Музыкалық білім берудің тарихы мен теориясы музыкалық білім беру педагогикасының жалпы мәселелері


Музыкалық – педагогикалық процестің мәні



бет12/20
Дата18.10.2023
өлшемі374 Kb.
#118820
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   20
4. Музыкалық – педагогикалық процестің мәні


Жоспары:

  1. Музыкалық білім беру процесінің мәні.

  2. Музыкалық іс-әрекеттің негізгі түрлері.

  3. Музыкалық-педагогикалық процестің компоненттері.

  4. Музыканы оқытудың функциялары.

  5. Музыканы оқыту процесінің қозғаушы күштері.

Музыканы оқыту педагогикалық процесте жүзеге асырылады.


Процесс – prozessus – латын тілінде алдыға қарай жылжу, өзгеру деген ұғымды білдіреді. Осыған байланысты ол музыкалық білім берудің, тәрбиелеудің және жеке тұлғаның жалпы дамуы міндеттерін шешуге бағытталған тәрбиенің субъектілері мен объектілерінің даму үстіндегі өзара әрекеттестігі болып табылады.
Музыканы оқыту процесінде оқушылардың музыкалық ойлау қабілеттері, дүниетанымы, практикалық іскерлігі және дағдысы қалыптасады. Оқушы тек музыкалық білімдерді меңгеріп қана қоймайды, оның дүниені тануға, түрлі музыкалық құбылыстарды пайымдауға, өз бетімен білім толықтыруға, меңгерген білімдерін практикада қолдануға талпынысы, қажеттіктері дамиды. Оқытушы болса, ол тек жалаң білім берумен шектелмейді, оқыта отырып тәрбиелейді, оқушылардың білім алуға деген қажеттіліктерін, музыкалық қабілеттерін дамытады, жаттығулар мен тапсырмалар беріп, білімділік деңгейлерін бақылайды. Бір сөзбен айтқанда, музыкалық-педагогикалық процеске басшылық жасайды.
Музыканы оқыту процесі өзіне тән компоненттерімен сипатталады. Олар: музыканы оқыту (музыкалық білім, музыкалық іскерлік, музыкалық дағдылар), музыканы оқыту мақсаты, музыкалық білім мазмұны, музыканы оқытудың әдістері және құралдары, музыканы оқытуды ұйымдастыру, музыканы оқытудың нәтижелері.
Музыканы оқыту тар мағынасында оқушылардың музыкалық білім, іскерлік, дағдыларын меңгерту деп анықталса, кең мағынада музыкалық білім, іскерлік, дағдыларды меңгертумен бірге, олардың музыкаға деген эмоционалды-құндылықты тәжірибесі мен музыкалық шығармашылық іс-әрекеттері тәжірибесінің қалыптасуын айтамыз.
Бүгінгі таңда музыкалық білім берудің мақсаты оқушылардың рухани, адамгершілік, эстетикалық, көркемдік мәдениетінің қалыптасуы деп түсіндіріледі.Бұл мақсат музыкалық білім берудің келесі негізгі міндеттерінің жүзеге асырылуын көздейді:
-балалардың музыкаға деген сезімін, сүйіспеншілігін ояту, өнер туындыларына эмоционалды-эстетикалық сипатта баға беруін, сезім мәдениетін дамыту;
-оқушыларды халықтық, классикалық, жаңа кезең музыкасымен, әсіресе аса бай форма мен жанрдағы музыка өнері туындыларымен таныстыру;
-өмірмен рухани байланыстылығы музыка туралы білімдерді меңгерту;
- музыкалық қабілеттерін, дағды, іскерліктерін дамыту, музыкамен шұғылдану процесінде өздерінің жеке тұлға екендігін саналы түрде ұғындыру;
-тыңдаушылық және орындаушылық, музыка шығару, импровизациялау іс-әрекеттерін, шығармашылық қабілеттерін дамыту;
- музыкалық-эстетикалық талғамын тәрбиелеу;
-көркемдігі жоғары музыкамен шұғылдануға деген қажеттіктерін дамыту;
-өз бетімен музыкалық білімін толықтыруға қабілеттілігін дамыту.
Жалпы білім беру жүйесіндегі музыка сабақтарында оқушылардың музыкалық іс-әрекеттерінің негізгі үш түрі жүзеге асырылады. Олар: музыкалық-тыңдаушылық; музыкалық-орындаушылық (вокалды-хормен ән салу және музыкалық аспаптарда ойнау); музыкалық-шығарымпаздық және импровизациялау түріндегі музыкалық-сазгерлік шығармашылық іс-әрекеттері. Мектептегі музыка сабақтарында аталған іс-әрекеттердің әрқайсысы өзіне тән міндеттерді орындауға бағытталады.
Музыкалық-тыңдаушылық немесе тыңдап-қабылдау процесінде музыкалық-орындаушылық, музыкалық шығарымпаздық, импровизациялау сияқты музыкалық іс-әрекеттер қатысып отырады, яки музыка тыңдау, қабылдау басқа іс-әрекеттердің қай-қайсысының болмасын негізгі болып табылады. Мәселен, әнді үйрену үшін әуелі тыңдалады, ал оны орындауда әуеннің интонация мен мәнерлілігіне ден қоя назар аударылады. Музыканы тыңдау процесінде оқушылардың музыкалық шығармаларды толыққанды қабылдауға қажетті дағды, іскерліктерін қалыптастырудың, музыкалық шығармашылық қабілеттерін, музыкалық талғамы мен қызығушылығын қалыптастырудың маңызы зор.
Музыканы тыңдау іс-әрекетінің басты міндеті – оқушылардың халық музыкасының, классикалық, отандық және шетел музыкасының көркемдігі аса жоғары үлгілермен қарым-қатынаста болу процесінде музыкалық мәдениетін қалыптастыру, оқушыларды музыканың образды-мәнді мазмұнын эмоционалды түрде қабылдауға үйрету және музыкалық тыңдаушылық іс-әрекет етуге қажеттіктерін қалыптастыру.
Музыкалық-орындаушылық іс-әрекет жеке дауыста немесе хормен ән алу, музыкалық-ырғақтық қимыл-қозғалыстар жасау, музыкалық аспаптарда ойнау сияқты түрлері арқылы жүзеге асырылады. Музыкалық іс-әрекеттің бұл тұрі оқушылардың музыкалық қабілеттерінің байқалуына және дамуына ықпал ету, көркемдік тәжірибесін байыту және орындаушылық іс-әрекетке қызықтыру қызметін атқарады.
Музыкалық-орындаушылық іс-әрекет соның ішінде вокалды-хормен ән салу іс-әрекеті барысында түрлі жастағы оқушылардың жас және дара ерекшеліктерін ескере отырып, вокалды-хормен ән салу іскерліктерін, дағдыларын меңгерту, оқушылардың музыкалық мәдениетінің ажырамас түрі болып табылатын вокалды-хормен ән салу мәдениетін қалыптастыру міндеттері жүзеге асырылады. Оқушыларды музыкалық аспаптарда ойнауға үйрету олардың музыкалық қабілеттерін дамыту, ұлт аспаптарының дәстүрімен таныстыру, түрлі теориялық білімдер беру, таныс болған музыкалық шығармалар жөніндегі білімдерін бекіту міндеттерін жүзеге асыруды көздейді.
Импровизация және музыка шығару формасындағы музыкалық-композициялық іс-әрекетінің тәлім-тәрбиелік маңызы зор. Импровизация мен музыка шығаруды музыкалық мәтін шығаруға байланысты музыкалық-композициялық шығармашылық деп атау қабылданған. Импровизациялау балалардың жаңа музыкалық материал шығаруы болса, шығарма – балалардың музыкалық композиция шығару бойынша мұғалімнің ұйымадастыруындағы оқу-шығармашылық процесс.
Осындай шығармашылықпен шұғылдану танымдық процестердің дамуын белсендіреді, өздеріне белгілі мзыкалық есту ұғым-түсініктерін, білімін, дағды, іскерліктерін жаңа ситуацияларда өз бетімен қолдануға, сондай-ақ шығармашылықты қиял, логика мен интуиция, абстрактілік пен нақтылық, эмоционалдық ынта-ықылас, өз бетімен шешім қабылдау қабілеттерінің дамуына ықпалын тигізеді.
Музыкалық-шығармашылық іс-әрекетінің міндеттеріне оқушыларды болмысты музыкалық образ түрінде бейнелеуге үйрету, яғни импровизациялауға, музыка шығаруға талпындыру жатады. Осындай шығармашылықты іс-әрекет олардың музыканың табиғатын, оны шығарудың жолдары мен амалдарын терең танып-білуіне септігін тигізді. Оқушылардың музыкалық-сазгерлік іс-әрекет дағдылары өздерінің интонациялық есту тәжірибесіне сүйеніп, белгілі бір мәтінге музыка шығару немесе аяқталмаған музыкалық фразаны жалғастыру сияқты шығармашылық тапсырмаларды орындау процесінде қалыптасады.
Музыкалық-шығарымпаздық және импровизациялау іс-әрекетін белсендіру үшін түрлі шығармашылық тапсырмалар беріледі. Мәселен, қарапайым әуендерді өз бетімен орындау, берілген мәтінге әуен шығару, берілген музыкалық фразаны жалғастырып аяқтау, құстардың түрлі көңіл-күйдегі дауысын әр түрлі биіктікте музыкалық аспапта ойнап көрсету және т.б.
Музыкалық-педагогикалық процесс мұғалімдер мен оқушылардың өзара әрекеттестігінің мақсаты, міндеттері, мазмұны, әдістері, құралдары, формалары және осы әрекет ету нәтижелері сияқты компоненттерден құралады.
Музыкалық білім беру мақсатын Қазақстан мектептерінде оқытылатын музыка пәні типтік бағдарламасында қарастырылғандай, халық музыкасы құралдары арқылы қазақ халқының өмірі, тарихы, салт-дәстүрінің көрінісі ретіндегі музыканы сүйіп қабылдайтын, өзге халықтарының өнерін сыйлайтын, классикалық музыкаға құрметпен қарайтын рухани бай, шығармашылықты белсенді, музыкалық жағынан дамыған жеке тұлға тәрбиелеу деп анықтауға болады.
Музыкалық білім мазмұны дегеніміз – музыканы оқыту процесінде оқушылардың меңгеруге тиіс ғылыми білімдер, практикалық іскерліктер және дағдылар мен іс-әрекет ету және ойлау амалдарының жүйесі.
Музыканы оқыту әдістері – музыканы оқытудың мақсаты мен міндеттеріне қол жеткізудің амал-жолдары.
Музыканы оқыту құралдары – музыканы оқыту прцесін заттық жағынан қамтамасыз ету. Бұған материалдық құралдар (музыкалық аспаптар, қарау-есту құралдары, сынып жабдықтары, оқулықтар және т.б.), мұғалімнің сөйлеуі, дауысы жатады.
Музыканы оқыту нәтижелері дегеніміз – оқытудың, оқу процесінің межеленген мақсатының жүзеге асу дәрежесі.
Музыканы оқыту процесінің өзіне тән функциялары бар. Олар: музыканы оқытудың тәрбиелік, музыканы оқытудың дамыту функциялары.
Музыканы оқытудың білімділік функциясы – бұл оқушыларды музыкалық ғылыми білім, іскерлік, дағдылар жүйесімен қаруландыру. Оның түпкі нәтижесі берілген білімнің іс-жүзінде саналы түрде қолданыла білуі болып саналады.
Музыканы оқытудың тәрбиелік функциясы – музыканы оқытудың мазмұнымен, оқытудың формасымен, әдістерімен анықталатын және мұғалім мен оқушылардың қарым-қатынасы арқылы жүзеге асатын процесс. Музыканы оқыту процесінде жеке тұлғаның белгілі бір көзқарастары, қарым-қатынастары, тұлғалық сапа-қасиеттері, музыка өнеріне, музыкалық іс-әрекеттерге деген өзіндік көзқарастары, пікір пайымдаулары, мінез-құлықтарықалыптасады.
Музыканы оқытудың дамыту функциясы мұғалімнің басшылығымен жүзеге асырылады. Музыканы оқытудың дұрыс ұйымдастырылуы оқушылардың сенсорлық, қозғалыстық, мотивациялық-қажеттік, интеллектуалдық дамуына көмектеседі. Қажеттік және тұлғаның танымдылық процестерінің белсендірілуі арқылы әсіресе музыкалық есту, музыкалық ес, музыкалық ойлау, қиялдау, сонымен бірге музыкалық қабілеттері дамиды.
Музыканы білім берудің нәтижелі болуы оның ішкі қозғаушы күштеріне байланысты. Қозғаушы күш деп қойылатын талаптар мен оларды орындаудығы оқушылардың мүмкіншілігі арасындағы қарама-қайшылықтарды атайды. Қарама-қайшылықтардың бағыттылықпен шешілуі мазмұндық білім берудің табиғатына сай дұрыс қызмет етуіне қол жеткізеді. Бұл ретте музыка пәні мұғалімнің алатын нәтижесі оқу мен тәрбие барысында оқушыларды музыкалық іс-әрекет тәсілдерін белсенді түрде игеру талпынысын қамтамасыз етуімен сипатталады.
Музыканы оқыту процесі және оқу-танымдық процес ұғымдарын жеке-жеке қарастыру қажет. Оқыту процесі – бұл таным өрісі, яғни оқыту процесінде оқушы музыкалық шығармаларды таңдайды, қабылдайды, оны қайтадан есіне түсіреді, бекітеді. Бұл ретте жаңа білімдерді меңгеру міндеті қойылмайды. Ал егер оқушы өз бетімен білім алуды көздесе, өз бетімен ақиқатқа жетуді, музыкалық құбылыстарды тануды жүзеге асыра алса, онда оның іс-әрекеті оқу-танымдық процесі болып есептелінеді.
Музыканы білім беру процесінің әдіснамалық негізі танымдық материалистік теориясы болып табылады.
Музыкалық танымның бірінші баспалдағы – заттар мен құбылыстардысезім мүшелері арқылы бейнелеу. Сөйтіп музыкалық шығармаларды есту, оны орындаушыларды естіп, көру арқылы белгілі бір ұғым, түсініктер қалыптастырылады.
Музыкалық танымның екінші баспалдағы – ұғым, түсініктерді пайдалану. Пайымдау бұрынан меңгерілген музыкалық тәжірибе, ой операциялары негізінде жүзеге асырылады, сөйтіп музыкалық білім меңгеріледі.
Музыкалық танымның шінші баспалдағы – меңгерілген музыкалық білімді іс жүзінде қолдана білу, яғни музыкалық танымның толығымен аяқталу процесі. Сөйтіп, музыкалық білімді меңгерудің логикасы қабылдау, пайымдап бекіту, қолдану құралдарымен сипатталады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   20




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет