салып жырғаған.
Сенің атаң сұрасаң,
Оқтау алып жырлаған.
1-бала: Сен өзіңді жақтама
Жаман атаңды өтірік
Айтып мақтама.
Мұндай айтыс-ойындар жеткіншек баланың өз бетімен өлең
құрап, әрі тез, әрі жылдам сөз қайтаруға баулиды. Ұтқыр жауап беру
баланың ойлау қабілетінің ұшталып, талантының дамуына үлкен
септігін тигізеді.
Достарыңызбен бөлісу: |