Алабұталар тұкдомдасы — Chenopodiaceae Тұқымдасқа 1600-дей түр (105 туыс) жатады. БОР-дың флорасында 350 түрі, ал Қазақстанда 225 түрі кездеседі. Олар жершарының барлық кеңістіктерінде, негізінен субтропикалық климаты құрғақ және топырағы тұзды болып келетін елдерінде көптеп өседі (Орта Азияда, Солтүстік Американың оңтүстік-батысында, Оңтүстік Америкада, Орталық Австралияда). Гүлдері ұсақ, көріксіз, циклды немесе гемициклды, актиноморфты, 5 мүшелі (гинецейден басқасы), қосжынысты немесе даражынысты болып келеді. Соңғы жағдайда редукцияға ұшыраған не аталық, не болмаса аналық жыныс органдарының іздерін көруге болады. Гүлсерігі қарапайым, тостағанша жапырақша түрінде болады, аталық гүлдері кейде редукцияға ұшыраған. Андроцейі 5 аталықтан, гинецейі ценокарпты 2-3 (4-5) жеміс жапырақшасынан тұрады. Гүлтүйіні жоғарғы, кейде жартылай төменгі, 1-ұялы. Жемісі 1 тұқымды-жаңғақша, тұқымша, қалған тостағаншаларымен қоршалған болып келеді.
Қызылша туысы (Beta). Туыстың құрамында 13 түрі бар, оның 5-уі БОР-дың территориясында, ал Қазақстанда 1 ғана түрі өседі. Олар жерортатеңізі жағалауында Европаның батысы мен оңтүстігінде, Алдынғы Азияда және Орта Азияда өседі.
Қант қызылшасы (свекла обыкновенная - B.vulgaris) - екіжылдық өсімдік. Бірінші жылы өсімдік тамыр мойнының айналасында топтасып жертаған түзетін жапырақтар береді және тамыр жеміс түзеді, ал екінші жылы тамыржемістен сабақ кетеді, оның басында гүлшоғыры тирс түзіледі. Қызылшаны өндірістік мақсатта қант алу үшін, көкөністік және малға азық болатын өсімдік ретінде көптеп себеді. Кейде олар жабайы өсімдікке айналып кетеді де, арамшөп ретінде өседі (әсіресе Закавказьеде).
Алабұта туысы (марь - Сhenopodium). Дүние жүзі бойынша 250-дей түрі бар, БОР-дың флорасында 60 түрі, ал Қазақстанда - 20 түрі кездеседі. Біржылдық, екіжыддық және көпжылдық шөптесін өсімдіктер, сиректеу бұталар. Олардың көптеген түрлерінің жапырағының сыртын ұн сепкендей болып тұздардың кристалдары тұтып бұрады. Ал жас сабақтарының сыртында көптеген бүртіктері, яғни түктері (пузырчатые волоски) болады.
Гүлдері негізінен қосжынысты, 5-мүшелі болады Бірқатар түрлері арамшөп ретінде кең тараған: ақ алабұта (марь белая - Сh. album) және дуал алабұтасы (марь стенная - Ch.murale). Ақ алабұтаның гүлінің формуласы мынадай: * Р(5) A5 G(2).
Көкпек туысы (лебеда - Atriplex). Түрлерінің жалпы саны 230-дай, БОР-дың флорасында 30 түр, ал Қазақстанда 25 түрі өседі. Боз көкпек (лебеда седая - A.cana) жартылай бұта, ол Орта Азияның жартылай шөлдерінде ландшафт түзетін өсімдік. Бақ көкпегі (лебеда садовая - A.hortensis) мен жылтыр көкпек (лебеда лоснящаяся - A.nitens) біржылдық арамшөптер болып табылады.