Н. Ж. Туралина Қазақ поэзиясы: стиль және бейнелілік



жүктеу 5.96 Kb.

бет5/7
Дата15.03.2017
өлшемі5.96 Kb.
1   2   3   4   5   6   7

Пікір, лебіз, көзқарас,
Лепес дейді оны атам.  [78,148-б]
Әуейі
Әуейілікке баратын
Шығандап шығар қатардан...
Еліккіш, қызба, дарақы
Әуейі деп аталған.   [78,149-б]
Мәрсия
Мардан көзі шалғасын
Мәрсияға бұрылған...
Құлпытастың жазбасын
Мәрсия деген бұрыннан.  [78,149-б]
Мүртет
Мүртет қанша күнге озар
Өзегін  өрт өртеген...
Діннен безген, дін бұзар–
Мүртет сонау ертеден.  [ 78,149-б]
Қаумет
Қаумет бар сияқты,
Қиядан-ақ сезем мен...
Жігер, күш пен қуатты
Қаумет дейміз ежелден. [78,149-б ]
 
Лұғат
Лұғат бірден танылды,
Бұдан да жақсы жаңарар...
Өнеге ,сөздік, тәлімді
Лұғат деген бабалар. [78,150-б]
61

 Тіліміздегі окказионал сөздердің де бір алуан эмоциялық, экспрессивтік
қызметі   барын   ескерсек,   окказионал   тіркестер   жалпы   халықтық   бейнелі   сөз
орамдарына   өзінше   сонылық,   мәнерлілік   үстейді.   Әдетте,   окказианал   сөздер
мағына   бірлігімен   және   құрамындағы   компоненттердің   тұрақтылығымен
ерекшеленеді.   Ал   окказионал   сөздердің   стильдік   өзгеріске   түсуін   олардың
жасырын жатқан ішкі мүмкіндіктерінің тереңдігінен деп түсінеміз. Сондай-ақ,
бұрыннан қалыптасқан окказианал сөздердің осындай дамуы, өзгеруі, жаңаруы
тұрақты сөз тіркестеріндегі «тұрақтылықтың» шарттылығы, өзгермелілігі, оның
варианттылыққа жақын екендігін аңғартады [76,110- б.].
    Окказионал сөздерді қолдануда авторлық өзгеріске түсіру окказионалды болу
– жаңарту, түрлендіру мақсатын көздейді.
     Тіл   білімінде   «окказионализм»   деген   терминді   ең   алғаш   енгізген
Н.И.Фельдман болатын.
     Көркем   шығармаларда   окказионализмдер   жазушының   бейнелі   ойын
жеткізуде бірден-бір таптырмас  құрал болып табылады.
   Мысалы: 
                                      «Шеңгел де өз жерінде дүркірейді,
                                       Әркімнің өз елінде басы құнды»
                                                                                   [78,35-б].
     Бұл   өлең   жолындағы   «шеңгел   де   өз   жерінде   дүркірейді»   тіркесі   –
жазушының  өзіндік  қолданысы   .  Жалпы  тілде шеңгел,   дүркірейді    деген   сөз
тіркестері,  «әркімнің өз елінде сұлтан болатындығын меңзейді »   бұл жерде
жазушының   өзіндік   метафоралық   қолданысы   екенін   аңғарамыз. «шеңгел   де
дүркірейді»  деп  «басқа елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген ақын
«әркімнің өз елінде басы құнды» деген түсіндірмесінен шөп екеш шөптің өзі өз
елінде көктеп-көгереді  деген ойды өлең жолының мағынасынан білуге болады.
     М.Әлімбаев   өз   шығармаларында   қазақ   тілі   байлығын   молынан   игерумен
бірге,   оны   өз   шығармаларына   орынды   және   оқиға   өрісіне   сай   үйлесімді
пайдалана білген. Жазушы айтайын деген ойын нақты, қысқа түрде ықшамдап
жеткізу мақсатында окказионалды қолданыстарды кеңінен пайдаланған.
     Мысалы:        Көп жұмысқа үлгерер,
                            Көптің ісі үдерер.....
                            Шаруаны жабыла
                            Бітіруді үме дер [78,15-б.].
     Халықтық қолданыста «үме» сөзі (диалект, үйілу, жұмылу, бірігу) [78,15-б.]
деген мағынаны білдіреді. 
                            Тұрғауышты жуыстым
                            Санамадым азапқа.....
                            Жеміс салар ыдысты
                           Тұрғауыш дейді қазақта. [78,15-б.].
Келесі бір өлеңіне тоқталар боолсақ
62

                           Қанары  тола жаупазақ,
                           Арқалап келді дәу қазақ.
                           Жаупазақ – ерте пісетін
                           Тәтті өрік.... Дәмі бар ғажап. [78,15-б.].
                            
     Осылайша   жазушының   туындыларындағы   пайдаланған   окказианал   тосын
сөздері халық тіліндегі қалпынан өзгертіліп, әр түрлі мәнге келтіріліп, өңдеп
жаңа мазмұн бере қолданылуы ақынның тіл байлығын жақсы меңгергендігін
байқатады. Шығарманың   көркемдік   нақышын   келтіретін   күнделікті   өмірде
пайдаланып жүрген сөздерді, басқа сөздермен окказианал сөздермен ауыстыру
кез-келген   ақынның   қолынан   келе   бермейтін   іс   екені   белгілі.   Бұл   жағынан
келгенде М.Әлімбаевтың өз ісіне шебер екендігіне жоғарыдағы мысалдар дәлел
болатындай.
Сонымен,   ойымызды   қорытындылай   келе   ақынның   жалпы   тілдік
қолданыстағы   сөз   байлығын   толық   меңгере   отырып,   бірде   оларға   әр   түрлі
окказионалды   өзгерістер   енгізсе,   енді   бірде   халықтық   тұрақты   тіркестердің
негізінде авторлық қолданысқа тән окказионал сөздерді шеберлікпен қолдана
алған. Жазушы  қазақ  халқының  байырғы  сөздерін өңдеп, құбылтып  қолдану
арқылы олардың контекстегі мәнерлегіш, көркемдегіш қасиетін арттыра түскен.
Мұзафар Әлімбаев: «Поэзия – тірлікті сүйкімді ету, мүмкін емес дейтінді
мүмкін  ету...  Тұңғиықтың  түбінен  бәрін  көру,  сығып-сығып  жүректің  нәрін
беру» 
[63, 70-б], – деп толғанады. Расында да суретті сөз, бейнелі ой, мағыналы
толғам терең дүниетанымнан, дүниені нәзік, өткір қабылдаудан, айрықша сана-
сезімнен,  толқынды  көңіл-күйден  туатыны  анық.  Ендеше,  ақынның  қай
шығармасын алсақ та суреткерлік сыршылдығымен, оралымды тілімен, өрнекті
ойларымен, көркемдегіш-суреттегіш құралдарының молдығымен көзге түседі.
Әдетте  байыпты  ақындардың  бәрі  де  түрлі  ізденістен  бойын  аулақ
салмайды.  Бұл  ізденіс  өлең  түрлерін  кұбылтуға  да  тікелей  қатысты.   Бұл
саладағы  жетістікке  қол  жеткізу  бірер  жылдың  үлесі  емес,  ақынның  ондаған
жылдарға  өркен  жайған  ізденісінен  туатын  жеміс  екенін  де  ескеру  шарт.
Өлеңнің көркем компоненттері: ырғағы, ұйқасы, шумағы, тармағы, екпін сазы,
бейнелі  сөз  айшықтары  екені  мәлім.  Бұл  компоненттерсіз  көркем  шығарма  да
жоқ.  Поэтикалық  шығарманың  бейнелі  құрамының  бірде-бір  элементін  алып
тастауға болмайды. Көркем шығарманың материалы - сөз. Шығарма шаңырағы
сол  арқылы  көтеріледі.  А.М.Горький  –  сөзді  шығарманың  бастапкы  элементі
дейді. 
Мұзафар  Әлімбаевтың  бүкіл  ақындық  жолында  тапқан  өлеңдік  жаңа
түрлері бірсыпыра.
Поэзия  сыншылары,  жанашырлары  мен  табынушылары  ізденгіш
ақынның  игі  еңбегіне  ризашылық  білдіреді  әрі  жас  талапкерлер  мен
әріптестердің әрі қарай жалғастырарына да күмән болмас деп ойлаймыз.
63

3.2 М.Әлімбаев шығармарларының құрылысы мен құрылымы
Түрлік тұрғыдан алғанда Мұзафар Әлімбаев ұдайы ізденістегі ақын. Бұл
саладағы  қадамдары  да  табысты.  Тандаған  тақырыптың  көркемдік  мұқтажына
қарай  әр  жолдағы  буын  сандарын,  кейде  тармақ  санын  өзгерте  отырып,  жаңа
ырғақтар  табады,  өлеңнің  шумақтық  құрылымына  да  жаңалық  енгізеді. 
Жаңашыл  ақын  соңғы   жылдары  жалғыз  жолды  жырлар  жазумен   де
шұғылданды.  Бұл  Батыс  Еуропа  поэзиясында  қанат  жайған  дәстүр, ал  қазіргі
орыс  поэзиясында  сирек  үрдіс.  Ақынның  тәжірибесі  қазақ  поэзиясындағы  ең
алғашқы  қадам.   «Қазақ  әдебиеті»  газетінде  жарияланған  жалғыз  жолды
жырлардан  бірнеше  мысал  келтірейік:   «Айтылмағыш  ақиқат  аңсаттырғыш»,
«Шынарыңды  шыбық  деп  қомсынар  жат»,   «Тасырға  тас  атам  деп,  тарихқа
атпа», «Әр казақ көкірегінде — бір Кене хан», «Аздық ол қорлық емес — ездік
қорлық», «Шындық бір, адам біреу, пікір екеу» [6].
1994  жылы  «Ана  тілі»  газетінде  ақын  М.Әлімбаевтың  14  рубаидан
құралған  «Туған  тіл  туралы  төрттағандар»  деп  аталатын  тұтас  топтамасы
жарияланды.  Мұндай  топтама-рубаилар  —  қазақ  поэзиясындағы  жаңа  дүние,
көркемдік  табыс.   «Ана  тілі»  газеті  жариялаған  төрттағандар  топтамасынан
бірнеше мысал келтіріп көрелік:
Уақыттың желі аңызақ, күні кебір,
Заманның болмай тұр ғой мұңы жеңіл
Күн көрік, ай шырайлы Ана тілім!
Айнаңды сүрткім келер күніге бір.
Қадірін сұлу білмес өз көркінің,
Ару тіл жайлап жаяр саз толқынын.
Шәкірт күрд... Тілші жапон... Елші венгер...
Сұрайды қазақшалап сөз төркінін.
Жұпарлы қырда алуан гүлдер таптым,
Өміршең өзіміздің тілден таптым,
Tiл екен жемістісі, жұпарлысы.
Аялап халық баққан гүл мен бақтың [7] .
Бір  тақырыпқа  мұндай  топтамалар  тудыру  ұзақ  ізденісті,  асқан
ойшылдықты,  қиял  ұшқырлығын  талап  етеді.  Шынтуайтқа  келгенде,   «Күн
көрік,  ай  шырайлы  ана  тілім»,   «Ару  тіл  жайлап  жаяр  саз  толқынын»  деген
жолдардың  метафоралық-бейнелілік  сипаты  жаңаша.  Сондай-ақ  поэзиялық
мағыналас  сөздер  де  («жемісті,  жұпарлысы»)  ырғақтылығымен,  әуезділігімен
көңілде із қалдырады.
«Қазақ  елі»  газетінде  1996  жылы  қарашаның  22  жұлдызында  «Ой
моншақтары»  деген  атпен  жарияланған  «Қос  сөзді  өлеңдер»,   «Үш  сөзді
өлеңдер», «Төрт сөзді өлеңдер» көңіл аударатындай тың нәрсе. Мәселен, «Сөзің
64

- өзің», «обыр - содыр», «желге - сенбе» - бұлар қос сөзді өлеңдер. Енді үш сөзді
өлеңдерден мысалдар: «Құштарлық — арманды құшқандық». «Арқалы — өнер
дарқаны»  [8].  Ақын  шығармашылығында  айрықша  бір  орын  алар  ерекше  бір
кітапша  бар.  Ол  1996  жылы  «Ана  тілі»  баспасынан  жарық  көрген  «Өлең  -
сөздік».  деп  аталады.  Өлең  -  сөздік  әлемдік  тәжірибеде  әлі  орын  таппаған
дүние.   Мысалы:   «Ар  —  честь,  Бар  —  есть.  Золото  —  алтын,  Холодно  —
салкын» [11, 11-б]. 
Жарты ғасырдан  астам уақыт ішінде ауыз әдебиеті нұсқаларын жинаушы,
әрі зерттеуші ақын халықтан көп нәрсе үйренгенін дәлелдейді.
Көптеген келісті кестелердің бірі мынадай. Өлең 1969 жылы жазылған. 
Жердің 
Қойнындағы 
Жез.
Қазбасаң, 
кім алады?!
Елдің
Ойындағы
Сөз.
Жазбасаң, 
жоғалады [47, 180- б].
Автордың  айтуына  қарағанда  “осы  шумақ өрнекке  бірден  түскен”. Он  жолдық
дербес сыңар шумақ. Екі-ақ сөйлем. Аралас буынды ырғақ. Дауыс толқынының
еркін құбылуы бар.Тұтастық – бірлік бар.
Шумақтың схемасы: жолдары мына ретпен жалғасады – 2 буын –4 буын –
1  буын –3  буын –  4  буын –  2  буын –  4 буын – 1  буын –  3  буын –  4  буын.
Ұйқастардың реті: а-б-в-г-д-а-б-в-г-д.
Елін мақтаудан
Сақтанған,
Халқын қорғаудан
Қорғанған
Сорлы пендені
Көргім келмеді [47, 286-б].
Ырғақ түрінде өзгешелік бар, жаңа нәрсе. Өлең схемасы мынандай: 5 буын - 3
буын  - 5  буын  - 3  буын  - 5  буын  - 5  буын. Ұйқастары:  а-а-б-б-в-в.  Өлең  бір
деммен, бір тыныспен қағазға төгіле қалғандай: алты жол өлең - бір-ақ сөйлем.
Бұлбүл үнсіз,
Ғашық ділсіз,
Ақын жырсыз
Оңбас-ау.
Тарих сырсыз,
Халық тілсіз
Батыр мұңсыз
65

Болмас-ау [45, 31-б].
Сегіз жолдық шумақ, аралас буынды. Схемасы мынандай: 4 буынды – 4 буынды
–   4  буынды  –3  буынды  –   4  буынды  –4  буынды  –   4  буынды  –3  буынды.
Ұйқастары: а-а-а-б-в - в-в-б.
«Қорқыт  ата  толғауынан»  деп  аталатын  циклдағы  “Көп  пе?”  деген  жыр
кестесіне көз салсақ: 
Шөлде   
Құм көп пе?  
Менде  
Мұң көп пе? 
Белде 
Көр көп пе?  
Менде 
Шер көп пе? [47, 186-б].
Схемасы: 2 буын – 3 буын –2 буын –3 буын –2 буын –3 буын –2 буын – 3
буын. Ұйқастары: а-б-а-б-а-в-а-в
«Құлпытастағы жазбалар»:
Дананың жолы
Елден елге дейін.
Шаланың жолы
Үйден көрге дейін [42, 253-б].
Схемасы: 5 буын - 6 буын - 5 буын - 6 буын. Ұйқастары: а - б - а - б.
«Қанжар қынындағы жазбалар»:
Ез
Тумай жатып
Өледі.
Ер
Сырнайлатып жеңеді» [47, 220-б].
Схемасы: 1 буын - 4 буын - 3 буын -1 буын - 4 буын - 3 буын. Ұйқастары:
а - б - а - б. 
«Жол» атты өлең:
Жол
Шабытты шағым, нарлығым! 
Сол
Жолымды кеспе, тағдырым! [42, 24-б]
Схемасы: 1 буын - 8 буын - 1 буын - 8 буын. Ұйқастары: а - б - а - б.
«Өтірікті жасымда шылғи»:
Өтірікті жасымда шылғи 
ылғи
Тыңдаппын қисынына шұлғи
шұлғи.
Тауда жүріп батпақка батқандаймын,
66

Ақиқаттан ылдиға сырғи, 
сырғи.
Ақиқат — шың,
Өтірік — ылғи 
ылди... 
10  жолдық  тұтас  шумақ.  Он  жолда  бірыңғай  сегіз  ұйқас-үйлесім  бар.
Схемасы мынандай: 9 буын - 2 буын - 9 буын - 2 буын - 11 буын - 9 буын – 2
буын - 4 буын - 5 буын - 2 буын. Үйқастары: а-а-а-а-а-а-а.
«Жәй әшейін құлақ қағыс»:
Тірі жүрек, тұрам деп тас тұғырда
Жұлынба,
Ұрынба!
Ондайлардан із қалмаған ырымға 
бұрын да, 
шынында [70].
Алты  жолды  шумақ,  алты  тармағы  да  ұйқасады.  Схемасы: 11  буын  - 3
буын - 3 буын - 11 буын - 3 буын - 3 буын. Ұйқастары: а-а-а-а-а-а.
«Қаламым»:
Қаламым –
Өрмелеген қиялға 
Он бес жасар талабым. 
Қаламым –
Аясында әлемді
Сыйғызатын жанарым. 
Қаламым –
Жалпақ дүние алдында 
Жарқырайтын жамалым. 
Қаламым –
Есімімді өлімге
Алдырмайтын қамалым [45, 324-б].
12  жолды  шумақ  –  тұтас  өлең.  Схемасы:   3  буын  - 7  буын  - 7  буын  - 3
буын -7 буын - 7 буын - 3 буын - 7 буын - 7 буын - 3 буын - 7 буын - 7 буын.
Ұйқастары: а - а-а-а-а-а-а-а. 
«Жолда» өлеңінің шумағы:
Экспресс ауаны 
Жарады
Рельс кейін ағады 
Қалады [45, 373]
Схемасы: 7 буын - 3 буын - 7 буын - 3 буын. Ұйқастары: а - а - а - а. 
Мен бор болсам, 
Қандай үгер едің?! 
Мен көр болсам, 
67

Қандай күлер едің» [45, 416-б] .
Схемасы: 4 буын - 6 буын - 4 буын - 6 буын. Ұйқастары: а - б - а - б.
Батырлығын асырған батырлықтан, 
Қуат алған достық пен татулықтан. 
Тарихтың, 
Халықтың
Тұңғышымыз жүрекке жақын тұтқан [70, 18-б].
Схемасы: 11 буын - 11 буын - 3 буын - 3 буын -11 буын.             Ұйқастары:
а-а-б-б-а.
Тарихтың қатар өткен қанша жолын
Елдік десе,
Ерлік десе,
Самсар қолы
Нұр жүзді
Жұлдызды
Қазақстан - комсомолы,
Қазақстан - комсомолы бұл біздің [70, 22-б].
Схемасы: 11 буын - 4 буын - 4 буын - 4 буын - 3 буын - 3 буын - 8 буын - 8
буын - 3 буын. Ұйқастары: а-б-б-а-в-в-а-в.
Жан еркем,
таңертең
мені тос көрінгенде, 
Көрінгенде мені тос 
Ақ желкен [70, 52-б].
Схемасы: 3 буын - 3 буын -7 буын - 7 буын - 3 буын. Ұйқастары: а - а - а. 
Ерлік даңқы, 
Елдік салты
Еңбекші азаматқа мәңгі маяк 
Совет халқы [70, 58-б].
Схемасы: 4 буын - 4 буын -11 буын — 4 буын. Ұйқастары: а - а - б - а.
Ақ көңіл - аяулым,
Дархан той - базарлым, 
ақсұңқарым!
Аяла гүлімді;
Ұмытпа үнімді,
Бір жырла жырыңды,
 ақсұңқарым! 
Жадыра жаздай, 
Екі дос қаздай
Жұбыңды жазбай, 
жақсы жар! 
Қырда да бірге, 
68

Сырда да бірге,
Сында да бірге, 
ақсұңқар [47, 658-б].
Схемасы: 6 буын - 6 буын - 4 буын - 6 буын - 6 буын - 6 буын - 4 буын - 5
буын - 5 буын - 5 буын - 3 буын - 5 буын - 5 буын - 5 буын - 3 буын. Ұйқастары:
а-а-б-в-в-в-б-г-г-гд-е-е-е-д. Аса күрделі түр...
 «Аяжан» әні:
«Кімді ойлап жүдедің сен», 
Демеші біле білсең. 
Жалғанда тілегім сен, 
Жүрегім сен. 
Бағыма кез келдің ғой, 
«Сүйем» деп сөз бердің ғой, 
Әп-сәтте өзгердім ғой, 
Өзгердім ғой. 
Кдйырмасы: 
Аяжан қарындасым,
Іздесем табылмасым, 
Кім сені сағынбасын, 
Сарылмасын. 
Қасымнан табылғайсың, 
Қарындасым! [47, 678-б]
Бұл  да  аса  күрделі  түр  негізі  шумақ  пен  қайырма  14  жолдан  тұрады,
ырғағы құбылмалы. Бірақ көркемдік тұтастығына нүқсан келмеген. Схемасы: 7
буын - 7буын - 7 буын - 4 буын - 7 буын - 7 буын -7 буын - 4 буын. Қайырмасы:
7 буын – 7 буын – 7 буын – 4 буын – 7 буын – 4 буын. Ұйқастары: а-а-а-а-б-б-б-
б-в-в-в-в-в-в-в.
«Біздің класс» әні:
Қиялы қанатты,
Өнерлі талантты
Тату-тәтті.
Көр сен бәрімізді.
Тыңда әнімізді
Ертеңгі кілең ер –
Біз нағыз пионер
Мектебін жанындай сүйгендер [70, 129-б].
Схемасы: 6 буынды – 6 буынды –4 буын - 6 буын - 6 буын – 6 буын - 6 буын - 9
буын. Ұйқастары: а-а-б-б-в-в-в.
«Армиямыз айбынды» әні:
Күзетеді күлкіңді,
Бұздырмайды ұйқыңды
Шалқар панаң.
69

Қамқор саған.
Туған анаң –
Туған далаң сүйкімді [70, 130-б].
Схемасы: 7 буын - 7 буын - 4 буын - 4 буын - 4 буын - 3 буын. Ұйқастары: а-а-б-
б-б-а.
Дос елді көбейткен
Елшіден айнал.
Кеселді шөмейткен
Емшіден айнал [70, 454-б].
Схемасы: 6 буын - 5 буын - 6 буын - 5 буын.Ұйқастары: а - б - а - б.
Қайық білмегенін
Кемеден сұрайды.
Жас білмегенін
Көнеден сұрайды [70, 457-б].
Схемасы: 6 буын - 6 буын - 5 буын - 6 буын. Ұйқастары: а - б - а - б.
Шабыс қазанаттікі,
Намыс азаматтікі [70, 454-б].
Схемасы: 2+4 буын - 2+4 буын. Үйқастары: а - а.
Алты буыны тұтасымен үйлесім тапқан ұйқастар, анығырак айтсақ, төрт
сөз - төрт үйлесім.
«Суайт-Дуайт» атты өлең:
Табаға тұтас қуырған
Сыбаға жедім бұғыдан!
Деген кім?
Суайт-
Дуайт [47, 326-б].
Ойнақы  ырғақ.  Сұрау-жауап,  яғни  диалог  түрінде  жазылуы  ұтымды.
Схемасы мынандай: 6 буын - 6 буын - 3 буын - 2 буын - 2 буын. 
«Бал араның жыры» өлеңі:
Баратыным - қыр, 
Қонатыным - гүл. 
Теретінім - нәр, 
Беретінім - бал [47, 247-б].
Схемасы: 4 буын - 1 буын - 4 буын - 1 буын. 
Омар, Жұман 
Ұмар-Жұмар 
алысады 
Үйме-жүйме
Ілгек-түйме 
тағы ұшады [47, 396-б].
Схемасы: 4 буын -4 буын - 4 буын -4 буын - 4 буын - 4 буын. Ұйқастары: а-а-б-
в-в-б.
70

«Кішкентайлар тақпағы» өлеңі:
Сайран
Ішеді айран,
және 
Қайрат
Сұрайды қаймақ [47,401-б].
Схемасы: 2 буын - 5 буын. Ұйқастары: а - а
“Қызық аңшы” өлеңі:
Жаймайтын тор, 
Қазбайтын ор 
аңшы бар. 
Оқ атпайтын, 
От жақпайтын 
аңшы бар [47, 428-б].
Схемасы мынау: 4 буын - 4 буын -3 буын - 4 буын - 4 буын - 3 буын. Ұйқастары:
а-а-б-в-в-б. Алматыға арналған бір өлеңінде: 
Тәңірдей табындырасың да, 
Анамдай сағындырасың да, 
Жарымдай жалындырасың да, 
Баламдай сабылдырасың да, 
Толқиды жаным расында... [70, 9-б].
Схемасы мынау: 9 буын - 9 буын - 9 буын - 9 буын - 8 буын. Ұйқастары: а- а- а-
а - а.  Ұйқастар  6 буынды  қамтиды (соңғысынан басқасы). Қиыннан қиысқан
күрделі ырғак!
«Әнші мен бұлбұл»өлеңі:
Бала жырлайды
Бұлбұл тыңдайды.
Сағат тынбайды,
Уақыт зырлайды [70, 33-б].
Схемасы: 5 буын - 5 буын - 5 буын – 5 буын. Ұйқастары: а - а - а - а.
«Бейіт   басында»   деп   аталатын   Сұлтанмахмұт   Торайғыров   рухына
бағышталған жыр 1962 жылы жазылған.
Зердемізге қасиетті
Дана жыр —
Қаймықпаған сайыстан
Қалың жұртқа қасіретті
Қабырғасы қайысқан
Жанашыр [46, 121-б].
Алты жолдық, аралас буынды шумақ. Схемасы мынандай: 8 буынды - 3 буынды
- 7  буынды  - 8  буынды  - 7  буынды  -3  буынды. Ұйқастары:  а-б-а-а-в-б.  Талай
талапкерді, талай әріптесті қызықтырар түр. 
«Егіздер» атты өлеңнен: 
71

Екі тамшы аумаған! 
Бірақ бірі біреуінен мөлдірлеу. 
Екі қанат талмаған!
Бірақ бірі біреуінен селдірлеу [46, 221-б].
Схемасы: 7 буынды - 11 буынды - 7 буынды -11 буынды. Ұйқастары: а - б - а - б.
Кемел ойлау
Терең бойлау.
Тек соларға бұйыратын тағамдай.
Өңгелердің —
Пенделердің
Татуына тиым салар һарамдай [46, 225-б].
Схемасы: 4 буынды - 4 буынды - 11 буынды - 4 буынды - 4 буынды - 11 буынды.
Ұйқастары: а-а-б-в-в-б.
Тау
Дәу
Дәу
Тау [47, 410-б].
Бір  буынды  өлең.  Схемасы:   1  буынды  -1  буынды  -1  буынды  -1  буынды.
Ұйқастары: а - а - а - а.
37 түр. Жарты ғасырдан бергі ақындық ғұмыр ішінде осыншама өрнектер
табу - айтулы еңбек дерліктей.
Ырғактың  өлшемі   әр  алуан,  өлеңдері  қысқа  буынды,  орамды,  тез
қайырылып,  ойдан-ойға,  пікірден-пікірге  шұғыл  ауысып  отырады.   Мысалы
«Қайсысы қандай мекенде» өлеңін алайық:
Қоян жымда;
Бұлбұл бауда, 
Ұлар тауда. 
Балық суда, 
Бұлан нуда. 
Қой қотанда, 
Бөрі апанда. 
Суыр інде, 
Аю үңгірде. 
Аққу көлде, 
Байғыз шөлде. 
Адам елде,
Көкте, жерде [47, 462-б].
Төрт буынды өлең. Ақындардың ақынына ғана асу берер асқар белдей қиын да
күрделі ырғақ... 
«Бектің сөз қоры» 
           Нан берші!
           Бал берші!
72

           Сүт берші!
           Құрт берші! 
Үш буынды өлең. «Кімнің түсіне не кіреді?»өлеңі:
Мысықтың түсіне 
Қаймақ кіреді 
Шалғының түсіне 
Қайрақ кіреді... 
Сараңның түсіне 
Алтын кіреді 
Батырдың түсіне 
Халқы кіреді [47, 441-б].
6 буынды және 5 буынды  аралас ырғакты өлең.
Автор  жұмбақтары  мен  жаңылпаштарында,  өтірік  өлеңдерінде  ырғақ
алуандығы мол. 
Ұстап алып китті, 
Қосақтадым итті. 
6 буынды өлең. 
Мұз сүт 
Сүт мұз.
Екі буынды жаңылтпаш.
Дәу 
Дәу
Тау [47, 416] .
Бір  буынды  өлең.  Біз  басқа  ақындардан  мұндай  өлең  өлшемін  әлі  ұшыратқан
жоқпыз...
«Іздегенге  інжу  ілінер»  деп  ақынның  өзі  айтпақшы,  қашанда  қаламын
тыңға  салғыш  қаламгерлердің  бірде  болмаса  бірде  көркемдік  олжаға  қолы
жетері  даусыз  екенін  М.Әлімбаев  тәжірибелері  талай  рет  дәлелдеп  келеді.
Қайткенде  де  әйтеуір  бір  түр  шығарайыншы  деп  өзін-өзі  қинағандыктан  емес,
жаңа бір өлеңнің табиғаты, тынысы, көркемдік мұқтаждығы соны тілегендіктен
ғана  туған  түрлер  осындай.  Мұнда  зорлықтың  дүмпуі,  тізенің  тегеуіріні
колданылмағанын  әр  өлеңнің  емін-еркін,  кең  тынысынан,  жарасымды
құйылысынан-ақ сезіледі.
Ақын  шабытына  қанат  бітіріп  келе  жаткан  –  қазақтың  елдігі  мен  ерлігі,
халық  өмірі  мен  замандастардың  еңбегі.  М.Әлімбаев  поэзиясының    әлемі  -
туған  халқының  өшпейтін  өткен  тарихы  мен  бүгінгі  қазақтың  арман-аңсарын
бойына  бөктірген  сезімдер  мен  ойлар  әлемі!  Автор  поэзиясының
архитектоникасы  сол  сезімдер  мен  ойлар  комплексін  көркем  бейнелеуге
бағынған.
Ендеше,  Мұзафар  Әлімбаев  өлеңдеріндегі  ұйқас  жүйесі  бітімі  мен  өлең
саздылығына айрықша тоқталу қажет.
73

Ғалым 
З.Қабдоловтың 
мынандай 
ой-тұжырымдары 
М.Әлімбаев
шығармашылығындағы  кейбір  ерекшеліктермен  қабысып  жататыны  бар:
«Өлендегі әр сөз адамның жан-жүйесімен, көңіл-күйімен, сезім толқындарымен
өзекті  байланыста; ұйқас  пен  ырғақ  та,  шумақ  пен  бунақ  та, –  бәрі  де  осыдан
туған.  Өлеңдегі  әрбір  тыныс,  үн,  үзіліс  адам  жанын  тебірентпей  қоймайды.
Өлеңнің әр ырғағы мен бунағында көл-көсір сыр ұялап, сезім шалқып жатады.
Өйткені  өлеңдегі  әрбір  дыбыс  мәні  сөз  мәнін  әрі  толыктырады,  әрі
ауыстырады» [17, 255-б].
Елуінші  жылдардың  аяғын  ала,  алпысыншы  жылдардан  бастап,  ақын
М.Әлімбаев   өлең   түзіліміне  –  саздылығына,     ұйқас   мінсіздігіне,      ырғақ
еркіндігіне  баса  зер  салып,  зергерлікке  қол  жеткізе  бастағаны  байқалады.
Мұзафар  Әлімбаевтың  поэзиясын  шолғанда  оның  көркемдік  тәжірибесінен
түйетін бір жаңашылдық, артықшылық бар. Бұл - өлеңдерінің бәрінде дерлік ой
сіңіргендей сөздерді ұйқастарға кіріктендіретіндігі, өзі айтқандай «сөзге сіңген
сұлулықты»  толқындатып  жеткізетіндігі.  Бос  сөздік  пен  көп  сөздіктен  қазақ
өлеңін  арылту,  тазарту  жолындағы  ақын  күресінің  табандылығы  да  ұйқас
жүйесіндегі ұқыптылығынан да танылады...
Оныншы күн - үрейлі күн кешін мен.
Құтылдық-ау, жаным шошып үріккен
Алапаттай мейірімсіз «Мешіннен»,
Ол жылы мен он жаста едім, сол сапар
Өле-өлгенше өшпейтіндей есімнен» [45, 138-б].
Оқырманға кеңестік идеология цензурасы тиым салып айтқызбаған 1932 жылғы
аштықты  аңдату  үшін  автор  ескіше  жыл  қайырудағы  «мешін»  атауын  әдейі
ұйқасқа  қалап,  қиюластырып  отыр.  Ой  екпіні,  өлең  идеясының  сілтемесі
«мешін»  атауында... Қарақұмның  қапастан  бетер  шөл  даласын  суреттеу  қайсы
ақынға болсын оңайға соқпас шығар.
«Шөл шарлап өзегімді та
   л  дырған
 
    ем
Шалдықтым, қаталатты тандыр
 
    әлем
 
 » [42, 23-б].
Мына  метафора,  яғни  «тандыр  әлем»   -  керек  бейнені  келісті  тапқан.  Нан
жабатын тандырдай өртеніп жатқан дүние, әлбетте, шөлдің ми қайнатып миғұла
етер  меңіреулігін,  дүлейлігін  дәп  басып-ақ  айтқандай!  Себебі  «Тандыр  әлем»
метафорасы ұйқасқа енгізілген. 
«Шабыс қазанаттікі, 
Намыс азаматтікі» [42, 225-б].
Бастан-аяқ дыбыстық үйлесімділіктерге кұрылған ұйқастар түйіндемесін автор
сөздіктерден  сүзіп  алмаған  болар.  Әрі  бұл  –  ақынның  өз  жазғандарына
қарағанда  автордың  ешқандай  нақыл  сөзін  жазып  шығармағанын,  ауызша
айтқанын  ескерсек,   мұндай  үйлесім-үндестіктердің  табиғи,  жарасымды
жаратылыспен туғанын аңғару да қиын емес. 
«Адамның құлдырауы –
Ажалдың шыңырауы» [42, 273-б]. 
74

Бұл  да  астылы-үстілі  ұйқастар  шоғыры.  Ізденгіш     ақын     М.Әлімбаев     өлең
жолдарын   тұтасымен   күйлілікке,  саздылыққа  бөлейтінін  жоғарыда  келтірген
екі  мысалдан-ақ  байқауға  әбден  болады.   «Шабыс  қазанаттікі»  және  «Намыс
азаматгікі» — тереңдеу үңілсек, бұл өзі жеті буынды ұйқастар болып шығады.
Кейде  автордың  сегіз  буынды  тармақтарды  түгел  ұйқасқа  айналдырып,
өзара үйлестіретіні де қызықтырады.
«Аталаспен еншілес бол, 
Баталаспен көршілес бол» [42, 20-б].
Бұл әуенділікті екі қабатты үйлесімдер деп караған жөн. 
«Өміріңе достарың күйінбесін, 
Өліміңе дұшпаның сүйінбесін!» [42, 20-б]. 
Бастан-аяқ алты ұйқас - үйлесім! Ішкі ұйқастар да осында, басты ұйқастар да,
аяққы ұйқастар да осында.
Бұлар, әрине, үздіксіз ізденіс пен ұдайы толғаныстың жемістері.
«Асқақтайды жаңғырып, 
Алаштың бақ талайы 
Абай енді мәңгілік 
Адамзаттың Абайы!» [42].
«Әдеби  тілге  дауыс  ырғағы  емес-ау,  тіпті  дыбыс  қайталаулар  арқылы  да
әжептәуір  ажар  бітіруге  болады»  [17,   224-б].  Бұл  ассонанс  өзі  келіп
сұранғандай,  каламға  өзі  оралғандай   әсер   қалдырады...  Зорлықсыз-
зомбылықсыз, күштеусіз, тіземен тізілген емес, табиғи түзілген өлең жолдары,
әрі әр жол «А» дыбысынан басталған. Ассонанстың әдемі бір мысалын тағы да
келтірудің артыкшылығы болмас.
«Айналасы көк орман, 
Ақ сәулеге оранған 
Абылайдын алаңы, 
Ат шаптырым алабы» [42, 141-б].
Қысқа буынды (7 буынды жыр ағымындағы) өлеңнің бір шумағында 16 бірдей
«а»  дыбысының  кайталануы  аһ  ұрған  арманды  көкіректің  күрсінісі
аңғарылғандай әсер етеді.
Профессор,  филология  ғылымдарының  докторы  Серік  Негімов:
«Орнымен  үндескен  сөздер  әдеби  тілдің  өрнек  кестесіне  әдемі  ажар,  айшық
қосады.  Ассонанс  сөздің  интонациялық-музыкалык  мәнін,  экспрессивтік-
эмоцианалдық  бояуын  күшейту  ерекше  елеулі  тұстарды  дыбыстандырып,  ой-
сезімінің  әсерлігін  арттырады»[58, 127-б],  -  деп  көрсетеді.  М.Әлімбаев  та  әлгі
талаптарды, яғни дыбыстық гармонияны қатты сақтайды.
Енді аллитерацияға да М.Әлімбаев өте шебер. 
«Табытым жонар тақтайлар 
Терек пе, әлі көшет пе? 
Тартылмас жырым ақ қайнар! 
Тандырма ертең өсекке» [70] 
75

Төрт  жолы  да  төрт  бірдей  «т»  дыбысынан  басталуы  әрі  мәтіннің  ішіндегі
«тақтайлар» атауы. «Та» деген төрт буын қайталануы және «те» буыны — бәрі
қосылып шумаққа ерекше саздылык дарытқанын байқаймыз. Тағы бір мысал:
«Бақыт балынан тата алмағаннан сақтасын, 
Бабалар ауызынан бата алмағаннан сақтасын! 
Бақыт балынан тата алмағандықтан сақтасын, 
Балалар ауызында аталмағандықтан сақтасын» [42, 141-б].
«Өлеңге  аллитерация  мен  ассонанс  дарытқан  ажар  мен  әсер  сондай,  тіпті  осы
жолдарды  қазақша  түсінбейтін  аудитория  да  бір  сәт  қызыға  таңырқап,  тыңдап
қалуы  мүмкін»  [17, 224-б],  –  дейтін  З.Қабдолов  сөзі  дәл  осы  өлең  жолдарына
арналғандай.   “Бабалар,  балалар,  бақыт,  бал,  бата”  сияқты  бірыңғай  «б»
дыбысынан, оны айтасыз бірыңғай «ба» буынынан басталған сөздер шумақтағы
негізгі идеяны ашуға тікелей қызмет атқарып тұр.
Шағын  көлемге  шалқар  ой  сыйғызуға  талпыну  талантты  ақындардың
бәрінің басты мақсаты.. Сондай талантқа ерте бой ұрған табанды қайсарлардың
бірі  —  Мұзафар  Әлімбаев.  Кейде  ол  жалғыз-ақ  жолды  өлеңге,  кейде  егіз-екі
жолға  да  салмақты  ойлар  сіңдіре  алады.  Және  сол  сыңар  немесе  егіз  жолдар
дербес  өлеңдер  болып  шыққанына  оқырмандар  іштей  ырза  болады.
М.Әлімбаевтың  копшілік  ауызында  жүрген  өлеңдері  сондай  әрі  шағын  терең
ойлы туындылар. Мысалы:
«Түңілген қыз сығандарша бал ашар, 
Бал ашқызып, байға тиген адасар» [42, 119-б].
Бас-аяғы осы екі жол, қос тармақ.
Немесе:
«Дәм тартса қаз-қатар етер тағдыр, 
Данышпаныңды «су ми» деп шенер дәлдір» [42, 273-б].
Көк  пен  жердей  алыс,  от  пен  мұздай  кереғарлық,  екі  болмыс,  ізгілік  пен
сұрқайлылық тағы да қос жол өлеңнен көрініс тапқан. Әрі дербес шығарма.
Енді жалғыз жол өлеңнен мысал келтірейік:
«Сұрап алған сыйлықтың сүйкімі жоқ [42, 268-б].
Құнды  нәрсе,  қымбат  жиһаз  ғана  емес,  тіпті  мемлекеттік  сыйлыкты  жоғары
лауазымдылардың  алдына  барып,  жалбарынып  алғандар  да  кездесті  емес  пе?!
Соны автор өз ойында өрнектеп, үлкен мәнмен түйіндеген. 
«Қортықтың қолтығынан пана іздеме» [42, 266-б].
Ел  басқарып  отырып,  халқына  жақсылык  жасай  алмаған  жартыкештерді
жолықтырып, түңілген ақынның осындай қорытынды-тұжырым жасауы уытты,
ұтымды деуіміз дүрыс. 
«Іздегенге інжу ілігер» [42, 256-б].
Мәңгілілігі,  ойлылығы  өзі  бір  басқа.  Осында  өзгеше  көңіл  аударарлық  өзге
сапасы бар: ол бір жол өлең-нақылдың күйлілік, саздылығы, үнділігі! Не бары
үш сөзден құралған нақыл, әрі сол үш сөздің бәрі де «ү» дыбысынан басталған.
Ол аз болса, төрт қайталанған «і» дыбысы нақылға сондай бір жібектей жұмсақ,
76

барқыттай  биязылық  дарытып  тұр.  Жалғыз  «з»  және  сыңар  «ж»  дыбысы
болмаса,   өзге  дауыссыз  дыбыстардың  бәрі  де  («д»,   «г»,   «р»)   ұяң  дыбыстар.
Мұндағы  идеяның,  ойдың  өзінің  салмақтылығы  тек  осы  пішінді,  осы  бітімді,
тек осы образды (інжу іздеу) тілегендіктен осылай құйылған. 
«Жалқауға жақсылықтың жолы жабық» [42, 269-б].
Шалағайлар  мен  олақтардың  ауласынан  онша  алысқа  ауыса  алмай  жүрген
керенау-қырсаулардың  қырсығы  өзіне  тиетінін  ақын  жалғыз-ақ  жол  өлең-
нақылмен түйіндеген. Оның үстіне өлеңнің музыкалдығы айрықша төрт бірдей
«ж»  дыбысынан  басталатын  төрт  сөзден  бас  құрауы  нақыл  көркемдігін  аша
түскен.
«Кезегің келгенде кезен»
«Жоспармен жауын жаумайды» [42, 274-б].
Taп осындай саздылығы, үнділігі мен әуенділігі асып түрған жолдар лирикалық
өлендер ішінде де, поэма-дастандар мәтінінде де жиі кездесіп отырады.
«Тартып келем тағдырымнан тайынбай, 
Тартып келем талайлырақ 
Ертеңге» 
«Жасымнан жақсылармен жанастым да» [42, 10-б].
Өлең  сөзде  байланысу  тәсілдерінің  тақілеттестігінен,  өлең  тіліндегі  сөздердің
тіркесу амалдарының сәйкестігінен, алдыңғы бөлшектердің соңғы бөлшектерге
өлшемдестігінен,  соңғы  бөлшектердің  алдыңғы  бөлшекке  ұқсастық  табуынан,
ырғақ  жүрдектігіне  жүгінуінен,  мағына-мазмұнды  тереңдетуден,  ойды
өткірлеуден,  өлеңді  әуезге  құру  мақсатынан  сан  алуан  қайталаулар  түзілді.
Сөйтіп  өлең  өрімі  мен  өрнегінің  бір  бұтағы,  бір  қанаты  –  поэзиялық
қайталаулар болып есептеледі. Бұған ырғақтық-синтаксистік қайталау (яғни бір
грамматикалық тұлғадағы конструкциялар), шумақтық-синтаксистік (строфико-
синтаксическое 
повторение),   шумақ 
басындағы 
бірыңғай 
бастама
(строфическая  анафора),  рефрен,  дыбыс,  сөз,  сөз  тіркесі  қайталаулары  енеді.
Бұлар  ой-сезім  толқындарымен  етене  жақын.  Өлеңнің  көркемдік  бітіміндегі
қайталаулар  сөздік-образдық  жүйенің  ішіндегі  тілдік  құралдың  іріктелуіне,
сұрыпталуына,  ой  сүзгісінен  сүзіліп  шығумен  тамырлас,  сабақтас.  Міне,  осы
сұрыпталудан  әуенге,  сазға  ұласады.  Осындай  амал-тәсілден  туған  келісім
тыңдаушының  яки  оқушының  ақылы  мен  жүрегін  билейді.  Егер  мұндай
қайталаулар  лирикалык  кдһарманның  немесе  ақынның  жан-дүниесімен,  сезім
әлемімен,  ой  ырғағымен  көрінбей,  тек  қайталауларға  жүгінсе,  өлең  ажары
солғын, жадау тартады. Сөз тіркесі, сөз, дыбыс қайталаулары тудырған эмоция
өлеңнің  мазмұны  тудырған  эмоциямен  тығыз  тұтастықта  болуы  қажет.  Бұлай
болса  өлеңнің  мазмұны  ондағы  ой-сезім  тудырған  қайталаулармен  жымдаса
байланысады  да,  эмоционалдық  қасиетке  ие  болады.  Мұндай  қайталаулар
адамның өткір сезім күйлерінің қабылдауымен, ой тербелісімен, психологиялық
шындықпен  байланысқанда  ғана  эстетикалық  мәнге  ие  болады.  Екіншіден,
77

ақынның 
тіл 
байлығының 
қаншалық 
екендігін 
көрсетеді.
 Демек,
қайталаулардың түп-тамыры, түр байлығы тіл байлығынан туады.
«Дыбыс қайталама – біркелкі, не үндес дыбыстарды бірнеше рет қайталау
арқылы сөздердің бір-бірімен үйлесімділігін арттыру тәсілі. Әсіресе, өлеңде жиі
қолданылады. Өлеңдегі ұйқастың өзі де біркелкі не ұқсас дыбыстарды қайталау
негізінде пайда болатын сөз үйлестігінің бір түрі ғана. Ал дыбыс қайталама сан
килы болып келеді. Өлең ұйтқысы секілді тармақтардың алдында ғана емес, кез
келген жерде кездесе береді. Және қатарынан бірнеше сөздерді қамтуы мүмкін»
[54,   82-б].  Бұл  тәсіл  ақын  М.Әлімбаев  шығармаларында  да  жиі  кездеседі.
«Бүгінгі қазақ толғауы» деген шығармасындағы:
Қазақта көршілерін мүйіздеу жоқ,
Жабысып сүймегенге «Сүйгіз» деу жок,
Сыйға-сый... сыйласқанды, сыйлағанды
Сыйлаймыз... сыйладық деп
Сый  іздеу  жоқ   –  [45,   555-б],   –  деген  жолдардан  «с»  дыбысының
ерекшеленіп он мәрте қайталануынан идея мазмұны ашыла түседі.
Бірыңғай  бастаманы  (анафораны)  айшықгаудың  үлгісі  ретінде  ақын
М.Әлімбаев  өз  поэзиясында  жиі  қолданды.  Мәселен,   «Жазығың  сол»  деп
аталатын өлеңі партизан жазушы Әди Шәріповке арналған:
«Жазығың» – баласы болғаның қажының,
«Жазығың» – адалдан табылған азығың.
«Жазығың» – демеуің: «Зорлықтан қажыдым»
«Жазығың» – ақ жарқын сарқылмас әзілің.
«Жазығың» –айнымас әділет қазығың,
«Жазығың» – шырғалаң шындықты жазуың,
«Жазығың» – сұмдарға батырар азуың,
«Жазығың» – билігі әдеби қазының.
«Жазығың» – жек көру адамның азуын,
«Жазығың» – жолатпау кәрілік әжімін,
«Жазығың» – артында көптігі әз інің,
«Жазығың» –менің де арнау жыр жазуым.
Өзіндей ағасы барына мәз інің [45, 266-б]. 
М.Әлімбаевтың  шеберлік  сырларына,  ақындық  зертханасына  үңілер  болсақ,
ойды,  сөзді  ширатып  ұстарту,  ырғағын     келістіріп  құру, интонационалдық-
мелодиялық  толқынын  мәнерлеп,  әсерлеп,  күшейтіп  отыру,  сыр-сезімін
терендету, ұйқас  сұлулығына  ұмтылу  басты  парызы,  машық  дағдысы.  Демек,
өлеңді өңдей білу де – өнерлік іс.
Кейбір ақындар, мысалы Олжас Сүлейменов, бұрын жазылған өлеңдерін
кейініректе  өзгертіп  өңдеуге,  қысқартып  ықшамдауға  қарсы  екен.  Ал  Мұзафар
Әлімбаев  бұл  тұрғыда  баскаша  ойлайды,  сәті  түскен  мезетте  солғындау,  сөлі
аздау өлеңдерді әрлендіруді, нәрлендіруді парыз санайды.
78

1942  жылы  майданда  туған  «Ер»  деп  аталатын  өлең,  яғни  автордың  19
жасындағы туындысы тұңғыш жинағы «Карағанды жырларында» басылған:
Ауыртпалық түскенде 
Ер арқалар ел жүгін. 
Өз өмірін пида етіп, 
Ұзартар ел өмірін [46, 107-б]. 
Ысылмаған  қаламның  ысқаяқ  жолдары  деуге  болады,  кезекті  ұйқаспен  ғана
жазылған,  әрсіз,  әлжуаз...  Соны  кейін  байқаған  автор  қаламы  төселген  шақта,
арада  жиырма  жылдай  уақыт  өткенде  қайтадан  жазған. «Балдәурен,     шіркін,
балалық»   атты   тандамаларында жарияланған нұсқасын салыстырып көрелік:
Ер арқалар ел жүгін, 
Ауырлықты елер ме?! 
Ұзартар ел өмірін, 
Өз өмірін берер де [47, 223-б]. 
Бұрынғы  нұсқадан  екі  жолы  өзгертілмей  сақталған  да,  екі  тармағы  атымен
түгелдей жаңаланған. Өлең түрі енді шалыс ұйқастарға бөленген. Әрине, екінші
нұсқа  қай  жағынан  карасақ  та  бұрынғысынан  әлдеқайда  артық,  құлаққа
жағымды,  көкейге  қонымды.  Қаламгер   өз   шығармаларын   қайта   қараудан,
түзетуден,    өңдеуден,  жетілдіруден  ешқашан  ұтылмайды,  керісінше  ұтады.
Әрине, түзету үшін түзетпеу керек...
Қымбатты бағалай білетін принципшіл акын М.Әлімбаев барша жазғанын
бас  салып  жөндеумен,  өңдеумен  болады  деген  сөз  емес.  М.Әлімбаев  қалам
тәжірибесіздігінен  кеткен  қапысының  ізін  қалдырмай  өшіруге,  әр  өлеңін
ажарландыра  түсуге  ұқыпты.  Мәселен, «Жаңбырдан  кейінгі  бақша»  атты  өлең
сонау  1954  жылы  жазылған.  Алғашқы  нұсқасы  «Құрбыма»  атты  жинақта
жарияланған.
Аспанда бұлтты үйіріп,
От шашып жасыл ойнады.
Жаңбырмен бақша жуынып,
Шомылып шығып жас ару, 
Жасыл шапан жамылған секілді. 
Қайда көз алу
Моншақты алма бағымнан! [46, 130-б].
Алғашқы шумақтың   соңғы жолында ырғақ бұзылған, яғни жеті буынды болып
шыққан. Сондыктан автор «соң» деген сөзді «кейін» деген сөзбен алмастырған.
Екінші шумақтың екінші жолында да ырғақ шарты сақталынбаған. Сол себепті
ақын «жасыл» деген екі буынды анықтағышты «жап-жасыл» деп толықтырып,
үш  буынды  бунаққа  айналдырған.  Екінші  шумақтағы  «Моншақты  алма
бағымнан»  деген  тармақты  ыңғайсыз  деп  табады.   «Моншакты  алма»  тіркесі
құлаққа жағымсыз. Жалпы «моншақты бақ» деу де ұтымдылық сияқты. Автор
енді  мұны  «Сыршыл  да  сұлу  бағымнан»  деп  өзгертеді.  Әлгі  өлеңнің  1983
жылғы таңдамалының 1 томындағы өңделген нұсқасы мынандай:
79

Аспанда бұлтты үйіріп,
От шашып жасын ойнады. 
Жаңбырмен бақша жуынып, 
Жаңбырдан кейін жайнады. 
Шомылып шығып жас ару, 
Жап-жасыл шапан жамылған секілді, 
Қайда көз алу
Сыршыл да сұлу бағымнан! [47, 170-б]
Сонымен  8  жол  өлеңнің  тең  жартысы  өзгеріске  ұшыраған...  Өлең  көріктене
түскен. Сыр шертетін бақша, яғни «Сыршыл бақ» лирикалық кейіпкердің қимас
сәттерін,  сүйікті  сүйгенімен  бірге  өткерген  сағаттарын  еске  салатын  бақ.
Жаңбыр шайып жасыл көркі ашыла түсіп, сұлуланған бақша көз алдыңа келеді.
1954 жылы жазылған «Сол перронда тұрмысың» деген өлеңнің қаншалық
жаңарып,  жақсарғанын  көру  үшін  алғашқы  нұсқасын  «Құрбыма»  өлеңдер
жинағынан келтірелік (1954)
Көзі жаста қыз перроннан кеткен жоқ,
Поезд әлі семафордан өткен жоқ.
Жаңа ғана қыз ернінен тиген дем
Сұр жігіттің бетінде әлі кепкен жоқ.
Абыр-дабыр купе іші қарбалас,
Әлі жүктер жайғасқан жоқ аралас.
Махаббатың енді маған арам ас...»
Блокнот арасынан алынды,
Қыз суреті жанары отты, жалынды.
Төрт бөлінді қайран сурет «махаббат»
Қоқыстардың жәшігіне салынды.
Елемеді мөлдір қара көзіңді
Теңеп кетті көлеңкеге өзіңді.
Еске алмады сұр жігітің — сүйгенің
Бір кездегі тәтті назды сезімді.
Кездескенде аңқау едің әлі жас:
Деп едің-ау «Мұның адал жаны рас»...
Төрт жылда сен нені аңғардың, нені ұқтың,
Сол перронда тұрсың ба әлі, қарындас?.. [45, 126-б] 
Бұл   нұсқада   өлең   қаратпа   сөз   қалпында   жазылса,   өңделген  нұсқасында
үшінші  жаққа  ауыстырылғанын  көреміз.  Сол  себепті  өлеңнің  аты  да
ауыстырылған:   «Әлі  тұр  ма  перронда...».  Жиырма  жол  өлеңнің  15  жолына
өзгеріс  енгізілген,  соның  алты  тармағы  түгелдей  қайта  жазылған.  Өлеңде
опасыз  жігіттің   образы  айқындала  түскен.  Енді  соңғы  өлеңдегі  өңделген
нұсқаны түгел келтірелік: 
Көзінде жас қыз перроннан кеткен жоқ.
Поезд әлі семафордан өткен жоқ.
80

Жаңа ғана кыз ернінен тиген дем,
Сұр жігіттің бетінде әлі кепкен жоқ.
Абыр-дабыр купе іші қарбалас,
Әлі жүктер жайғасқан жок – аралас.
Жігіт сөзі ұшты бірге түтінмен:
«Махаббатың енді маған арам ас».
Қалтасынан қыз суретін ұрлана,
Суырды да қақ айырды сұрлана.
Өткеніне нүкте қойып, «махаббат»
Лақтырылды қоқыс төккен урнаға.
Шығарды естен мөлдір қара көзін де,
Теңеп кетті көлеңкеге өзін де.
Үміт лағып метеориттің тасындай
Жоғалғанын сорлаған қыз сезді ме?!
Кездескенде аңғал еді әлі жас,
Деп еді қыз:
«Мұның адал жаны рас»...
Екі жылда нені аңғарған, нені ұққан,
Сол перронда әлі тұр ма қарындас?.. [47, 19-б]
«Махаббат» «Қоқыстардың жәшігіне салынды» дегеннен гөрі: «Махаббат»
Лақтырылды   қоқыс   төккен   урнаға,  -  деу   уытты,   өткір...  Алғашқы  өлеңнің
«Махаббатың енді маған арам ас» - деген тармақ: «Махаббатың маған енді арам
ас»  болып  өзгергенін  көрдік.  Екі  сөздің  орны  алмастырылған.   Алғашқы  екі
бунақтың  «ма»  буынымен  басталуы  өлең  жолына  саздылық,  әуенділік  бітіріп
тұр.
Тұңғыш нұсқа жарияланғаннан кейін, араға төрт жыл салып барып, 1958
жылы  өңделуі  автордың  жас  кезінің  өзінде-де  ақындық  еңбекке
жауапкершілікпен  қарағанын  байқаймыз. М.Әлімбаевтың  «Зағип»  деген  өлеңі
1967 жылы жазылған. Сол туынды 1983 жылғы таңдамалыға да көлемді 36 жол
енген. 1996 жылғы шығармалар жинағында өлеңнің 24 тармағы қысқартылып,
12 жолы ғана қалдырылған.
«Құрбыма»  атты  екінші  жинақтан  автор  өз  қорына ұзынды-  қысқалы  18
өлең ғана таңдап алып, өзгелерін шығармалар жинағына енгізбеген. 
Қорыта  айтқанда,  ақынның  ақындық  лабораториясымен  танысқысы
келген  оқырмандар  М.Әлімбаевтың  бұрын  жарық  көрген  жекелген  кітаптарын
1996 жылғы шығармалар жинағымен салыстырып қараса, қилы-қилы қызықты,
ғибратты  әдеби  деректерді  табары  сөзсіз.  Мұзафар  Әлімбаевтың  өлеңдеріне
жіті  қадалған  оқырман  оның  өз  творчествосына  оқтын-оқтын  оралып,  өзі
байқаған  осал  тұстарды  әрлеп,  ой-идеясын  тереңдеткенін  жіті  байқай  алады.
Бұл  үрдіс  әсіресе  әдебиеттің  жас  ұрпағына  жақсы  үлгі,  өнер  сабақтары,  тіпті
шығармашылық мектеп деуімізге әбден болады.
81

М.Әлімбаев  өлеңдерінің  буындық  құрылысын,  бунақтардың  реттесу
сипатын,  дыбыстық  гармониясын,  сөз  бен  саздың  келісімін,  поэзиялық
кдйталаулар  сырын  саралағанда,  салмақтағанда  туған  нәтижелер  осындай
сипатта болып келеді.
82


1   2   3   4   5   6   7


©emirsaba.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал