Морфология – грамматикалық категориялар мен грамматикалық тұлғаларды зерттейтін тіл білімінің саласы. «Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы»


Жалаң сөз түбір мен аффикстің қосындысынан құралса, күрделі сөз



бет12/80
Дата06.04.2022
өлшемі290,73 Kb.
#30007
түріБағдарламасы
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   80
Байланысты:
kazirgi kazak tilinin morfologiyas nan daris tezisteri 2

Жалаң сөз түбір мен аффикстің қосындысынан құралса, күрделі сөз түбір мен түбірдің бірігуінен, қосарлануынан немесе тіркесуінен құралады. Мысалы: қолқап, ұзынды-қысқалы, кәрі жілік. Күрделі сөздің құрамындағы сыңарлар жеке тұрғандағы мағыналарынан да, қызметінен де алшақтап, олардың қосындысы тұтасқан күйінде бір бүтін сөз – күрделі сөз – ретінде ұғынылады.

Күрделі сөз құрылымы жағынан синтаксистік сөз тіркесімен де, фразеологиялық сөз тіркесімен де ұқсас келіп, солармен астарласып жатады. Алайда мұндағы ұқсастық дегеннен біртектес деген ұғым тумайды. Күрделі сөз бен синтаксистік сөз тіркесі және фразеологиялық сөз тіркесі – тілдік табиғаты әр басқа құбылыстар.

Күрделі сөз бен сөз тіркесінің бір-бірінен жігін ажырату, олардың әрқайсының шегін айқындау тіл білімінің ең күрделі проблемаларының бірі болып саналады.

Қазақ ттіл білімінде күрделі сөз мәселесін алғаш сөз еткен ғалым – проф. Қ.Жұбанов. Ғалым күрделі сөздің бір түрі – кіріккен сөздің қандай белгілері болады деген сұраққа жауап іздеп, кіріккен сөздің белгілері ретінде оның мағыналық бірлігін, сөйлемде бір ғана мүше болатындығын, сыңарлардың дыбыстық өзгеріске ұшырауын және бір екпінге бағынатындығын айтады.

Күрделі сөздерді және олардың түрлерін айқындау мақсат етілгенде, олар, әдетте сөз тіркестерімен салыстырылады. Себебі: күрделі сөз шығу тегі, жасалу жолы жағынан сөз тіркесіне барып тіреледі.Тарихи тұрғыдан күрделі сөз кемінде екі сөздің тіркесуі арқылы жасалады. Ондай тіркестің тілдің даму барысында біртұтас сөзге (күрделі сөзге) айналуы мүмкін.

Күрделі сөздің құрамындағы сыңарлардың мағыналық дербестігі мен грамматикалық дербестілігінің күңгірттенуі немесе жойылуы сөздің бұл түрінде семантикалық тұтастықтың пайда болуына әкеледі. Күрделі сөздің құрамындағы сыңарлардың әрқайсысы әр басқа лексикалық мағынаны емес, тіркескен күйінде бір бүтін (тұтас) лексикалық мағынаны білдіреді.

Күрделі сөз де жалаң сөз тәрізді түрленіп, көптеледі, септеледі, жіктеледі. Оның сыңарларының әрқайсысы бөлек-бөлек өзгермей, тұтас күйінде түрленіп, бір тұлғаға ие болады. Күрделі сөздің жеке сыңарлары өздігінен белгілі бір парадигматикалық қатардың мүшелері бола алмайды. Күрделі сөз тұтасқан күйінде ғана парадигматикалық қатарға мүше ретінде ене алады. Мұның өзі күрделі сөздің морфологиялық жақтан тұтастығын, бір бүтін екендігін көрсетеді.

Сөздің морфологиялық тұтастығы туралы ұғыммен байланысты ұғым – сөздің құрылымдық тұтастығы. Құрылымдық тұтастық сөз атаулының барлық түріне – жалаң сөзге де, күрделі сөзге де бірдей тән, ортақ белгі. Морфологиялық құрамы жағынан алғанда,түбір мен жұрнақтың қосындысынан жасалған сөз болсын, түбірлердің бірігуінен, қосақталуынан немесе тіркесуінен жасалған сөз болсын, осылардың барлығы да біртұтас сөз ретінде танылып, құрылымдық тұтастық қасиетімен сипатталады.

Құрылымдық тұтастық күрделі сөзді сөз тіркестерінен ажыратуға мүмкіндік береді.

Күрделі сөздің синтаксистік тұтастық белгісі синтаксистік жақтан бөлшектенбей, сөйлемде бір ғана мүше болуы ұғынылады.

Демек, күрделі сөз – сөйлем мүшелеріне мүшеленбейтін, ажыратылмайтын лексика-грамматикалық бірлік те, еркін сөз тіркесі – сөйлем мүшелеріне мүшеленетін, ажыратылатын синтаксистік бірлік.

Лингвистикалық еңбектерде күрделі сөзге тән белгінің бірі ретінде фонетикалық белгі көрсетіледі. Фонетикалық белгінің мазмұнына сөздің дыбысталу жағынан өзгеруі, бір-ақ екпінге ие болуы, сингармонизм заңы бойынша сөз құрамындағы дыбыстардың үндес келуі тәрізді құбылыстар енеді.Фонетикалық белгілердің ішінде екпіннің сөзді (соның ішінде күрделі сөзді) сөз тіркесінен ажыратуда белгілі дәрежеде мәні бар. Екпіннің күрделі сөз бен сөз тіркесінің жігін ажыратуы жайында проф. Қ.Жұбанов айтып кетеді: «Кіріккен сөздің бір айырмашылығы – мұнда екпін біреу-ақ болып, о да кірігуші сөздердің ең соңғысында ғана болатыны». Алайда сөздің фонетикалық белгілері күрделі сөзбен сөз тіркесінің жігін ажыратуда сенімді өлшем бола алмайды. Біріншіден, күрделі сөздердің барлығы бірдей фонетикалық өзгеріске ұшырай бермейді. Күрделі сөздердің ішінде фонетикалық өзгеріске ұшырайтындары, негізінен алғанда, кіріккен сөздер. Оның үстіне күрделі сөздердің барлығының бірдей сингармонизм заңына бағынуы шарт емес.Екіншіден, екпін күрделі сөз бен сөз тіркесінің жігін барлық жағдайда бірдей ажырата бермейді. Осы айтылғандардың негізінде күрделі сөз бен сөз тіркесінің жігін ажыратуда фонетикалық белгілер негізгі өлшем бола алмайтыны айғақталады. Проф. А.И.Смирницкий фонетикалық белгілерді сөзді ажыратып көрсетерліктей негізгі белгі ретінде қарауға болмайтындығын айтқан. В.З.Панфилов фонетикалық белгілерді жалпы белгілердің қатарында емес, күрделі сөздің кейбір тобын ғана сөз тіркестерінен ажыратуға жарайтын жеке белгілер ретінде ғана қарауға болатындығын айта келіп, сөз тілдің қай саласына тән бірлік болса, сол салаға тән белгілер бойынша ажыратылуы тиіс дейді: «сөз – фонетикалық саланың бірлігі емес, лексика-грамматикалық бірлік. Осыған орай сөз де лексикалық және грамматикалық белгілеріне, атап айтқанда, семантикалық тұтастық, синтаксистік тұтастық және морфологиялық тұтастық белгілеріне қарай айқындалып ажыратылуы керек».

Қазақ тілін зерттеуші А.Ысқақов күрделі сөздерді тілдік мол материал негізінде кең көлемде қарастырылып, күрделі сөздер деген ұғымның ішіне фразеологиялық сөз тіркестерін де енгізеді: «Күрделі сөз деп кемінде екі я онан да көп дара сөзден құралып, ритм ырғақ жағынан бір ұдай, лексика-семантикалық жағынан біртұтас, лексика- грамматикалық жағынан бірбүтін тұлға болып бірлесіп тұрақталған құрама сөзді (я сөз тіркесін) айтамыз. Мысалы: бүгін, биыл, қолғанат, бүгін-ертең, ал қызыл, ала жаздай, қоян жүрек, қырғи ұабақ, ұр да жық». Автор фразеологиялық сөз тіркестерін күрделі сөз тіркестерінің қатарына қосу жайында былай дейді: «Бір жағынан, ала аяқ, бос белбеу, жүрек жұтқан, жаны ашу, жұлдызы қарсы, қас пен көздің арасында сияқты күрделі сөздерді, екінші жағынан асқар тау, ну қарағай, темір жол, қыпша бел, сүмбіл шаш, дені сау, есі дұрыс, дымы құру, табан тіреу тәрізді күрделі сөздерді алсақ, бұлар тіл білімінде тұрақты сөз тіркестері деп немесе фразеологиялық тұлғалар деп аталатын күрделі сөздердің қатарына жатады».

Күрделі сөздер құрылымы жағынан да, жасалуы жағынан да, сөз таптарына телінуі жағынан да алуан түрлі болып келеді. Тілдің ертеректегі дәуірінде әртүрлі сөздердің тіркесіп келуінен жасалған сөз тіркестерінің сыңарлары оның (тілдің) дамуы барысында дыбыстық та, мағыналық та өзгерістерге ұшырап, соның нәтижесінде ол сыңарлар бұл күнде бөлшектенбейтін бір бүтін сөзге айналуы мүмкін(белбау: бел+бау*бел+беу; сексен: сегіз+он; тоқсан: тоғыз+он). Күрделі сөздің бұл түрін А.Ысқақов кіріккен сөздер деп таныса, А.Н.Кононов біріккен сөздер(слитные слова: өзбек тіліндегі билагузук қазақ тілінде білезік:білек+жүзік; өзбек тіліндегі оғайни қазақ тілінде ағайын: аға+іні) деп қарастырған. Ғалым асқазан, тасбақа, мұз жарғыш (ледокол) тәрізді сөздерді «слитные слова» деген топқа жатқызбай, кәдімгі күрделі сөздер(собственно сложные слова) деп аталатын топқа енгізеді.

А.Ысқақов күрделі сөздер жайында: «Кіріккен сөзді күрделі сөздердің белгілі бір тобы ретінде қарап, өз алдына категория деп тану мәселесі жалпы біріккен сөз категориясын жоққа шығармайды; керісінше, кіріккен сөз категориясы мен біріккен сөз категориясының ара жігін және олардың әрқайсына тән ерекшеліктерін ашуға себепші болады. Тілімізде кіріккен сөздер де, біріккен сөздер де бар; ол екеуі екі басқа категория.

Кіріккен сөз деп компонентерінің я біреуі я екеуі де бірдей әуелгі өз мағыналарынан айрылып(делексикаланып), тұтасымен тұрып басқа бір жалпы мағына білдіретін немесе сонымен бірге, сол компоненттері фонетикалық (дыбыстары, екпіндері) жағынан әрқилы өзгерістерге ұшырап, бір-бірімен белгілі дәрежеде әрі үндесіп,әрі ықшамдалып құралған күрделі сөзді айтамыз.Біріккен сөздер компоненттері мағына жағынан да, форма жағынан да елеулі өзгерістерге ұшырамай-ақ, өзара бірігіп, жинақталған біртұтас лексика-семантикалық мағына білдіретін күрделі сөз. Айбалта, ақсақал, асқазан, тасбақа, баспасөз, кезқұйрық тәрізді сөздер де, ат шабар, шаң басар, қазан бұзар,сары май, қара май, көр тышқан, жалаң бас, жас ұлан, жылқышы ата сияқты күрделі құрама сөздер де әуелгі жай сөз тіркестерінің негізінде қалыптасқан»(131-139 беттер).

1967 жылғы Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл білімі институты шығарған «Қазақ тілі грамматикасында» : «Сары май деген күрделі сөз бастапқы анықтайтын және анықталатын екі компоненттен құралғанмен, оның компоненттері әрі дыбыстық өзгеріске де ұшырамаған, әрі өздерінің лексикалық мағынасын да сақтаған, бірақ лексикаланудың нәтижесінде екі компоненттің әуелгі синтаксистік қатынастары бұзылған да, олар өздерінің ертедегі грамматикалық қызметтерінен айырылған. Күрделі сөздердің бұл түрін лексикаланған құрама сөздер деп атап, оларға айбалта, асқазан, тасбақа, қара май, ат қосшы, ат шабар, жалаң аяқ, зеңгі баба сияқтыларды жатқызуға болады»(26 бет).

К.Аханов күрделі сөздерді 1) күрделі-біріккен сөздер(сложно-слитные слова); 2) күрделі-құрама сөздер(сложно-составные слова); 3) күрделі-қос сөздер(сложно-парные слова); 4) күрделі-қысқарған сөздер(сложно-сокращенные слова) деп төрт топқа бөледі.

Құрастырушы сыңарлардың әрі фонетикалық өзгерістерге ұшырауынан, әрі ықшамдалуынан жасалған апар, әкел, бүгін, білезік тәрізді сөздерді тарихи тұрғыдан алғанда ғана , күрделі сөздердің қатарына жатқызуға болады. Қазіргі тілдің тұрғысынан алғанда, бұл сөздер өзін құрастырушы сыңарларға ажыратылмайтын сөздер ретінде ұғынылады.Алғашқыда екі түбірдің бірігуінен жасалып, тілдің даму барысында сыңарлары дыбыстық және мағыналық өзгерістерге ұшырап, соның нәтижесінде ол сыңарлардың бір-біріне әбден кірігіп сіңісуінен жасалған сөздер бір екпінге бағынады да, құрамындағы дауысты дыбыстар сингармонизм заңы бойынша не біркелкі жуан, не біркелкі жіңішке болып, барлық жағынан жалаң сөздерге тән қасиеттерге ие болады. Сондықтан да олар сіңіскен негіздердің қатарында қаралу керек деп санайды К.Аханов.

Біріккен сөздердің қатарына семантикалық тұтастығымен де, морфологиялық тұтастығымен де, синтаксистік тұтастығымен де сипатталатын асқазан, атшабар, отағасы, әрқашан, көртышқан тәріздес сөздер енеді.

Күрделі сөздердің ең үлкен тобын құрайтындар – қазіргі қазақ тілінің орфографиясы бойынша құрастырушы сыңарлары бөлек жазылып жүрген тоқ ішек, су жылан, оқ жылан, бес атар, жел бау, тау ешкі, кәрі жілік тәріздес күрделі сөздер жатады. Бұларды қазіргі қазақ тілінің орфографиясы бойынша бөлек жазуына қарап, күрделі сөздердің қатарынан шығарып тастауға болмайды. Бұлай деудің себебі: графикалық белгі күрделі сөз бен сөз тіркесінің жігін ажыратуда өлшем бола алмайды. Тіл-тілде сыңарлары бөлек жазылатын сөздер аз емес. Күрделі сөздерді айқындауда шешуші белгі ретінде қаралатын семантикалық тұтастық, морфологиялық тұтастық, синтаксистік тұтастық белгілері негізінде боз торғай, су жылан, оқ жылан, ит аяқ түрінде бөлек жазылатын сөздерді күрделі сөздің бір түрі – күрделі-құрама сөздер(сложно-составные слова) деп қарауға болады.

Ал бұларды сөз тобына телінуі жағынан іштей топтастырғанда, бұрынғы қалыптасқан терминдер бойынша күрделі зат есімдер, күрделі сын есімдер, күрделі етістіктер деп саралауға болады.

Мысалы, жілік – асық жілік, ортан жілік, тоқпан жілік, кәрі жілік, тасбақа, құрбақа деген күрделі сөздердің бәріне бірдей ортақ компонент болып келеді. Бір сыңары біртектес күрделі сөздердің бәріне ортақ болып келетін күрделі сөздерді ортақ компонентті күрделі сөздер деп атауға болады.

Күрделі сөздердің бір түрі – күрделі-қос сөздер. Проф. А.Ысқақов қос сөздерді қайталама қос сөздер және қосарлама қос сөздер деп екі топқа бөліп қарайды. Қайталама қос сөздер белгілі бір сөздің екі рет қайталануы немесе сол сөздің бір(не бірнеше) дыбысының өзгеріп қайталануы арқылы жасалады: жол-жол, тау-тау, бетпе-бет, шай-пай, ет-мет.

Қайталама қос сөздер компонеттерінің ерекшеліктеріне сәйкес, қалыптасқан сыртқы дыбыстық және морфологиялық формаларының өзгешеліктеріне қарай, төрт түрлі болады:


  1. Қосымшасыз түбірдің қайталануынан құраатын сөздер (биік-биік,жол-жол).

2)Қосымшалы түбірдің қайталануынан құралатын қос сөздер(басты-басты, сөйлей-сөйлей).

3)Бір дыбысы өзгеріп(трансформацияланып) құралатын қос сөздер (ет-мет, кісі-місі, сиыр-миыр, ат-мат).

4)Бір сыңары ықшамдалып қайталанатын қос сөздер(ап-ащы, теп-тегіс).

Қосарлама қос сөз әр басқа екі сөздің қосарлануынан жасалады: әке-шеше, тамыр-таныс, жоғары-төмен, кесіп-пішіп. Қосарлама қос сөздер мағына жағынан ыңғайлас, морфологиялық жағынан тектес, синтаксистік жағынан теңдес (пара-пар) сөздерден (компоненттерден) құралады.

Компоненттері морфологиялық жағынан біртектес, синтаксистік жағынан өзара тең (пара-пар) болғандықтан, қосарлама қос сөздің мағынасы құрамындағы екі компоненттің де мағынасын бірдей қамтиды да, жалпылау, топшылау, жинақтау, болжалдау, мөлшерлеу тәрізді ұғымдарды білдіреді.

Қосарлама қос сөздер компоненттерінің дербестігі бар я жоқтығына қарай, біріншіден, екі компоненті де бірдей мағыналы қос сөздер, екіншіден, бір компоненті мағыналы, бір компоненті мағынасыз қос сөздер, үшіншіден, екі компоненті де бірдей мағынасыз қос сөздер болып үшке бөлінеді.

Қосарлама қос сөздер мағыналық ерекшелігіне қарай екі салаға бөліннеді:

а) мағыналы компонентерден құралған қосарлама қос сөздер;

1.Қарама-қарсы сыңарлардан құралған қосарлама қос сөз жинақтау, топтау ұғымын білдіреді.Мысалы: үлкеді-кішілі, оңды-солды.

2.Мәндес сыңарлардан қосарланған сөздер мағыналары бір-біріне жақын сыңарлардан құралады да, топтау, жинақтау ұғымдарын білдіреді.Мысалы: зәре-құт, қауіп-қатер, жығыла-сүріне.

3. Ұштас мәнді сыңарлардан қосарланған сөздер бір-біріне өз ара қарымдас, ұқсас ұғымдарды білдіретін дара сөздерден құралады.Мысалы: аяқ-қол, әке-шеше, ағайын-туған, төсек-орын.

б) мағынасыз компонентерден құралған қосарлама қос сөздер. Компонентінің не біреуі, не екеуі де жеке-дара қолданылмайтын, мағынасы түсініксіз немесе некен- саяқтап қана қолданатын құрамнан жасалатын қосарлама сөздер екі түрлі болады: бірінші түрі – бір сыңары ғана түсініксіз сөздер(айқай-сүрен, жөн-жосық, көйлек-көншек, жігіт- желең), екіншісі – екі сыңары да түсініксіз сөздер(анда-санда, оқта-текте,астан-кестен, быт-шыт, әлем-жәлем, егіл-тегіл, ығай-сығай,ым-жым, әңкі-тәңкі).

Қос сөздердің түрлеріне, олардың жасалу жолдарына байланысты айтылып, дұрыс шешімін таба алмай жүрген бір мәселе бар. Біраз зерттеушілер қап-қара, қып-қызыл, ап-ащы, тіп-тік тәрізді қос сөздердің бір түрі деп(үстеме буынды немесе күшейтпе буынды қос сөздер деп) есептейді.

А.Ысқақов қос сөздердің түрлеріне тоқтала келе, «Қайталама қос сөздің үстеме буын түрінде қалыптасқан түрі – негізінен алғанда, сын есімдерге тән форма.Бұл үстеме буын сын есімге күшейту мағынасын жамайтын форма ретінде қалыптасқан, өйткені бұл форма тек сынға я ұлғайту, я солғындату реңкін жамайды деп анықтаған әрі оны «үстеме буынды немесе күшейтпе буынды қос сөздер деп атаған.

Күрделі сөздің бір түрі – күрделі-қысқарған сөздер, олар әрі ықшамдалып әрі бірігіп жасалады. Күрделі-қысқарған сөздер ғылыми-техникалық, қоғамдық-саяси терминологияда,мекме, ұйым аттарында ұшырасады. Күрделі атаулар мынандай жолдармен қысқарады: а) күрделі атаудың әрбір сөзінің басқы дыбысынан құралады: БҰҰ,АҚШ; ә) күрделі атаудың алғашқы сөзінің басқы буыны мен соңғы сөздерінің басқы дыбыстарынан құралады:ҚарҰУ, ҚызМУ; б) күрделі атаудың құрамындағы әрбір сөздің басқы буындарынан құралады: океанариум, термостат, диафильм; в) күрделі атаудың құрамындағы алғашқы сөздің басқы буыны мен соңғы сөздің бірігуінен жасалады: педколледж, педуниверситет.
Бақылау сұрақтары:

1.Күрделі сөздердің негізгі белгілері.

2.Күрделі сөздердің түрлері, олардың ерекшеліктері
Пайдалынатын әдебиеттер:

1)Исаев С. Қазіргі қазақ тіліндегі негізгі грамматикалық ұғымдар. -Алматы: Ана тілі, 1992.

2)Қазақ грамматикасы. – Астана, 2002 (422-423 б.б.)

3)ИсаевС. Қазіргі қазақ тілі (Морфология) курсы бойынша теориялық және практикалық сабақтың мазмұны. (Методикалық құрал). – Алматы, 1991.

4)Аханов К.Грамматика теориясының негіздері. –Алматы: Мектеп, 1972.

5)Ысқақов А.Қазіргі қазақ тілі. Алматы, Ана тілі, 1974, 1991.

6)Сыздыкова Г. Қазіргі қазақ тілі морфологиясы. –Алматы, 2012

7)www.yandex.kz

8)www.google.kz

9)www.rambler.ru




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   80




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет