2. Комиссуралық нерв талшықтары екі ми сыңарының сәйкес бөліктерін (қызметтік орталықтарын) өзара байланыстырып, олардың қызметтерін үйлестіріп тұрады. Оларға сүйелді дене, corpus callosum, мидың алдыңғы дәнекері, comissura cerebri anterior, мидың артқы дәнекері, comissura cerebri posterior, және күмбез дәнекері, comissura fornicis, жатады.
Сүйелді дене, corpus callosum, екі ми сыңарын бір-бірімен байланыстыратын, көлденең бағытталған комиссуралық нерв талшықтарынан тұратын ірі дәнекер. Сүйелді дененің буылтығын, splenium corporis callosi; діңін (сабауын), truncus corporis callosi; иінін, genu corporis callosi, және төмен және артқа бағытталған құстұмсығын, rostrum corporis callosi, ажыратады. Сүйелді дененің көлденең талшықтары ми сыңарларының тереңіне еніп, сүйелді дене тарамдарын, radiatio corporis callosi, түзеді. Сүйелді дененің иіні арқылы өтетін талшықтар маңдайлық үлестерді, діңі арқылы өтетін талшықтар шекелік және самайлық үлестерді, буылтық талшықтары шүйделік үлестердің қыртыстарын (сұр заттарын) бір-бірімен жалғастырып тұрады.
Мидың алдыңғы дәнекері оң және сол ми сыңарларының иіс сезу буылтықтарын, иіс сезу үшбұрыштарын және самайлық үлестердің алдыңғы медиалды бөліктерін (гиппокампжанындағы қатпарларды) қосады.
Мидың артқы дәнекері үшінші қарыншаның артқы қабырғасында, ортаңғы мидың суқұбырына кіретін тесіктің үстінде орналасқан. Ол екі таламустың артқы ядроларын бір-бірімен байланыстырып тұрады.
Күмбез дәнекері күмбездің екі аяқшасының арасында орналасып, екі гиппокампты жалғастырып жатады.
3. Проекциялық нерв талшықтары жоғарылаған (афферентті) және төмендеген (эфферентті) өткізгіш жолдардан тұрады. Жоғарылаған өткізгіш жолдар жұлын ядроларын ми сабауының ядроларымен, базалды ядролармен және ми қыртысымен байланыстырады. Төмендеген өткізгіш жолдар ми қыртысының орталықтарын базалды ядролармен, ми сабауының ядроларымен және жұлынның ядроларымен қосады.
Проекциялық талшықтардың латералды жағынан – жасымықтәрізді ядро, медиалды жағынан – құйрықты ядроның басы мен таламустың арасынан өтетін жері ішкі қапшық, capsula interna, деп аталады. Мидың горизонталды кесіндісінде ішкі қапшықтың үш бөлігін: алдыңғы аяқшасын, сrus anterius, ішкі қапшықтың иінін, genu capsulae internae, және артқы аяқшасын, сrus posterius, ажыратады.
Сонымен, ішкі қапшық арқылы ми қыртысын ОНЖ – нің басқа бөліктерінде орналасқан ядролармен байланыстыратын барлық проекциялық жолдар өтеді. Оның алдыңғы аяқшасы арқылы – маңдай-таламустық жол, маңдай-көпірлік жол өтеді. Ішкі қапшықтың иінін қыртыс - ядролық жол түзеді. Артқы аяқшасы арқылы қыртыс - жұлындық алдыңғы және латералды жолдар, таламус - шекелік жол (жұлын - таламустық жолдың жалғасы), қыртыс-таламустық жол, самай – шеке – шүйде – көпірлік жол, есту және көру жолдары өтеді ( 30 - сурет ).
.
30 – сурет. Ішкі қапшықтағы өткізгіш жолдардың орналасуы.
1 – ішкі қапшықтың алдыңғы аяқшасы; 2 – жасымықтәрізді ядро; 3 – шарбақ; 4 – сыртқы қапшық; 5 – ең сыртқы қапшық; 6 – аралшық қыртысы; 7 – ішкі қапшықтың артқы аяқшасы; 8 – таламус; 9 – ішкі қапшық иіні; 10 – құйрықты ядроның басы; а – маңдай – таламустық жол; б - маңдай – көпірлік жол; в – қыртыс – ядролық жол; г - қыртыс – жұлындық жол; д – таламус - шекелік жол ( жұлын – таламустық жол); е – қыртыс – таламустық жол; ж – самай – шеке – шүйде – көпірлік жол; з – есту жолы (есту тарамдары ) ; и – көру жолы ( көру тарамдары).
Таламус – шекелік жолдың құрамында жалпы сезімталдықты (ауырсыну, температуралық, жанасу, қысымды сезу және проприоцептивтік) өткізетін талшықтар орналасады. Олар gyrus postcenralis-те аяқталады. Ішкі қапшық пен ми қыртысының аралығында проекциялық жолдар тарамдалған ( сәулелі) тәжді, corona radiata, түзеді.
Достарыңызбен бөлісу: |