Өңештік нервтер, nn. oesophageales, өңеш өрімін, plexus oesophagealis, түзуге қатынасады.
Қолқалық нервтер, nn.aortici,кеуде қолқасының өрімін, plexus aorticus thoracicus, түзуге қатынасады. Аталған өрімдерді түзуге кезбе нерв те қатынасады. Кеуде қолқасының өрімінен кететін тармақтар да өңеш, кеңірдек, өкпе және жүрек өрімдерін түзуге қатынасады.
Ішкі ағзалық үлкен нерв, n. splanchnicus major, V-IX кеуделік түйіндерден жеке тармақтар түрінде басталып, IX-X кеуде омыртқалары деңгейінде барлығы қосылып бір нерв түзеді. Нерв төмен және медиалды жүріп, көкеттің белдік бөлігі арқылы оң жағында – сыңар венаның, v. azygos, сол жағында – жартылай сыңар венаның, v.hemiazygos, жанында орналасып, іш қуысына өтеді. Бұл нерв негізінен түйінгедейінгі тармақтардан, rami preganglionares, тұрады. Ол іш қуысындағы құрсақ өрімінің, plexus celiacus, түйіндерінде аяқталады.
Ішкі ағзалық кіші нерв,n. splanchnicus minor, X, XI кеуделік түйіндерден басталып, ішкі ағзалық үлкен нервтің латералды жағымен төмен түсіп, іш қуысындағы құрсақ өріміне барады. Бұл нерв те негізінен түйінгедейінгі тармақтардан түзілген.
Кейде ішкі ағзалық ең төменгі нерв, n. splanchnicus imus, кездеседі. Ол ХІІ кеуделік түйіннен басталып, бүйрек өріміне барады.
Ішкі ағзалық нервтердің құрамында симпатикалық нервтерден басқа, сезімтал талшықтар да өтеді. Ішкі ағзалық нервтер өрімдердің құрамында өтіп, асқазанды, ішекті, бауырды, ұйқы безін, бүйрек, көкбауырды нервтендіруге қатынасады.
Сұр дәнекер тармақтар, rr. communicantes grisei, барлық қабырғааралық невртерге барады.
Симпатикалық діңнің белдік бөлігі, көлемі 5 мм шамасындағы кішкене 4-5 түйіндерден тұрады. Олар І-V бел омыртқаларының алдыңғы - бүйір беттерінде, оң жағында төменгі қуыс венаның артында, сол жағында іш қолқасының сол жақ бетіне жанаса орналасады. Симпатикалық діңнің белдік бөлігінің ерекшелігі: оң және сол жақтағы діңдер бір-бірімен түйінаралық көлденең тармақтар,rami interganglionares transversus, арқылы байланысып тұрады. Ақ дәнекер тармақтар, rr. communicantes albi, жоғарғы екі, кейде үш жұлынның белдік нервтерінің құрамында шығып, сәйкес жоғарғы екі немесе үш түйіндерге келеді. Белдік төменгі түйіндерге түйінгедейінгі тармақтар – түйінаралық тармақтар арқылы барады.
71 – сурет. Симпатикалық діңнің белдік және сегізкөздік бөлімдері.
1 – белдік түйіндер; 2 – дәнекер (көлденең) тармақтар; 3 –сегізкөздік түйіндер; 4 – сегізкөздік сыңар түйін; 5 – сұр дәнекер тармақ; 6 - ішкіағзалық белдік нервтер.