Рецепторлар және олардың жіктелуі. Рецепторлар деп ішкі және сыртқы орта тітіркендіргіштерінің әсерін қабылдап, оларды ерекше электрохимиялық сигналдарға - жүйке импульстеріне айналдыратын арнаулы сезімтал жүйке ұштарын айтады. Рецепторлар сезім жүйесінің бастапқы буынын құрайды, сондықтан олар жануарлар организміндегі әр түрлі ақпараттардың көзі болып табылады.
Рецепторлар орналасу орнына, морфологиялық ерекшеліктеріне, мамандану сипатына қарай бірнеше топқа жіктеледі. Орналасу орнына қарай олар сыртқы (экстеро-) және ішкі (интеро-) рецепторлар болып бөлінеді. Экстерорецепторлар тітіркендіруді қабылдау ерекшеліктеріне байланысты алшақтық (дистанциялық) және жанаспалы (контактық) болып жіктеледі. Алшақтық рецепторлар тітіркендіргіш әсерін белгілі бір ара қашықтықтан қабылдай береді (мысалы, көру, есту, иіс талдағыштарының рецепторлары). Жанаспалы рецепторлар тітіркендіргішпен тікелей жанасқанда ғана қозады. Интерорецепторларды ішкі ағзалардың висцерорецепторлары мен бұлшық ет проприорецепторлары құрайды.
Мамандану сипатына қарай рецепторлар фото-, механо-, хемо- және ноцирецепторлар (ауырсынту әсерлерін қабылдайтын) болып бөлінеді.
Қозу ерекшеліктеріне қарай рецепторлар тікелей сезінетін және сатылы сезінетін болып жіктеледі. Тікелей сезінетін рецепторлар (тері, бұлшық ет, ішкі ағза, иіс талдағыштарының рецепторлары) әсерді тікелей қабылдайды, ал сатылы сезінетін рецепторлар - арнаулы маманданған эпителийлік немесе глиялық рецепциялық торшалар арқылы қабылдайды. Бұл торшалар қозуды негізгі рецепциярлық торшаларға синапстық байланыс арқылы бағыттайды. Рецепторлардың бұл түріне есту, дем, көру, тепе-теңдік талдағыштарының қабылдаушы құрылымдары жатады.
Жүйке жүйесінің вегетативтік бөлімінің физиологиясы. Қазіргі кезде шеткей жүйке жүйесін тұлғалық (тәндік) және вегетативтік деп екі бөлімге бөледі. Жүйкенің тұлғалық (анимальдық) бөлімі тек жануарларға тән қызметтерді (қимыл-әрекеттер, сыртқы әсерлерді қабылдау) қамтамасыз етсе, вегетативтік бөлімі бүкіл ішкі ағзалардың, қан тамырларының қызметін, өсу-көбею процестерін, жеке ағзалардың нәрленуін реттейді.
Сомалық (тәндік) жүйке жүйесі органимзнің сыртқы ортамен афференттік және эфференттік байланыстарын, ал вегетативтік жүйке жүйесі - ішкі ортаның тұрақтылығын, организмнің бейімделу реакцияларын қамтамасыз етеді. Бұл жүйе зат алмасу процесінің қарқынын да реттейді. Сомалық жүйке жүйесінің эффекторы қаңқа еті болса, вегетативтік жүйке жүйесінің эффекторы ішкі ағзалардың бірыңғай салалы еттері, жүрек еті, әртүрлі бездер болып табылады.
Вегетативтік жүйке жүйесіне сомалық бөліммен салыстырғанда бірнеше морфологиялық ерекшеліктер тән.
1. Вегетативтік жүйкелер орталық жүйке жүйесінің тек қана белгілі бір бөлімдерінен ғана басталады. Мысалы, парасимпатикалық жүйке орталықтары ортаңғы мида, сопақша мида және жұлынның құйымшақ бөлігінде, ал симпатикалық жүйкелер орталығы жұлынның көкірек–бел омыртқалық бөлігінің бүйір мүйіздерінде орналасады. Ал сомалық жүйке орталықтары мидың бағандық бөлігі мен бүкіл жұлын бойында орын тебеді.
2. Сомалық жүйкелермен салыстырғанда вегетативтік жүйкелердің қозғыштығы және қозу толқынын өткізу жылдамдығы төмен. Мысалы, вегетативтік жүйкелерде қозу толқыны секундына 1–30 м жылдамдықпен өтсе, сомалық жүйкелерде 60–120 м жылдамдықпен тарайды.
3. Вегетативтік жүйкелерде миелин қабығы болмайды, олар үлпексіз жүйкелер, ал сомалық жүйкелер үлпекті, миелинді жүйкелер.
Вегетативтік жүйкелердің шеткей бөлігі екі нейроннан, ал сомалық жүйкелердің шеткей бөлігі - жалғыз нейроннан тұрады. Вегетативтік жүйкелер жүйкелейтін мүшелеріне жетпей арнаулы түйіндерде үзіледі, сондықтан олар түйінге дейінгі (преганглийлік) және түйіннен кейінгі (постгалийлік) талшықтарға бөлінеді. Сомалық жүйкелер жүйкелендіретін мүшелеріне үзілмей жетеді.
Құрылымдық ерекшеліктері мен атқаратын қызметіне байланысты вегетативтік жүйке жүйесі симпатикалық және парасимпатикалық бөлімдерге бөлінеді. Олардың өздеріне тән ерекшеліктері болады.
1. Симпатикалық және парасимпатикалық жүйкелер орталығы жүйке жүйесінің әртүрлі деңгейінде орналасады. Симпатикалық бөліктің орталықтары жұлын сұр затының көкірек және бел омыртқалық бөлімдерінің бүйір мүйіздерінде орналасса, парасимпатикалық орталықтар ортаңғы және аралық ми мен жұлынның құйымшақ бөлімінде орын тебеді.
2. Симпатикалық бөлімнің түйіндері өздері жүйкелендіретін органдардан тыс орналасса, парасимпатикалық түйіндер ағзалардың өзінде орын тебеді.
3. Симпатикалық бөлім әмбебап келеді, барлық органдарды жүйкелендіреді. Парасимпатикалық бөлік әмбебап емес: тері тамырлары, бүйрек үсті бездер, несеп ағарлар, көк бауыр, қаңқа еттері парасимпатикалық жүйкелермен жүйкеленбейді.
4. Симпатикалық жүйкелерге мультипликация (көп тарамдану) құбылысы тән: түйіннен соңғы талшықтар саны түйінге дейінгі талшықтар санынан әлдеқайда артық болады. Парасимпатикалық жүйке айтарлықтай көп тарамданбайды (17-сурет). Симпатикалық жүйкенің эфференттік талшықтары парасимпатикалық жүйке талшықтарынан ұзын келеді.
5. Симпатикалық жүйке ұштары эрготоксинмен, ал парасимпатикалық жүйке ұштары - атропинмен жансызданады.
6. Симпатикалық жүйкелерден қозу толқыны симпатин, ал парасимпатикалық жүйкелерден - ацетилхолин медиаторлары арқылы таралады.
17-сурет. Мультипликация схемасы.
Вегетативтік жүйке жүйесінің симпатикалық және парасимпатикалық бөлімдерінің организм функцияларына әсерлері де әртүрлі. Симпатикалық жүйе жүрек жұмысының ырғағын жиілетіп, артериялық қысымды жоғарылатады, бұлшық еттің қанмен жабдықталуын жақсартып, қандағы глюкоза деңгейін көтереді, ал ас қорыту жүйесі органдарының қызметін әлсіретеді. Осы көрсетілген әсерлер организмді стрестен шығаруға жұмылдырады. Парасимпатикалық жүйе жүрек жұмысын баяулатып, қан қысымын төмендетеді, ас қорыту ағзаларының қызметін жандандырады. Демек, оның әсерімен организм қоры толықтырылып, қалыптастыру процестері жүреді. Сонымен, симпатикалық жүйе организмнің жалпы белсенділігін жоғарылатса, парасимпатикалық жүйе оның әрекеті кезіндегі шығындарды жабуға, организм қорын қайта толықтыруға жағдай тудырады.
Вегетативтік жүйкелердің әсерімен әртүрлі ішкі ағзалардың (қан айналым, тыныс алу, ас қорыту, бөлу, ішкі секрециялық) қызметінің өзгеруін вегетативтік рефлекстер деп атайды. Вегетативтік рефлекстер белгілі бір ағза мен ұлпадағы зат алмасу процесінің деңгейін сыртқы орта немесе организм жағдайына икемдей өзгертіп, организмнің оларға бейімделуін қамтамасыз етеді. Вегетативтік рефлекстер түрлі жағдайда организмнің ішкі ортасының тұрақтылығын сақтауда маңызды рөл атқарады.
Орган тиісті қызметін дұрыс атқару үшін қажетті мөлшерде қоректік заттармен қамтамасыз етіліп қана қоймай, органға жеткізілген сол заттар орынды, тиімді пайдаланылып, ағза дұрыс қоректену керек. Бұл процесс жүйке жүйесінің нәрлендіруші қызметінің арқасында атқарылады. И.П.Павлов іліміне сәйкес кез келген органда үш түрлі жүйке талшықтары ұшырасады. Олардың бірі органға тән әрекеттерді, екіншісі -қан тамырларының физиологиялық күйін (қоректік заттардың жеткізілуін), ал үшіншісі - нәрлену процесін реттеп отырады.
И.П.Павлов идеялары Л.А.Орбели мен оның шәкірттерінің еңбектерінде әрі қарай дамуын тапты. Л.А.Орбели симпатикалық жүйке жүйесінің бейімдеу – нәрлендіру әсері жайлы ілімнің негізін салды. Бұл ілімнің басты қағидалары бойынша жүйке жүйесінің бейімдеу әсері ағзаның қозғыштық қасиетін жоғарылату, не төмендету арқылы жүреді және бұл процесс симпатикалық жүйке жүйесінің органдағы зат алмасу процесінің қарқынын өзгертуі (нәрлендіруші әсер) арқылы атқарылады. Нәрлендіру нәтижесінде функционалдық жүйкелердің әрекеті үшін қажет қолайлы жағдайлар туғызылады.
Бақылау сұрақтары. 1. Жүйкенің құрылысы мен қызметін баяндаңыз. 2. Атқаратын қызметі мен құрылыс ерекшеліктеріне қарай жүйке қалай жіктеледі? 3. Жүйке талшықтарының физиологиялық қасиеттерін атап, оларға түсініктеме беріңіз. 4. Рецептор дегеніміз не, ол қалай жіктеледі? 5. Вегетативтік жүйке жүйесі дегеніміз не, оған қандай құрылымдық ерекшеліктер тән? 6. Вегетативтік жүйке жүйесінің симпатикалық бөліміне сипаттама беріңіз. 7. Вегетативтік жүйке жүйесінің парасимпатикалық бөліміне сипаттама беріңіз. 8. Вегетативтік рефлекстер дегеніміз не, олар қалай жіктеледі? 9. Жүйке жүйесінің нәрлендіруші (трофикалық) қызметін қалай түсінесіз?
Достарыңызбен бөлісу: |