Мухангалиева Ж. К. Тарихи өлкетану


§6. Қазақстандағы өлкетану жұмыстарының қазіргі жай-күйі



Pdf көрінісі
бет77/94
Дата01.03.2023
өлшемі1,73 Mb.
#70849
1   ...   73   74   75   76   77   78   79   80   ...   94
Байланысты:
Myhangalieva J.K. Tarihi olketany. 2018

§6. Қазақстандағы өлкетану жұмыстарының қазіргі жай-күйі. 
§6.1 «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы негізінде өткен 
заманның мәдени мұраларын зерттеу. 
Кез-келген ел өзінің өткеніне құрметпен қарап, барын түгендеп, таразылап, 
елеп-екшеп, болашақ дамуы үшін қажетіне жарататындығы белгілі. Тәуелсіздік 
алғаннан бергі уақытта қазақ елін де өзінің төл тарихын зерделеп, өркениетке 
қосқан үлесін салмақтап, жетпегенін іздеп, кемел ұрпаққа мұра етіп үлесін 
салмақтап, жетпегенін іздеп, кемел ұрпаққа мұра етіп қалдыру өзекті 
мәселелердің біріне айналды. Әсіресе өткен замандардағы тарихқа қатысты 
жәдігерлерді, мұрағат құжаттары мен жадығаттарын, сирек кездесетін 
қолжазбаларды, қайталанбас құндылығы бар еңбектерді, ауызша тарих айту 
мәліметтерін іздеп, табу және оларды жарыққа шығару мәселесі көкейтесті 
сипатқа ие болды. Осындай игі міндетті іске асыру мақсатында «Мәдени мұра» 
мемлекеттік бағдарламасы дүниеге келді. Бағдарламаның негізгі мақсаты – 
кешегімізді кешенді түрде зерттеуге зәру мұраны айқындау, оны зерделеу, 
құндылығын анықтату, болашақ өркендеуіміз үшін тағылым алу. 
«Мәдени мұра» бағдарламасының (2003ж.) аясында қыруар шаруа 
атқарылды. Бірқатар археологиялық ескерткіштер ашылды, этнографиялық 
жәдігерлер табылды. Алыс және жақын шетелдердің мұрағаттарынан, 
кітапханаларынан бұрын-соңды құпия болып келген құжаттар, кітаптар мен 
қолжазбалар жария етілді. Олардың айтарлықтай бөлігі жарыққа шықты. 
Сондай еңбектердің алғашқы тобын Қазақстан тарихына қатысты араб, парсы, 


183 
түрік, монғол, қытай, орыс тілдеріндегі деректер топтамасы құрайды. Бұл 
деректер жинағына қазақтың ежелгі, орта ғасырлар және жаңа заман тарихына 
байланысты құнды еңбектер енгізілген. Олардың барлығы дерлік тарихи дерек 
болып табылады. Алғашқылары, бұлар Қытай деректері. Төрт том болып жарық 
көрген. Бірінші томы «Саяхатнамалар мен тарихи-географиялық еңбектерден 
таңдамалылар» деп аталады. Қытай мен Орталық Азия халықтары арасындағы 
қарым-қатынастар нығайған кезеңдерде көптеген қытай миссионерлері (діни 
ұйымдардың ілімдерін тарату үшін діни және саяси қызмет атқаратын тұлға – 
Ж.М.), елші-дипломаттары, саудагерлері т.б. Ұлы Жібек жолы арқылы Еуразия 
даласына саяхат жасаған. Сөйтіп, олар өздері басып өткен өлкелер туралы 
көрген-білгендерін қағаз бетіне түсіріп отырған. Бұл естеліктердің кейбіреуі 
қытай патшасына жіберілген мәліметтер ретінде «Ресми жиырма төрт 
патшалық тарихындағы Орталық Азияға қатысты тараулардың негізін құраған 
болса, тағы біразы бейресми еңбектер ретінде жарық көрген. VII-XX ғасырдың 
бас кезін қамтитын түрі жағынан саяхатнама және тарихи-географиялық 
еңбектер саналатын шығармаларда Түрік қағанаты, моңғолдың жаулап алуы, 
Қазақ хандығы, қазақ тарихының жаңа заманы айтылады. Айта кетерлік жәйт, 
бұл еңбектер көне қытай тілінен тұңғыш рет қазақшаға аударылған. 
Деректер топтамасының екінші томы Қазақстан тарихына қатысты тарихи-
мәдени жәдігерлерді көрсетуге арналған. Бұл томда Ұлы Даланың 
шығысындағы ежелгі көшпелілер өркениетінің төлтума болмысын, оның 
Қазақстанның ежелгі және орта ғасырлардағы мәдениетімен тікелей 
сабақтастығын, сондай-ақ орта ғасырлардағы Еуразия даласын Ұлы Түрік 
қағанаты билеген дәуірдегі этномәдени байланыстардың даму үдерісін 
айғақтайтын, соңғы жарты ғасырдан астам кезеңді Қытай Халық Республикасы 
аумағынан тыңнан ашылған тарихи-археологиялық және эпиграфиялық (қатты 
материалдарға жазылған ежелгі және ортағасырлық жазулар – Ж.М.) 
жәдігерлер арқылы пайымдап, көрсету мақсат етілген. Цин патшалық дәуірінің 
мұрағат құжаттары аталмыш топтаманың үшінші томын құраған. Төртінші 
томына V-IX ғасырларға жататын әлеуметтік-тарихи жылнамалар енген. 
Тарихи жылнамалардың мазмұнына бай болғанымен қазақ тарихына қатысты 
тұстарын табуға болады. 
Қазақстан тарихы туралы түрік тіліндегі деректерді сипаттайтын болсақ, 
олар жекелеген авторлардың еңбектеріне жатады. Солардың ішінде Өтеміс 
қажының «Шыңғыс-наме» еңбегі дербес том болып жарияланған. «Шыңғыс-
наме» мәліметтері ортағасырлық Қазақстан тұрғындарының саяси, этносаяси, 
шаруашылық, әлеуметтік-мәдени өмірін зерттеуде таптырмас дерек. Өтеміс 
қажының шығармасы XIII-XV ғасырлардағы Шыңғыс хан мен оның 
ұрпақтарының билігі кезеңін қамтиды. Сонымен қатар, Бату хан туралы 
мәлімет береді. «Шыңғыс-наме» аңыздық, ауызша айтылған жадығаттар 
негізінде жазылған. Автор Хорезм мен Алтын Орданың оңтүстік аймағын, 
Каспий теңізінің төңірегін, Еділ өзенінің төменгі бойын көп аралаған. Сол 
саяхаттарында естігендерін хатқа қондырған, сол себепті де еңбек күні-бүгінге 
дейін өз құндылығын жоймай келеді.


184 
Топтаманың 3, 4, 5-томдарында Өтеміс қажының «Шыңғыс-намесі» тілінің 
көрсеткіш сөздігі, Мұхаммед Садық Қашғаридің «Тазкира-и азизан», XV-XIX 
ғасырлар шығармаларынан үзінділер қамтылған. Осылардың арасында 
соңғысының тарихнамадан алатын орны мен маңызы ерекше. Бұл басылымда 
қазіргі таңда библиографиялық сирек кездесетін кітаптардың біріне айналған, 
1969 жылы жарық көрген «XV-XVIII ғасырлардағы Қазақ хандары жөнінде 
жадығаттардан» Қазақстан мен Орталық Азияның XV-XIX ғасырлардағы 
тарихи жөнінде түркі тілінде жазылған құнды шығармалардан үзінділер қазақ 
тіліне алғаш аударылып берілген.
Келесі деректерге монғол деректері жатқызылады. Олар үш том болып 
жарық көрген. Солардың алғашқа томына «Монғолдың құпия шежіресі» 
енгізілген. Лұбсанданзанның «Ежелгі хандар негізін салған төрелік жосығының 
туындыларын құрастырып, түйіндеген Алтын Тобчы (Алтын түйін) Демек-дүр» 
деген тарихи шығармасының қазақ тарихына қатысы бар. Бұл еңбектің XIII-
XVII ғасырлардағы Орталық Азиядағы байырғы көшпенділердің тарихи 
шежірелік дәстүрі бойынша Шыңғыс ханнан бастап, Монғол ұлысының Халка, 
Жоңғария болып екіге бөлініп келгенге дейінгі тарихын толықтай қамтыған 
құнды шығарма екендігі даусыз. Туындыда Қазақстан мен Орталық Азияның 
тарихына байланысты мол деректер қамтылған. 
Топтаманың үшінші томын XIII-XIV, XVII-XVIII, XIX-XX ғасырларда 
монғол, ойрат, қалмақ тілдерінде хатқа түсірілген тарихи деректер құраған. 
Олардың көрсетілген кезеңдердегі қазақ тарихының түйінін шешуге септесері 
анық. 
Қазақстан тарихы туралы араб деректері үш том болып жарияланған. В.Г. 
Тизенгаузеннің араб шығармаларынан алынған жинақтары қайта басылып, оған 
көрсеткіш пен библиография енгізілген жинақ бұл деректер топтамасының 
бірінші томын құрайды. В.Г. Тизенгаузеннің араб туындыларынан жинақтаған 
үзінділері Шыңғыс хан және ол құрған мемлекет, жаулап алу жорықтары, 
Алтын Орда тарихын зерттеуге қосылған үлес болып табылады. Екінші томы 
IX-XII ғасырлардағы араб деректерінің үзінділерінен тұрады. Құрастырушысы 
– республикаға белгілі ғалым, академик Б.Е. Көмеков. Бұл үзінділер тарихи 
хроника, тарихи-географиялық шығарма, саяхатшылардың жазбалары түріндегі 
еңбектерден алынған. Олар орта ғасырлардағы Қазақстан тарихына қатысты 
анағұрлым шынайы мәліметтерден тұрады. Шығармалар авторларының 
қатарында Тамим ибн Бахр, ат-Табари, ибн Хурдазбек, әл-Йакуи, әл-Масуди, 
әл-Мукаддаси, әл-Истахри, Ибн әл-Факих, әл-Идриси бар. Деректер 
топтамасының үшінші томын XII-XVI ғасырлардағы араб тілінде жазылған 
шығармалардан алынған үзінділер құрастырған. Бұл үзінділер көрсетілген 
кезеңдегі Қазақстан тарихының саяси, әлеуметтік, шаруашылық және мәдени, 
діни мәселелерін зерттеуге септеседі. Бұл еңбектерді тарихи білім мен тарихи 
ойдың дамуына қосылған қомақты үлес деп бағалауға тұрарлық. 
Парсы тіліндегі туындыларды жинақтаған деректер топтамасы «Мәдени 
мұра» мемлекеттік бағдарламасын іске асырудағы атқарылған шаралардың бір 
бағыты болып саналады. Сол жинақтың бірінші томына Жамал Қаршының «әл-


185 
Мулхақат би-с-сурах» шығармасы енген. Жамал Қаршының аталмыш 
шығармасы тарихи, мұсылман мазмұнындағы, Шағатай ұлысының аумағында 
XIII-XIV ғасырларда құрастырылған бірегей еңбек болып саналады. Еңбек 41 
тараудан тұрады. Сондықтан да оның монғол заманындағы Орталық Азия, 
Қазақстан, Шығыс Түркістанның тарихы мен мәдени өмірін зерттеудегі маңызы 
зор. Туындыда Мауереннахр мен Қашғардағы мұсылман әулеттері, ислам, 
құран, пайғамбарлар тарихы, автордың өзі және замандастары туралы 
естеліктер түріндегі мәліметтер берілген. Осы уақытқа дейін аталмыш шығарма 
толық көлемде жарық көрмеген. Айта кетерлік жәйт, еңбектің бірнеше 
нұсқалары табылған. 
IX-XVI ғасырдың бас кезіндегі Қазақстан тарихының саяси өмірінен, 
билеушілердің шығу тегінен құнды мәліметтер беретін Әбд әл-Қадыр ибн 
Мұхаммед Әминнің «Маджма әл-ансаб уа-л-аджар» еңбегі парсы тіліндегі 
деректердің екінші томын қалыптастырған.
Аталмыш деректер топтамасының төртінші томын Алтын Орда тарихына 
қатысты парсы тіліндегі шығармалардан В.Г. Тизенгаузеннің жинақтап, А.А. 
Ромаскевичтің және С.Л. Волиннің өңдеген, бұрын жарияланған жадығаттар 
жинағы толықтырылып, қайтадан басылған нұсқасын құрастырған. 
Деректер топтамасының бесінші томының мазмұны анағұрлым тартымды 
әрі Отан тарихы үшін маңызды, өйткені мұнда Дешті Қыпшақ, Жетісу, 
Мауереннахр және т.б. көршілес ұлыстардың тарихы жайлы мұсылман 
авторларының еңбектерінен үзінділер берілген. Сондай шығармалардың 
қатарында Джувейнидің «Тарих-и жаһан-гушай», Муин ад-дин Натанзидің 
«Мунтахаб ат-тауарих», Шараф ад-дин Әли Йаздидің «Зафар-нама», Фазлаллах 
ибн Рузбихан Исфаханидің «Михман-наме-йи Бухара», Кухистанның «Тарих-и 
Әбілхайыр хан» және т.б. туындылар бар. Бұл тарихи шығармалар негізінен 
хроникалар (ақпараттық сипаттағы шығармалар – Ж.М.) түрінде ұсынылған. 
Аталғандардан өзге Қазақстан тарихы туралы орыс тіліндегі деректер 
тоғыз том болып жарық көрген. Деректер жинағы «Қазақстан тарихы орыс 
деректерінде. XVI-XX ғасырлар» деп аталады. Жинақтың алғашқы томының 
атауы – «Посольские материалы русского государства (XV-XVII в.в.)», яғни 
«Орыс мемлекетінің елшілік жадығаттары (XV-XVII ғ.ғ.). Орыс деректерінің 
бірқатары «Первые историко-этнографические описания казахских земель. ХІІІ 
века», яғни «Алғашқы қазақ жерлерінің тарихи-этнографиялық сипаттамасы. 
ХІІІ ғ.» деген атаумен жинақ берілген. Олар IV, V, VI томдарда көрініс тапқан. 
Бұл деректер мен зерттеулер патшалық Ресейдің арнайы тапсырмасымен 
дүниеге келген еңбектер болып саналады. Орыс деректерінің IV томында 
Х.Барданес, П.И. Рычковтың Қазақ даласындағы саяхаттары барысындағы 
жазбалары енгізілген. V томы да «Первые историко-этнографические описания 
казахских земель. ХІХ века» деп аталып, поручик Я.П. Гавердовскийдің бұрын 
жариялана қоймаған қолжазбаларын көпшілікке танымал етуге арналған. 
VI томы «Путевые дневники и служебные записки о поездках по южным 
степям. XVIII-XIX века», яғни «XVIII-XIX ғасырлардағы Оңтүстік далаларға 
сапар туралы жолаушы күнделіктері және қызметтік жазбаларды» қамтыған. 


186 
Томға XVIII ғасыр мен ХІХ ғасырдың ортасындағы ресей саяхатшылары мен 
зерттеушілерінің Жетісу және Оңтүстік Қазақстан туралы құжаттық, соның 
ішінде К.Миллердің жолжазба журналы жадығаттары енгізілген. Көрсетілген 
томға аталғандардан басқа Орынбор және Омбы мұрағат қорларынан табылған 
ХVIII ғасырдың екінші жартысы мен ХІХ ғасырдағы оңтүстік Қазақстандағы 
Ұлы және Орта жүз қазақтары туралы құжаттар енгізілген. Бұлардан өзге ХІХ 
ғасырдың бірінші жартысындағы оңтүстік қазақтары жөнінде көпшілікке 
таныла қоймаған патша үкіметі шенеуніктері мен қызметкерлерінің 
қолжазбалары қоса берілген. Жолжазбалық жадығаттар арасында Жетісу 
облыстық басқармасының ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы өлкедегі 
болыстар, ондағы көшпелілердің саны, олардың қыстаулары мен жайлаулары 
туралы статистикалық мәліметтері аса маңызды болып саналады. 
Орыс деректерінің VII томы Ресей бодандығындағы қазақ халқының 
тарихы мен мәдениетін, шаруашылығы мен тұрмыс-салтын зерттеген 
еңбектерін жүйелі түрде қамтыған. Орыс деректерінің VIII томы екі бөлімнен 
құрастырылып, «О почетнейших и влиятельнейших ордынцах», яғни «Құрметті 
және беделді ордалықтар жөнінде» деп аталады. 1827 жылдың 12 қарашасынан 
1917 жылдың 9 тамызы аралығындағы қазақ даласының құрметті және 
ықпалды тұлғаларының Сібір және Орынбор ведомстволары бойынша мұрағат 
қорларынан алынған тізімдері және оларға берілген мінездемелер 
археографиялық (тарихи құжаттардың сипаттамалық өңделуі – Ж.М.) өңдеуден 
өткізіліп, жинақ ретінде жарияланған. Бұл құжаттар тарихи тұлғалардың өмірі 
мен қызметін дәйектей түсетін жәдігерлер ғана емес, сонымен қатар олардың 
күні бүгінге дейін кейбір тұстары пікірталас тудырып немесе әлі де болса 
ашылмай отырған бейнесін көрсетуде, нақтылай түсуде маңызы зор.
Орыс деректерінің IX томына «Народные предания об исторических 
событиях и выдающихся людях казахской степи (ХІХ-ХХ в.в.)», яғни «Қазақ 
даласының тарихи оқиғалары мен белгілі адамдары туралы халық ауызша 
әңгімелері (ХІХ-ХХ ғ.ғ.)» деген атау берілген. Аталмыш томға қазақ халқының 
ауызша тарих айтуы жадығаттары енгізілген. Мазмұны бойынша олар әр түрлі, 
жариялануы жағынан басым көпшілігі ХІХ ғасырдың басы және ХХ ғасырдың 
бірінші ширегі аралығын қамтиды. Шежірелік, топонимикалық және жеке 
тұлғалық, т.с.с. тарихи аңыздар мен әңгімелер жүйелі, әрі ғылыми, 
мерзімдемелік тұрғыда тарихи деректер түрінде берілген.
«Мәдени мұра» бағдарламасы аяқ астынан пайда бола қалған бастама емес. 
Біз бұған жаңа мемлекетімізді орнықтырумен, әлемдік қауымдастықтағы 
орнымызды анықтаумен, арыстарымызды түпкілікті ақтаумен, ұлттық 
тарихымызға жаңаша үңілумен, мәдениетті қолдау жылын жариялаумен, 
дүниенің төрт бұрышында жүріп жатқан рухани үрдістерді зерделеумен келдік. 
Тарихи бағдарлама ел рухының көтеріліп, ұлт жадының жаңғыруына 
септігін тигізген сарабдал құбылыстардың біріне айналғаны ақиқат. Тарихтың 
терең қатпарларынан аманат болып жетіп, әлемдік өркениеттің қазынасына 
енген мәдени байлығымыздың құндылығын әрбір жеткіншігіміздің білуі, 
бағалауы шарт. Қазақ елінің байлығы жөнінен Үндістан, Қытай, Жерорта 


187 
теңіздік мемлекеттерге және Таяу Шығыс елдеріне бой бермейтін ашық аспан 
астындағы өзгеше музей екендігін мақтаныш тұтуға тиіс.
«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылған 
шараларға, археологиялық, архитектуралық мұралар мен бейнелеу өнері 
үлгілеріне бай Батыс Қазақстан жері мысалында тоқталамыз. Бұнда ақ, сарғыш, 
қызғылт түсті ұлу тастардан ғажап шеберлікпен жасалған әшекейлі мешіт-
ғимараттар мен әдемі ескерткіш-күмбездер, оюлы құлпытастар көптеп 
кездеседі. Бұл жағынан алып қарағанда, Батыс Қазақстан ерекше назар аударар 
аймақ. 
Бұл аймақта кездесетін скиф-сақ, қыпшақ заманына тән ескерткіштер әр 
түрлі формадағы қарапайым тастардан қалап салған қораша бейіттер мен 
қауымдық жерлеу қорымдары. «Мәдени мұра» бағдарламасын іске асыру 
бағытында үлкен де кешенді жұмыстардың нәтижесінде Батыс Қазақстан 
облысының өзінен 4 мыңнан астам обалар мен археологиялық нысандар 
ашылды. Олардың қатарынан Шыңғырлау ауданының ең көне жерлеу 
ескерткіштері, ерте қола дәуірінің (б.з.д. ІІІ мыңжылдықтың екінші жартысы) 
көне ұра мәдениетіне жататын Елекшар І, Үлгілі І, Қыземшек жерлеулерін, 
Батыс Қазақстан және онымен шектес аумақтардың ғұн, оғыз-қыпшақ 
дәуіріндегі тарихына қатысты аса құнды түпдерек жадығат берген Лебедевка 
қорымын, Тасқала ауданынан қола дәуірінің 29 мекенінен тұрған Бауржан-Аяқ 
қола дәуірінің мекенін, Бөрлі ауданынан анықталған киелі орындардың бірі, 
ерте темір ескерткіші Қырық Оба патша обалары кешенін, Қаратөбе ауданынан 
XIII-XVIII ғасырларға жататын көшпелілер жерлеуі Саман мазарларын және 
тағы басқа мемлекеттік маңызы бар бірқатар ескерткіштерді ерекше атауға 
болады. Сөз боп отырған археологиялық ескерткіштерден табылған заттар 
көшпелі қоғамның ішкі әлеуметтік құрылымының, көшпелілер өмірінің 
күнделікті тұрмыс-тіршілігінің айғағы болғандықтан олардың ежелгі тарих 
беттерін жазудағы маңызы зор, сондықтан тарихи-мәдени мұраларды сақтау, 
қорғау бағдарламада стратегиялық маңызы бар мемлекеттік мәселе деп 
көрсетілген.
Стратегиялық маңызы мол мәдени мұраның түрі - таудан қашап жасалған 
ғимарат-мешіттер. Олардың ою-өрнектері, архитектурасы халық ісмерлігін 
әйгілейді. Бұл ертеде Маңғыстау-Үстірт ауданында, кейін (ХҮІІІ ғасыр мен ХХ 
ғасырдың басында) бүкіл Батыс Қазақстанның басқа аудандарында кеңінен 
қанат жайды. Төрт құлақты кесене, сағанатам, құлпытас, бейіттер, «қойтас» 
мазары, қошқартас, сандықтас және тағы басқа бар, көне ескерткіштердің ұзын 
саны – бұл өңірде 50 мыңға жетеді.
Аймақта құлпытас және молаүсті кешендерінен Әулие Қазырет қорымы 
мен Қондыкер бейіті, Қазының бейіті, Дүйсенбай, Бекеттің Ақмешіті, Ұялы, 
Ұшқан, Қарашүңгіл, Қараған, Сисем-ата, Бейнеу зираттары, Қоңай батыр, 
Ізбасар мәйіттері, Жәңгір хан, М. С. Бабажанов және басқа да тарихи 
тұлғалардың кесене-бейіттері, Кеңес Одағы кезеңінде бүкілодақтық мағыналы 
ескерткіштер санында болған - Омар-Тұр кесенесі және басқа да мемориалдық-
рәсіми архитектура ескерткіштері кездеседі. 


188 
Елбасының халыққа жолдауынан туындайтын өзекті мәселелердің бірі – 
ерекше танымал нысандар негізінде аспан астындағы ашық музейлер, қорықтар 
ашу. Осы бағытта Батыс Қазақстанда ашылған мұндай ескерткіштер қатарына 
мыналарды жатқызуға болады: Ақтөбе облысындағы Қызыл үйік сармат 
дәуірінің ғибадатханасы, Атырау облысынан Ноғай Ордасының орталығы 
болған, Алтын Орда хандары Жәнібек хан, Тоқты хан, Сейіт-баба, Қазақ ханы – 
Қасым хан жерленген қасиетті орын - Сарайшық қалашығы, Батыс Қазақстан 
облысынан ХІІІ-ХІҮ ғасырларға жататын Жайық және «Узин» қалашықтары. 
Ашық аспан астындағы ерекше музей болып есептелетін Сарайшық 
қалашығының аумағы 100 гектардан аса. XIII-XVI ғасырлар аралығымен 
мерзімделетін қалашық бүгінгі күні Атырау қаласынан 55 шақырым жерде, 
Жайық өзенінің оң жағалауында орналасқан. 2009 жылғы археологиялық 
зерттеулер нәтижесінде, Алтын орда дәуіріндегі Қазақстанның қалалық 
мәдениетіне қатысты, сондай-ақ, қаланың сауда-экономикалық даму 
динамикасымен ортағасырлардағы шығыс пен батыс өркениеттері арасындағы 
мәдени байланыстары жөнінде көптеген деректер алынды.
Сарайшық қалашығында археологиялық зерттеулер жүргізудің өзектілігі, 
қалашық еуразиялық жол тораптардың түйінді бөлігінде орналасқандықтан, 
бұнда ХІІІ ғасырдан бастап, қалашықтың күйреуіне дейінгі аралықта Алтын 
Ордамен іргелес жатқан аймақтардың стратегиялық әскери-саяси, сауда-
экономикалық және т.б мүдделердің тоғысар торабы болды. Сонымен қоса, 
төменгі Еділ бойы, Хорезм және орта шығыстағы синхронды мәдениттермен 
салыстырғанда Сарайшықтың қалалық мәдениеті өзіне тән далалық сипатта 
болды.
Сондай-ақ, 2010 жылы 16 наурызда «Мәдени мұра» стратегиялық ұлттық 
жобасының 2009-2013 жылдарға арналған тұжырымдамасынан» туындайтын 
міндеттер 
негізінде 
Маңғыстау 
облысында 
жерасты 
мешіттерінің 
эпиграфикаларын зерттеу, ғылыми қолданысқа енгізу және кеңінен насихаттау, 
Маңғыстаудың жартастағы өнер ескерткіштеріндегі антропогендік бұзылуға 
ұшыраған тастың әуелгі келбетін сақтау және қалпына келтіру мәселелері 
қаралып, «Отпан тау» тарихи-мәдени кешені ашылды. 
«Мәдени мұрай бағдарламасының келесі көкейтесті мәселелерінің бірі – 
тарихи-мәдени құндылықтарды жинақтау, сақтау, насихаттаумен айналысатын 
музейлер қызметтерін, жәдігерлерді жаңғырту, толықтыру. Қазіргі таңда Ақ 
Жайық өңірінің тарихынан сыр шертетін, Қазақстанда ең көне музейлерінің бірі 
болып саналатын, облыстық тарихи-өлкетану музейінің жылнамасы ХІХ 
ғасырдың 30-жылдарынан басталады. Бұл туралы мұрағаттық деректерде: 
музей негізі 1836 жылы Орал қаласындағы әскери училище жанында, училище 
мұғалімі М.К. Курилин мен белгілі зерттеуші ғалымдар Г. Карелин, Н. 
Северцев, Л. Бергтің қатысуымен құрылғаны баяндалған. Бүгінде музей 1879 
жылы шығыстық стилде орыс-қырғыз қолөнер мектебіне арнап салынған 
ғимаратта орналасқан. 
170 жылдық тарихы бар облыстық музей ғасырлар қойнауынан ата-
бабамыздың тарихы туралы сыр шертетін асыл мұралар мекені. Оның қорында 


189 
100 000 бірліктен астам жәдігерлер сақталуда. Музей қорында Орал өңірінің 
өткенінен дерек беретін жәдігерлер жеткілікті. Осы қор негізінде 
Қазақстандағы А.С. Пушкин жылы аясында орыстың ұлы ақыны А.С. 
Пушкиннің Орал шаһарына келгеніне 173 жыл толуына орай ұлы ақын 
ғұмырының үш тәулігін өткізген ғимаратта – «атамандар үйінде» - «А.С. 
Пушкин музей-үйі» жабдықталып, ашылды. 
2007 жылы Сырым ауданының орталығында Сырым бабаның 265 жылдық 
тойы аясында 1917 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының басында болған Күн 
Батыс Алаш Орда үкіметі қызмет істеген ғимаратта Сырым Датов музейі жаңа 
экспозициямен жабдықталып, ашылды. Сондай-ақ, облыстық музейдің үш 
филиалы – «КСРО Батыры М. Мәметова» музей-үйі, «М. Шолохов атындағы 
музей кешені», «Табиғат және экология» музейлері мәдени мұраларды сақтау 
мен өскелең ұрпақтарды бабаларымыздың өткен тарихын, рухани, материалдық 
мұраларын құрметтеуге насихаттауда сан қырлы қызметтерімен көрініп отыр. 
Батыс Қазақстан аймағының Ақтөбе облысында Ә.Молдағұлова атындағы 
музей-үйі, Атырау облысында тарихи-өлкелік музейі, Шаймардан Сариев 
атындағы облыстық көркем және декоративтік-қолданбалы өнер музейі, «Хан 
ордалы Сарайшық» облыстық музей қорығы, Жылыой тарихи-өлкелік 
«Атамұра» музейі, Қызылқоға тарихи-өлкелік музейі, Мақат тарихи-өлкелік 
музейі, Махамбет тарихи-өлкелік музейі жәдігерлері аймақтың сан-салалы 
тарихы жөнінде сыр шертеді.
Батыс қазақтары – ежелгі тайпалардан сақталған материалдық мәдениеттің 
мұрагерлері. Қазақ шеберлері әр қилы, сан-салалы өнер түрін дамыта түскен. 
Әсіресе, Маңғыстау қазақтары арасында қолөнер де жедел өркендеген. 
Былғары мен ағаш шебері Тағанияз, Есниязды, атақты зергер Сегізек, Сарбай, 
Ақтауларды халық ерекше қадірлеген. Олардың өнегесін Ізқара, Қайшыбай, 
Есет, Көбейлер біздің дәуірімізге ұластырды. Солар жасаған сүйектеген ер, 
көкала жона, күмістенген ноқта, жүген, он алты өрме көк алақан дойыр, әсем 
өңіржиек, күміс пен алтын араласқан сақина, жүзік сияқты көнекөз дүниелер ел 
ішінде әлі де бар. 
Сонымен қорыта айтқанда, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы осы 
уақытқа дейін терең тамырлы тарихымызда қалыптасқан ақтаңдақтарды ашып, 
асыл қазыналарымызды халқымызға қайтадан таныстыру, жаңғырту және 
ұлттық мәдениетімізді халықаралық аренада насихатталуы бағытында бүгінгі 
ғана емес, болашақ буын үшін де өлшеусіз қызмет етпек. Жаңадан қалыптасып 
отырған тәуелсіз мемлекетіміздің саяси-қоғамдық, тарихи-әлеуметтік, 
экономикалық қырлары үшін бұл мәселенің маңызы өте зор.
Мәдени мұраны терең және қарқынды түрде зерделеу қоғамдық сананы 
Қазақстан халқы ретіндегі тұтастықты қалыптастыру аясында біріктіруде, 
жалпықазақстандық ұлттық идеяны негіздеуде және жүзеге асыруда жаңа 
шептерді межелеуге мүмкіндік береді. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   73   74   75   76   77   78   79   80   ...   94




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет