Иіс талдағышы. Иіс анализаторының шеткей бөлімі дорсальды раковина мен мұрын пердесінің кілегейлі қабығында орналасқан. Сезімтал торшалар бокал пішінді болады. Олардың өсінділері иістік нерв түзеді де, мидың иістік жуашығына бағытталады. Осы кезге дейін құстардың иіс анализаторы нашар зерттелген, ол жайлы деректер тапшы. Көптеген ғалымдардың көзқарасы бойынша, құстар үшін азықты тауып қабылдауда, оның сапасын анықтауда иіс талдағышы маңызды рөл атқармайды, себебі ол өте нашар дамыған.
Тері талдағышы. Тері дененің сыртқы жабындысы болып табылады, сондықтан ол арқылы организм қоршаған ортаның әртүрлі әсерлерін қабылдайды. Теріде температураны, жанасуды, қысымды, ауырсынтуды қабылдайтын рецепторлар болады. Осымен байланысты түрлі нәрселер денемен жанасқанда сезім тудырады. Әр сезім нақтылы рецептор әрекетімен байланысты.
Жанасу (тактильдік) сезімталдығын Хербст, Гранди, Пачини, Мейснер денешіктері қамтамасыз етеді. Жанасу сезімталдығы қаурсындар қимылдағанда күшейеді, себебі олардың түбінде Хербст денешіктері орын тебеді (25-сурет).
Температуралық сезімталдық. Сыртқы ортадағы температура ауытқуларын суықты және жылылықты сезінетін терморецепторлар қабылдайды. Суықтықты қабылдайтын рецепторлар терінің беткейіне жақынырақ, ал жылылықты қабылдайтын рецепторлар - тереңірек орналасады. Жылылық немесе салқындық сезімі терінің тітіркенген ауданының мөлшерімен байланысты. Тітіркенген аумақ үлкейген сайын, температуралық түйсік күшейе түседі.
25- сурет. Тері рецепторлары:
А- қапталған, Б- ашық, В –қимыл рецепторлары: а- Гранди денешігі; б-Хербст денешігі; в – Фатер-Пачини денешігі; г- Мейснер денешігі; д- қасаң қабық, е – перикард, ж- көлденең жолақты ет, к- бірыңғай салалы ет рецепторлары; 1- қабықша; 2- білік тармақтары; 3- эпителий; 4- нерв тармақтары; 5- нерв (П.А.Глаголев, В.И.Ипполито ва мағлұматтарынан)
Ауырсыну сезімталдығы. Ауырсыну түйсігінің зор биологиялық және клиникалық маңызы бар. Жануарлар ауырсыну түйсігін тудыратын тітіркендіргіштен сақтанып, қорғаншақтау нәтижесінде өздерін әр түрлі жарақаттан қорғайды.
Ауырсынту әсерін жалаңаш жүйке ұштары қабылдайды. Ауырсыну түйсігі әртүрлі факторлардың (температуралық, механикалық, химиялық, электрлік) әсерінен туындайды. Бұл түйсік басқа рецепторларға әсер ететін тітіркендіргіштердің күші шектен артып кеткен жағдайда да туындайды.