"ДАЛА УӘЛАЯТЫНЫҢ ГАЗЕТІ" - 1888 жылдың 1 қаңтарынан 1902 жылдың 12
сәуіріне дейін Омбы қ-нда қазақ, орыс тілдерінде "Акмолинские областные ведомости"
газетіне қосымша ретінде шығып тұрған ресми газет. Оның жарыққа шығуы 1882 ж. құрамына
Ақмола, Семей және Жетісу облыстары кірген Дала ген.-губернаторлығының құрылуымен
байланысты болды. Газеттің басты мақсаты жергілікті халықты үкімет жарлықтарымен
таныстырып отыру болды. Қазақшасының редакторлары - Ешмұхамед Абылайханов пен
Дінмұхамед Сұлтанғазин. Газеттің ресми бөлімінде патша үкіметінің, жергілікті ұлықтардың
бұйрық-жарлықтарын, заңдарын, әкімш. басқару істерін жарияласа, биресми бөлімінде
Ы.Алтынсарин, Ш.Уәлиханов туралы деректер. Қазақтың сол кездегі оқыған ойшылдары,
зиялы ғалымдары Абай, Шәкерім, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Д.Сұлтанғазин, А.Құрманбаев, Р.
Дүйсенбаев, Ә.Бөкейханов, С.Шорманов. т.б-лардың шығармалары, мақала-хабарлары,
хаттары, олар жинаған әдебиет нұсқалары басылды. Сонымен бірге қазақ халқының сол кездегі
саяси-әлеум., мәдени- ш. хал-жайы, өткен тарихы, ауыз әдебиетінің ертедегі нұсқалары ("Қозы
Көрпеш - Баян сұлу", "Нәрік батыр", "Еңлік - Кебек", "Бозжігіт", Алдаркөсе, Жиренше шешен,
Қожанасыр аңыздары. Шығыс сюжеттері "Мың бір түн", "Шаһнаме", "Фархат - Шырын"),
мақал-мәтелдер, жұмбақтар, орыстың белгілі ақын-жазушыларының кейбір шығармаларынан
аудармалар жарияланған. "Д. у. г." басында көлемі 1/2 б. т. болып 4 бетке басылып тұрған.
1888 жылғы 8-санынан бастап газет көлемі көбейтіліп тұтас бір баспа табаққа жетіп, 8 бет
болып шыға бастаған. 4 беттік сандарында газет беті екі бөлікке бөлініп басылған. Сол жақтағы
1 - бөлігіндегі араб әріптерімен жазылған қазақша мақалалар, оң жақтағы 2-бөлігінде орыс
тіліндегі материалдар басылған. Ал 8 беттік нөмірлерінде алғашқы төрт беті түгел қазақша,
қалған төрт беті орысша басылған. "Д. у. г." аптасына бір рет шығып тұрған. "Д. у. г-нің"
түпнұсқадан түсірген фото-көшірмелері Қазақстанның Орт. ғыл. кітапханасының сирек
кітаптар бөлімінде сақтаулы. Сол фотокөшірмелер негізінде Ү.Субханбердинаның
құрастыруымен "Д.у.г-нің" материалдар жинағы 150 б.т. тұратын 5 кітап болып басылып шықты. ДАНА (парс. - білгір) - білімі мен тәжірибесі мол, рухани әлемі бай, ой-сезімі сергек тұлға.
Қазақ ұғымында "ақылды, парасатты, рақымды кісі" деген мағына береді. Д-лардың өнегелі
өмірі, ғибратты сөздері мен тағылымды іс-әрекеттері - жекелеген топтың, не әлеум. жіктің
еншілері, мирасы емес, барша адамзаттың рухани игілігі. Өмірдің өткінші қызығына еліктемей,
адамзаттың қарапайым әрі мәңгілік мұраттарын аңсар тұтқан қазақ даналары деп Қорқыт Ата, Қожа Ахмет Иасауи, Әбу Наср әл- Фараби, Асан қайғы, Абай, т.б. айтуға болады. Олар -
рухани кемелдік сатысына көтеріліп, жан сарайы мен тән тұлғасын тазартқан сайын болмыстың
сырын ұғып, пәни мен бақидың мәнін түсіндіру арқылы адамзат ұрпағын шапағатқа бөлеуді мақсат
тұтып ғұмыр кешкен.