2 – эссе (Радловтың пікірі бойынша) Тілім менің – тірлігімнің айғағы Ия, қазақтың тілін, әдәбиеті мен мәдениетін зерттеуде зор үлес қоқсан В.Радлов қазақ тілінің әуезді де әсем, шебер де шешен екенін жоғарыдағы пікірі арқылы тағы бір мәрте дәлелдей түседі. Дәл осы орайлас пікірді ХХ ғасырда ғұмыр кешкен заңғар жазушы, сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің «қазақ тілі – бай тіл, оралымды, ырғақты, теңеу-бейнеулері ерте туған тіл» - деген тұжырымынан да ұшыратамыз. Тілімізді зерттеген ғалымдардың қазақ тіліне осыншалық жоғары баға берулері тегін емес. Қазақ тілі – 500 жылдан астам тарихы бар қазақ халқының ең басты жәдігері, ұлттық құндылығымыз. Қазақ тілінің ұлттық құндылық ретіндегі ерекшеліктерін бірнеше сатыға бөліп қарастырсақ болады:
Біріншіден, тіл – ата-бабалар аманат етіп қалдырған, сан мың ұрпақ жалғастығын тапқан, елдігіміздің, мемлекеттігіміздің белгісі, ұлттық жәдігеріміз. Тіліміз жойылса, ұлтымыз баяғыда-ақ жойылып кетер еді, себебі, тілі жоқ ұлт – ұлт емес.Бұл турасында Ахмет Байтұрсынұлы: «Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады», - деп тілдің ұлт, мемлекет үшін қандай маңызды екендігін көрсетеді. Әлемде жаулап алушылардың озбырлығымен қаншама тіл жоғалды, қаншама ұлт тарих сахнасынан кетті, қанша тіл жоғалудың сәл-ақ алдында тұрғаны мәлім. Сол себепті де, біз жәй ғана ана тіліміздің – қазақ тілі болғаны үшін оның қадір-қасиетін арттырып, тілге деген құрметімізді еселеу қажет.
Екіншіден, ұлттық тіліміздің В.Радлов айтқандай «әуезді де әсем, шебер де шешен» екені жасырын емес. Тілімізде мақал-мәтелдердің, шешендік сөздердің көп болуы қазақ тілінің мәртебесін асқақтатып, мерейін үстем ететін факторлар еді. Фольклорлық дәуірден бері келе жатқан қазақтың ертегілері, мақал-мәтелдері, нақыл сөздері тіліміздің шұрайын арттырып, сәнін келтіретін, сөз мағыналығын үдететін ұлттық мұраларымыз.
Үшіншіден, тіліміздің өткірлігі, Радловты таңдандырған «қазақтардың тауып сөйлейтін тапқырлығының» түп-төркіні – би-шешендерден қалған өсиет сөздер, кез келген дау-дамайдағы тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін бір ауыз сөзбен шешудегі билердің тапқырлығы, сөз сомдаулары – қазақ тілінің жақсы атының әлемге жайылуына бірден бір себепкер дүниелер. Төбе би – Төле бидің, Әйтеке би, қаз дауысты Қазыбек билердің, орта ғасырларда әрі ханның көмекшісі болған, әрі сарайдың белді өкілі болған Асан қайғы, Қазтуған жырау, Жиембет, Марғасқа, Бұқар жыраулардың туған тіліміздің алтын қорына сіңіріп кеткен өсиет сөздері – тіліміз бен әдебиетіміздің алтын қорынан орын тепкен алтынға бергісіз құнды мұралар. Жер дауы, жесір дауы, құн дауы сынды қоғамдық проблемалардың шешімін бір ауыз сөзбен түйіп отырғандағы билердің шешендігі, қазақ тілінің құдіреті қандай десеңізші?!
Қорытындылай келе, туған тіліміз – қазақ тілінің ұлттық құндылық ретіндегі рөлі, қазақ халқының өміріндегі маңызы аса зор. Тілді құрметтеу, тілді шұбарламау, тілді қастерлеу – біздің азаматтық та, адамзаттық та парызымыз!