15– т а р а у. Талдағыштар (анализаторлар) физиологиясы Сезім мүшелері, немесе сенсорлық органдар ішкі және сыртқы ортадан түрлі тітіркендіргіштердің әсерін қабылдауға бейімделген, өте жоғары маманданған құрылымдар. Олар сезім жүйесінің тек қана шеткі, қабылдаушы аппараты. Сезім мүшелері (көз, құлақ, мұрын т.б.) сыртқы ортаның әр түрлі әсерлерін қабылдайды да, организм мен қоршаған орта арасында қажетті байланыстың қалыптасуына дәнекер болады. Сонымен қатар олар ОЖЖ-не ішкі ағзалардың, бұлшық ет пен буынның физиологиялық күйі, дененің кеңістіктегі жағдайы жайлы да хабарлайды. Осымен байланысты И.П.Павлов сезім мүшесі деген сөзді талдағыш (анализатор) деген терминмен алмастыруды ұсынған. И.П.Павловтың пікіріне сәйкес сезім мүшесі тек қабылдаушы аппарат. Ал сезімдік талдау мидың арнаулы құрылымдарының қатысуымен атқарылады.
Талдағыштардың құрылым принцип, жіктелуі, жалпы қасиеттері.Анализатор - талдағыштар деп сыртқы және ішкі орта тітіркендіргіштерін қабылдап, талдау жүргізетін жүйкелік құрылымның күрделі жүйесін айтады. Талдағыштар қабылдаушы құрылымнан - рецептордан, өткізгіш бөліктен (жүйкелік жолдан) және мидың үлкен жарты шарларының қыртысында орналасқан орталық бөлімнен тұрады.
Әрбір анализатор тітіркендіргіштің белгілі бір түрін қабылдауға бейімделген. Рецепторда тітіркендіргіш энергиясы электрохимиялық потенциалға айналады да, әр түрлі амплитудалы және түрлі тербелісті импульстер коды пайда болады. Одан әрі бұл импульстер жүйке орталығына (сенсорлық құрылымдарға) жеткізіледі де, ол жерде талдау процесі жүріп, код шешіледі, түйсік пайда болады.
Талдағыштар организмде орналасқан орнына қарай сыртқы және ішкі болып екіге бөлінеді. Сыртқы талдағыштардың қабылдаушы аппараттары контактық (жанаспалы) және дистанциялық (алшақтық) экстерорецепторлардан құралады. Контактық рецепторлар тітіркендіргішпен тікелей түйіскенде ғана қозады. Оларға тері рецепторлары (ауырсынту, температуралық, жанасу) мен дәм рецепторы жатады. Дистанциялық рецепторлар тітіркендіргішпен тікелей жанаспай-ақ алшақтан қозады. Оларға иіс, көру, есту талдағыштарының рецепторлары жатады.
Ішкі талдағыштардың қабылдаушы аппаратын интеро- (ішкі) және проприорецепторлар (бұлшық ет, сіңір рецепторлары) құрайды. Ішкі анализаторлар организмнің ішкі ортасы мен ішкі органдарынан жеткен сигналдарды қабылдап, талдауға арналған.
Эволюциялық даму процесінде әрбір талдағыш тітіркендіргіштің белгілі бір түрін қабылдауға бейімделген. Дегенмен, барлық талдағыштарға тән ортақ қасиеттер де болады. Олар мына төмендегілер.
Жоғары сезімталдық. Талдағыштардың қозу табалдырығы төмен болады. Олардың рецепциялық аппараты үйреншікті тітіркендіргіштер әсеріне өте сезімтал, сондықтан оңай қозады.
Анализаторлардың келесі қасиеті - телімділік, талғамдылық, тек белгілі бір тітіркендіргіш түрін қабылдауға бейімділік. Әрбір анализатор рецепторы белгілі бір энергия түрінде ғана жауап береді. Көру анализаторы үшін адекватты тітіркендіргіш - сәуле, есту анализаторы үшін - дыбыс толқыны, т.с.с. болып табылады.
Анализаторларға реактивтілік (әсерлілік) қасиет тән. Қозу процесі туындап үлгермей тұрып-ақ анализатор тітіркендіргішке өзінің функционалдық күйін өзгертумен жауап береді.
Анализаторлар созылыңқы, ұзаққа созылған тітіркендіргіштер әсерін қабылдауға бейім болады. Сезім мүшесінің рецепторлары тітіркендіргіш әсері тоқтағанға дейін орталыққа сигналдар жібере береді. Бұл қасиеттің арқасында анализаторлар әсер мерзімінің ұзақтығы, оның жалғасуы жайлы ақпарат алады.
Анализаторларға сенсибилизация қасиеті тән. Тітіркендіргіш әсері қайталанған сайын анализатордың сезімталдығы арта түседі, олардың қайталанған әсерді қабылдау қабілеті күшейеді.
Сезім мүшелеріне тітіркендіргіш күшіне бейімделу қасиеті тән. Мысалы, көру мүшесі қараңғылыққа, есту мүшесі - түрлі дыбысқа, иіс мүшесі - иістерге бейімделе алады.
Талдағыштарға контрастық құбылыс тән. Нақтылы жағдайға байланысты кез келген түйсік күші әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы, толық тыныштық жағдайында әлсіз дыбыстың өзі күшті естіледі.
Анализаторларға түйсік ізін сақтау қасиеті тән. Белгілі бір түйсік тітіркендіргіш әсері (заттың бейнесі, әуен) тиылғаннан кейін де біраз уақыт жалғасады.