15. Әбу Насыр әл-Фараби: «Еліңнің болашағын білгің келсе, маған жастарыңды көрсет, сонсоң айтып берейін» деген пікірі туралы ой білдір
Кез келген елдің, кез келген мемлекеттің өз болашағын байланыстырар бірден бір өкілдері болса, солардың бірі – жастар. Иә, Әл-Фарабидың сан ғасырлар бұрын айтып кеткен сөзі бүгінгі таңда да өз маңызын жоя қойған жоқ. Себебі, жастар – болашақтың тұтқасы. Бүгінгі таңда да «еліңнің, мемлекетіңнің болашағын білгің келсе, жастарыңа қара» - деген стеоротиптің маңызы зор. Ұлы ғұламамыз, әлемнің екінші ұстазы атанған әл-Фарабидің бұл пікірінің талай дәуір көшінде жалғасын тауып, маңызын жоймауының бірден-бір себебі – қай-қай халық, қайсыбір кезеңдерде өмір сүрсе де әрдайым жастарына сенім артады, қазақ халқының да «еліміздің ертеңі – жастар», «болашақ – жастардың қолында» - деп жастарға үлкен сенім артуы тегін емес. Олай болса, «неге елдің болашағын жастармен байланыстыруымыз қажет?» - деген сұраққа жауап беріп көрейін.
Орта ғасырларда мемлекетті алға сүйрейтін жастар қауымы екенін әл-Фараби баса айтса, одан бергі замандарда Абай,Ыбырайлар жастарға сенім артты, бүгінде жастар қауымына Елбасы, түгел халық сенім артады. Себебі, бүгінгі жаһандану заманында елдің даңқын шығаратын, халық пен халықтың иық тіресіп, еліміздің әлем халықтарымен терезесін теңестіруі тікелей ел жастарына байланысты болып келеді. Оның да өзіндік себептері бар:
Біріншіден, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «терең білім – тәуелсіздігіміздің тірегі, ақыл-ой – азаттығымыздың алдаспаны» - деген даналық сөзі бар. Тәуелсіздігіміздің тірегі саналып отырған терең білімнің, азаттығымыздың алдаспанына айналған ақыл-ойдың иегерлері – бүгінгі жастар. Қазіргі қазақ жастары оқыған, тоқыған, көкірегі ояу, көзі ашық, білімге құштар жаңа заман ұрпақтары болғандықтан да, еліміздің, мемлекетіміздің әлемдік аренаға шығуына бірден бір себепкер тұлғалар. Бүгінгі білекке емес, білімге сенетін дәуірде қазақ халқының атының әлемге танылуы, Республикамыздың әлем елдерімен бәсекеге түсуге қабілетті болуы да тікелей жастарға байланысты.
Екіншіден, ХХІ ғасыр – ақпарат ғасыры. Технологияның күнде дамып, жетіліп, өзгеріп отырған дәуірінде қазақ жастарының заман талабына сай болып, ақпараттық технологияларды жетік меңгеруі, цифрлық қоғам өзгерістеріне дайын болуы, компьютерлік технологтяларды бес саусақтай білуі – қарыштап дамып жатқан әлем елдеріне жол ашып, жаһандық өркениетке еңсемізді тіктеп кіруге мүмкіндік береді.
Үшіншіден, жастарымыздың ойлау деңгейлерінің, интеллектуалдық ой-өрістерінің жетілген болуы, ұлтқа, халыққа, елге қызмет ету жолындағы патриоттық сана сезімдерінің берік болуы – Отансүйгіш ұрпақтың портреті. Елін сүйетін, жерін сүйетін, ұлтын сүйетін азаматтар қашан да халқының керуенінің ілгері басуы үшін жан аямай еңбек етеді. Міне, сол себепті де әл-Фараби жастарға сенім артты, сондықтан да Абай, Ыбырайлар жастардан үміт күтті, осындай қасиеттері үшін бүкіл бір ел өз тағдырын жастардың қолына тапсыруға дайын.
Қорытындылай келе, жастар қауымы – кез келген мемлекеттің әлемдік аренаға шығудағы, ел абыройын асқақтатып, дүние жүзіне танылудағы ең маңызды әрі ең басты тұлғалар. Отансүйгіш, бойында патриоттық рухы бар, елім, жерім дейтін саналы ұрпақ тәрбиесін «тал бесіктен» бастап, болашақта мықты тұлға болуына ықпал ету – бүкіл бір қоғамның алдындағы абыройлы міндет, азаматтық парыз!
Достарыңызбен бөлісу: |