Бауыр өрімі,plexus hepaticus, бауырлық жалпы артерияның бойында түзіліп, бауырды нервтендіреді.
Көкбауыр өрімі, plexus lienalis, көкбауырды нервтендіреді және осы өрімнен кететін тармақтар ұйқы без өрімін, plexus pancreaticus, түзуге қатынасады.
Асқазандық сол жақ артерияның және асқазанды қанмен қамтамасыз ететін басқа артериялардың бойымен таралатын (асқазандық оң жақ артерия, асқазан-он екі елі ішектік артерия, асқазан-үлкен шарбылық оң және сол жақ артериялар) вегетативтік өрімдер – асқазан өрімін, plexus gastricus, түзеді.
Сонымен қатар, құрсақ өрімінен шығатын 15-20 тармақтар тікелей және бүйрекүстілік ортаңғы артерияның бойымен жүріп, бүйрекүсті өрімін, plexus suprarenalis, түзеді. Бұл өрімнің құрамындағы симпатикалық нервтер түйінгедейінгі тармақтардан түзілген. Бүйрекүсті безінің милық затының симпатикалық нерв жүйесімен бірге дамуына байланысты, олар бүйрекүсті безінің милық затын түйінгедейінгі тармақтармен тікелей нервтендіреді.
Құрақ өрімінен кететін тармақтар көкеттік төменгі артериялардың бойымен таралып, көкет өрімін,plexus phrenici, түзеді.
Іштік қолқа өрімінен кететін екіншілік өрімдер: Шажырқайлық жоғарғы өрім, plexus mesentericus superior, шажырқайлық жоғарғы артерияның және оның тармақтарының бойымен өрім түзе таралады. Шажырқайлық жоғарғы артерияның басталатын жерінде бір-екі ірі шажырқайлық жоғарғы түйін, ganglion mesentericum superius, орналасады. Бұл өрімнің тармақтары аш ( жіңішке) ішекті, тоқ (жуан) ішектің: соқыр ішегін, жоғарылаған және көлденең жиек ішектерін және ұйқы безін нервтендіреді. Олар ішек қабырғасының ішіндегі: шырышастылық, бұлшықеттік қабықтың сыртқы және ішкі қабаттарының арасында орналасқан бұлшықетаралық және сірліастылық деп аталатын өрімдерден тұратын қабырғаішілік (интрамуралды) өрімдер түзеді.
Бүйрек өрімі, plexus renalis, іштік қолқа өрімінің шажырқайаралық бөлігінен кетіп, бүйректік артерияның бойымен жүреді. Оны түзуге құрсақ өрімі де қатынасады. Өрімнің құрамында кішкене қолқа – бүйректік, ganglia aortorenalia, және бүйректік түйіндер, ganglia renalia, орналасады.