Несие нарықтық экономиканың тірегі ретінде, экономикалық дамудың ажырамас элементін білдіреді. Оны барлық шаруашылық субъектілерімен қатар, мемлекет те, үкімет те, сондай-ақ жеке азаматтар да пайдаланады
Несие - нарықтық экономиканың тірегі ретінде, экономикалық дамудың ажырамас элементін білдіреді. Оны барлық шаруашылық субъектілерімен қатар, мемлекет те, үкімет те, сондай-ақ жеке азаматтар да пайдаланады. Несиенің пайда болуын өнімдерді өндіру сферасынан емес, олардың айырбас сферасынан іздеу қажет. Тауар айырбастау - бұл тауардың бір қолдан екінші қолға өтуін білдіреді десе, шынымен де осындай айырбас кезінде несиеге байланысты қатынас туындайды. Құнның қозғалысы - бұл несиенің қозғалысының кіндігін сипаттайды. Несиелік қатынастардың пайда болатын экономикалык негізіне капитал айналымын жатқызуға болады. Несие — бұл пайыз төлеу және қайтару шартында уақытша пайдалануға (қарызға) берілетін ссудалық капитал қозғалысы. Несие ақшалай капиталдың ссудалық капиталға өтуін қамтамасыз ете отырып, несие берушілер мен қарыз алушылар арасындағы несиелік қатынасты бейнелейді. Несиенің көмегімен занды және жеке тұлғалардың уақытша бос қаражаттары мен табыстары экономикалық жүйе төңірегінде жинақтала отырып, уақытша және ақылы негізде пайдалануға берілетін ссудалык капиталға айналады. Несие мен қарыздың арасында да өзара айырмашылықтар бар. Несие — бұл банктің қаражатын құрайтын көзі ретінде барлық барлық несиелік қатынастарды ұйымдастырудың әр түрлі формаларының болуын және сондай-ақ олардың жұмсалымдарының бір формасын біддіретін кең ұғымды сипаттайды. Қарыз — бүл қарыздық шот ашумен байланысты қалыптасатын несиелік қатынастарды ұйымдастырудың бір ғана формасын білдіреді. Экономикалық категория ретінде, несие — кәсіпорындар, ұйымдар және бірлестіктер, сондай-ақ халық арасындағы несие қорын құру және оларды қайтарылу, пайыз төлеу шартында белгілі бір мерзімге уақытша пайдалануға беру негізінде қалыптасатын өндірістік қатынастар жиынтығы. Несиенің экономикадағы орны мен рөлі оның атқаратын қызметтерімен сипатталады. Жалпы несие экономикалық категория ретінде төмендегідей қызметтерді атқарады:
• қайта бөлу;
• айналыс шығындарын үнемдеу;
• айналыстағы нақты ақшалардың орнын уақытша алмастыру;
• капиталдың шоғырлануын жеделдету;
• ғылыми-техникалық прогрессті жеделдету [5, 439 б.].
Несиенің формасы — бұл несиелік қатынастар құрылымының, олардың негізгі қызметтерінің яғни, әр алуан сыртқы және ішкі өзгерістер барысында толық сақталатын көрінісін білдіреді. Несие берушілер мен қарыз алушылар арасындағы байланыстар қалай өзгергенімен де, несиенің формасы сол күйінде сақталады. Несиенің екі формасы бар: тауарлы және ақшалай. Мұндағы тауар түрінде берілетін несиені - коммерциялық, ал ақша түріндегі несиені — банктік деп атайды. Қалған несиенің түрлері осы екі формасының тәжірибе жүзінде қолдануынан туады. Коммерциялық несие — бұл қарыз берушінің қарыз алушыға қарызға берген тауарын білдіреді. Коммерциялық несие - бұл вексель айналысының пайда болуына себеп болған, экономикадағы несиелік қатынастардың алғашқы формасы. Несиенің бұл формасының басты мақсаты -тауарлардың өту процесін жеделдету, сондай-ақ одан пайда табу. Мұнда қарыз алушы да және оны берушілер ретінде кәсіпкерлер мен бизнеспен айналысатындар бола алады. Коммерциялық несие көбіне тауарды сатып алушыда нақты ақшаның болмай қалуы барысында туындайды. Мұндай жағдайда, айналыс кұралы ретінде, қарыз алушының көрсетілген соманы уақытында төлейтіндігін куәлаңдыратын арнайы қарыздық міндеттеме - вексель қолданылады. Коммерциялық несиенің банктік несиеден айырмашылығы төмендегідей:
• қарыз беруші ролінде банктік мекемелер емес, яғни тауар немесе қызметті сатумен айналысатын кез келгеп заңды тұлға бола алады;
• коммерциялық несие тек қана тауар формасында беріледі;
• қарыз капиталы өнеркәсіптік немесе сауда капиталымен байланысты;
• коммерциялық несиенің орташа құны сол кезеңдегі банктік пайыз мөлшерімен салыстырғанда төмен болады;
• қарыз беруші мен қарыз алушы арасындағы несиелік мәміленің заңды түрде рәсімделуі барысында, бұл несие үшін төленетін ақы тауар бағасының құнына қосылады. Банктік несие — бұл банктік мекемелерден қарыз алушыларға ақшалай түрде берілетін несиені білдіреді. Банктік несие - бұл экономикадағы кеңінен тараған несиелік қатынастардың формасы болып табылады. Банктік несие бойынша несиелік қатынастың құралына несиелік шарт немесе несиелік келісім жатады. Банктік несиеде несие беруші: банк және арнайы қаржы мекемелері болса, ал қарыз алушылар ретінде: кәсіпкерлікпен немесе бизнеспен шұғылданатын қаржы ресурстарына деген сұранысы бар кез келген занды ұйым болып табылады. Мұндағы қарыз берушінің басты мақсаты - бұл пайыз түрінде табыс алу [6, 295 б.]. Банктік несиенің түрлеріне мыналар жатады:
1. Тұтыну несиесі - бұл жеке тұлғаларга тұтыну тауарларын сатып алу үшін және тұрмыстық қызметтерді өтеуге берілетін несие.
2. Ипотекалық несие—бұл қозғалмайтын мүліктерді (тұрғын үйді, өндіріс ғимараттарын, жерді және т.с.с.) кепілге ала отырып, ұзақ мерзімге берілетін несие.
3. Овердравт несиесі — клиенттің шотынан қаражатты шегеру, дебеттік қалдық бойынша берілетін қысқа мерзімді несиенің формасы.
4. Овернайт несиесі - өтімділікті қолдау мақсатында бір түнге берілетін банкаралық несиенің түрі.
5. Онкольдық несие - кредитордың алғашқы талабы бойынша өтелетін қысқа мерзімді несие.
6. Банкаралық несие — банктердің бір-біріне беретін нсиесі.
7. Ломбардтық несие — тез іске асатын бағалы заттарды немесе бағалы қағаздарды кепілге алып, берілетін несие.
8. Лизингтік несие - құрал-жабдықтарды жалға алумен байланысты берілетін несие.
9. Рамбурстық несие — шикізаттарды ішке алып кіру және жартылай фабрикат пен дайын өнімдерді сыртқа шығару тәжірибесінде пайдаланылатын несие.
10. Сенім несиесі — банктің сеніміне кірген, төлем қабілеті жоғары клиенттерге берілетін несие.
11. Маусымдық несие — жабдықтаушының қаржыландыру уақыты мен түсімді алу мерзімі арасындағы уақыт бойынша алшақтықты жабуға араналған несие [7, 86 б.].
Банк жүйсі маңызды элементі - банктер болып табылады. «Банк» сөзі «banсо» деген ағылшын тілінен аударғанда «айырбас үстелі» дегенді біддіреді. Бұл «айырбас үстелі» тауарлармен сауда жасалатын алаңдарда құрылады. Сауда мемлекеттер мен қалалардың, жекелеген тұлғалардың әр түрлі монеталарымен жасалған. Ол уақытта монеталардың біртұтас жүйесі болмағандықтан, олармен сауда-саттық барысында әр түрлі формадағы монеталар кездескен. Банктер пайда болардың алдында ақшасауда капиталының өкілдері саудагерлердің ақшалай салымдарын қабылдап, оларды әр түрлі елдің ақшаларына айырбастауға маманданып отырған. Уақыт өте келе, айырбастаушылар бұл салымдарды, сондай-ақ өздерінің ақша қаражаттарын қарызға беріп, пайыз алу үшін пайдалана бастайды. Сөйтіп, айырбастаушылар біртіндеп банкирлерге айналады. Сонымен, қазіргі түсінікте «коммерциялық банк» - бұл ерекше өнім шығарумен айналысатын кәсіпорын немесе қолма-қол және қолма-қолсыз ақшада төлем айналысын реттеуді жүзеге асыратын ақша-несие институты болып табылады. «ҚР-ғы банктер және банктік қызмет туралы» заңның 1-бабына сәйкес, «банк —осы заңға сай банктік қызметті жүзеге асыруға құқылы коммерциялық ұйым болып табылатын заңды тұлға». Банктік қызмет - бұл банктік операцияларды жүзеге асырумен байланысты қызметті білдіреді. Аталған заңның 10 бабына сәйкес банктік операцияларға мыналар жатады:
- заңды тұлғалардың депозиттерін қабылдау, банктік шоттарын ашу және жүргізу;
- жеке тұлғалардың депозиттерін қабылдау, банктік шоттарын ашу және жүргізу;
- банктердің және банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың корреспондентік шоттарын ашу және жүргізу;
- заңды және жеке тұлғалардың металдық шоттарын ашу және жүргізу;
- кассалық операциялар: банкнота мен монетаны қабылдау, беру, қайта санау, айырбастау, ұсату, сорттау, қаптау жөне сақтау;
- аударым операциялары: занды және жеке тұлғалардың ақшаны аударумен байланысты тапсырмаларын орындау;
- есепке алу операциялары: заңды және жеке тұлғалардың вексельдерін және өзге борыштық міндеттемелерін есепке алу (дисконт);
- қарызға беру операциялары: ақы төлеу, мерзімін белгілеу және қайтару шартымен ақшалай формада несиелер беру;
- занды және жеке тұлғалардың, оның ішінде корреспондент-банктердің тапсырмаларына байланысты, олардың банктік шоттары бойынша есеп айырысу операцияларын жүргізу;
- сенім (траст) операциялары: сенім білдірушінің тапсырмасы бойынша және оның мүддесіне сай, ақшасын, құйма бағалы металын және бағалы қағаздарын басқару;
- клирингтік операциялар: төлемдерді жинау, тексеру және растау, сондай-ақ олар бойынша өзара есепке алу операцияларын жүргізу және клирингке қатысушылардың таза позициясын анықтау;
- сейфтік операциялар: клиенттердің құжатты формада шығарылған бағалы қағаздарын, құжаттарын және бағалы заттарын сақтау қызметін көрсету, сондай-ақ жәшіктерді, шкафтарды және бөлмелерді жалға беру;
- ломбардтық операциялар: тез іске асатын бағалы қағаздар мен жылжитын мүліктерді кепілге алып, қысқа мерзімді несиелер беру;
- төлем карточкаларын шығару;
- банкнота мен монеталарды және бағалы заттарды инкассациялау және жөнелту;
- шетел валютасымен айырбас операцияларын ұйымдастыру;
- төлем құжаттарын кассаға қабылдау (вексельден басқаларын);
- чек кітапшаларын шығару;
- бағалы қағаздар нарығындагы клирингтік қызмет;
- аккредитивті ашу, растау және ол бойынша міндеттемені орындау;
- ақшалай формада орындалуды көздейтін, банктік кепіл-хаттарды беру;
- үшінші тұлғаның атынан ақшалай формада орындалуды көздейтін банктік кепілдеме беру [7, 89 б.].
Елімізде қабылданган банктік зандылықтарға сәйкес ҚР-ғы банк жүйесі екі деңгейден тұрады. ҚР Ұлттық банкі — мемлекеттік орталық банк ретінде бірінші деңгейді білдіреді. Өзге банктердің барлығы (Мемлекеттік даму банкісінен басқасы) - екінші деңгейді сипаттайды, сондықтан да оларды іс-жүзінде екінші деңгейдегі банктер деп атайды. Еліміздегі барлық несие жүйесін реттеуші ұйым рөлін атқара отырып, орталық банк экономикамызда басты орын алады.
Активтік операциялар — бұл банктердің табыс алу және өзінің өтімділігін қамтамасыз ету мақсатында, иелігінде бар ресурстарды орналастыру жүзеге асыратын операцияларды білдіреді. Бұл екі мақсаттың бірегейлігі банкті коммерциялық кәсіпорын ретінде тартылған қаражаттарды пайдаланудағы активтік банктік операциялар өзінің формасына және тағайындалуына әр түрлі болып келеді. Банктердің активтік операциялардың ең көп тараған түрлеріне мыналар жатады: • ссудалық (несиелік) операциялар; • инвестициялық операциялар; • депозиттік операциялар; • қаржылық операциялар; • өзге де операциялар. Банк активтік операцияларының маңызды бөлігін - банктік несиелік (ссудалық) операциялары негізінде алады. Банктік қарыз беру операциялары негізінде қарыздық портфель құрылады. Банктік қарыздар біршама табысты және жоғары тәуекелді болып табылады. Бұл активтер топтары банктің басты пайда көзі ретінде қызмет етеді. Қарыздық операциялар банктің ресурстық базасын орналастыруда банктің активтік қызметінің негізгі бөлігін (мысалға, 80%-ға жуық) құрайды. Микроэкономикалық деңгейдегі бұл операцияның мәнін, оның көмегімен банктер уақытша жұмыс жасамайтын ақшалай қорларды өндірісті, айналысты және тұтыну процесінде жұмыс жасайтындығымен сипатталады. Коммерциялық банктер өздерінің клиенттеріне әр түрлі қарыздар береді. Банктің беретін қарыздары туралы жоғарыда атап өтілген. Банктің инвестициялық операциялары несиелік операциялардан кейін банкке табыс әкелетін операциялар. Банктің инвестициялық операциялары негізінде бағалы қағаздар портфелі қалыптасады. Банктің бағалы қағаздар портфелін қалыптастыруының екі мақсаты болады: біріншісі — банкке табыс әкелу, екіншісі — өтімді активтер қатарын толықтыру [8, 14 б.].
Бағалы қағаздар екі топқа бөлінеді:
1) Мемлекеттің бағалы қағаздары;
2) Корпоративтік бағалы қағаздар. Мемлекеттің бағалы қағаздары табыстылығына қарай үш түрге бөлінеді: - Дисконттық, мұндай бағалы қағаздар алғашқы нарықта инвесторларға жеңілдікпен (номиналдық құнынан төменгі бағамен) сатылып, номиналдық құны бойынша өтеледі. - Купондық, яғни номиналдық құнына пайызбен бейнеленген табыс әкелетін бағалы қағаздар. Купон мерзіміне қарай жылына 2-4 ретке дейін төленеді. - Аралас, яғни купон жөне дисконт түрінде қатар табыс әкелетін бағалы қағаз. Бұл жағдайда инвестор-банктің табысы екі көзден: дисконт түріндегі және купон мөлшерлемесі түріндегі табыстардан құралады. Сонымен қатар активтерінің бір бөлігін өтімді корпоративтік бағалы қағаздарға да орналастыруда.
Корпоративтіқ бағалы қағаздарға мыналар жатады:
• акциялар;
• облигациялар;
• депозиттік және жинақ сертификаттары;
• ипотекалық куәліктер;
• депозитарлық қолхаттар [8, 15 б.].
Осылардың ішінде инвестициялау операциялары акциялар мен облигацияларға байланысты көп болады. Ал қалғандарының нарығы әлі өз деңгейінде дами қойған жоқ. Акция — бұл акционерлік қоғамның жарғылық капиталына үлес қосқандығын куәландыратын және басқару ісіне қатысуға құқық беретін, сондай-ақ иесіне табыс әкелетін бағалы қағаз. Дивидент төлеу тәсілінің айырмашылығына байланысты жай және артықшылықты акцияларға бөледі. Жай акция, оның иесіне акционерлік қоғамының табысына байланысты табыс әкеледі жене қоғамды басқару ісіне немесе жалпы жиналысқа қатысуға құқық береді. Ал, артықшылықты акция, иесіне қоғамның табысына байланыссыз тұрақты табыс алуға құқық береді, бірақ басқару ісіне араласуға немесе акционерлер жиналысына қатысуға құқық бермейді. Артықшылықты акцияның келесі бір артықшылығы - қоғам борыштық тұрақсыздыққа ұшыраған жағдайда мүлікті жай акция иесінен бұрын алуға мүмкіндік беруі. Акциялар шығару формасына қарай да ажыратылады: құжатты (сертификатпен) түрде және құжатсыз (шоттағы бухгалтерлік жазулар арқылы). Облигация — оның иесінің ақшалай қаражат салғандығын куәландыратын және эмитенттің осы қаражат сомасы (номиналдық құны) мен пайызды қайтарып беру туралы міндетемесін растайтын бағалы қазаз. Қазақстандағы айналыста жүрген облигациялар табыстылығына қарай екі түрге бөлінеді: - Купондық облигация - инвестор-банкке пайыз мөлшерлемесі формасында, яғни алты айда немесе жылына бір рет табыс әкелетін турі; - Дисконттық облигация - инвестор-банктің облигацияны шығарушыдан номиналдық құнынан төменгі бағада сатып алып, оны өзінің құнымен қайта сату барысындағы айырма түрінде банкке табыс әкелетін түрі [9, 72 б.].
Валюта - бұл біріншіден, сол елдің ақша бірлігі; екіншіден, шетел мемлекеттерінің ақша белгілері; үшіншіден, халықаралық есептесу бірліктері және төлем құралы. Валюталық бағам - бір елдің ақша бірлігінің екінші бір елдің ақша бірлігіне қатысты бейнеленетін бағасы. Валюталық бағамның қажеттігі: 1) тауарлар мен қызметтермен сауда-саттықта, қапиталдар мен несиелер қозғалысы барысында өзара валюталарды айырбастайды. Импортер ұлттық валютасын шетелден тауар алғаны үшін шетел валютасына ауыстырады. 2) дүние жүзілік және ұлттық нарықтағы бағаларды, сол сияқты әр елдің құндық көрсеткіштерін салыстыруға; 3) фирмалардың және банктердің шетел валютасындағы шоттарын үздіксіз қайта бағалап отыруға; Ағымдық валюталық саясат - валюталық бағамды, валюталық операцияларды, валюталық нарық пен алтын нарығының қызметтерін күнделікті оперативті түрде реттеуге бағытталған қысқа мерзімді шаралар. Валюталық саясаттың келесідей формалары қолданылады: 1. Дисконттық валюталық саясат. 2. Девиздік валюталық саясат. Сонымен қатар, девиздік саясаттың мынадай жүзеге асырылу формалары болады: а) валюталық интервенция; ә) валюталық резервтерді диверсификациялау; б) валюталық шектеу; в) валюталардың алмастырылу дәрежесін реттеу; г) валюталық бағам режимі; д) девальвация; з) ревальвация; Дисконттық (есепке алу) саясаты - бір жағынан, валюталық бағам мен төлем балансын реттеуге, екіншіден, ішкі несиелер динамикасын, ақша массасын, бағаны, жиынтық сұранысты реттеуге бағытталатын орталық банктің есепке алу мөлшерін өзгертуі. Валюталық резервтерді диверсификациялау — бұл халықаралық есеп айырысуларды қамтамасыз ету, валюталық интервенция жүргізу және валюталық шығындардан сақтау мақсатында әр түрлі валюталарды қосу жолымен валюталық резервтердің құрылымын реттеуге бағытталған мемлекеттің және банктердің саясаты. Бұл саясат қарапайым түрде тұрақсыз валюталарды сату және халықаралық есеп айырысулар үшін қажетті тұрақты валюталарды сатып алу жолымен жүзеге асырылады. Валюталық паритет және валюталық бағам режимі Ұлттық және мемлекетаралық реттеу объектісі болып табылады. Девальвация мен ревальвация — валюталық саясаттын дәстүрлі әдістеріне жатады. Девальвация - ұлттық валютаның бағамын, шетел валюталарына қатынасы бойынша төмендету. Ревальвация - ұлттық валюта бағамын, шетел валюталарына қатынасы бойынша жоғарылату. Девальвация пайызын есептеу формуласы мынадай: х100 Б Б Б Д Е Е Ж мұнда, Бе - ескі бағам; Бж - жаңа бағам. Ревальвация пайызын есептеу формуласы: х100 Б Б Б Р Е Ж Е Валюталық саясаттың келесі бір формасы ретінде валюталық шектеу үздіксіз пайдаланылады. Валюталық шектеу — резиденттер мен бейрезиденттердің, валюталар және басқа валюталық құндылықтармен жасалатын операцияларын заңды түрде немесе әкімшілік түрде тайым салуы немесе шектеуі. Валюталық шектеу, валюталық бақылаудың құрамдас бөлігі болып табылады. Валюталық шектеу валюталық зандылықтармен бекітіледі. Валюталық шектеудің мақсаттары келесідей: - төлем балансын теңестіру; - валюталық бағамды қолдау; - ағымдағы және стратегиялық міндеттерді шешу үшін мемлекеттің қолында валюталық бағалылықтардың шоғырлануы. Валюталық шектеу келесідей қағидаларға сүйенеді: - Валюталық операцияларды орталық және уәкілетті (девиздік) банктерде орталықтандырылуы; - Валюталық операция жасау үшін рұқсат қағазының (лицензия) берілуі; - Валюталық шоттарды толық немесе жартылай жабу; - Валюталардың қайтарымдылығын шектеу; Валюталық нарық - бұл шетел валюталары мен шетел валютасындагы бағалы қағаздарды сату және сатып алу операциялары жүзеге асырылатын арнайы орталық. Валюталық операциялардың көлемі, сипатына және пайдаланатын санына байланысты валюталық нарықтар үшке бөлінеді: халықаралық, аумақтық және ұлттық (жергілікті). Валюталық нарықтағы операцияларға банктер функционалдық көзқараспен қарасақ, валюталық нарық - халықаралық есеп айырысу, валюталық интервенциялау, пайда табуды қамтамасыз ететін валюталық операциялардың жиынтығы. Институционалдық жағынан қарасақ, валюталық нарық -Үкіметтің, банктердің, инвестициялық компаниялардың, биржалардың, брокерлік конторалардың және шетелдік банктердің жиынтыгы. Ұйымдастырылу — техникалық жағынан алсақ, валюталық нарық - банктерді халықаралық есеп айырысу және валюталық операцияларды жүзеге асыру барысында өзара байланыстыратын коммуникациялық жүйелердің жиынтығын білдіреді [10, 55 б.].
Валюталық нарықты белгілеріне қарай мынадай түрде жіктеледі:
1) Орналасу аумағына қарай:
• халықаралық;
• ішкі;
• аумақтық.
2) Валюталық шектеуге қатысты:
• еркін нарық;
• еркін емес. Валюталық шектеу қойылған валюталық нарықты - еркін емес нарық деп, ал валюталық шектеу қойылмаған жағдайда оларды еркін валюталық нарық деп атауға болады.
3) Валюталық бағамның қолданылу түріне қарай:
• бір ғана режимді;
• қос режимді. Бір ғана режимді валюталық нарық - бұл еркін валюталық бағамға негізделген, яғни валюталардың өзгермелі бағамы биржадағы саудада белгіленеді. Қазақстан Республикасында теңгенің арнайы валюталық бағамы 1999 жылы 5 сөуірден бастап өзгермелі бағам режиміне өтті. Ал оған дейін тіркемелі бағам қолданылып келді. Тіркемелі бағам - Ұлттық банктің ұлттық валютаның шетел валютасына қатысты айырбас бағамын анықтауда валюталық нарықтағы сұраныс пен ұсынысқа араласуы нәтжесінде анықталатын бағам. Еркін өзгермелі бағам - бұл валюталық нарықтағы сұраныс пен ұсыныс негізінде белгіленетін нарықтық бағамды білдіреді. Еркін өзгермелі бағам арқылы Қазақстанның қор биржасында АҚШ долларының теңгеге қатысты бағамы анықталады. Осы биржада Рейтер (Reuter`) агенттігінің кросс-бағамдары туралы теңгенің басқа валюталарға қатысты бағамы анықталады. Кросс-бағам — бұл үшінші валютаға байланысты анықталатын екі валютаның шекті қатынасы [10, 57 б.].