МУЗЫКАЛЫҚ БІЛІМ БЕРУДІҢ ТАРИХЫ МЕН ТЕОРИЯСЫ
Музыкалық білім беру педагогикасының жалпы мәселелері
Музыкалық білім беру педагогикасының пәні және міндеттері
Жоспары:
Музыка өнерінің жеке тұлғаны қалыптастырудағы ролі.
Музыкалық білім беру педагогикасы қоғамдық пән ретінде.
«Музыкалық білім беру педагогикасы» ұғымының мәні.
Музыкалық білім беру педагогикасының басты категориялары.
Музыка өнері – адамзат қауымының пайда болуымен бірге қалыптасып, қоғам дамуының барлық сатысында өмірлік мәні зор тәрбиелік қызмет атқарып, бүгінгі күнге жеткен сарқылмас рухани қазына. Қоғамдағы мәдениеттің деңгейіне, өндірістік қатынастардың, өндірістік күштердің дамуына сәйкес, оның мақсаты мен мазмұны, сипаты, әдіс құралдары, тәрбие формалары белгілі бір өзгеріске ұщырап отырады. Музыка өнерінің дамып, қалыптасуына жасалған ретроспективтік талдау және археологиялық мәліметтер музыкалық тәлім-тәрбиенің қоғам дамуының деңгейіне тікелей байланысты болғандығын дәлелдейді.
Музыкалық тәлім-тәрбие адамзат қауымының түрлі іс-әрекеттерінде, ойын-сауықта, еңбек ету әрекеттерінде берік орын алып отырды. Ол қоғамның мәдениетін, әлеуметтік тәжірибесін жеткізудің құралы болуымен қатар, сол қоғамның дамуына, музыкалық білімнің жинақталуына, адамдардың өмір әрекеттерінің түрленуіне байланысты әлеуметтік категория ретінде өзі де үнемі дамып, қалыптасу үстінде болды.
Музыкалық білім беру педагогикасы-қоғам дамуымен біте қайнасқан өзіндік даму тарихы бар ғылым саласы. Аға ұрпақтың жинақтаған тәлім-тәрбие тәжірибесі ұрпақтан ұрпаққа жеткізіле келе, қоғамның, мәдениеттің дамуына, әлеуметтік тәжірибенің бай қорының жасалуына ықпалын тигізді. Сөйтіп, өткендегі музыкалық білім беру тәжірибесі және кейінгілердің оның дамуына жасампаздықпен өз үлесін қосып, белсенділікпен меңгеруі барысында бірте-бірте дербес ғылым саласы ретінде қалыптаса бастады.
Музыка өнері жеке тұлғаның дамып, қалыптасуында аса маңызды роль атқарады. Музыка адам санасына, жүйке жүйесіне ықпал ететін ерекше психофизиологиялық құбылыс болып табылатын дыбыстар арқылы бейнеленеді. Ал ол дыбыстар – түрлі биіктік пен күштіліктегі жай дыбыстар емес, адам сезімін бейнелеуші, реттеуші сұлулық заңына сәйкестенген әсерлі әуен өрнектері.
Әуен-саздың жеке тұлғаның дамып, қалыптасуындағы әсер-ықпалына адамдар өте ерте кезде-ақ назар аударған. Адамзат қоғамының дамуының ең алғашқы кезеңдерінің өзінде оны идеялық-психологиялық қару ретінде қолдана білген.
Музыка- қоғамдық сананың формасы ретінде адамдардың эмоционалдық сезіміне тікелей ықпал етуші эстетикалық тәрбие құралы. Музыкалық шығармаларды аспаптарда ойнап үйрену, орындау жеке тұлғаның эстетикалық, эмоционалды-сезімдік, құндылықты сана-сезімін дамытып, қалыптастырады, әсемдікті қабылдап, сезінуге талпындырады. Ол эстетикалық тәрбиенің басты мақсаты болып табылатын жеке тұлғаның эстетикалық талғамын, эстетикалық идеалын қалыптастырады, болмыстағы құбылыстар мен өнер туындыларындағы әсемдікті саналы түрде қабылдай білуге үйретеді және өздік шығарымпаздық қабілеттерін дамытады.
Адамгершілік тәрбие бүгінгі қоғамда болып жатқан әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістер барысында ең басты көкейкесті проблемаға айналып отыр. Музыкалық шығармаларда өмір құбылыстарының сан қырлы бейнеленуі, поэзия мен музыканың өзара байланыста болып, бірін-бірі толықтыра келуі бала жанына жағымды ықпал етеді. Рухани қазынаның мөлдір бастау-бұлағынан жас кезінен нәр ала білген бала адамгершілік асыл қасиеттерді бойына сіңіріп өседі.Сөйтіп, қоғамдық, педагогикалық маңызы жоғары адамгершілік тәрбие мақсаттарын жүзеге асыруға қолайлы жағдай туындайды.
Музыкамен шұғылдану барысында еңбек тәрбиесі міндеттері жүзеге асырылып отырады. Бір жағынан, тыңдалатын музыкалық шығармаларды қабылдау, есте сақтау қабілеттері дамытылса, екінші жағынан, ән салған кездегі дауыс аппаратының іс-қимылы немесе музыкалық-ырғақтық қозғалыстар жасау сияқты еңбек процесстері жүріп жатады. Бұндай іс-әрекеттер өз кезегінде оқушылардың ынта-ықыласымен еңбектенуін, тәртіптілігін, іске деген жауапкершілікті қарым-қатынасын талап етеді, әрі тиянақтылықпен еңбек ету іскерліктерін қалыптастырады.
Ән салу, музыкалық шығармаларды түрлі аспаптарда орындау физиологиялық процесс болғандықтан, балалардың дене тәрбиесіне, денсаулығына жағымды ықпалын тигізеді. Осындай іс-әрекетпен жүйелі түрде шұғылдану өкпедегі оттегі алмасуын белсендіріп, дауыс аппаратының, дем алу органдарының шымыр да, икемді жетілуіне, жалпы денсаулығының жақсы болуын қамтамасыз етеді. Ән салу, музыка тыңдау адамның тонусын, яғни жүйке жүйесі мен бұлшық еттерінің физиологиялық жағдайдағы күш-қуатын арттырады. Отырып немесе түрегеп ән салу процесінде дене бітімін, басты, қолдарды дұрыс ұстауға дағдыландыру сияқты талаптардың қойылуы балалардың дене қозғалысы мәдениетін қалыптастыруға көмектеседі. Музыкалық есту қабілеттерін дамытуға бағытталған жүйелі түрде жүргізілетін жаттығулардың да мәні зор. Ондай жаттығулар жасау барысында оқушылар тек дыбыстардың биіктігі мен ұзақтығын, тембрін, күшін бір мезгілде немесе бірізділікпен сабақтаса естілетін дыбыстар кешендерін ажырату қабілеттерін иеленеді. Сөйтіп, есту рецепторларының қызметі белсендіріледі.
Басқа да өнер түрлері сияқты музыка – танымдық процесстерді белсендіру құралы. Музыкалық шығармаларды тыңдау, ойнап үйрену, орындау барысында оқушылардың өмір тәжірибесі байытылады, болмысты байыптау өресі кеңейеді, ойлау процестері жеделдетіледі. Музыкамен қарым-қатынаста болу әуен-саздың өзара байланысын, мәнерін, бірізділіктегі құрылымын (әуенді образды қабылдау), олардың кешенділігін (тембр мен гармонияның мәнерлілігін қабылдау), сонымен қатар шығарманың түрлі фактураларының айырмашылықтарын (гомофония, полифония) танып білуге көмектеседі. Оқушылардың музыкалық іс - әрекеттерінде дамитын ойлаудың осы сферасы олардың болмысты тануына көмектеседі, дүниетанымын кеңейтеді, ақыл – ой қабілеттерін жетілдіреді. Қиялдың, фантазияның дамуы – тәлім – тәрбиенің маңызды жақтарының бірі. Осы ретте бала қиялын шарықтатып, арман – мақсатының өресін биіктетуде, шығармашылыққа жетелеуде музыканың маңызы зор.
Педагогика – жалпы және арнайы білім беру саласында теориялық, практикалық іс - әрекеттің негізі болып табылатын білім берудің мазмұны, формасы мен әдістері туралы ғылым. Осыған сәйкес белгілі бір білім саласы бойынша педагогикалық проблемаларды зерттейтін музыкалық білім беру педагогикасы сияқты бөлімдерінің болуы заңды құбылыс.
«Музыкалық білім беру педагогикасы» ұғымы-көптен бері қолданылып келе жатқан ұғым. Бұл ұғым көпшілікке музыкалық тәрбие беру саласында, соның ішінде білім мазмұны мен оқытудың әдістемесі белгілі бір педагогикалық жүйені құрайтын және сол музыканың өзі тәрбие құралы ретінде саналатын жалпы білім беретін мектептердегі музыка пәніне байланысты қолданылады. Сонымен бірге музыкалық білім беру педагогикасы түрлі типтегі музыкалық оқу орындарында (балалар музыка мектебі, балалар өнер мектебі, балалардың хор студиясы және т.б.) жүзеге асырылатын бастауыш музыкалық білім беру және осы саланың бірден-бір күрделі әрі маңызды сатысы колледждер мен консерваторияларда кәсіби музыкалық білім беру мәселелерін қарастырады.
Кез келген ғылым саласы сияқты, музыкалық білім беру педагогикасы әдіснамалық негіздерге сүйенеді. Табиғаттың, адамның, қоғамның, танымның даму заңдылықтары философияның заңдылықтарына негізделеді. Сондықтан ұзақ жылдар философияның аясында өркендеген және өркендеу үстіндегі педагогиканың бір саласы – музыкалық білім беру педагогикасы да философиялық тұжырымдардың негізінде дамиды.
Музыкалық білім беру педагогикасы қоғамдық құбылыс ретінде музыкалық тәрбие заңдылықтарын, қоғамдық өмірдегі музыкалық тәрбиенің мәні мен ролін анықтайды. Сондықтан музыкалық білім беру педагогикасы – балалар мен жастардың ғана емес, үлкендердің де тәрбиесі жайлы ғылым.
Музыкалық білім беру педагогикасының пәні мен міндеттерін толық түсіну үшін ең алдымен негізгі ұғымдарын қарастыру қажет.
Музыкалық тәрбие ұғымы қоғамдық құбылыс ретінде кең және тар мағынасында қолданылады. Кең мағынасында алғанда ол музыкалық іс-әрекетте жинақталған тәжірибені педагогикалық ықпал ету негізінде кейінгі ұрпаққа меңгерту, жалпы музыкалық мәдениетін қалыптастыру болып табылады. Ао тар мағынада түрлі деңгейде музыкалық тәрбие беру (жалпы және кәсіптік) мақсаттарын жүзеге асыруға бағытталған арнайы ұйымдастырылатын іс-әрекетті білдіреді.
Музыканы оқыту – екі жақты процесс. Бұл музыкалық білім мазмұнын меңгертуге бағытталған оқытушы мен оқушының арнайы ұйымдастырылып, мақсатты бағытталған өзара әрекеттестігі. Музыкалық білім беру педагогикасы – тарихи құндылықтарды зерттеу, жинақтау, жеткізуге деген қоғам қажеттіліктерінен пайда болған ғылым. Музыканы оқытудың негізін музыкалық білім, іскерлік, дағдылар, дүниетанымдық көзқарастар құрайды.
Музыкалық білім беру – арнайы ұйымдастырылған оқыту процесінде немесе өз бетімен білім алу арқылы білім, іскерлік, дағдылар жүйесін меңгерту ретінде қарастырылады. Білім, іскерлік, дағдылар жиынтығы музыкалық білімділік мазмұнын құрай келе, кәсіби салада (сазгерлік, орындаушылық, оқытушылық, музыканы зерттеу және т.б.) немесе музыкамен әуесқой ретінде өз бетімен шұғылдану әрекеттерін жүзеге асыруға көмектеседі.
Меңгертілген музыкалық білім көлеміне сәйкес бастауыш, орта және жоғары білім, ал сипаты мен бағыттылығына қарай жалпы музыкалық білім, кәсіптік музыкалық білім деп бөлінеді.
Қайсібір ғылым саласы сияқты музыкалық білім беру педагогикасы ғылыми-теориялық, практикалық және болжау функцияларын атқарады. Музыкалық білім беру педагогикасының мазмұны маңызды деген ғылыми педагогикалық идеяларға (білім беруді ізгілендіру, ынтымақтастық педагогикасы, оқытудың өмірмен байланыстылығы және т.б.) ғылыми теорияларға (дамыта оқыту теориясы, білім мазмұнын сұрыптау теориясы, тәрбие жүйесі теориясы және т.б.) сүйенеді. Музыкалық білім беру педагогикасын теориялық және қолданбалы ғылым ретінде сипаттауға болады. Өйткені ол, бір жағынан, педагогикалық құбылыстарды баяндап түсіндірсе, екінші жағынан, музыкалық білім берудің міндеттерін шешуге бағытталған қалай оқыту және тәрбиелеу жолдарын қарастырады. Музыкалық білім беру педагогикасы теориялық жағынан дами отырып, музыкалық білім беру бойынша оқу-тәрбие процесін жетілдіруді көздейді. Оған озық педагогикалық тәжірибенің, оқыту мен тәрбиелеудің жаңа технологияларының мектеп практикасына ендірілуі мысал бола алады. Музыкалық білім беру педагогикасына болжам жасау функциясы қоғамның дамуының, мәдениет пен экономиканың, музыкалық білім беру саласындағы ғылыми-мәдени жетістіктердің даму тенденцияларына талдау жасау негізінде музыкалық білім берудің болашағын жобалауда көрініс береді. Болжамның объектісі-ғылыми теориялар қалыптасқан жағдайда оны болашақтағы практикалық іс-әрекеттерде қолдану жолдарының үлгісінің жасалуы.
Осы тұрғыдан алғанда, музыкалық тәлім-тәрбиеге байланысты педагогикалық және қоғамдық іс-әрекеттің түрлі жақтарын қарастыруы оның зерттеу мақсаты болып табылады.
Музыкалық білім беру педагогикасын ғылым ретінде қарастыру қайсібір ғылым саласын сипаттайтын факторларды анықтап алуды қажет етеді.
Музыкалық білім беру педагогикасы – ғылым саласы, оның пәні-музыкалық білім беру.
Музыкалық білім беру педагогикасының зерттеу объектісі – оқушы, музыка пәні мұғалімі, кәсіби сазгер.
Музыкалық білім беру педагогикасы музыкалық білім беру мен тәрбиелеудің заңдылықтарын зерттейді. Ол түрлі фактілерді жинақтап, қорытады, музыкалық-педагогикалық құбылыстардың себеп-салдарлық байланыстарын анықтайды, музыкалық білім беру мен тәрбиелеу ісінің болашағын болжайды.
музыкалық білім беру педагогикасы өз пәнін зерттеуде жалпы педагогикалық және арнайы зерттеу әдістерін (бақылау, әңгімелеу, эксперимент және т.б.) қолданады.
Қайсібір ғылым салсаы сияқты музыкалық білім беру педагогикасына қатысты негізгі категориялар (музыкалық тәрбие, музыканы оқыту, музыкалық білім беру) қалыптасқан.
Достарыңызбен бөлісу: |