Н. УӘЛИҰлы фразеология және тілдік норма Алматы 1 Н. У


Дистакт немесе фразеологизм сыңарларының арасынан сыналап



Pdf көрінісі
бет6/11
Дата29.12.2016
өлшемі0,6 Mb.
#710
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

Дистакт немесе фразеологизм сыңарларының арасынан сыналап
сөз   ендіру.  Қазақ   тіліндегі   бір   алуан   фразеологизмдердің   құрылымы
бітеу  болып,   сыртынан   сыналап   сөз   қосуға   көне   бермейді.   Ал   кейбір
фразеологизмдер,   керісінше,   сыңарларының   арасында   бөтен   сөз
тұрғанмен,   өздерінің   тұтастығын   бұзбайды:  тығырыққа   тіреді   –
тығырыққа әкеп тіреді; кіндігі үзілмеген – кіндігі баяғыдан үзілмеген;
тарамысына ілінген – тарамысына әрең ілінген т.б.
Тілдік   қолданыста,   әсіресе   поэзияда,   кейбір   тұрақты   сөз
сыңарларының   арасына   сыналып   сөз   ендіру   баяғыдан   бар   құбылыс.
Оған   кез   келген   көркем   шығармадан   көптеп   мысал   келтіруге  болады.
Бірақ әңгіме сол сөздердің тұрақты сөз орамының мағына тұтастығына
нұқсан   тигізбей,   қайта   жымдасып,   үндестік   табуында   ғой.   Мұндайда
Мұхтар Әуезов – шебер жазушы. Тұрақты сөз орамдарының құрамын
кеңейтіп,   жаймалап   қолдану   құбылысына   жазушы   шығармасынан
мынадай   мысал   келтіре   кетуге   болады:  Бәрі   де   тіреліп   қалды.   Ат
тұмсығы   бір   бітеу,   меніреу   қабырғаға   тірелген   сияқты.   Жалтара
алмады,   үндемеді  (Абай   жолы).  Бұл   жерде   жазушы   ел   жуандарының
тұйыққа қамалып, уәжден жеңіліп, мысы құрып отырғанын кейіптеген.
Болымсыз мәндегі фразеологизмдерді болымды мәнде немесе
керісінше   қолдану.   Қазақ   тілінде   фразеологизмдердің   тек   болымсыз
тұлғада   жұмсалатын   түрлері   бар.   Ондай   фразеологизмдерді   болымды
тұлғада қолдану фразеологиялық нормаға қайшы келеді. Мысалы: адам
айтқысыз, қулығына найза бойламайды, ізетке найза бойламайды, жар
құлағы   жастыққа   тимеді;   алты   аласы,   бес   бересі   жоқ;   сайда   саны
жоқ,   құмда   ізі   жоқ  т.б.   Бұларды   болымды   тұлғада   немесе   болымды
мәнде   жұмсасақ,   онда   олар   мағынасыз   тіркеске   айналады.   Дегенмен
фразеологизмдердің   жалпы   тілдік   қолданыста   тұлғасы   жағынан   әрі
болымды, әрі болымсыз күйде жұмсалатын түрлері де бар. Мысалы: ай
десе аузы жоқ, күн десе көзі жоқ – ай десе аузы бар, күн десе көзі бар;
56

тебесі көкке жетпеді  –  төбесі көкке жетті; тілде тиек жоқ, ерінде
жиек жоқ – тілде тиек, ерінде жиек бар деймісің т.б.
Әдетте жазба тіл дағдысына ендеп ене қоймаған, ауызекі тіл аясында
жүрген   кейбір   тұрақты   орамдардың   сөз   саптауда   мағыналық   жақтан
құбыла   беруі   мүмкін.   Мұндай   қолданыстарда   жақсының   жаман,
жаманның   жақсы,   ақтың   қара,   қараның   ақ   т.б.   болып   өзгере   кетуі   де
ғажап   емес.   Ауызекі   тіл   орамдарына   тән   осындай   ерекшелік   жазушы
қаламынан қаға беріс қалмаған. «Абай жолы» романында немересімен
сағынып   кездескен   әже   сөзін   жазушы   сөйлеу   тілінің   осы   айтылған
өзіндік ерекшелігіне сәйкес берген. Мысалы: Жаман неме маған бұрын
келмей, әкеңе кеттің-ау! Жаман дей беріп, қасына, құшағына немересі
барғанда,  жаман   неменің  артынан   ілезде:  –  Қарашығым,   қоңыр
қозым... Абайжаным.., - деп кемсеңдеп, жылауға айналып кетті  (Абай
жолы).  Е,   жүр-дағы  жынды   неме.   Бүгін   осында   маза   бермеген   соң,
әжең екеуміз куып шыққамыз - деп әжесіне нұсқады (Абай жолы). Бұл
мысалдардағы жаман неме, жынды неме төл мағынасындағы тіркестер
емес. Мәселен, дәл осы жерде бұл қарапайым атаулар өзгеше контекстік
мағынаға ие болып, тек ерке, шолжаң ұлға айтылып тұрған ананың зілі
жоқ сөзіне айналған. Мұндай құбылмалы тіркестердегі машықты мағына
«уақытша  ұмытылып» жағымды  оң, басқаша   сипат  алуы  эксперссивті
әсер   дарытудың,   сөзді   «тірілтіп»,   тілді   жандандыра   түсудің   тағы   бір
тиімді тәсілі болып саналады.
Фразеологиялық   орамдардың   орнын   алмастырып   қолдану.
Әдетте фразеологизмдердің құрамына енетін орамдардың орын тәртібі
бекем болып келеді.  Ит мініп, ирек қамшылап; арқа еті арша, борбай
еті борша; иір қобыз, жарық жұлдыз  дегендердің орнын алмастырып
қолдану   дағдыда   жоқ   болса,   кейбір   осы   тәріздес   фразеологизмдердің
орамдары   алмасқан   күйде   қолданыла   береді:  бес   бересі,   алты   аласы
жоқ  алты аласы, бес бересі жоқ; ерді намыс, қоянды қамыс өлтіреді
  қоянды   қамыс,   ерді   намыс   өлтіреді;   алалы   жылқы,   ақтылы   қой  
ақтылы қой, алалы жылқы т.б.
Фразеологизмдердің лексикалық құрамын ауыстырып қолдану.
Кейбір фразеологиялық бірліктердің сыңарларын синонимдермен немесе
мағына өрісі бір (бір тақырыптың аясына жататын) сөздермен ауыстыру
жалпытілдік қолданыста кездесіп отырады. Мысалы: сөз қатпады  тіл
қатпады    үн   қатпады;   қанаты   бүтін   сұңқар   жоқ,   тұяғы   бүтін
57

тұлпар жоқ  қияғы бүтін сұңқар жоқ, тұяғы бүтін тұлпар жоқ; тілі
мірдің оғындай  сөзі мірдің оғындай  даусы мірдің оғындай; қуда сүт
жоқ, жылқыда өт жоқ    құста сүт жоқ, жылқыда өт жоқ; тәңір
жарылқасын  құдай жарылқасын т.б.
Сонымен,   фразеологиялық   бірліктердің   белгілі   бір   сыңарларын
түсіріп  қолдану  (эллипсис),  олардың  лексикалық  құрамының  арасына
сыналап   сөз   ендіру  (дистакт),  фразеологиялық   единицаларды
сыйыстырып қолдану (контаминация), фразеологиялық единицалардың
лексикалық   құрамын   жаймалап   қолдану  (плеоназм)  т.б.   жаңғыртулар
көбінесе   квантитативті   өзгеріске   негізделгендігі   байқалады.
Фразеологизмдерді   қолданудағы   бұл   ерекшеліктерді   тек   бір   ғана
жазушының  тіл   өрнегіне   тән   деуге  болмайды.   Тек   көркем  сөз   зергері
ғана емес, өзге де қалам иелері мұндай жаңғыртуларды өз ықтиярынша
қолдана   беруі   мүмкін.   Жалпытілдік   қолданыста   ұшырасатын
жаңғыртуларды   сөзді   көркемдеуде,   стильдік   өң   беруде   орны   ерекше
болғанмен, оларды автордың қаламына тән ерекшелік деуге болмайды.
Сондықтан бұларды фразеологизмдерді түрлендірудің дағдылы, нормаға
кайшы   келмейтін   түріне   жатқызамыз,   ал   жазушының   белгілі   бір
мақсатқа негізделген қолтума түрлендірулерін олардан бөлек қараймыз.
* * *
Халық   даналығына   толы   мақал-мәтелдер,   айшықты   идиома
айтылмақ   сөзді   жандандыра   түседі.   Тіпті   жай   ғана   сөйлеген   сөзде
фразеологизмдердің экспрессиялық-эмоциялық әсері айрықша байқалып
тұрады.  Ал жазушының  көркем  тіл кестесіне  түскен  фразеологизмдер
сөзді бейнелі, өтімді және нанымды етудің стильдік құралына айналады.
Жазушы қаламы мұндай құралды әр қилы мақсатта түрліше қолданады.
Фразеологизмдер   заттар   мен   құбылыстардың   атын   дәл   беруде,   сөзді
түрлендіруде, айшықты етуде автор сөзінде де, тілдік стильдік сипаттама
беру мақсатында кейіпкердің сөзінде де өзінің «табиғи» мағына, реңкі
бойынша   жұмсала   береді.   Мұндай   қолданыста   фразеологизмдер   өзіне
тән стильдік-экспрессиялық қасиетімен сөзді түрлендіріп, айшықты етіп
тұрады.
58

Қазақ   тілінде  сай-сүйегі   сырқырады  деген   фразеологиялық   түйдек
бар. Ол «тұла бойы ауырды, тұла бойы тітіреді, жүйені босатты» деген
мағынаны білдіреді. 
Көз салсаң әннің көркіне, 
Ән Жамалдың еркінде. 
Сай-сүйегің сырқырар, 
Шырқаса Жамал желпіне (Қ.Айнабеков). 
Осы фразеологизмді көркем проза тексінен де кездестіреміз. Зеңбірек
пен   танк   гүрілінен   тас   үңгірдің  сай-сүйегі   сырқырағандай,  сенің
денеңде де болмашы діріл сезіледі (Ғ.Мүсірепов. Қазақ солдаты). Бұл екі
контекстегі   фразеологизмнің   лексика-семантикалық   құрылым-құрамы
жағынан бір-бірінен еш айырмасы жоқ деуге болады. Бірақ екеуінің әсері
екі   басқа   екендігі   қалай   да   сезіліп   тұрады.   Бірінші   контекстегі
фразеологизм адамға қатысты айтылып, дағдылы қолданыста жұмсалып
тұр.   Ал   екінші   контексте   тосын   халге   түсіп,   дағдылы   қолданыстан
ауытқыған:   жанды   затқа   тән   іс-әрекетті   жансыз   нәрсеге   теліп   айту
айрықша   әсер   тудырып   тұр.  Үңгірдің   сай   сүйегі   сырқыраған  деп,
жансызды   жандыға   айналдыру,   жанды   нәрсенің   бойында   болатын
психологиялық күйді жансызға телу тәсілі оқырманның нақты сезімді
қабылдауын   күшейте   түседі.   Осыған   ұқсас   тағы   бір   мысал:  Жанат
қанша елемейін десе де, уылжыған ұятқа қол сұғуын қоймайды жұрт
(Ғ.Мұстафин.   Миллионер).  Қол   сұқты  тұрақты   тіркес   әдеттегі
қолданыста   «біреудің   затын,   дүниесін   суық   жолмен   иемденді»   деген
мағынаны   білдіреді.   Бұл   –   фразеологизмдердің   дағдылы   қолданыста
жұмсалуы. Жазушы тұрақты сөз тіркестерін көркем тіл кестесінде ұзына
бойы  дағдыдағыдай  жұмсай бермей,  одан  әдейі  ауытқып отырады   да,
фразеологизмнің  экспрессиялық-стилистикалық  әсерін  күшейте  түседі.
Уылжыған ұятқа қол сұқты деп, жазушы дерексіз ұғымды (ұят) көзбен
көріп, қолмен ұстағандай нақты затқа айналдырады.
Фразеологизмдер   жеке   сөздер   (лексикалық   единица)   тәрізді
сөйлемдегі   белгілі   бір   сөздермен   мағыналық   үйлесім   қуалай   отырып
тіркеседі.   Мысалы  қол  сөзі   тематикалық   аясы   бір   сөздермен   ғана
тіркеседі:  қол   созды,   қолына   алды,   ұзын   қол,   қолмен   ұстады  т.б.   Ал
терең қол, жасыл қол  деп айтуға болмайды, өйткені сөздің мағыналық
үйлесімі   бұзылады.   Фразеологизмдер   де  осы   тәрізді,  мағына  жағынан
үйлесетін   сөздермен   тіркеседі.   Мысалы,  қолқа   салды  деген
59

фразеологиялық түйдек аға, іні, жолдас тәрізді тематикалық бір өрістегі
сөздермен   тіркеседі:  ағасына   қолқа   салды,   жолдасына   қолқа   салды;
жолдасына   қолқа   салды  т.б.   Алайда   жазушы   қаламы   осы   айтылған
фразеологиялық   түйдекті   күтпеген   жерден   тематикалық   өрісі   өзге   бір
сөздермен тіркестіру арқылы айрықша әсер тудырады.
Біржан қолға қолқа салмай-ақ бел котергісі келіп еді, болмасын лез
байқаған соң жер тіренді.
– Сиыр қимылға жарап қапсың ғой, – деді Әпіш.
– Күл, күл. Құдай қылса амал қанша?
– Құдай? Аузыңа түспейтін сөз еді (А.Сүлейменов. Адасқақ).
Фразеологизмдер бұл шағын мәтінде (тексте) аса мол қолданылған.
Бірақ   әр   түрлі   сапада   да   жұмсалғандықтан   санының   көптігі   байқала
қоймайды.   Кейіпкер   тіліндегі   фразеологизмдер   (сиыр   қимыл,   құдай
қылса, амал қанша, аузына түспеді) біріншіден, тілдік мінездеме ретінде
қызмет атқарып тұрса, екіншіден, сөйлеу тілі реңін беріп тұр. Ал автор
тіліндегі   фразеологиялық   тіркес  (бел   көтеру)  дағдылы   қолданыста
жұмсалса, фразеологиялық түйдек (қолқа  салу)  тосын тіркеске түскен.
Тосын   қолданыстағы   фразеологизм   Біржанның   «қасындағы   жанашыр
жақындардың әлдеқандай көмегіне, сүйеуіне зәру күйін» танытқандай
имплициттік мағынаны аңғартады. Фразеологизмдердің бітім-тұлғасын,
мағыналық жүгін өзгертпей-ақ осылайша тосын тіркеске түсіру олардың
экспрессиялық-стилистикалық   әсерін   айрықша   күшейте   түседі.   Бұл
фразеологизмдерді   қолданудағы   жазушы   қаламының   шеберлігін
танытатын бір тәсіл болса, екінші бір тәсіл – тосын контекст іздеу.
Мысалы:   Көреген де батыл сынның көмегіне ділгер шығарма бізде
әлі де көп. Олай болса көркемдік  құны төмен барып тұрған идеясыз
шығармалармен   бейбіт   қатар   өмір   сүру   тәсіліне   енді   мүлде   көнуге
болмайды (Ғ.Мүсірепов).
Сырт   қарағанда  бейбіт   қатар   өмір   сүру  структуралық,
семантикалық   жақтан   ешбір   қалам   тезіне   түспеген   тәрізді.   Бірақ
оқырман   қандай   бір   тосаңдықты   сезгендей   болады.   Мұндай   әсерді
жазушы қаламы фразеологизмді дағдылы стильдік ортадан бөтен жерге
жерсіндіру   арқылы   тудырып   тұр.   Міне,   фразеологизмдерді   бұлайша
бөтен ортаға «жерсіндіру» үшін (мұндай тәсілді стильдік контраст жасау
деп   атаймыз)   жазушы   қаламы   сөздің   функционалдық   реңкін   жазбай
танитындай тым сергек болуы керек.
60

Фразеологиялық   сөз   орамдарының   лексикалық   құрамы,
семантикалық   структурасы   өзгермегенмен,   «дап-дайын»   күйде
қолданылғанмен жазушы қаламның тезіне түсіп, әр түрлі өңдеуден өтеді.
Сөйтіп, олардың реңкі жаңа қырынан көрініп, сөзге ерекше көрік беріп
тұрады.
Көркемдік норманың бұл түрі, әрине, әдеби тілдің жазбаша түрінің
әсіресе оның функционалдық стильдерінің қызметі жан-жақты күшейе
түскен кезде болады.
Жазушы   кейде   фразеологиялық   сөз   орамдарының   лексикалық
құрамын,   семантикалық   структурасын   қайта   жаңғырту   арқылы
«өңдеуден»   өткізіп,   әсер-ықпалын   күшейте   түседі.   Сөйтіп,
фразеологиялық   орам   жаңа   бір   көркемдік-эстетикалық   сапаға   көшеді.
Әдетте бір  көш жер  деген фразеологиялық тіркес қашықтық өлшемге
қатысты қолданылып,  тай шаптырым жер, бір бекет жер, қозы көш
жер дегендермен тематикалық қатар құрайды. Жазушы қаламы енді осы
аталған фразеологиялық тіркесті структуралық өңдеуден өткізеді:  Биыл
Сырдария бойы көкорай шалғын, аунауға шақырады екен. Баяғыда әр
есектің   соңынан   бір   көш   шаң   шұбалып   бара   жататын   еді,   қазір
машина соңынан да шаң ере бермейді екен (Ғ.Мүсірепов. Жол-жөнекей).
Фразеологиялық   тіркестің   тұрақты   сыңарын   өзгерту   арқылы   жазушы
қаламы   не   ұтты?   Біріншіден,   фразеологизмнің   дағдылы   мағынасына
үстеме мағына, дәлірек айтқанда, семантикалық структурасына «көп»,
«мол» деген жаңа сема қосылды. Екіншіден, мұндай өзгерістен жылы
юмор, жеңіл күлкінің табы сезіледі.
Жазушының   тіл   кестесінде   фразеологизмнің   лексикалық
құрамындағы  сөздердің   бірін   синонимдес   немесе   мағына   өрісі   бір
сөздермен   ауыстырып   отырады.   Мұндай   түрлендіру  жалпытілдік
қолданыстағы   жаңғыртуға   ұқсас   болғанмен,   қалайда  бір  мақсатқа
тәуелді   болып   тұрады.   Мысалы,   жазушы  ұпайы   түгел  деген
фразеологиялық тіркесті асығы түгел деп өзгертуі кездейсоқ емес.
Жарық   айлы   бүгінгі   түн   қаралы,   қанды   түн   болды.   Өз   намысы
оянбаған   екі   бейбақ,   асығы   түгел   әлдекімиін   намысына   итаршылық
жасады да, жайрап түсті қос арыс (М.Әуезов. Барымта).
Ұпай, асық сөздері синонимдес болмаса да, мағыналық өрісі бір (бір
тематикаға   жатады).   Контекске   зер   сала   қарасақ,   жазушының
фразеологиялық   тіркесті  асығы   түгел  деп   өзгертіп   алуында   мән   бар
61

екендігі байқалады. Бірінің артында өлмелі шал-кемпірі қалған, бірінің
артында   шиеттей   бала-шағасы   қалған   арыстай   екі   жігіт   арыстандай
алысып,   әлдеқайдағы   бір-бірімен   бақталас   екі   байдың   жыртысын
жыртып мерт болады. Мысыққа ойын керек дегендей екі байдың ермек
еткен асығы тәрізді.
Фразеологизмдердің сыңарларын синонимдес және өзге де сөздермен
ауыстыру көркем шығармада белгілі бір мақсатқа бағынады. Сондықтан
мұндай   жаңғыртулар   стильдік   түрлендіруге   жатады,   ал   сөйлеу   тілі
контексінде   ұшырасатын   жаңғыртулар   пәлендей   дерлік   көркем
мақсаттан туындап жатпайды. Мысалы,  сөзі удай  дегенді  тілі удай  деп
өзгерту көркемдік максатқа байланысты деуге болмайды.
Жазушы   кейде   фразеологиялық   сөз   орамдарының   сынарларын
синонимдес   немесе   мағына   жағынан   белгілі   бір   тематикаға   жататын
сөздермен   түрлендіргенде,   зат   пен   құбылыстың   өзі   емес,   жеке
белгілеріне   қарай   алмастыруы   мүмкін.   Мысалы,  қан  сөзінің   тұрақты
атрибуты – қызыл. Осыны негізге ала отырып жазушы қан майдан деген
фразеологиялық тіркесті қызыл майдан деп өзгертеді: Қызыл майдан бұл
ауылдың   үстіне   енді   ғана   жақындап   келе   жатқан   кез  (Ғ.Мүсірепов.
Ананың арашасы). Фразеологиялық тіркестің сыңарын бұлайша өзгертіп
алуы   оқырманға   әлдеқандай   сұсты   бір   оқиғаның   хабаршысындай
көрінеді.
Жалпытілдік қолданыста таңдай қақты, бас шайқады, аузын ашты
деген синонимдес фразеологиялық шоғырлардың мағыналары бір-біріне
өте   жақын,   «бір   нәрсеге   таңданды,   қайран   қалды»   деген   мағынаны
білдіреді.   Жазушы   кей   контексте   фразеологизмдердің   синонимдес
түрлерін   тіпті   бір   сөйлемнің   шенінде   топтап,   жарыстыра   жұмсайды.
Бұлардың көбін Әзімқан төре жүз-жүзге бөліп, талай-талай руларын
атап   та   берді.   Соны   тыңдаушы   тобықтың   бай-билері   енді   мүлде
таңдай қағып, бас шайқасып, ауыз ашып қалған. Олардың көбінін атын
тағы да Оразбай түйе сөйледі (М.Әуезов. Абай жолы). Сырт қарағанда,
үш бірдей мәндес фразеологизмді бір сөйлемнің шенінде қатарластыра
жұмсау көпсөзділік тәрізді көрінуі мүмкін. Шындығында, үңіле қараған
оқырманға   олай   емес,   синонимдес   фразеологизмдерді   жарыстыра
жұмсауда өзгеше мән жатқаны байқалады: «таң қалды, қайран болды»
деген мағына олардың бәріне ортақ болғанымен, фразеологизмнің ішкі
формасына   тән   іс-әрекет,  қимыл   әр   басқа   тындаушылардың   біреулері
62

басын шайқаса, екінші біреуі аузын ашып, енді бірі таңдайын қаққан іс
әрекетін   оқырман   көз   алдына   жеке-жеке   елестеткендей   болады.
Синонимдес   фразеологизмдерді   жазушының   жарыстыра   қолдануының
міне, осындай өзіндік көркем шешімі бар.
Мұхтар Әуезов шығармаларында тұрақты сөз тіркестерінің сан-алуан
түрлері бар дедік. Әсіресе сөз орамдары нұсқаларының молдығы, алуан
түрлі   синонимдік   қатарының   көптігі   бірден   назар   аударады.   Әрине,
тұрақты   орамдардың   нұсқалары   әлі   түбегейлі   зерттеле   қойған   жоқ.
Сондықтан   да   зерттеушілердің   бұл   мәселеде   пікір   арнасы   әр   түрлі.
Дегенмен   бір   алуан   нұсқалардың   тіл   жұмсау   дағдысында   стильдік,
семантикалық   реңк   алып,   синонимдес   қолданыстың   қорабасын
молайтып   отырары   сөзсіз.   Сондықтан   тұрақты   тіркестің   әр   түрлі
нұсқаларын   молынан   қолданудың   жаңсақтығы   жоқ.   Бір   айта   кететін
нәрсе, тұрақты орамдардың нұсқалық сыңарлары жеке тұрғанда да өзара
синонимдес   бір   қатар   түзсе,   енді   бір   алуаны   мағына   жағынан   мүлде
алшақ   сөздерге   жатады.   Жазушы   шығармасында   мұндай   сөз
нұсқаларының түр-түрі аса мол кездеседі. Мысалы, мұртын сындырған
жоқ деген фразеологизмнің тұмсығын сындырған жоқ деген нұсқалық
сыңарлары бар:  Бұларда мал дейтін мал да шағын. Азын-аулағы болса
осы   қыстау   маңын   қысы-жазы   жесе   де,   бөктер   шөбінің   тұмсығын
сындыра алмайды  (Абай жолы).  Қара құрттай қаптаған, құжынаған
тәрізді   орамның   қатары  қара   құрттай   қайнаған  секілді   нұсқалармен
молыға   түседі:  Жазықтың  орта  кезінде   қара   құрттай   қайнаған
жәрмеңке   сол   өзеннің   жағасында  (Қилы   заман).  Немесе   жазушы
«Барымта» әңгімесінде ұпайы түгел деудің орнына асығы түгел деп те
қолданады.  Жарық   айлы  бүгінгі  түн  қаралы,   қанды   түн   болды.   Өз
намысы   оянбаған   екі  бейбақ,  асығы   түгел  әлдекімнің   намысына
итаршылық  жасады   да  жайрап  түсті   қос   арыс...   Жер  мойны  алыс
деген тіркес сыңарының бірнеше синонимдері бар: жер мойыны қашық,
жер  мойыны шалғай,  т.б.  Мысалы:  Қыс түсіп, мал арзандады Семізін
елден алдыруға жер мойыны қашық (Абай жолы). Осы тіркестің тұрақты
компонентінің өзін жазушы әр ыңғайда құбылта қолданады: Мына боран
айықпағалы, міне, үш күн болды. «Жыл мойыны жақын ба» деп дәме
қылысым еді (Абай жолы). Тұрақты тіркес сыңарларын өзгертіп, жазушы
қаламының тыңға түсуі дағдыдан ауытқу тәрізді болғанымен, көркемдік
шешімі   жоқ   емес:  жердің  орнына  жылды  алуы,  алыстың  орнына
63

жақынды  қолдануы   тілдегі   ассоциация   мен   антоним   құбылысына
негізделген.   Әдетте   мезі   болған   жолаушыға   жол   ұзақ,   мойнындай
жіңішке   жердің   өзі   ұзап   кетеді.   Мал   баққан   жанға   да   солай,   жұттың
жылы үзілер жерде ұзарып, шығынға көп ұшыратады.
Жазушы осы тәрізді  мал  ашуы – жан ашуы  дегенді ру арасындағы
кыстау-қоныс, құдық-қорық таласына орай жер ашуы – жан ашуы деп
өзгерте  қолданады:  Бұл қорлыққа  шыдағанша өлген артық! - дегенде
Бөкенші, Борсықтың тағы бірнеше жас жігіттері аттарын тебініп,
ілгері шыға берісті. Жер ашуы - жан ашуы... (Абай жолы).
Сонымен,   фразеологиялық   сөз   орамдарын   тосын   күйде   қолдану,
тұрақты   орамдарды   еркін   тіркес   тәрізді   өзгертудің   әсері   айрықша
сезіледі.   Өйткені   тіл   тәжірибесінде   бұрын   кездеспеген   сонылықтың
оқырман назарын өзіне аударатындай ерекше әсері болады.
Ғ.Мүсірепов тәрізді сөз шеберлерінің тіл кестесінде фразеологиялық
орамдарды   қолданудың   тағы   бір   тартымды   тәсілі   бар.   Ол
фразеологизмдердің   құрамында   ұшырайтын   сөздің   бірін   еркін   тіркес
түрінде   кайталап   отыру.  Мұндай   тәсіл   арқылы   жазушы   экспрессияны
күшейте   түседі:  Тегінде,   екінің   бірі   дұрыс   болар:   не   мен   қырыққа
жетпей   қартайған   болармын,   не   кейбіреулер   қырыққа   жеткенше
қырқынан шыға алмай қалған болар  (Ғ.Мүсірепов. Болашаққа аманат).
Стилистикалық   қайталаудың   мұндай   түрі   аса   көрнекті   қаламгер
Ғ.Мұстафиннің көркем тіл кестесінде де жиі ұшырайды. Мысалы:  Құм
дала жігеріңді  құм  қылса қайтесің  (Шығанақ);  Күн қабағы жабылса,
жер қысылады, сенің қабағың жабылса, мен қысыламын (Миллионер).
Фразеологизмнің сыңарын өзге еркін тіркесте қайталаудың эмоциялық-
экспрессиялық   күшейтпелі   әсері   кейіпкердің   сыртқы   портреті   арқылы
ішкі   сезімін   құбылыстарын   көрсететін   мына   бір   контексте   айқын
білінеді: Бұғанға дейін Майраның жүзінде қуаңдық бареді. Қара көздері
тұнық қара судай тым тұнық еді, енді сол тұнықтың бетін самал лебі
сипап  өткендей,  қара   көздері  жарқырап,  жүзіне  ыстық   қан  жүгіріп
сала берді (Ғ.Мүсірепов. Атақты әнші Майра). Қайталаудың бұл ерекше
түрін семантика-стилистикалық қайталау деп атаймыз. Өйткені мұндай
қайталаудан сөз өзінің жалпытілдік мағынасына қоса  үстеме мәнге ие
болады.   Контексте   қайталауға   түскен  қара  түр-түсті   білдіріп   қана
қоймай, «әсем, әдемі» деген мәнді де аңғартады Тұнық сөзі де жай ғана
қайталанып   тұрған   жоқ.  Тұнық,   тым   тұнық   еді  деген   қайталаудан
64

оқырман «мөп-мөлдір» деген мағынаға қоса  «ойлы», «ақылды» деген де
мән   жатқанын   сезінеді.   Өйткені   сөздің   семантикалық   структурасында
жаңа   сема   («ойлы»)   пайда   болады.   Сөйтіп,   сөздің   жеті   қат   тереңінде
жатқан мүмкіндігін ашуы жазушы қаламының құдіреті болып табылады.
Тілімізге   ажар   беріп,   сөзімізге   жан   бітіретін   мақал-мәтелдер,
шешендік   сөз   орамдары,   айшықты   сөз   тіркестерінің   суреткер
шығармасында алатын орны ерекше. Жазушы қаламы із-өкшесі халық
тілінде жатқан сөз орамдарының көркем үлгілерін, сирек түрлерін, ұмыт
қалғандарын   қолданыс   үйіріне   қосып,   сөздік   қордың   қорабасын
молайтып отырды. Заманымыздың заңғар суреткері Мұхтар Әуезовтың
әйгілі   «Абай   жолы»,   «Қорғансыздың   күні»,   «Қараш-қараш   оқиғасы»,
«Еңлік-Кебек»   тәрізді   классикалық   туындылары   –   жазушының   тіл
шеберлігін   ғана   емес,   ана   тіліміздің   асқан   байлығын   да   икем-
оралымдығын да көрсете алатын және тіл қазынасын тыңнан игерудің
өнегелі   үлгісін   де   жете   танытатын   шығармалар.   Бұл   туындылардан
көптігіне дөптігі сай, алуан түрлі тұрақты сөз орамдарын кездестіреміз.
Мәселен, фразеологизм табиғатында  болатын ықшамдық, сөз сыналау,
сөз кіріктіру тәрізді құбылыстардың бір ғана «Абай жолы» эпопеясынан
алуан   түрін   ұшыратуға   болады.   Ал   мұндай   құбылыстардың,   арнайы
назар аударып, ден қоя білсек, тіл көркемдігіне қосар өзіндік өрнегі де
ерекше.
Әр   уақытта   тіл   ұшына   оралып   тұратын   тұрақты   сөз   орамы
білгеніңше, қажетіңше қолдануға болатын пішімі дайын үлгілер сияқты
көрінеді.   Құбылтып,   қаймағын   бұзып   қолдануға   да   ырық   бермейтін
жерлері   бар.   Табиғаты   күрделі   осындай   тұрақты   сөз   орамдарына
дағдыдан   тыс   маңына   үстемелеп   өң   беру,  жаңа   мазмұн,   өзгеше   реңк
дарыту   М.Әуезов   сынды   хас   шебердің,   шынайы   сөз   зергерінің   қалам
желісіне тән ерекшелік. Олай дейтініміз, бір алуан тұрақты сөз тізбегін
жазушы   сол   даяр   тілдік   материал   күйінде   ала   салмай,   өзіндік   өрнек
қосады.   Кез-келген   жазушының  ит   тұмсығы   батпайтын   ну   орман,
қалың тоғай  тәрізді  даяр оралымды  білетініне, де, қолданатынына  да
шүбәміз жоқ. Ал М.Әуезов дағдылы, даяр әуеннен орнымен ауытқып,
сөз   сыңарларының   кейбірін   «уақытша»   қалдыра   тұрып,   оның   орнына
екінші бір фразеологизмді үйлестіре қолданатын орайлары бар. «Қилы
заман» шығармасынан мына бір мысалды оқып көрелік:  Ит тұмсығы
батпайтын самсаған сары қол, түйілген жалпақ қара бұлттай болып,
65

кең   даланы   қаптай   басып,   жәрмеңкеге   қарай   бет   қойды.
Жайшылықтағы   сөз   қолданыста  ит   тұмсығы   батпайтын  деген   сөз
орамы   негізінен  ну   қамыс,   қалың   орман  тәрізді   сөздермен
анықтауыштық   қатынаста   жұмсалып,   сындық  сапаны  күшейтеді.   Ал
жазушы қаламы бұл орамды дағдыдан тыс  сөзбен,  самсаған сары қол
дегенмен   тіркестіріп,   гипербола   жасау  арқылы  бүкіл   сөйлем   тұрқын
эксперссивтендіре түседі.
Тұрақты   тіркестердің   үйреншікті   ортасы,   дағдылы   орны   болады.
Олар   мағыналық,   стильдік   ренктерінс   сай   контекст   іздейді.   Мысалы,
қанды басың бері тарт тәрізді сөз орамының аңшылыққа, саятшылыққа
байланысты   контексте   қолданылуы   –   оның   дағдылы   орны.   Мұхтар
Әуезовтың   тіл   кестесінде   бір   алуан   сөз   орамдары   дағдыдан   тыс
контексте   қолданылады.   Мысалы:  Таңертеңнен   бері   әрбір   арбаның
түбінде ажал оғы аңдып, сығалап, «Қанды басың бері тарт» деп отыр.
Мұндағы  қанды басың бері тарт  деген сөз орамы көтерілісшілер мен
патша әскерінің арасындағы қақтығысқа орай қолданылған. Жазушы көп
орайда   жана   контекст   табу   аркылы   тұрақты   сөз   орамының   өрісін
кеңейте,   осылайша   еркін   қолданады.   Мұндай   қолданыстың   тіл
көркемдігіне тигізер әсері де ерекше.
Жекелеген сөздер тәрізді тұрақты орамдардың да қат-қабат лексика-
семантикалық,   дыбыстық   нұсқалары   бар.   Кейбір   тұрақты   сөз
орамдарының сыңарлары дыбыстық өзгеріске түсіп, мағына жаңғыртуы
тілде   бола   беретін   заңды   құбылыс.   Қайсы   бір   қаламгерлеріміздің   сөз
жұмсау   дағдысында   олардың   көмескі   ізі   қайта   жаңғырып   жатады.
Мысалы,  иттің   ұлы   итақай  тіркесін   Сәбит   Мұқанов  иттің   құлы
итақай деп қолданған. Сондай-ақ ай дер ажа, қой дер қожа жоқ деген
орам Сәкен Сейфуллин шығармаларында әй дер әже, қой дер қожа жоқ
түрінде кездеседі.
Бұл орам Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» драмасында ай дер ажа,
қой дер қожа жоқ  деген  нұсқада  ұшырайды:  Тобықты,  шаялығыңды
қылдың ба? Білегі жуандықты қылдың ба? Айрандай аптап, күбідей
пісіп   жүргенде   ай   дер   ажа,   қой   дер   қожа   болған   жоқ.   Найманда
алынбай жүрген кегің, тимей жүрген есең болса, соныңды айт!
Алайда   «Қазақ   тілінің   фразеологиялық   сөздігінде»   Мұхтар   Әуезов
қолданған   нұсқа   негізгі   вариант   түрінде   алынған.   Өйткені   жазушы
мұндай  сөздердің  көне  тұрқын  танып,  білімдарлықпен,  сөз  орамының
66

мағыналық   үйлесіміне   орай   қолданған.  Ажа  сөзі   көне   түркі   жазба
ескерткішінде,   ортағасырлық   шағатай   тілінде,  қырғыз   тілінде   «үлкен
кісі» мағынасын білдіреді. Ал тұрақты тізбектің бас шеніндегі  «әй»-дің
кейде  ай  болуы сөз орамдарының эвфониялық үйлесіміне байланысты.
«Абай жолы» эпопеясынан тағы бір мысал:  Құнанбай сәлемін есіткен
жерде,   Бердіқожы   томырылып   қалып:  Е,   мен   баламды   Құнанбайға
кішілікке беруші   ме  ем?  –  деді.   Мұндағы  кішілікке  беру  –  «әйелдікке
беру» деген мағынада. Көне түркі жазба ескерткіштерінде, XI ғ. Махмуд
Қашқаридің сөздігінде  кіші –  әйел мағынасындағы сөз. Жазушы (Абай
жолы)   романында   тек   тұрақты   сөз   орамындағы   ғана   емес,   жекелеген
кейбір   сөздерді   де   көне   мағынасында   орынды   қолданады:  Шырағым
Абай, қарындасқа,  қайырымы бар бала деп естушек.  Сондықтан кеп
отырмыз.   Болмаса,   ана   Тәкежандай   десем,   келмес   ем...  Мұндағы
қарындастың ертеректегі мағынасы «бауыр, туыс». Қазіргі қазақ тілінде
бұл сөздің мағынасы тарылған, еркек кіндікке айтылмайды. Қарындас
сөзінің   «туыс,   бауыр»   деген   кең   мағынасы  қатты   айтсам,
қарындастың көңілі қалады, ақырын айтсам ақым кетіп барады тәрізді
мақал-мәтелдердің құрамында ұшырайды.
М.Әуезов   шығармаларында   өз   алдына   арнайы   зерттеу   объектісі
болатын   поэтикалық   сөз   орамдары,   тың   тіркес,   соны   сөз   легі   көп-ақ.
Солардың бір алуаны: қара шоқпар (Барымта), қара сойыл, қара құрық,
кескекті аю, кескекті жайын (Қилы заман), қара мойын, қанды мойын,
жерсібір жіберу, аққұла шығын («Қараш-қараш» оқиғасы), таусыншақ
сөз (Қорғансыздың күні) тәрізді тұрақты сөз тіркестері. Стильдік бояуы
қанық,  экспрессивтік  әсері,  эмоционалдық   реңкі  айрықша  поэтикалық
сипаттағы тұрақты тіркестер – шешендік тілдің өзекті бір саласы.
Жазушының кейбір сөз орамдары даяр поэтикалық үлгімен жасаған.
Мұндай төл тума тіркестер жалпыхалықтық дәстүрдегі сөз орамдарымен
ұласып,   жігі   білінбей   жатады.   Мәселен,  жабының   жол   бұзатын
жорғасындай  (Қилы   заман)  деп   келетін   образды   сөз   орамы   өзінің
эвфониялық   үйлесімімен   де   ерекше.   Халық   тілі   тұнығына   еркін
бойлаған ұлы жазушы М.Әуезов тіл шеберлігінің көп қыры, алуан сыры
бар.   Біз   соның   кейбір   тұстарын   ғана,   атап   айтқанда   тұрақты   сөз
орамдарына қатысты жерлерін сөзімізге арқау еттік. Ал жазушы тіліндегі
көркемдіктің   кілтін   табу,   түптеп   келгенде,   «Әуезов   тіліндегі   мақал-
мәтел, шешендік тіл үлгілерінің сөздігін» түзу, жазушы тілінің дербес
67

сөздігін   жасау,   қаламгердің   тіл   қолданысын   тереңірек   зерттейтін
еңбектердің жазылуына саяды.
Көркем   тіл   кестесінде   жазушы   фразеологиялық   сөз   орамдарын
тұрпаты   жағынан   бірыңғай,   бір   сарынмен   жұмсай  бермейді.  Осымен
байланысты   көркем   проза   тіліндегі   фразеологизмдердің   жұмсалу
тұрпаты   бірде   жалпытілдік   нұсқасына   сай   келсе,   бірде   өзгеше   түрге
енеді.   Фразеологизмдерді   түрлендіре   жұмсаудағы   стильдік   өнімді
тәсілдердін   бірі   –   оларды   еркін   тіркес   түрінде   қолдану.   Мысалы,
салыстыру   ретінде   алынған   мына   екі   контексте   бір   фразеологизм   екі
түрлі реңк алып тұр:  Мейраммен алғаш кездескен жерде-ақ апшысын
қуырған   өткір   келіншек   осы   Балғын  (Ғ.Мұстафин.   Қарағанды)  Олай
болса   жер   апшысын   қуырып   алайык,  -  деп   Шығанақ   тұра   шапты
(Ғ.Мұстафин.   Шығанақ).  Бірінші   сөйлемде  апшысын   қуырды  деген
фразеологизм жалпытілдік қолданысқа сай реңкте болса, екінші мысалда
бұл   фразеологизм   тұрпаты   жағынан   еркін   тіркеске   тән   түрге   көшкен.
Фразеологизмнің   сыртқы   формасын   еркін   тіркеске   ұқсата   қолданып,
тосын   реңк   беру   мына   тәрізді   контекстен   де   айқын   байқалады:   -
Қарағанды   көп   ұзамай   қалаға   айналады.   Өзі   болған   қыз   төркінін
танымай   жүрмесін  (Ғ.Мұстафин.   Қарағанды).  Мұндай   тәсілді
Ғ.Мұстафин әсіресе кейіпкер тілінде шебер пайдаланады.
М.Әуезовтің   тіл   кестесінде   мақал-мәтелдердің   тұрпаты   мүлде
танымастай   болып,   өзгеріске   ұшырап   жатады:  Тегінде,   қазақ
жазушылары «қазақ тілінің бар заңын өзіміз кесіп, пішеміз», «қайдан
құлақ   шығарсақ,   соған   ерік   алған   қазаншымыз»   дей   алмайды
(М.Әуезов).  Жазушы   қаламы   фразеологиялық   тізбектің   дағдылы
құрылысын   қанша   жерден   жіліктеп   тастағанмен,   оның   образды
мағынасы сол күйінде оқырман санасында қайта жаңғырады. Сондықтан
казаншының өз еркі қайдан құлақ  шығарса  деген  тізбектің  (мәтелдің)
еркін тіркеске түскен яғни, тұрпатын өзгертіп, бірақ мазмұнын сақтап
түрленген контекстік нұсқасы екенін оқырман жазбай таниды.
Жазушы фразеологиялық тізбек түріндегі мақал-мәтелдерді тұтастай
емес, тек бір ғана бөлігін кейіпкердің аузына салады. Мақал-мәтелдерді
бұлайша   ықшамдау  сөйлеу   тілі   реңкін  беру   мақсатында   жұмсалады.
Бірақ   жазушы   мақал-мәтелдердің   кез   келгенін   емес,   әсіресе
жұртшылыққа   кеңінен   танымал,   яғни   әлеуметтік   мәнділігі   кеңірек
түрлерін таңдайтын тәрізді: Қошқар туған козыдайсың, шырағым. Бірақ
68

жолымды   кескенің   калай?   Үлкен   емес   пе   ем?   –   дегендей   болды
(М.Әуезов.   Абай   жолы).  Тұрақты   тізбектің   толық   түрі  (қошқар   болар
козының   маңдайы   дөң   болар,   батыр   болар   жігіттің   етек-жеңі   кең
болар)  яғни жалпытілдік қолданыстағы нұсқасы арнайы айтылмаса да,
оқырманның ойында тұрады. Мақал-мәтелдерді бұлайша ықшамдаудан
оның мазмұнына, образдылығына нұсқан келмейді. Бір қазанға сыймай,
жас күнінен егес (Ғ.Мұстафин. Шығанақ)  деген  сөйлемдегі бір қазанға
сыймай  деген  тіркестің   халықтық  нұсқада  –  екі   қошқардың  басы  бір
қазанға сыймайды  деп айтылатын мәтел екендігін оқырман іштей біліп
отырады.
Сонымен, фразеологиялық сөз орамдарын тосын формаға түсірудің
яғни тұрақты тіркеске еркін тіркестегідей реңк берудің әсері айрықша
сезіледі.   Өйткені   бұрын   тіл   машығында   кездеспеген   сонылықтың
әрқашан оқырманның назарын өзіне аударатындай ерекшелігі болады.
Стильдік   тәсілдердің   көркем   проза   тілінде   аса   кең   тараған   түрі   –
фразеологиялық сөз  орамдарының лексикалық құрамын жаймалап

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет