Дәріс
Сөз таптары және олардың жіктелуі. Одағай.
Типтік оқу бағдарламасынан көшірме
Одағайлар, оларға тән ерекшеліктер. Негізгі және туынды одағайлар. Одағайлардың синтаксистік қызметі, зерттелуі.
Негізгі және туынды одағайлар. Одағайдың мағынасына қарай көңіл-күй, ишарат, шақыру деп бөлу. Одағайлардың синтаксистік қызметі, тыныс белгілері, зерттелуі.
Дәріс жоспары:
1.Одағайдың табиғаты.
2. Одағайдың түрлері.
3. Одағайдың ерекшеліктері.
Дәріс мақсаты: Студенттерге одағай жайлы теориялық мағлұмат беру.
Одағай – сөз таптары категориясының бірі.Одағай сөз таптарына жататын сөздер адамның әр түрлі көңіл-күйін білдіретін және де адамның көңіл- күйіне байланысты айтылатын ишараттар мен төрт түлік малға, үй хайуанаттарына арнайы шаұыра айтылатын сөздер тобы. Қазақ тіліндегі одағай категориясы – басқа сөз таптарымен салыстырғанда, фонетикалық, грамматикалық және семантикалық жақтарымен ерекшеленіп көрінетін, сонымен бірге әуезділікке, арнайы ырғаққа, эмоциялы құбылысқа, интонацияға бай сөз табы. Одағай сөздердің көркем әдебиетте ойды әсерлі жеткізу жағынан мәні зор әрі олар тілге көркемдік сипат береді. Ғылыми зерттеулерде одағай сөздерді қолдану сирек.
Ахмет Байтұрсынов: «Одағай дейміз – одағайланып, оңаша айтылатын сөздерді. Одағай сөздер қазақ тілінде көп. Барша шапшаң болған істі көрсету үшін айтылатын, барша жекіру, ақыру, тыйу, қайыру, тоқтату, басу, жұбату үшін айтылатын барша қуаныш, реніш, кейістік, уайым, қайғы, күйінгенде, сүйінгенде, қорыққанда, шошығанда, таңданғанда, тамсанғанда, жан я тән күйзелгенде, қиналғанда, я рахаттанғанда айтылатын сөздер Һәм шығатын дыбыстар – бәрі одағай болады» деп көрсеткен.
Одағай туралы мәліметтер революцияға дейін шыққан еңбектерде кездеседі. Одағайды сөз табы деп тануда ғалымдардың пікірі әр түрлі. Кей ғалымдар оны «частица» деп танып, морфологияда қарастырса, енді біреулері синтаксис ішінде қарастырады. Негізінен авторлар көңіл-күй одағайларына тоқталады.
Түркі тілдерінде одағайды жеке сөз табы ретінде беру және оның мағыналық топтарына тоқталу А.Н.Кононов пен Н.А.Баскаков грамматикаларынан бастау алған. Дегенмен мағыналық топтарында шатастырушылық кездеседі. А.Н.Кононов одағайдың бір түрі ретінде «звукоподражательные слова» деген түрлерін көрсеткен. Бұдан автордың өзбек тіліндегі одағай мен електеуіштерді ажырата алмағаны байқалады. Н.А.Баскаков та одағайды еліктеуіштен бөлек қарамаған.
Одағай сөздің табиғаты туралы нақты ғылыми пікір айтқан қазақ тіл білімі әлеміндегі ерекше қабілеті бар феномен атанған ғалым – Құдайберген Жұбанов. Адамның сезімін білдіретін одағай сөзде заттың өзін, ісін, сынын айыра атайтын мән жоқ, ол тұтас күйде тұрып, кейде бір сөзді немесе бір сөйлемді білдіруі мүмкін, «бір нәрсені жақсы істеген екенсің» десек те, «жаман істеген екенсің» десек те бәрекелді! деуге болады. Оның қай мағынада айтылғандығын сөйлемде тұрған орнына қарап және дауыс ырғағына қарап айырамыз. Өйткені одағай жіктелмеген сөз табы.Одағай сезім үшін айтылмайды, оны әлдекім қуанған боп айтып, ішінен жылап тұруы мүмкін. Автор одағайларды «шаруашылық одағайлары, қатынас одағайлары, көңіл одағайлары» деп үшке бөледі.
Қазақ тіл білімінде одағай сөздерді жан-жақты зерттеген ғалым - Ш.Сарыбаев. Ғалымның кандидаттық диссертациясы, кейін монаграфиясы осы сөз табын жете зерттеуге арналған.
Достарыңызбен бөлісу: |