Диссертациялық жұмыс тақырыбы бойынша жарияланымдар. Диссертация тақырыбына байланысты 19 ғылыми баспа жұмыс жарияланды, оның ішінде ҚР БҒМ Білім және ғылым саласында бақылау комитеті ұсынған журналдарда 3 жұмыс, алыс шетелдердегі халықаралық конференциялар жинағында 3 жұмыс, еліміздегі және жақын шетелдердегі халықаралық конференциялар баяндамаларында 10 жұмыс, шет елдердегі журналдарда 1 жұмыс, Thomson reuters базасына кіретін баспада 1 жұмыс, Scopus деректер қорына кіретін баспада 1 жұмыс.
Диссертациялық жұмыстың құрылымы. Диссертациялық жұмыс кіріспе, 3 бөлімнен, қорытындыдан және қолданылған әдебиеттер тізімінен, қосымшалардан тұрады. Диссертациялық жұмыстың мазмұны 102 баспа бетте жазылған. Диссертациялық жұмыс Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкес жасалынған.
БІЛІМДЕРДІ БЕЙНЕЛЕУ МЕН ӨҢДЕУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖӘНЕ БІЛІМДЕРГЕ НЕГІЗДЕЛГЕН ЖҮЙЕЛЕР
Білімдерге негізделген жүйелерді, оның ішінде сұрақ-жауап жүйелерін құру кезінде ең маңызды және күрделі мәселелердің бірі ол білімдерді бейнелеу мен өңдеу мәселесі болып табылады. Осы мәселені дұрыс шешу білімдерге негізделген жүйелердің дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.
Білімдерге негізделген жүйелерде білімдерді бейнелеу мен өңдеу мәселелерін талдауға көптеген жұмыстар арналған, оларды төмендегідей етіп бөлуге болады:
білімдерді бейнелеу мен өңдеудің мәселелерін талдауды жалпы әдіснамалық тұрғыдан қарастырады. Бұл бағыттың міндеті бірінші жағынан білімдерді бейнелеу мен өңдеу мәселелерінің қазіргі бар түрлерін бағалау және жаңа даму тенденциясын анықтау болса, екінші жағынан білімдерді бейнелеу мен өңдеудің моделдері мен әдістері қандай жағдайда адамды қанағаттандыра алатындығын анықтау мақсатында білімдерді өңдеу үдерістерін талдау болып табылады. Бұл бағыттағы зерттеулер ретінде мыналарды көрсетуге болады [6-16];
қазіргі кездегі бар білімдерді бейнелеу мен өңдеудің моделдері мен әдістерін қарастырып, оларды жетілдіру және жаңа моделдер мен әдістерді құру сұрақтарын қарастырады. Осы бағыттың негізгі мақсаты, бірінші бағыт бойынша анықталған көптеген талаптарды қанағаттандыратын білімдерді бейнелеу мен өңдеудің жаңа моделдері мен әдістерін құру болып табылады. Бұл бағыт бойынша зерттеулер [17-32] еңбектерде жарық көрген;
білімдерді бейнелеу мен өңдеудің белгілі бір моделінің басқа моделден айырмашылығы және артықшылығын негіздеуге бағытталған. Бұл бағыттың міндеті білімдерді бейнелеу мен өңдеудің әртүрлі моделдерінің қасиеттерін салыстыру болып табылады. Бұл бағыт бойынша зерттеулер ретінде келесі жұмыстарда қарастырылған [33-40];
білімдерді бейнелеу мен өңдеудің мәселелерін білімдерге негізделген жүйелерде ғана емес, сонымен қатар, білімдерге негізделген жүйелерді құрудың инструменталды құралдарына сәйкес талдауға негізделген. Осы бағыттың негізгі міндеті білімдерді бейнелеу мен өңдеудің моделдері мен әдістерін қоланудың ерекшеліктерін көрсету болып табылады. Бұл бағыт бойынша зерттеулерді [41-48] жұмыстардан көруге болады.
Осы аталғандардың ішінде ең маңыздысы білімдерді бейнелеу мен өңдеудің мәселелерін талдауды жалпы методологиялық тұрғыдан қарастыру. Себебі онда білімдерді бейнелеу мен өңдеу мәселелерінің даму тенденциясы зерттеледі.
Сол себепті қазіргі кезде бар білімдерді бейнелеу мен өңдеу моделдері мен әдістерін зерттеп, талдау маңызды болып табылады. Талдаудың нәтижесінде біз өзімізге қажетті өзекті мәселелер тізбегін анықтап, солармен жұмыс істеуге мүмкіндік аламыз. Сондықтан да алдымен жасанды интеллект технологияларының қазіргі күйін мінездейтін негізгі тенденцияны анықтап алу қажет.
[49] еңбекте көрсетілгендей (1 сурет), қазіргі кезде жасанды интеллект технологияларының дамуы тенденциясына оң баға беруге болады, бұл дегеніміз жасанды интеллект облысында жасалып жатқан зерттеулердің өзектілігін білдіреді.
Cурет 1 – ЖЗ технологияларының даму циклі
Достарыңызбен бөлісу: |