Несіпбаев Т., Исхан Қ. Ж., Несіпбаева А.Қ. ҚҰс физиологиясы



бет98/103
Дата25.11.2023
өлшемі0,92 Mb.
#126940
түріОқулық
1   ...   95   96   97   98   99   100   101   102   103
Байланысты:
Ќан жїйесі физиологиясы-emirsaba.org

Көру талдағышы. Көру анализаторы құстарда жақсы жетілген. Оның көмегімен құс қоршаған ортаны бағдарлап, айналасындағы заттардың түсін, пішінін, көлемін, жарықтығын және орналасу қашықтықтығын анықтайды. Көру мүшесі эволюциялық даму кезінде жарық пен түсті ажыратуға бейімделген.

Көру талдағышының шеткей бөлімін - көз, өткізуші бөлімін – көру нерві, орталық бөлімін – алдыңғы, аралық, ортаңғы ми нейрондары құрайды. Құстарда көру талдағышының жоғары орталығы жолақ денеде орналасады. Оны алып тастаса құс көру қабылетінен айырылады.



Көздің құрылысы. Көру анализаторының негізгі мүшесі - көз алмасы, бас сүйектің алдыңғы жағындағы арнаулы екі ойыста - көз шарасында (аңғалақта) орналасқан. Құс көзінің сүт қоректілер көзінен біршама ерекшеліктері бар.

Көз алмасы шар пішінді емес, оның алдыңғы және артқы жағы қысыңқы келеді. Үйрек көзі конус пішінді болады. Оның алдына қарай шығыңқы келген бөлігін көздің алдыңғы полюсі, ал артқы жағын - артқы полюс деп атайды. Сырт жағынан көз алмасы үш қабықпен қапталған: ең сыртқы қалың фибриозды қабық - ақ қабық, ортаңғы тамырлы қабық және ішкі - торлы қабық (22-сурет).

22-сурет. Құс көзінің құрылымы:


1- конъюктива; 2- қасаң қабық; 3-алдыңғы камера; 4- склера; 5- тамырлы қабық; 6- торлы қабық; 7- шыны дене; 8- жал; 9- көру нерві; 10- көзбұршақ; 11- кірпікше еттер; 12- нұрлы қабық

Сыртқы қабықтың алдыңғы бөлігін «қасаң қабық» деп атайды. Ол түссіз, мөлдір, дөңгелек, дөңес, сағат әйнегіне ұқсас келеді. Ол арқылы көз алмасының ішіне жарық сәулесі сындырылып өткізіледі. Осы фиброзды қабықтың артқы бөлігін ақ қабық деп атайды. Ақ қабық көз алмасының артқы жағынан шыққан көру жүйкесінің сыртын қаптап, жүйкеқап түзеді. Жыртқыш құстарда көздің қасаң қабығы дөңестеу, ал су құстарында – жазықтау келеді.



Ақ қабықты астарлай тамырлы қабық орналасқан. Бұл қабатта көзді қоректендіретін қан тамырлары болады. Тамырлы қабықтың қасаң қабықты астарлай орналасқан алдыңғы бөлігін нұрлы қабық деп атайды. Көздің түсі осы нұрлы қабықтағы пигментке байланысты болады. Альбиностарда (ақ түсті жануарларда) нұрлы қабық боялмайды, одан қан тамырлары көрініп тұрады, сондықтан ол қызыл болып көрінеді. Нұрлы қабықтың ортасында қарашық деп аталатын тесік болады, ол арқылы жарық сәулесі көз алмасының ішіне өтіп, торлы қабыққа жетеді.
Нұрлы қабықта екі бағытта орналасқан ет талшықтары болады. Сақиналы бағытта орналасқан ет талшықтары жиырылғанда көз қарашығы тарылады, ал сәулелі бағытта орналасқан ет талшықтары жиырылғанда - кеңейеді. Осының нәтижесінде көз алмасының ішіне өтетін жарық сәулесінің шоғыры көбейіп, не азайып отырады (көз адаптациясы атқарылады).
Қарашықтың артында екі жағы дөңес линза пішінді мөлдір дене - көз бұршағы орналасады. Ол сыртынан жұқа қабықпен қапталған. Оның белдеміне циннов байламы бекиді. Бұл байлам тамырлы қабық құрылымы болып табылатын кірпікше еттермен жалғасады. Осы кірпікшелі дененің жиырылуы нәтижесінде көз бұршағының пішіні өзгеріп, ол не қабысып, не дөңестеліп отырады. Қасаң қабық пен қарашықтың арасындағы қуысты көздің алдыңғы камерасы, ал қарашық пен көз бұршағы арасындағы қуысты - артқы камера деп атайды. Бұл камералар мөлдір сұйық - шылауықпен толған. Көз алмасының көз бұршағы артында жатқан қуысын шыны тәрізді дене деп аталатын түссіз мөлдір қоймалжың сұйық зат толтырып тұрады.
Жоғарыда аталған құрылымдар - қасаң қабық, шылауық, көз бұршағы және шыны тәрізді дене, көздің оптикалық немесе сындырушы жүйесі деп аталады. Оптикалық жүйе, әсіресе көз бұршағы, аккомодация процесін қамтамасыз етеді. Аккомодация деп көздің әртүрлі қашықтықтан айқын көруге бейімделуін айтады. Құстарда аккомодация жоғары деңгейде жүреді. Оны тек көз бұршағының ғана емес, қасаң қабықтың дөңестігінің өзгеруі қамтамасыз етеді.
Түнде тіршілік ететін құстардан басқа құстар көз алмасының осі дененің бүйір беткейіне бағытталған. Көз алмасының артқы бөлігі ортаңғы бөлігімен салыстырғанды дөңгелектеу келеді. Склерада пигменттер орын тебеді және оның артқы жағында қатты шеміршекті пластинка болады. Склера мен қасаң қабық арасында көптеген сүйекті пластинкадан құралған сақина орналасады. Осы пластинкалар биіктікте (құс ұшқанда) және тереңдікте (құс сүңгігенде) көзде деформацияланудан сақтайды. Тамырлы қабықта тапетум болмайды. Көз қарашығы көлденең жолақты еттердің әрекетімен тарылып-кеңейіп отырады. Шыны тәрізді денеде көру нерві шығатын тұстан шыны дене капсуласына дейін созылып жататын жал (гребень) болады, ол аккомодация процесі үшін қажет және ол арқылы шыны тәрізді дене мен торлы қабық нәрленеді деген пікірлер бар. Құстың астыңғы қабағы үстіңгі қабақтан үлкендеу әрі қимылдағыш келеді. Үшінші қабақ (жыпылық жарғағы) өте жақсы жетілген және көздің алдыңғы бөлігін толық жауып тұрады. Құста кірпік болмайды. Сүт қоректілер көзінің торлы қабығында жалғыз айқын көру аймағы болса, құстарда оның саны екеу, кейде үшеу. Бұл құс көзінің орналасу ерекшелігіне байланысты пайда болған жағдай. Құстарда көру аумағы өте кең, олар арт жағында орналасқан затарды да көре алады. Мысалы, кептер көзінің көру бұрышы 160˚ құрайды.
Көздің жарық сезгіш (фоторецепциялық) бөлімі ең ішкі торлы қабықта орналасқан. Онда жарық сезгіш рецепторлар - таяқшалар мен сауытшалар, орын тебеді. Сауытшалар күндізгі көру аппараты, олар күшті, жарқыраған жарықтан ғана тітіркенеді, ал таяқшалар әлсіз, қарауытқан сәуленің әсерімен тітіркенеді, олар түнгі көру аппараты.
Жарық сезгіш торшалардың қызметі өте күрделі. Оларда қозу процесі фотохимиялық реакция әсерінен пайда болады. Таяқшаларда жарыққа сезімтал родопсин, ал сауытшаларда - йодопсин деген заттар болады. Родопсин мен йодопсин белок тектес жоғары молекулалы қосылыстар. Жарықтың әсерінен родопсин өзінің қызыл түсін жоғалтып, алдымен сары түске айналады да, соңынан түссізденіп кетеді. Жарықта ол каротиноид ретинен (А дәрмендәрісінің альдегиді) және опсин белогына ыдырайды. Қараңғыда қайта синтездеу процесі жүреді. Бұл процеске пигментті қабатта сақталатын ретинол (А дәрмендәрісі) қатысады.
Жарық энергиясы родопсинді тұрақсыз люмиродопсинге айналдырады. Бұл процесс родопсин құрамындағы цис-формадағы (оралған молекулалы) ретиненнің транс-формаға (жазылған бүйір тізбекті) айналуы (изомерленуі) нәтижесінде жүреді. Осының салдарынан ретинен мен белоктың байланысы үзіліп, люмиродопсин метародопсинге, соңынан ретинен мен опсинге айналады. Осыдан кейін ретиненнің транс-формасы редуктаза ферментінің әсерімен А дәрмендәрісіне айналады. Енді тағы да изомерлеу процесі жүріп, қайтадан цис-ретинен пайда болады да, ол опсин белогымен қосылып, қайтадан родопсин түзіледі. Родопсин әрі қарай жоғарыда баяндалған айналымды процеске ұшырайды. Ретинол жетіспеген жағдайда родопсиннің қайта түзілуі тежеліп, қараңғыға бейімделу процесі нашарлайды. Мұндай жағдайды ақшам соқырлық деп атайды.
Құрылымы жағынан йодопсин родопсинге жақын, бірақ йодопсиндегі ретинен басқа белокпен - фотопсинмен қосылады. Фотопсин үш түрлі болады, осымен байланысты сауытшалар әртүрлі ұзындықтағы сәулелер толқынына (күлгін, жасыл, қызыл түске) реакция беретін торшаларға бөлінеді. Сауытшалардың үш түрінің әр деңгейлі комбинацияда қозуының нәтижесінде түрлі рең түйсігі пайда болады.
Көру пигменттерінің фотохимиялық реакциялары көру рецепторлары қозуының бастамасы болып табылады. Торлы қабық рецепторларының қозуы мен көру жүйкесінде импульстердің пайда болуы көру пигменттері ыдыраған кезде бөлінген иондарға байланысты.
Торлы қабық фоторецепторлары өте әлсіз жарыққа реакция береді және көру пигменттерін үнемдеп жұмсайды. Таяқшалар сауытшалардан 1000 есе сезімтал келеді, сондықтан ала көлеңкеде бейне таяқшалар арқылы қабылданады. Таяқшалар торлы қабықтың шеткей бөлігін ала орналасады, сол себепті ала көлеңкеде фокустан алшақ орналасқан нәрселер жақсырақ көрінеді.
Майда заттарды анық көру қабілеті сауытшалармен байланысты. Жеке нәрселерді ажыратудың ең зор қабілетін көргіштік (жітілік) деп атайды. Бұл қабілетті қатар жатқан екі нүктенің көз ажырата алатын ең аз ара қашықтығымен анықтайды. Тауықтар басқа дарақты 30 м, қаздар – 120 м, ал үйректер 70-80 м көре алады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   95   96   97   98   99   100   101   102   103




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет