Музыкалық білім берудің тарихы мен теориясы музыкалық білім беру педагогикасының жалпы мәселелері



бет4/20
Дата18.10.2023
өлшемі374 Kb.
#118820
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   20
Байланысты:
Музыкалы білім беруді тарихы мен теориясы музыкалы білім беру

Екінші кезең (ХІХ ғасырдың соңы – ХХ ғасырдың бірінші жартысы) ән-күйдің дербес пән ретінде оқытылуына және музыкалық білім мен тәрбие беру әдістемесінің жасалуына байланысты, музыкалық білім беру педагогикасының жаңа ғылым саласы ретінде қалыптаса бастауымен сипатталады. 1918 жылдың қазан айында бірыңғай еңбек мектептерінің ашылуы жөніндегі Декларацияның жариялануы көптеген жаңалықтарға тиек болды. Сол кездегі көрнекті мемлекет қайраткері А.В.Луначарскийдің басшылығымен Халық ағарту комиссариаты жанында арнайы музыкалық білім ашылды (МУЗО). Сөйтіп, мектептерде музыкалық білім мен тәрбие мақсаты мен міндеттері, талаптары айқындалып, музыкалық біліп беру мен тәрбиелеудің жүзеге асыру жолдары қарастырыла бастады. Ән сабағын оқытуға қойылатын талаптар күшейтіліп, білім мазмұнын сұрыптау қолға алынды, сабақ өткізу әдістемесін жасау және оқу құралдарын дайындау жұмыстары жоспарланды. ән сабағын жүргізетін мұғалім даярлығы да назардан сырт қалған жоқ. Бұл жұмысқа Халық ағарту комиссариаты беделді, әрі танымал сазгер- педагогтерді тартып, нақты тапсырмалар жүктеді. Сол кезеңде В.Г. Асафьев, В.Г. Кратыгин, Н.Я. Яворский, Н.Л. Гродзенская және т.б. педагогтердің музыкалық тәлім-тәрбиенің өзекті мәселелері бойынша жүргізген соны ізденістері музыкалық педагогиканың дамуына игі ықпалын тигізді. Осы бағыттағы әдістемелік жетістіктер «Музыка в единой трудовой школе» (1921 ж.), «Вопросы музыки в школе» (1926ж) және т.б. сияқты әдістемелік әдебиет беттерінде жарияланып тұрғандығын да атап өткен жөн. Аталған басылымдарда жарық көрген Н.М. Ковиннің «Пение и музыка в единной трудовой школе» атты мақаласы назар аударарлық. Ол өз еңбегінде музыкалық қабілеттерді, әсіресе музыканы қабылдау қабілеттерін балаларды теориялық білімдермен қаруландыру негізінде дамытудың қажеттігі жөнінде бүгінгі музыкалық білім беру педагогикасы проблемалармен үндес тұжырымдар жасаған.
Мектептегі музыкалық тәлім-тәрбиенің мақсаттары мен мазмұнын анықтау, оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту мәселелері қарастырылған Н.Я. Брюсованың, музыка сабағын жобалау, құру мәселелерін талқылауға арналған М.М. Койранскаяның мақалары да музыкалық білім беру педагогикасы теориясының дамуына айтарлықтай үлес қосқан еңбектер деуге болады.
Ресейде музыкалық педагогиканың дамып қалыптасуына музыкатанушы, сазгер, педагог, ССРО ҒА-ның академигі (1943ж.), КСРО халық әртісі (1946ж.) Борис Владимирович Асафьев (псевдоним – Игорь Глебов) көп еңбек сіңірді. Ол ірі музыкатану мектебінің негізін салушы ретінде аса танымал ғалым, эстетика, музыка теориясы мен тарихы туралы кітаптардың, сондай-ақ мектепте музыкалық тәрбие беру әдістемесі және оны ұйымдастыру проблемалары мен кәсіби-музыкалық білім беру жөніндегі салиқалы мақалалардың авторы.
Б.В.Асафьев өзінің еңбектерінде мектеп оқушыларының музыканы қабылдау қабілетін, музыкалық талғампаздығын дамыту мәселелеріне көп көңіл бөлді. Оның пайымдауынша, музыка сабағында тек музыкалық шығармалады тыңдаумен ғана шектелмеу керек, керісінше, олардың музыкалық қабылдау мүмкіндіктерін кеңейту қажет, яғни «музыканы практикалық жағынан меңгерту» міндеттері қойылуы тиіс. Ол үшін Б.В. Асафьев оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға ықпалын тигізетін хормен ән салу әрекеттеріне көбірек назар аударуды ұсынды.
Б.В.Асафьев пікірінше, өнер туындыларының бағасы мен нарқын осы салада аз да болса шығармашылықпен әрекет етіп, соның жемісіне қуанып, шаттана білген адам ғана байыптай алмақ. Бұдан оның өнермен шұғылданудағы шығармашылық іс-әрекетке ерекше мән бергендігін көреміз.
Музыканы тыңдап, қабылдаудың психологиялық аспектілері, соның ішінде «музыкалық ұғым-түсініктер» негізінде музыкалық ойлауды дамыту, музыканы тыңдау барысында адамның белгілі бір сезімге бөленіп, сан қилы психикалық кейіпке (қуану, мұңаю, серпілу, т.б.) түсіп қана қоймай, талдау, жинақтау, салыстыру нәтижесінде музыкалық материалдарды саралау, сұрыптау, баға беру сияқты ойлау процестерінің жүріп жататындығы Б.В. Асафьевтің назарынан сырт қалмаған. Оның пікірінше, салыстыру әдісі музыканың табиғатын, ондағы қарама-қарсылықты, тепе-теңдікті, қайталанымдарды жете түсінуге, әсіресе есту дағдыларының қалыптасуына жағымды ықпалын тигізеді. Осылайша музыкалық шығармалардағы ырғақтық, ладтық, динамикалық, шапшаңдық, тембрлік, ерекшеліктерді ажырата білу есту дағдыларының жетілуіне және қабылданған материалды жинақтауға, музыкалық сауаттылық негіздерін меңгеруге көмектеседі. Б.В. Асафьевтің келесі жетістігі музыканы қабылдау мен түсінуде, музыкалық құбылыстарды салыстырып пайымдауда қарапайымнан күрделіге қарай өрлеу жөніндегі пікірі болып табылады. Б.В. Асафьевтің музыкалық педагогика саласында қалыптастырған қағидалары сол кезеңде музыкалық тәрбиенің қалыптасуына өлшеусіз үлес қосты, әрі болашақта дамуына негіз болды.
Бұл кезең педагогикада түрлі тенденциялар мен ағымдардың пайда болуымен де ерекшеленеді. Педагогиканың бір бөлігі ретінде музыкалық білім беру педагогикасы да «Еркін тәрбие», «Кешенді-проективтік әдіс», «Бригадалық-лабораториялық әдіс» идеяларынан, оның кері ықпал-әсерінен шет қалған жоқ. Сөйтіп, 30-шы жылдары музыка пәнінің дәрежесін көтеру бастамалары бәсеңсіп қалды. Оқу жоспарында аптасына екі сағат жоспарланған музыка сабақтары бір сағатқа кеміді. Музыкалық білім берудің осы кезеңінде музыкалық тәлім-тәрбие сабақтан тыс әрекеттерде жүргізілуі тиіс деген пікір, көзқарастар белең алған болатын. Бұл осы бағыттағы тәрбие жұмысының жандануына себепші болды. Балалардың көркемдік тәрбие үйлері мен сарайлары, түрлі клубтардағы балалар секторлары жедел қарқынмен жұмыс істей бастады. Осы кезеңде В.Г. Соколовтың жетекшілеріндегі балалар хоры сияқты тамаша көркемдік ұжымдар өмірге келді.
Музыкалық білім беру педагогикасының қалыптасуында шешуші роль атқарған бұл кезеңде тек ғылыми-әдістемелік өңдемелердің және музыкалық білім берудің мазмұнын, әдіс-құралдарын, ұйымдастыру формаларын қарастырған ғылыми-әдістемелік еңбектердің жарыққа шығарылуымен бірге, музыкалық білім беру проблемаларын шығармашылықпен, теориялық тұрғыдан ой таразылайтын батыл қадамдар жасалды. Ленинград қаласындағы Пионер сарайында И.И. Левидовтың жетекшілігімен ұйымдастырылған балалар дауысын қорғау және дамыту проблемасы жөніндегі ғылыми-зерттеу жұмысы сияқты күрделі ғылыми ізденістер бой көрсете бастады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   20




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет